Мектептегі оқу құралдарына қойылатын гигиеналық талаптар. 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Мектептегі оқу құралдарына қойылатын гигиеналық талаптар.

Поиск

Бағдарламадан тыс, мамандандыруға байланысты факультативтік сабақтар апталық 36 сағат қалыпқа сыймаса, мектептегі мұғалімдер кеңесінің шешімі бойынша арнайы күндері (аптасына 2 реттен асырмай) ғана жоғарғы сыныптарға 7 сабақ қоюға болады. Бақылау жұмыстарын соңғы сабаққа қалдырмай, қиын тақырыптарды баланың тың кезінде өтеді, қосарланған сабақты (қатарынан 2 әдебиет немесе математика т.с.с.) күнде қоюға болмайды. Себебі, баланың ми қыртыстарының жүйке клеткалары біртекті ұзақ жұмыстан соң тез шаршайды. Оқушылардың шаршауын азайту үшін ән-күй, дене шынықтыру пәндерінің маңызы зор. Бұл пәндерден кейін баланың миы тынығады. 1-ші сынып оқушылары алғаш мектепке келген кезде ұзақ уақыт еңбек ете алмайды. Олардың организмі тез шаршайды. Сондықтан толық сабақ уақытына (45 минөтке) біртіндеп үйрету керек. Алғашқы 1-2-ші аптада кітаптың әріптері мен суреттері анық, біркелкі тегіс типографиялық қара бояумен басылады, 1-ші сынып оқушыларына арналған оқулықтардың әріптері мен цифрларының биіктігі 2,8 мм, әліппелерде — 4,5-3,5 мм, 2-4-ші сыныптар үшін 2,1-1,75 мм, 5-11-ші сыныптарға 1,75-1,50 мм. Кітаптардың ішіндегі суреттері әдемі, әр түрлі түсті, көз тартатындай болу керек. Сөздердің аралығы 2 мм, әріптер аралығы 0,5 мм. Оқулықтардағы әріптер тығыздығы гигиеналық талап бойынша 1 см² жерде 1,5 әріптен аспау керек. Әріптер жолының ұзындығы 100-110 мм. Жолдың мұндай ұзындығы сөйлемдердің толық мағынасын тез түсінуге ыңғайлы.

Оқушылар дәптері 170 х 250 мм. Дәптердің жолдары көк, көзге анық көрінетіндей, тік сызықтар көлденең сызықтардан сәл жалпақтау болу керек. Себебі көлденең сызықтар көзге оңай көрінеді. Дәптердің қағазы өте тегіс, жылтыр, ақ түсті тығыз қағаздан жасалады.

Көрнекі оқу құралдары (сызбалар, кестелер, суреттер т.б.) ашық ақ қағазға жасалады. Әріптерінің биіктігі кемінде 3 см. Суреттер мен сызбалар әдемі, барлық бөлшектері анық, түрлі түсті, көрнекі болу керек.

Тарих пен жағрафия карталары мен атластар әріптерінің биіктігі 1 мм, әріп аралары 2 мм, оңай тазартатын, тез тозбайтын болу керек. Тозған, жыртылған оқулықтар мен көрнекі оқу құралдарын мезгілімен сұрыптау керек.

Оқушылардың қалам-қарандаштарының жуандығы 7-8 мм, ұзындығы 140-170 мм, ұстауға қолайлы, біркелкі тегіс, көп қырлы не жұмыр дөңгелек болады. Жіңішке қаламмен жазғанда қол тез талады, ал жуан қалам жазуға қолайсыз келеді. Жазу жазуға көк пасталарды, ал әріптер мен сөздерді ерекше бөлу үшін не астын сызу үшін жасыл, қызыл, қара пасталарды пайдалануға болады. Оқушылардың пайдалануына N2 шамалы қатты қара қарындаштар қолайлы. Мұғалімдер мен ата-аналар бастауыш сынып оқушыларының портфелі немесе рюкзагі жеңіл болып, қажетсіз бөтен заттарды салмауын қадағалап отыруы керек. Ауыр портфельдер балалардың нәзік омыртқа жотасының қисайып (сколиоз) өсуіне себеп болады, денсаулығына зиян келтіреді, сондықтан рюкзак өте ыңғайлы.

