Дәріс 8 Бұлшық еттердің құрылысы мен қызметі 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Дәріс 8 Бұлшық еттердің құрылысы мен қызметі

Поиск

8-сурет. Омыртқа жотасы

 

Оның денесі және арқа өсіндісі болмайды, бір-бірімен бүйір денесі арқылы қосылған алдыңғы және артқы доғаларымен шектескенсақина тәрізді. Ауыз омыртқа шұңқырлау үстіңгі буынымен шүйде сүйекпен, астыңғы тегіс буынымен екінші мойын омыртқамен жалғасады. Мұның омыртқа тесігі басқа омыртқалардан кеңірек болады. ІІ-ші мойын омыртқасының денесінен жоғары қарай бағытталған тісшесі болады. Ол тісшедегі алдыңғы және артқы буын беті арқылы ауыз омыртқамен, астыңғы жағындағы буын беті арқылы III-ші мойын омыртқасымен жалғасады. Соңғы VІІ-ші мойын омыртқасының арқа өсіндісі ұзын болады. Көкірек омыртқаларының ерекшелігі — денесінің алдыңғы бүйір бетінде және көлденең өсінділерінде қабырға ойыстары деп аталатын буын беттері. Екі көкірек омыртқаларының жартылай буын ойыстары омыртқа жотасының буын ойыстарына айналады. Ол жерге қабырғаның басы кіреді. І-ші көкірек омыртқасының үстінде толық буын ойысы, астында - жартылай буын ойысы бар. Ал Х-шы омыртқаның үстіңгі жағында да жартылай буын ойысы болады. ХІ-ХІІ-ші омыртқаларда бір-бірден ғана буын ойыстары бар. 

Ауыртпалық көбірек түсетіндіктен бел омыртқаларының денесі жақсы жетілген және ірі келеді, әсіресе, соңғы V-ші омыртқа көкірек омыртқаларынан анағұрлым ірі болады. Эволюциялық даму кезінде қабырғалар көлденең өсінділерімен бірігіп бітуіне байланысты өсінділері ұзын болады.  

Ересек адамның сегізкөз омыртқаларының арасы бірігіп сегізкөз сүйегіне айналады. Оның сыртқы ортасында бірігіп кеткен арқа өсінділерінен пайда болған ортаңғы сегізкөз қыры, оның екі жағынан бірігіп кеткен буын беттерінен пайда болған бүйір қыры, көлденең бүйір өсінділерінен пайда болған бүйір қыры болады. Біріккен омыртқа тесіктерінен пайда болған сегізкөз каналы омыртқа жотасы каналының жалғасы болып есептеледі. Оның алдыңғы және артқы бетінде жүйке мен тамырлар өтетін тесігі болады. Сегізкөздің бүйір жақтарында құлақша тәрізді жамбас сүйегімен жалғасатын буын беті болады. Оның артқы жағының бұдырлы жеріне тарамыстар бекиді. Ер адамның сегізкөз сүйегі әйелдер сүйегінен жіңішке және ұзын дау болады. Адамның IV-V-ші құйымшақ омыртқаларының денесі бірігіп құйымшақ сүйегіне айналған. Мұны жануарлардың құйрық омыртқаларының рудименті (қалдығы) деп есептейді. Олардың өсінділері жойылып, денесі ғана қалған. Тек І-ші құйымшақ омыртқасында ғана қалған өте қысқа көлденең өсінділері бар.

