Тері сезімдері туралы жалпы түсініқтеме 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Тері сезімдері туралы жалпы түсініқтеме

Поиск

Дене сезімі бірнеше сезімнің жиынтығы, оның ішкі және сыртқы мүшелері қабылдаған мәліметтер әртүрлі сезім тудырады, бірақ дененің қалыпты жағдайын немесе оның өзгерісін білдіретін тікелей мәліметтер әуелі терідегі рецепторлар арқылы қабылданады. Бұлар сырткы ортаның денеге тікелей әсерін білдіреді. Тері рецепторларының жалпы аумағы өте үлкен: 1,5-2 м2. Мұнда жанасу, қысым, ыстық-суықты сезу және ауырсыну рецепторлары бар. Олар терінің әртүрлі қабатында және әр жерінде орналасқан. Көбінесе саусақтың ұшында, алақанда, табанда, ерінде, бетте, қол-аяқтарда, жыныс мүшелерінің терісінде болады.

Құрамы жағынан рецепторлар әртүрлі: үлкенді-кішілі, жалпақ, сауытша тәрізді, жіпше, түкті болып келеді. Негізгі түрлері - ұсақ жіңішке жүйке талшықтарының жалаңқай ұшы. Бұл жүйке ұштары тері түктерінің әсерімен жанасуы сәтінде қозады да, мәліметті қабылдап, орталық жүйке жүйесіне жіберіп тұрады.

Тері рецепторларының сан мөлшері де әртүрлі: жанасу рецепторлары 500000, жылуды сезу рецепторлары 30000, суықты сезу — 250 000 шамасында, ауырсыну (ауруды сезу) бәрінен де көп және дененің барлық жерінде болатын әртүрлі рецепторларда тітіркендіргіштін күшті әсерінен ауырсыну сезімі туа береді.

Тері рецепторларының тітіркену сәтінде қабылдағыш потенциалы әрекет потенциалына көшіп, қозуды тудырады. Қозу толқыны жүйке тамырлары арқылы орталық жүйке жүйесіне серпініс ретінде жеткізіледі.

Тері рецепторларынан қозу толқыны жұлын-таламус жолына шығады. Жоғары өрлеу жолы жіңішке Голь мен сына тәрізді Бурдах будаларымен сопақша -миға барады.

Мұндағы нейрондардың аксондары таламустағы ішкі ілмектің құрамына өтіп, олива тұсында қиылысады да таламустың арнамалы түйініне өтеді. Ілмектік жолдар миелин қабықшасымен көмкерілген жуан және тез өткізгіш жүйке талшықтары арқылы тарайды. Терінің жанасу, қысым -сезу рецепторларынан және буын қимылдарынан туатын серпіністер ми қыртысының соларды қабылдайтын арнайы аймақтарына жеткізіледі.

Бейімделу тәртібі бойынша тері рецепторлары екі топқа бөлінеді. Тез бейімделетіндер, яғни жылдам рецепторлар және баяу бейімделетіндер, яғни баяу рецепторлар.

Терінің түгінің түбіндегі-сипап- сезу рецепторлары мен қатпарлы денешіктер өте тез бейімделеді. Қатпарлы денешік 40-1000 ГЦ аралығындағы тербелісті қабылдай алады. Адамның терісінің бетіндегі қатар жатқан екі нүктеге жанасуды бөлек сезуі әркелкі болады. Мысалы, тілдің шырышты қабығындағы жанасу бөлек сезуі 0,5 мм, ал арқа терісінде — 60 мм.

Бұл айырмашылық көбінесе тері рецепторларының аймақтарының әртүрлі көлемді болуынан және олардың бірін-бірі жапсарлау бөлшектерімен байланысты. Демек жылдам бейімделсін, баяу бейімделсін, әйтеуір, рецепторлар бейімделеді. Олардың бейімделу уақыты, бір жағынан құрылымдық ерекшелігіне, екіншіден әсер ету уақыты мен күшіне байланысты. Мысалы, таңертең тұрып киінгенде алғаш кезінде адамның терісі киімнің жанаспа әсерін сезеді, бірақ біраздан соң оған үйреніп, ештеңені сезбейді. Бұл үйреншікті киімді күнде киіп жүргенде осылай болады, жаңа киімді кигенде оның қатты-жұмсақтығына байланысты, не ыңғайлы-ыңғайсыздығына байланысты дене сезімдері көпке дейін басылмайды. Мысалы жүннен тоқылған киімді кигенде дененің тітіркенуі күні бойы, тіпті бірнеше күн бойы сезіліп жүруі мүмкін.