Оқушылардың күн кестесіне қойылатын гигиеналық талаптар. Балалардың күн кестесіне тазалық сақтау, ас қабылдау, таза ауада дем алып, ауа жүту, дене шынықтыру, ұйықтау , мектепте және үйде сабақ оқу, еңбек ету (үй шаруасына көмектесу, мектеп ауласында, ауыл шаруашылығында еңбек ету), қосымша сабақтар мен үйірмелерге қатысу сияқты оқушының күнделікті өмірі жатады.

Күн кестесінің әрбір бөліктері баланың жасына, еңбек қабілетіне, денсаулығына, мінез ерекшеліктеріне қарай қалыптасқан жағдайда оқушының дұрыс өсіп, дамуына, ер жетуіне, денесінің шынығуына, ой өрісінің дұрыс қалыптасып, дамуына тиімді болады. Оқушының үй кестесі мектептің жұмыс кестесіне бейімделіп жасалады. Үйдегі күн кестесі дұрыс ойластырылған болмаса, ол оқушының мектептегі еңбегіне кері әсер етуі мүмкін. Әрбір ата-ана өз баласының күн кестесін жақсы біліп, оның мезгілімен және дұрыс орындалуына жағдай тудырып және қадағалап отыруы керек. Күн кестесі дұрыс болмаса, баланың шаршауы, қалжырауы үдеп, денсаулығы төмендейді, сабақ үлгерімі нашарлайды.

Үйдегі күн кестесінде баланың тазалық сақтау дағдыларының қалыптасуына көп көңіл бөлу керек. Оқушы ұйқыдан тұрғаннан кейін таза жуынып, тісін тазартып, даладан келген сайын, ас ішерде және ас қабылдағаннан соң қолын тазартып жууға, аузын шаюға дағдыландыру керек. Осыған орай күн кестесінде таңертең, ас алдында, мектептен және ойыннан қайтқан соң жуынуға уақыт бөлінеді. Баланың денесі шынығу үшін таңғы гигиеналық гимнастикаға 10-15 минөт уақыт бөлінеді. Мектептен қайтқан сон оқушы киім ауыстырып, жуынып, асын ішеді. Содан кейін міндетті түрде таза ауада 1,5-2 сағат дем алады, ал 1-2 сынып оқушыларының 1 сағаттай ұйықтап алып, қалған уақытта таза ауада дем алғаны жөн.

Баланың еңбек қабілеті күніне 2 рет (8°°-ден 12°°-ге және 16°°-дан 18°°-ге дейін) жоғары болады. Сондықтан бұл мектепте сабақ оқуына және үйде үй тапсырмаларын орындауға пайдалану керек. Таңертең оқитын оқушылар 16-18 сағат, түстен кейін оқитын оқушылар 8-12 сағат аралығында сабаққа дайындалғаны жөн. Гигиеналық талапқа сай үй тапсырмаларының мөлшері барлық пәннен де баланың жасына лайық жоспарланады. Сондықтан 1-ші сынып оқушылары сабақ дайындауға 1 сағат, ал 8-11 сынып оқушылары 3-4 сағат уақыт жұмсайды.

Сабақ дайындау барысында бастауыш сынып оқушылары әрбір 25-30 минөт сайын, жоғары сыныптағылар 45 минөт сайын үзіліс жасап, демалуы керек. Жоғарғы сынып оқушылары 2 сағаттан кейін 20 минөт белсенді түрде дем алғаны дұрыс болады. Сол кезде баланың таңдауына, отбасының жағдайына сай үй шаруасына араласуына немесе қозғалысы мол ойын ойнауына болады.