Омыртқа жотасының өсуі баланың алғашқы 1 жасында жедел жүреді. Жаңа туған нәрестелердің омыртқаларында алты сүйектену нүктелерін көруге болады. Олар 1 жасқа таман біріге бастайды. Омыртқалардың эпифизі алғашқы жылы шеміршек күйінде сақталады. Омыртқа аралығындағы буындардың шеміршектері қалың және серпімді келеді. Сондықтан олардың омыртқа жотасы ересектермен салыстырғанда жеңіл қимылдайды. Жаңа туған сәбидің омыртқа жотасында физиологиялық иілімдері болмайды, 2-3 айда баланың мойыны бекігеннен кейін мойын лордозы, 6 айдан кейін отыра бастағанда кеуде және сегізкөз кифоздары 1 жасқа жақындап, бала жүре бастағанда бел лордозы пайда болады. Дегенмен бір жастағы баланың омыртқа жотасының иілуі нашар әрі тұрақсыздау болады: таңертең ұйқыдан тұрғанда нашар, кешке таман күшейе бастайды. 2-3 жаста омыртқа одан әрі қарай сүйектене береді. Бұл мезгілде омыртқаның денесі сүйектен, ал эпифиздері шеміршектен тұрады. Омыртқааралық буын шеміршектері әлі де болса қалыңдау болып, омыртқа жотасы жақсы қимылдайды. Бұл кезде сегізкөз, құйымшақ омыртқалары біріге бастағанымен аралары толық бітпейді. Омыртқа жотасының физиологиялық қалыпты иілістері күшейе түскенімен, әлі де болса тұрақсыз болғандықтан, баланың бойы таңертең өлшегенде 5-6 см ұзын (ересек адамда 2-3 см ғана), кешке өлшегенде соншалықты аласа болып тұрады. 4-5 жасқа дейін омыртқалар тез өсіп, иілістері толық қалыптасады. Бұл кезден бастап балалар мен ересек адамдардың омыртқа жотасында физиологиялық қалыпты 2 лордозы (мойын және бел омыртқа), 2 кифозы (кеуде және сегізкөз) иілістері түзіледі. Отырғанда салмақ бел омыртқа иілісіне көбірек түсіп, ол қисаяды, ал жатқанда мойын және бел омыртқаларының иілістері түзеледі. Бала омыртқасының сүйегінің қатаюы жылдам болғанымен, олардың диафиздерінде шеміршек қалың болады және омыртқа аралық шеміршектері биік келеді. Сегізкөз бен құйымшақ сүйектері біте бастайды. Қыздарда 7-11, ер балаларда 7-13 жас арасында омыртқаның денесі мен эпифиздерінің арасында жұқа болса да, шеміршекті қабаты сақталады. Омыртқа аралық шеміршектер қалың болғандықтан омыртқалар әлі де өседі. Омыртқа эпифиздерінің сүйектенуі 18-20 жаста аяқталады. Мектеп жасына дейінгі балалардың омыртқалары ұзарып, жуандайды. 5-6 жастағы балалардың омыртқа жотасы тез қисаяды. Омыртқааралық шеміршектердегі заттың алмасуы өте күшті болады. Сондықтан түрлі жағдайлардың әсерінен омыртқаның өсуі тез бұзылып, омыртқа жотасының паталогиялық сколиозы (бір жақ бүйіріне қарай қисаю), лордозы, кифозы т. б. өзгерістері пайда болады. Мысалы, өте жылдам 8-12 м/сек қозғалғанда мойын және көкірек омыртқалары зақымдалады. Бала өте аз қозғалғанда да ұсақ зақымдар пайда болып, олардың негізінде кейіннен омыртқа кемшіліктері дамиды. Омыртқа жотасының өсуі жігіттік пен бойжеткендік кезеңге дейін байқалғанымен, әр түрлі бөлімдерінің омыртқалары бірдей өспейді. 1,5 жасқа дейін барлық омыртқалар бірдей өседі, 1,5-3 жас арасында мойын және кеуденің жоғарғы омыртқалары нашар өседі.      

Омыртқа аралығындағы шеміршектер жоғарыдан төмен қарай калыңдай түседі. Ол шеміршектердің ұзындығы бүкіл жотаның 1/4 бөлігіне тең. Бұлар омыртқа жотасын серпімді етіп, жан-жаққа қимылдауға мүмкіндік тудырады.

І-ші құйымшақ омыртқасы тек қана жартылай шеміршекпен жалғасқан, сондықтан арасында аздаған кеңістік болады да, басқа омыртқалардың жалғасуынан ерекшелеу жарты ай тәрізді болады.                                                            

Ұзынды-қысқалы сіңірлер омыртқа жотасын бекітіп, қимылдау мүмкіндігін төмендетеді, оны үзілуден сақтайды.                                                 

Екі ұзын сіңір байламдары бастың шүйде сүйегінен басталып, мойын, көкірек және бел омыртқа бөлімдерінен өтіп, сегізкөздің жоғарғы жағына дейін жетеді. Алдыңғы ұзын сіңір байламы омыртқалардың денесінің алдынан жайпақ лента тәрізді созылып жатады, ал артқы байламы омыртқа каналының ішімен жіңішке лента іспетті созылып, омыртқа аралығында сәл жалпақтанады. Қысқа сіңір байламдары көршілес екі омыртқа доғаларын, арқа және көлденең өсінділері сегізкөзбен құйымшақ сүйектерін байланыстырады. Бұл байланыстар мен омыртқа иілістері соққы, сілкіну, солқылдау жағдайларында денені серпімді етіп, зақымнан сақтайды, түрлі қимыл қозғалыстарын тудырады. Көрші омыртқалардың бір-бірімен қимылы шектелгенімен, жалпы омыртқа жотасының қимыл мүмкіндігі мол. Ол 160 градусқа дейін еңкейіп, 145 градусқа дейін шалқаяды, оңға-солға 165 градусқа, ал өз осінде 120 градусқа дейін қозғалады. Бұған қоса, омыртқа жотасының иілістері дененің серпімді болып, жеңіл қозғалуына мүмкіндік тудырады.