Рецепторлардың жаңа тітіркендіргіштерге, сыртқы ортаның жаңа әсеріне организмнің тыныштығын қалпында ұстауы артық беймазалықтан сақтайды, алаңдамай бірқалыпты өмір сүріп, стереотипті жағдайда қызмет атқарып, салауатты өмір тіршілігінде болуды қамтамасыз етеді.

Жаңа туған бала сыртқы ортаның тікелей тітіркендіргіштерінің әсерін қабылдап, олардың тірлігіне қажетті түрлерін талдап, талқылай алады. Бұл қызметке дененің барлық сезімдері, әсіресе тері сезімдері көп қатысады. Себебі олардың сыртқы ортаның әсерін қабылдауы тікелей денеге әсер еткен тітіркендіргіштер арқылы жүреді.

Баланың жасы ұлғайған сайын көру, есту талдағыштарының қызметі жетіліп, денеден қашық орналасқан тітіркендіргіштерді қабылдау қабілеті дамиды. Бірақ- тері рецепторларының маңызы сонда да жоғары болады.

Терідегі ауруды сезгіш (ауырсыну) рецепторлар. Ауруды сезгіш рецепторлар адекватты, яғни өзіне тән тітіркендіргішті қажет етпейді. Күші шектен асқан қандай да болмасын тітіркендіргіш ауру сезімін тудырады. Ал басқа рецепторлардың адекватты тітіркендіргіші болады: тактильді рецепторлардың жанасуды және қысымды сезетін түрлері болады, ал температуралық рецепторлар суық пен жылудың әсерлерін қабылдайды.

Ауру сезімдерін бос жүйке ұштары қабылдайды. Бұл сезім мүшелердің, ұлпалардың қалпын бұзатын жауапты қажет ететін тітіркендіргіш әсер еткенде пайда болады. Ондай жүйке ұштары бүкіл теріде, ауыз бен мұрын қуыстарының кілегейлі қабатында, яғни дененің барлық жеріне орналасқан.

Ауруды сезгіш рецепторларды "қауіпсіздік күзетшісі" деп атайды, олар төнген қауіп туралы ақпаратты миға жеткізеді.

Ауруды сезіну туғаннан кейін бір аптадан соң пайда болады. 1 жасқа толған бала аурудың пайда болған орынын анықтай алады. Жаңа туған сәбидің ауру сезгіш рецепторларының сезімталдығы ересектердікінен төмен, 5 жастан 6-7 жасқа дейін ауру сезгіш рецепторлардың сезімталдығы тез артады. П. К. Анохиннің айтуынша, организмнің нақтылы және деректік ауытқулардың әсері күшті, зиянды тітіркендіргіштерге қарсы пайда болатын физиологиялық күйі.

  Ауыртатын әсерлер әртүрлі сезім тудырады. Қазіргі кезде ауырсыну сезімдерінің әр алуан реңдері анықталды. Олар ауырсыну сезімінің сапасына қарай әртүрлі болады. Ауырсыну кезінде қозғалыс, эмоциялық және вегетативтік көріністер - үрей, қорқыныш, лоқсу, түшкіру, жүреқ қобалжуы, тамыр әсері, терлеу байқалады.

Дененің ауырсынуын себептеріне қарай 3 топқа бөледі: а) сыртқы әсерлерден туатын ауырсыну; ә) жүйкеде туатын ауырсыну; б) ішкі мүшелерде туатын ауырсыну.

Ауырсынудың физиологиялық тетігін анықтайтын бірнеше қағидалар ұсынылған. Ауырсынудың арнайы қағидасы бойьнша оның өзіндік рецепторлары, өткізгіш жолдары, талдау жасайтын орталықтары болатындығы анықталды. Бұл қағида ауырсынуды өзіндік сезім тетігі бар арнайы сезім деп есептейді. Өйткені ол әртүрлі әрекеті бар ауырсыну тітіркендіргіштері қозғанда туады.