Оқушының сабаққа дайындалатын жұмыс орын ы таза, бөлмесінің ауасы желдетілген, отыратын орындығы ыңғайлы, барлық жағынан гигиеналық талапқа сай болу керек. Бөлменің шаң тозаңын су шүберекпен сүртіп, терезенің шынысын мезгіл-мезгіл жуып тазартады. Бөлменің тазартуы жеңіл болу үшін қажетсіз артық заттар, жөнсіз әшекейлер болмауы тиіс. Бөлменің жылылығы 18-20-22°С, ылғалдығы 50-70%, жарығы мол болғанда ғана оқушының еңбегі гигиеналық түрғыдан қарағанда дұрыс ұйымдастырылады. Оның жұмыс орыны (үстелі мен орындығы) жарық мол болу үшін терезеге жақын тұрып, баланың дене көрсеткіштеріне сай болу керек. Үстелдің үстіндегі заттарды белгілі тәртіппен орналастырып, дұрыс пайдалану дағдыларын қалыптастырған жағдайда оқушының еңбегі нәтижелі болады. Сондықтан қағаздар, кітаптар, қалам-қарындаштардың тұрақты орыны белгіленіп, дер кезінде жинап отыруды баланың әдетіне айналдыру керек.

Бала денесінің шынығуы үшін таза ауада көбірек болып, дене қимылдары әртүрлі ойындарды (волейбол, футбол, жасырынбақ, т.б.) ойнау керек. Соған байланысты түрғын үйдің ауласында балалар алаңын жасайды.

Оқушының күн кестесінде үйқыға бөлінген уақыттың маңызы зор. Шаршаған баланың еңбек қабілетін қалпына келтіру, шаршауын басу, денсаулығын сақтау үшін ұйқының физиологиялық мәні күшті болғандықтан, оны дұрыс ұйымдастыруға көп көңіл бөлу керек. Дені сау баланың ұйқысының ұзақтығы 7 жаста 10,5-11 сағат, 10 жаста 10-10,5 сағат, 11-13 жаста 9-9,5 сағат, 14-17 жаста 8-9 сағаттан кем болмау керек. Бұл уақыттың 1 сағатын күндіз үйықтаса, баланың организміне өте тиімді болады. Ұйқы кезінде баланың денесі дем алып, миындағы күндіз жиналған мәліметтерді еске сақтау жолдары реттеледі, жүйке клеткаларындағы қуат қорлары қалыптасады, шаршаған организмнің еңбек қабілеті қалпына келеді. Оқушы үнемі бір мезгілде жатып, тұруға дағдыланғаны жөн. Сонда ұйқы уақыты нәтижелі пайдаланылады. Бастауыш сынып оқушылары кешкі сағат 9-да, ортаңғы сынып оқушылары 10-да, жоғарғы сынып оқушылары 10-11-ден бастап үйықтағаны жөн.

Оқушының күн кестесінде тамақтану мерзіміне және тағамның қоректік қасиетіне көңіл аударылады. "Ас - адамның арқауы" демекші, организмге қажетті заттарды, қуат қорын дұрыс мезгілімен тамақтану арқылы қамтамасыз етуге болады. Ас қабылдау ұзақтылығы 15-20 минөттен 20-30 минөтке дейін созылады.

Жалпы алғанда, оқушының күн кестесін құрғанда күнделікті қайталанатын еңбек түрлеріне арналған уақыттан басқа 1-1,5 сағаттай уақытты бос қалдырған жөн. Бұл уақытты әр бала өз қалауынша пайдаланады (спортпен шұғылдану, көркем әдебиетті оқу, кинотеатрға бару, кездейсоқ шаруаға қатысу, т.б.).

       Мектеп кешені мен жеріне қойылатын гигиеналық талаптар. Мектептің орналасқан жері оқитын балалар санына байланысты 0,8 гектарға дейін болады. Мектеп кешенінің құрылысы, жері қалалық және ауылдық әкімшілік үкімімен бекітіледі де, мектепке арналған жерді босату мерзімі шешіледі.