Көкірек қуысының сүйектері. Тұлға сүйектеріне омыртқа жотасынан басқа көкірек қуысын құратын қ а б ы р ғ а және төс сүйектері жатады.

Қабырға. Адам денесінде 12 қос қабырғалар бар. Әрбір қабырға жалпақтау ұзын сүйектен және шеміршектен тұрады. Олар бір-бірімен жалғасып кеткен. Қабырғаның б а с ы, м о й н ы,  д е н е с і болады. Оның омыртқамен жалғасқан жерін қабырға басы деп атайды да, қалған жері мен басының арасындағы жіңішкелеу жерін мойны дейді. Қабырға денесінің алдыңғы жақ ұшы төс сүйегімен жалғасады. Жоғарғы қос қабырғаның мойны мен денесінің қосылатын жеріндегі қабырға бұдыры омыртқаның көлденең өсіндісімен жалғасады.                                                                                    

Әр қабырғаның пішіні мен құрылысында өзіне тән ерекшеліктері бар. Жоғарғы VII қос қабырғалар шеміршек арқылы тікелей төс сүйегіне жалғасса, V-ІХ-Х-қабырғалар ұзын шеміршек қабырғалар арқылы алдыңғыларымен жалғасады, ал ХІ-ХІІ жұп қабырғалардың алдыңғы ұшы бос қалады. Алғашқы І-VІІ жұп қабырғаларды ш ы н, олардан кейінгі VII-Х жұп қабырғаларды ж а л ғ а н, ал соңғы ХІ-ХІІ жұп қабырғаларды б о с қабырғалар деп атайды.

Қабырғалардың сүйектенуі баланың 2-айлығында VI-VII қабырғаларда басталады, 3-4 жасқа келгенде қабырғаның ортасы мен бұрышында ғана тығыз сүйектері болады, яғни қабырғаның 40%-ында ғана остеондық құрылысы болады, 6-7 жаста қабырғаның алдыңғы жағы толық сүйекке айналады.

Төс сүйегі — жалпақ сыңар сүйек. Дененің көкірек қуысының алдыңғы сызығының бойында орналасады.                                                                               

Төс сүйегінің денесі, тұтқасы, семсершесі болады. Төс тұтқасының жоғарғы жағында мойындырық, екі жағында бұғана және жеті-жетіден қабырға ойындылары бар.                                                                                                          

Төс сүйегінің бөлімдерінің арасындағы шеміршек 30 жасқа дейін болады. Төстің төменгі жағының шеміршектері 15-16 жаста, жоғарғы жағының шеміршектері 21-25 жаста сүйекке айналып, төс сүйегінің бөліктері жалғасып, арасы бітіп кетеді, ал семсершенің сүйектенуі 30 жасқа дейін созылады.

Омыртқа сүйектері мен XII қос қабырғалар және төс сүйегі көкірек қуысын құрайды. Адамның көкірек қуысы жұмыртқа пішіндес болады, бірақ жасына, еңбегіне, ауруға байланысты өзгеруі мүмкін.                                                                       

1 жастағы баланың көкірек қуысы екі бүйірінен қысылған конус тәрізді, 12-13 жаста ғана ересек адамның көкірек қуысындай болады. Көкірек қуысы жүрек, қолқа және үлкен өкпе артерияларды, өкпе, бауырды қорғайды.

Сонымен қатар, тыныс мүшелерінің еттерінің және қол еттерінің бекіген жері. Осы сүйектерің қозғалмалы байланыста болуы арқасында адам тыныс алуға мүмкіншілік алады.

Ауыр жұмыстың әсерінен дене шынықтыруға байланысты көкірек қуысының көлемі кішірейеді.                                                                                              

Партада отыру ережесін дұрыс орындамай, үстелдің шетіне ұзақ уақыт кеудесімен тіреліп отырған баланың төс сүйегі ішіне қарай майысады және көкірек қуысы тарылады да, өкпе мен жүректің дамуы нашарлайды.                      

Иық және жамбас белдеулерінің сүйектері. Аяқ-қолдардың сүйектері адам денесінің екі белдеуін құрайды: иық және жамбас белдеулері. Омыртқа жотасының жоғарғы жағында екі жауырын сүйектері орналасқан. Олар бұғана және төс сүйектерімен жалғасады. Жауырынның сыртқы бұрыштары иық басы сүйегі арқылы қол сүйектерімен жалғасады.      