Келесі қағидада әр райлы тітіркену қалыптан артық болғанда ауырсыну туады. Өте күшті жоғары қатты дыбыс немесе қысым ауырсыну сезімін тудырады. Күшті тітіркендіргіштер рецепторлардың барлық түрін белсендендіреді. Сөйтіп жұлын мен ми бағанасында афференттік тасқын импульстер жинақталады. Алайда бұл қағида маманданған қабылдағыштардың болатынын ескермейді. Ауырсыну тітіркендіргішіне жауап тудыратын рецептор тері мен басқа ұлпаларды шырмайтын жіңішке сезімтал талшықтардан, яғни нервтердің жалаң ұштарынан тұрады.

Орналасуына, тітіркену және сезу нейрондарының түрлеріне қарай: жергілікті, қатты ауырсынатын және сыздайтын, шашыраңқы ауырсыну рецепторларын ажыратуға болады.

Қозу толқыны рецепторлардан екі сезімтал талшықтар арқылы жайылады: А-d және С талшықтары. Бұл талшықтардың жуандығы 1-6 микрометр, өткізу жылдамдығы 5-50 микросекунд, миелинмен қапталған. Олардың қабылдау аумағы терінің 8 мм2 аумағын алып жататын 3-20 нүктеден тұрады. Бұл талшықтар бір райлы және көп райлы рецепторлармен байланысты. Механикалық қабылдағыш әрбір 1 мм2-ге 40 грамнан аса қысым түскенде, температуралық рецептор — 45°С-ден жоғары, 15 °С-ден төмендеген жағдайда қозады.

С рецепторларының жуандығы 2 микрометр, өткізу жылдамдағы 0,2 -2 м/сек, қабылдау аумағы 2-3 мм2, миелинсіз талшықтар. Олар салқындатқанда және теріні өткір инемен түйрегенде тітіркенеді. Мұндай рецепторлар ішкі мүшелерде және бұлшық еттерде де болады. Көптеген рецепторларды ұзақ тітіркендіргенде олардың сезімталдығы төмендейді де, ал ауырсыну рецепторларының сезімталдығы керісінше күшейеді. Мұны сезімталдықдеп атайды, себебі рецептор тітіркендіргіштің әлсіз күшіне жауап береді. Кей адамдардың туа байқалған сезім жүйесінің кемшілігіне байланысты ауырсыну сезімі болмайды - деген де зерттеу тұжырымдары бар. Ауырсыну әсерін қабылдайтын құрылымдар орталық жүйке жүйесінің әртүрлі деңгейінде орналасқан. Ол алдымен жұлынның артқы мүйізшесіндегі жалпақ табақшалардың орталык нейрондарына барады және сонда өңделеді, содан соң миға өтеді.

Ауырсынуды сезгіш талдағыштардың өткізгіш жолдарына жұлын-таламус, жұлын-торлы құрылым, жұлын-ортаңғы ми жүйелерінің жолдары жатады және проприорецепторлық жүйе кіреді. Бұл жолдар арқылы үдемелі ауырсыну мәліметтері мидың орталық құрылымдары — жұлын, торлы құрылым, орталық сұр зат, ортаңғы ми, таламус, гипоталамус, лимбика жүйесі және ми қыртысының әртүрлі аймақтарына барып, сол құрылымдарда өңделеді.

Айта кететін жағдай - ортаңғы мидың сұр заты мен сопақша мидың тегіс ядролары тітіркендіргіш әсер еткенде көруді жеңілдетеді де ауырсынуды басады. Бұл құрылымдардың нейрондарында ауырсынуды басатын эндорфин мен серотонин, норадреналин деген химиялық заттар түзіледі.

Ауырсыну сезімі туралы ғалымдардың болжамдары бар: а) ауырсыну жалаңқай жүйке ұштарында пайда болады, өйткені олардың сезімталдығы өте жоғары; б) ауырсыну сезімі тітіркендіргіштің әсері мөлшерден тыс артық- және ұзақ болса А және С нерв талшықтары өте жылдам қозып, әсерленуді тьш жоғары көтеріп жібереді.

Ауырсыну орталық жүйке жүйесінің бірнеше бөлімдерінде сезіледі. Айталық, жүрек ауырғанда сол қолға жауырынға беріледі, соқыр ішек қабынғанда - жұлынның 11-12 кеуде сегменттеріне беріледі. Өкпе қабынғанда 2-5 кеуде сегменттеріне беріледі.