Мектеп кешені оқушылар тұратын үйден қалада 1-2 км, ауылда 3 км-ден аспауы керек. Ауылдық жерде балалар алыс тұратын жағдайда әкімшілік орындары оқушыларды таситын көлікпен қамтамасыз етеді.

Мектеп территориясы тұрғын үйлерден, балалардың денсаулығына зиян келтіретін өндіріс, шулы, шаңды, түтіні көп мекемелерден, ірі транспорт жолдарынан, су қоймаларынан, ойын-сауық орындарынан аулақ, әрі жарығы мол, таза жерден орын алады. Мектеп жерінің 15 % мектеп ғимаратына, 50 % өсімдіктер егу үшін, ал қалған жерін спорт, демалыс, шаруашылық, тәжірибе алаңдарына пайдаланады.

Мектеп ғимараты ауланың түкпірінде, мектеп жерінің шетінде 15 м қашықта салынады. Мектеп пен оның ауласы екпе ағаштармен қоршалады.

Мектеп ауласы бірнеше аймаққа бөлінеді: қорғаныс, демалыс, оқу-тәжірибе, спорт және шаруашылық зоналары.

Қорғаныс аймағы (0,1-1,0 га) мектеп кешенінің көше жағында орналасады. Ол мектепті транспорт шуынан, газынан, көще шаңынан қорғайды, сондықтан түрлі ұзынды-қысқалы ағаштар, бұталар егіліп, гүлдермен безендіріледі. Көшенің көлік жолы мен қорғаныс аймағының арасы 25 м кем болмауы керек. Мектеп терезелері мен бұл жердегі биік ағаштардың арасы 10 м, бұталардың арасы 5 м. Ағаштар мен бұталар бұдан жақын егілсе, өсе келе терезелерді көлеңкелеп, сынып бөлмелерінің жарығын азайтады.

Д е м а л ы с аймағы (0,2-0,3 га) мектеп ауласының жазда көлеңке, қыста желден сақтайтын бұтақты ағаштар егілген тегіс таза жағында орналасады. Шаршаған, аурудан жаңа тұрған әлсіз балалардың демалуына қажетті орындықтар қойылады. Демалыс аймағында балалардың денесіне зиян келтіретін өткір бұтақтар, темір-терсектер, ірі тастардан мезгіл-мезгіл тазартып отыру керек.

Оқу-тәжірибе аймағында (0,2-0,4 га) биология, география пәндеріне қажетті тәжірибе алаңдары орналасады. Оқу-тәжірибе аймағы мектеп ауласының шетінде немесе мектеп кешенінің қабырғасына жақын жерде орналасады. Бұл жерде ауа райын анықтауға қажетті аспаптар, яғни желдің бағытын анықтайтын флюгер, ылғалдылық пен ауа температурасын өлшейтін аспаптар болады, кейбір мектептерде география пәніне қажетті шұңқырлар, ботаника пәнінің тәжірибе алаңы, кейбір мектептерде (көбінесе ауылды жерде) көжектер өсіретін бұрыш т. б. орналасады.

Спорт аймағы ( 0,1-1,07 га ) мұнда дене шынықтыру пәніне және спорт ойындарына қажетті алаңдар орналасады. Оның жері мектеп кешенінің терезесінен ең кем дегенде 10 м қашықта болу керек. Көпшілік мектептерде спорт аймағына 5800-7900 м² тек кейбір мектептерде ғана 4900-10700 м² жер бөлінеді, яғни Мұның да жері оқушылардың санына лайық беріледі. Барлық мектептердің жеңіл атлетика (4900 м²) және гимнастика (600 м м²), баскетбол мен волейбол (480 м²) алаңдары, ал ірі мектептерде (1176-1960 орындық) футбол немесе басқа спорт ойындарына арналған үлкен алаң (2960 м²) болады. Көпшілік ауыл мектептерінде үлкен спорт алаңдары (волейбол, баскетбол, футбол) ауыл шетінде жеке орналасады. Бұл алаңдардың тегіс, шөптесін жерде, шаңы аз жерде орналасып, транспорт жолдарынан алыс, ауылшарушылық құрылыстарынан, мал қораларынан аулақ болғаны дұрыс. Спорт алаңдарын тастардан, ағаш бұтақтарынан, шыны сынықтарынан тазартып, балалардың денесіне зиян келтірмеу жағына көңіл бөлу керек.