Жауырын - жалпақ қос сүйек, ол омыртқа және қабырға сүйектерімен бұлшық ет арқылы жалғасқан. Жаңа туған сәбидің жауырын сүйегінің иық, құс тұмсық өсінділерінде, буын бетінде, омыртқа жақ шетінде, жоғарғы және төменгі бұрыштарында шеміршектер болады. Жауырын сүйектері жігіттерде 19-20, қыздарда 18 жаста қатады.                              

Бұғана бала дүниеге  келер алдында оның төс жақ ұшынан басқа жері сүйекке айналып үлгереді. Ал төс жақ ұшының сүйектенуі жігіттерде 24, қыздарда 23 жаста аяқталады.                                                                                            

Қ о л жауырынмен қозғала біткен иін сүйектерінен, шынтақ пен шыбық сүйектерінен құралған білек сүйектеріне, білезіктің ұсақ сүйектері, бес ұзын алақан сүйектері мен саусақ сүйектерінен тұратын қолдың басынан тұрады. Қолдың басы сүйектері кеудеге қарай бағытталған алақан ойығын түзеді. Алақан ойығы жаңа туған нәрестеде қалыптаса бастап, 10-13 жаста толық аяқталады. Осы мерзімде саусақ сүйектерінің қатуы да аяқталады. Сондықтан мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының сурет салуы, жазуы өте баяу болады. Ұзақ уақыт жаттықтырса, саусаққа күш түсуіне байланысты оның сүйектері тез қатады да, ұзын болып өседі. Мысалы, күйшілердің саусақтарын айтуға болады. Тоқпан жілік немесе иық сүйектері 20-25 жаста қатайып, екі басында тек шеміршектері қалады. Бұл жіліктің ұзарып өсуі оның басындағы өсу нүктелеріне байланысты болғандықтан, 22 жасқа дейін жілік басын кесуге болмайды. Кессе, жілік өспей қысқа болып қалады. Кәрі жіліктің қатуы 20-25 жаста жігіттерде, 17-20 жаста қыздарда аяқталады.                          

Ш ы н т а қ сүйегінің өсуі жігіттерде 18-22 жаста аяқталады, бой жеткендерде сәл ерте қатады.                                                                                                          

Б і л е з і к сүйектерінің қатуы 14-16 жаста аяқталуға жақын болады. Ең алдымен III-ші, ең соңында І-ші және V-ші сүйектері қатады.                         

С а у с а қ  сүйектері 16-18 жаста қатып аяқталады.                            

Жамбас белдеуінің сүйектері. Жамбас белдеуі сегізкөзден және онымен қимылсыз біріккен екі жамбас сүйектерінен құралған. Жамбас сүйектерінің алдыңғы жағы бір-бірімен қимылсыз біріккен. Жамбас сүйектерінің ойысында ортан жіліктің басы бекіген. Жамбас пен ортан жілік қозғалмалы буын арқылы бірігеді. Адамның жамбас сүйектері кең тостаған тәрізді қуыс жасайды. Себебі, адамның тік жүруіне байланысты ішек-қарынның салмағы осы жамбас сүйектеріне түседі. Ортан жіліктің екінші шеті асықты жілікпен оның ш ы б ы ғ ы н а  жалғасады. Ал олар толарсақ, бақай сүйектері және бақайшықтан құралған т а б а н  сүйектерінен тұрады.                                                                   

Ортан жілік пен асықты жілік бір-бірімен тізе буыны арқылы қозғалмалы жалғасқан. Табан сүйектері бір-бірімен буындасып жалғасқан сүйектер.

Ортан жілік адам денесіндегі ең ірі сүйек. Оның жілік басы, денесі болады. Жілік басы мен денесінің арасында мойны бар. Мойыны мен денесінің қосылатын жерінде бұдырлау орналасқан ұршықтары болады. Бала туғаннан кейін алғашқы 5 жылда ортан жілік тез өседі де, 5-9 жас арасында қыздардың ортан жілігі жылдан жылға баяулап, ер баланың жілігі бір қалыпта баяу өседі. Жілік басы мен мойны 14-20 жаста бірігіп кетеді. Осы мерзімде ұршықтары, мойыны, денесі бір-бірімен жалғасады. Ортан жілік 18-20 жаста өсуін тоқтатады. Асықты жілік пен оның шыбығының сүйектері қыздарда 16-18, жігіттерде 19-20 жасқа дейін өсіп, одан әрі қарай өсуін тоқтатады. Олар төмен қарай өседі, яғни ұзарады. Асықты жіліктің шеміршектері бала неғұрлым тез жүріп кетсе, соғұрлым тез өседі.                                                                