Ауырсыну рецепторларының жас ерекшеліктері.Ауруды сезіну, негізінен, туғаннан кейін бір аптадан соң пайда болады. 1 жасқа толған бала аурудың пайда болған орнын анықтай алады. Жаңа туған сәбидің ауру сезгіш рецепторларының сезімталдығы ересектердікінен төмен, 5 жастан 6-7 жасқа дейін ауру сезгіш рецепторлардың сезімталдығы тез артады. Ауырсыну рецепторларының қызметі бала ойнаған кезде төмендейді де, жоғары жүйке жүйесіндегі қозу мен тежелудің тарауының индукция заңы бойынша, тыныш, демалып отырған кезінде күшейеді. Ауырсыну рецепторларының сезімталдығы жүйке тамырларының миелинденуімен тығыз байланысты. Сондықтан кішкентай бөбектердің ауру сезімталдығы  алғашқы күннен бастап жоғары болады да, нерв талшықтарының миелин қабаты қалыңдаған сайын сезімталдығы біртіндеп төмендейді. Мұнымен қатар орталық жүйке жүйесіндегі қозудың жинақталуына байланысты жас ерекшеліктері байқалады. Балаларда ауруды сезіну қабілетін жаттықтыру арқылы төмендетуге де болады. Мұндайда организмнің жалпы бейімделу заңы орын алады. Адамның көптеген мінез-құлықтары ауру сезіміне байланысты туады. 1973 жылдан бастап ауруды басатын белсенді біраз химиялық заттардың бар екені анықталды. Олар опиум (морфин) іспетті ауырсынуды басатын болғандықтан опиаттар деп аталған. Опиаттар химиялық құрылысы бойынша пептидтерге жатады. Алдымен жүйке жүйесінде орналасқан ауырсыну импульстерін өткізетін опиаттық рецепторлар табылды. Ал 1975 ж. алғаш рет химиялық жолмен морфинге ұқсас заттар - опиат пептидтер бөлініп алынды. Оларға а, b, g эңдорфиндер мен энкефалиндер тобына кіретін метэнкефалин, лейцинэнкефалин т. б. жатады. Энкефалиннің адам миында ең көп болатын жері қара құрылым, бозарған шар, ал эндорфиндер - гипоталамуста. Қазіргі кезде опиаттық пептидтер ауырсыну импульстерін синапстық өткізгішті тежеп, ондағы медиатордың бөлінуін төмендетеді деп есептеледі, Нәтижесінде ауырсыну тітіркендіргішінің әсері төмендейді. Опиаттық пептидтер адамның көңіл күйін көтереді, қанағаттық сезім туғызады, адамды тыныштандырады және қимыл-қозғалыстарын төмендетеді.

Терідегі тактильді сезім және оның жас ерекшеліктері.Терідегі тактильді сезім рецепторларының жанасуды және қысымды сезетін түрлерінің онша айтарлықтай айырмашылығы болмайды: Сезім тітіркендіргіштің күшіне қарай бөлінеді: егер әлсіз ғана әсер болса - жанасу сезім күштірек болса - қысым сезімі туады. Бала туарда оның тактильді рецепторлары дамып-жетілген қалыпта деуге болады, бірақ өткізгіш жолдары мен орталық жүйке нейрондарының жетілмеуіне байланысты қызметі төмен болады және жүйке талшықтарының миелин қабаты жұқа немесе мүлде болмауына байланысты қозудың жайылуы кеңінен орын алады. Мысалы, баланың бетіне қол тигізсе, яғни тактильді рецепторларға әсер етсе, сору мен аяқ-қолдарының қимылдары байқалады. Орталық және шеткі жүйке жүйелерінің миелин қабаты қалындаған сайын мұндай реакциялары азайып, баланың әрекеті рецепторға жасалған әсерге сай болады.              

Яғни тактильді рецепторларға етілген әсерге бала өз қимылымен көптеген жауаптар береді.

Жаңа туған нәрестенің ауызының, көзінің, мандайы мен аяқ-қолдарының терісінің тактильді сезімталдығы жақсы жетілген. Ал иығының, арқа терісінің сезімталдығы шамалы болады. Емшектегі балалар тактильді рецепторлардың тітіркенуіне қол-аяқтарын ербеңдетіп, ретсіз қимылмен жауап береді. 1-1,5 айдан кейін ондай жауап қимылдары реттеле бастайды да бала не қолымен, не аяқ қозғалысымен жауап беруте тырысады. Айталық, бетін сипағанда бала басын бұрып, ауызын ашып, шалқаяды, яғни емуге дайындалады.   



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-27; просмотров: 75; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.146 (0.007 с.)