Шаруашылық аймағы (500м²) мектеп ауласының алыс түкпірінде балалардың жүретін жолынан, демалыс орындарынан қашық орналасады. Бұл аймақтың жері мектептің басқа аулаларынан аласа бұтақты өсімдіктермен қоршалады. Оған келетін жеке транспорт жолы болуы тиіс. Мұнда түрлі қоймалар, мектеп гаражы, қосымша дәретхана, сыпырынды жәшіктері, өрт қауіпсіздік жабдықтарының бұрышы т. б. шаруаға қажетті құрылыстар болады. Мұндағы дәретхана мен сыпырынды жәшіктері мектеп кешенесінен кемінде 25м қашықтықта орналасады. Олардың маңайы егілген ағаштармен немесе шағын қоршаумен бөлінеді. Дәретхана мен сыпырынды жәшігі тұрған жерге келетін тазалық транспортының қатынасуына қажетті жеке жолы болуы керек. Шаруашылық аймағының таза, ұқыпты ұсталуына шарушылық меңгерушісі мен мектеп директоры жауапты. Мектептің медицина қызметкерлері оның тазалығын мезгіл-мезгіл тексеріп, бақылап отырады, себебі дәретханалар, сыпырынды жәшіктері, транспорт жолдары түрлі инфекцияны оқушыларға жұқтыруға себеп болуы мүмкін.

Мектеп ғимаратын салғанда оның оқу бөлмелерінің терезелерін оңтүстік, не оңтүстік батысқа, ал қосымша бөлмелерінің терезелерін терістікке қаратып салады. Мектептің барлық бөлмелерін оқу және қосымша бөлмелер деп екі топқа бөледі. Оқу немесе негізгі бөлмелерге сабақ жүретін кабинеттер, сынып бөлмелері, спорт залы, шеберхана, физика және химия пәндерінің зертханалары жатады. Қосымша бөлмелерге әкімшілік және балалардың денсаулығын сақтауға қажетті дәрігер кабинеті мен алғашқы жәрдем көрсету бөлмесі, методикалық бөлме, асхана, буфет, кітапхана, мектеп музейі, оқушылар мен мұғалімдердің демалыс орындары т.б. жатады. Олардың ішінде, әсіресе сынып бөлмелері мен оқу кабинеттерінің гигиеналық талапқа сай келуіне көбірек көңіл бөледі.

Мектеп ғимаратындағы оқу бөлмелері. Сынып бөлмелері мен кабинеттер кең коридор арқылы бір-бірімен жөне оқушылардың демалыс бөлмелерімен жалғасады. Бастауыш сыныптар мектептің жеке қанатында, ондағы бірінші, екінші сынып бөлмелері төменгі қабатта орналасқаны жөн. Кабинеттік жүйеге ауысуға байланысты әр пәнге екі-үш кабинет бөлінеді.

Сынып бөлмелері мен кабинеттерінің ауданы 50-60 м², яғни әр оқушыға 1,25-1,50 м² есебінен анықталады. Бөлменің ұзын дығы 8-8,2 м, ені 5,6-6,2 м мөлшерінен аспау керек. Егер ұзындығы 8,2 метрден артық болса, соңғы қатардағы оқушылар тақтаның қасында сөйлеп тұрған мұғалімді және оқушыны анық ести алмауы мүмкін және ондай жағдайда балада алыстан көру қабілеті қалыптасады. Ал аз болса, қажетті мөлшердегі парталар сыймайды. Ені 6,2 метрден кең болса, есік жақтағы қатардың оқушыларына терезе жарығы жеткіліксіз болады, үш қатар парталар сыймайды. Бөлменің биіктігі 3,5 м болғанда балалардың денсаулығына қажетті ауа мөлшері жеткілікті болады: жасына лайық ауа мөлшері мен оның тазалығы қамтамасыз етіледі. Лас ауа көбіне бөлменің үстіңгі жағында болады да, оқушыларға жағымсыз әсері азаяды. Егер одан аласа болса, бөлменің ауасы тар болады. Осыған байланысты соңғы кездегі гигиеналық талаптар бойынша бөлменің биіктігі 3,5 метрден кем болмауы керек. Мұндай жағдайда әр балаға қажетті 15 м³ ауа мөлшерін қамтамасыз етеді, ал соңғы кезге дейін пайдаланып келген 3,1 м биіктік қосымша ауа желдеткішін қажет етеді немесе ондай бөлмеде сағатына 3 рет терезелерді ашып ауаны желдетіп тазарту керек. Әрине, оқу барысында ондай мүмкіндік болмайды да, балалардың денсаулығына зиян келеді.

Сыныптар мен кабинеттердің қабырғаларын ақ балшықпен немесе ізбеспен немесе арнайы эмульсиямен жылына 1 рет әктеп отыру керек. Бөлменің жоғарғы жағын сырлы бояумен бояуға болмайды. Себебі ол құрылыс материалдарының тесікшелерін бітеп, ауаның табиғи жолмен алмасуына кедергі болады. Қабырғаның төменгі жағын биіктігі 1,1-1,8 метрге дейін ақшыл сырлы бояумен сырлауға болады. Эмульсиялармен әктегенде бүкіл қабырғаны ағартып, панельді сырлайды.

Оқушылардың денсаулығын сақтау үшін және қажетті еңбек жағдайларын тудыру үшін сынып бөлмесінің маңызы зор. Бөлме ауасының температурасы 17-21°С, ылғалдылығы 40-65%, ауа қозғалысының жылдамдығы 0,15-0,25 м/сек, әр балаға шамамен 15 м³ ауа болғаны жөн.

Сыныптағы терезелер оқушылардың сол жағында орналасуы тиіс. Терезелер кең, күн сәулесі мол түсетіндей ашық әрі таза, шынысы жұқа біртегіс болуы керек. Терезелердің алдына ұзын сабақты үй өсімдіктерін қоюға болмайды. Олар жарықты көлеңкелеп, мөлшерін азайтады. Терезенің төменгі жақтауы еденнен 60-70 см, ал жоғарғы жақтауы мен төбенің арасында 15-30 см аралық болғанда бөлмеге жарық түсіру мүмкіндігі толық пайдаланылады. Терезеден далаға көз салғанда әйнектің 2/3 бөлігінен аспан көрініп тұрса, табиғи жарықтың мөлшері дұрыс болады. Сыныптағы терезені бөлменің ауасын тазарту үшін де пайдаланады. Ол үшін терезенің жоғарғы жағынан ашпалы-жаппалы желдеткіш жасайды. Олар бөлменің биіктігі 3,5 метрден аз болғанда үнемі ашық тұру керек, тіпті қыс ішінде бір желдеткіш сәл ашық тұрғаны жөн.

Күн бұлтты болғанда, қыс күндері табиғи жарық жеткіліксіз болады, сондықтан бөлмелердің қосымша электр жарық шамдары болуы тиіс. Жарық шамдарының көлеңкесіз біркелкі жарық беруі үшін олардың сыртында жарық сейілдіргіштері болуы қажет. Жарық сейілдіргіштер ақ түсті шыныдан, немесе жұқа қаңылтырдан, немесе пластинкалардан жасалады. Олардың пішіндері әр түрлі: айналмалы дөңгелектер, төрт бұрышты табақшалар немесе шыны плафондар т. б. Жасанды жарықтың мөлшері пайдаланатын электр шамына байланысты. Электр шамдарының жарық мөлшері әр партаға 150 люкстен кем болмауы тиіс, ал люминесценттік шамдардың жарығы 300 люкс. Соған байланысты злектр шамдарын 2 немесе 3 қатар етіп, қуаттылығы 300 Вт 7-8 лампа ілінеді. Ал люминесценттік шамдар қуаттылығы 40 вт 12 шам орнатылады.

Мектеп зертханаларының мөлшері 66-70 м² яғни әр оқушыға 1,5-1,75 м² есебінен анықталады. Зертханаларлар мектептің әр секциясында бірінің үстінде бірі болса, онда ең үстіңгі қабатта химия зертханасы орналасады. Мұндай жағдайда бөлмелерге су жеткізу, ауа сорғыш шкафтарды орналастыру және басқа зертханаларға қажетті жағдайларды жасау жеңілденеді.

Зертханалардың микроклиматына деген гигиеналық талаптары сынып бөлмелмелермен бірдей болуы тиіс.

Балаларға өте ауыр жүкті көтеруге болмайды. Тек қана баланың жасына лайықты мөлшерде ғана жүк тасуға болады. 5-8 жаста - 4 кг, 9-10 жаста - 6 кг, 10-12 жаста - 10 кг, 13-15 жаста - 14 кг, 16-17 жаста - 24 кг жүкті көтеруге болады.

Тез қозғалатын бөлшектері бар станоктармен, электр аспаптарымен жұмыс істегенде жұмыс қауіпсіздігін мұқият сақтаған жөн.

Бастауыш сынып оқушылары шеберханада шаршамау үшін әрбір 15 минөт сайын 2-3 минөттей, ал жоғарғы сынып оқушылары 40-45 минуттан соң 10-15 минут үзіліс жасап отыруы керек. Еңбек сабағының мұғалімі жұмыс кезінде балалардың, әсіресе іс тіккен, тоқыма тоқыған қыз балалардың денесін дұрыс ұстауына көңіл бөлуі қажет.

Жастар үшін таза ауада ауылшаруашылық еңбектерімен шұғылдану өте пайдалы, бірақ балаларға ыстықта күн өтпейтін жағдайды қарастыру керек. Ашық ауада еңбек ету үшін жаздың ыстық айларында таңғы 7-11 сағат, кешкі 17-20 сағат аралығы қолайлы. Ауыл шаруашылық жұмысында 5-6-сынып оқушылары - 2 сағат, 7-8-ші сыныптағылар - 4 сағат, 9-11 сынып оқушылары - 6 сағаттан еңбек етсе жеткілікті. Оқушылардың ой өрісін кеңейтуге көмектеспейтін, денсаулығына зиян келтіретін, мысалы мал қора тазалау, ауру малды күту, бағу, улы химикаттармен жұмыс істеу сияқты жұмысқа салуға болмайды.

Спорт залының ауданы мектептегі оқушылар санына сәйкес әр оқушыға 4 м2 есебінен бөлінеді: 192, 320, 624 орындық мектептерде 162 м² (9x18), 784 және 1176 орындық мектептерде 288 м² (12x24), одан ірі мектептерде 2 зал: 1568 орындық мектепте 144 м² (12x12) және 288 м² (12x14), ал 1960 орындық мектепте 144 м² және 450 м² (15x30) залдар болуы керек. Спорт залдарының биіктігі 5-6 м. Спорт залының қосымша бірнеше бөлмелері болады: ер балалар мен қыздарға арналған және киім шешінетін бөлмелер. Спорт залына шектес спорт жабдықтарының кішкентай қойма-бөлмесі болады.

Спорт залы оқу бөлмелерінен оңаша орналасқан мектеп кешенінің жеке бір қанатының бірінші қабатында орналасады. Оның есігі жеке дәліз арқылы немесе киім шешетін бөлме арқылы өтеді. Спорт жабдықтарының бөлмесі мен спорт залының аралығында екеуін байланыстыратын есігі болады.

Спорт залының жылылығы 15-17 °С, киім шешетін бөлмесінде 19-22 °С. Спорт залдарына, жабдықтарына арналған талаптар бойынша спорт жабдықтары балалардың жасына және бойына лайық болу керек.

Барлық мектептердің үлкен мәжіліс залы болады. Кейбір жаңа мектептерде ғана оған шектес кино, радио аспаптарына арналған қосымша шағын бөлме болады. Оның ауданы шамамен 12 м².

Мектептегі демалу орындары әрбір оқушыға 0,42-0,75м² есебінде беріледі. Демалыс орындарына арнайы бөлмелер, дәліздердің кең жерлері, оқушылар бұрышы т. с. с пайдаланылады.

Мектеп кітапханасы мен оқу және дайындалу залына әр оқушыға 0,05 м² есебінен орын береді. Ол орындар арнайы гигиеналық талаптарға сәйкес болу керек.

Оқушылардың тамақтану орындары асхана, буфет, ас дайындау бөлмесі, ас қоймасы, ыдыс жуатын орын балаларды толық (100%) тамақтандыруға сәйкес болу керек. Асхананың ауданы әр орынға 0,65-0,70 м² есебінен бөлінеді. Мұндай асхана төрт кезекпен барлық оқушыларды толық тамақтандыруға арналған. Оқушыларды тамақтандыру орындарына арналған өз гигиеналық талаптары болады. Олардың орындалуын арнайы құрылған комиссиялар тексереді және мезгіл-мезгіл санитарлық эпидемиологиялық станциялардың қызметкерлері тексеріп бақылауына алады.

Киім ілгіш-гардеробтар екі бөлмеден тұрады: шешінетін жер - фойе және киім ілгіш-гардероб. Олардың жалпы ауданы 0,20-0,25 м² есебінен алынады. Гардеробтағы киім ілгіштерді терезеге перпендикуляр түрінде орналастырады. Мұндай жағдайда киімнің түсі жақсы көрінеді. Әрбір киім ілгіштің арасы 15 см болуы керек. Қазіргі кезде бастауыш сынып оқушыларының жеке гардеробы болады немесе сынып бөлмесіндегі шкаф-нишаларды пайдаланады.

Жуынатын бөлме және дәретхана мектеп кешенінің әр қабатында орналасады. Бұл бөлмелердің ауданы әрбір оқушыға 0,12 м² есебінен бөлініп алынады. Мектеп қызметкерлерінің жуыну орны 12м² болады. Мектеп қызметкерлерінің жуыну орны мен дәретханасы оқушылардан бөлек болуы тиіс. Жуынатын бөлме мен дәретханалардың едені су сіңірмейтін, аяқ таймайтын, оңай тазартылатын болады, және күшті дезинфекциялау химикаттары мен ыстық судың әсеріне төзетін құрылыс материалдарынан, көбінесе қыш немесе полимерцемент плиталардан жасалады. Бұл бөлмелердің қабырғасын толық немесе тек қана панелін ақ түсті немесе көкшіл қыш шыны, полистироль тәрізді су өткізбейтін плиталармен қаптайды.

Оқу бөлімін меңгерушісінің бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі сыныптар мен оқу кабинеттеріне жақын, қолайлы жерден орын алады. 8-10 м² шағын бөлмені барлық мектептерде дәрігерге береді, ал ірі мектептерде оған қоса тіс емдеу бөлмесіне 12 м² кабинет береді.

Мектеп кешеніндегі баспалдақтар ең кемінде екеу немесе үшеу болады. Баспалдақтың әрбір сатысының ені 30 см, биіктігі 16 см. Баспалдақтар жарық, оқушылардың жүруіне ыңғайлы болу керек. Баспалдақтар бұрылысында қосымша жарық көзі орналастырылады.



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-27; просмотров: 92; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.128 (0.011 с.)