Табан сүйектері өкше, бақайшақ және аяқ саусақтарының сүйектерінен құралған. Өкше сүйектеріне нағыз өкше сүйегі, тепкіш, қайық, сына, куб тәрізді сүйектер жатады. Бұлардың өсуі бойжеткендерде 16-18, жігіттерде 18-20 жасқа дейін байқалады.                                                                                   

Бақайшақтар бес ұсақ жұмыр пішінді әртүрлі сүйектерден тұрады. Қыздарда - 17, жігіттерде - 20 жасқа дейін өседі.                                                   

Бес саусақ сүйектерінің төртеуі 3 сүйектен, ал бас бармағы 2 сүйектен қүралған, бір-бірімен буындасқан сүйектерден тұрады. Ең алдымен І-саусақтардың сүйектері өсе бастайды да кейіннен IV-V саусақ сүйектері жетіледі. Барлығының өсуі 15-20 жаста аяқталады. Табан сүйектері бір-бірімен буын арқылы күмбезденіп қосылған. Табан күмбезі баланың аяғын басу барысында толық қалыптасады. Табан күмбезі сүйектерді мықтап бекітіп тұратын тарамыстардың даму барысында пайда болып, табанға күш түскенде оның күмбезі төмендейді. Табан күмбезінің дұрыс қалыптаспауына тар аяқ киім, ауыр жүк тасу, ұзақ уақыт табанға күш түсіріп, кішкентай баланың түрегеліп тұруы, сол сияқты мешел ауруында да кері әсер етеді.

Мұндай да жалпақ табан пайда болады (9-сурет). Жалпақ табанда баланың сымбаты

 бұзылады, қан айналысы нашарлап

аяқ   тез         шаршайды.                           А                        Б

Жалаңаяқ жер басып жүру, бұлшық

еттерді күшейтетін түрлі жаттығулар-

мен алдын алады, яғни оны спорт              

 

9-сурет. А - қалыпты, Б – жалпақ ойындары жалпақ табандылықты

 болдырмайды, табан күмбезін дұрыс қалыптастырады.         

Табан күмбезі 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киімді киюге болмайды. Себебі ондай аяқ киімдер табан күмбезінің дұрыс қалыптаспауына байланысты аяқты тез шаршатады. Балалар мен жастардың аяқ киімдерінің өкшесі 1,5-2 см болғанда табан күмбезі жақсы қалыптасып, табан еттері мен сіңірлері жақсы дамиды.

Бас сүйектері. Бас сүйектері екі негізгі бөліктен тұрады: ми сауыты және бет сүйектері. Кішкентай балалардың ми сауыты бет сүйектерінен ертерек дамиды. Бет сүйектері алғашқы 1 жаста және жыныстық жетілу мерзімінде, әсіресе 13-14 жаста күшті өседі. Дегенмен ересек адамның өзінде ми сауытының көлемі бет сүйектерінің көлемінен артық болады: нәрестенің ми сауыты бет сүйектерінен 8 есе, ересек адамда 2-2,5 есе артық. Жаңа туған сәбидің  ми сауытының сүйектері бір-бірімен жұмсақ дәнекер ұлпадан тұратын қабықшамен жалғасады. Бұл қабықша бірнеше сүйектердің қосылатын жерінде үлкен болады. Ондай жерін баланың еңбегі деп атайды.          

Ми сауытының ондай жерлері екі-екіден самайда (жалпы саны 4), маңдайда және шүйдеде бір-бірден болады. Барлығы 6. Маңдай еңбегі 1 жасқа жақындағанда, қалғандары 2-3 айда бітеді де, қатты қабықпен жабылады. Ми сауыты сүйектерінің арасындағы жіктері 4 жасқа жақындағанда бірігіп кетеді де олардың өсуі тоқталады. Бет сүйектері жыныстық жетілуге дейін өсіп, содан кейін өсуі тоқталады.                                                                                        

Нәрестенің жақ сүйектерінің т і с т е р і болмайды. Баланың тісі ең алғаш 5-6 айда өсе бастайды (сүт тістері шығады), 6 жасқа жақындағанда сүт тістері түсіп, орнына тұрақты тістері шығады. Ең соңғы тұрақты тістері — ақыл тістері жыныстық жетілуден кейін пайда болады. Жалпы алғанда тістердің шығуы, өсуі, тұрақты тіске ауысуы баланың дене шынығуына, жетілуіне байланысты. Сондықтан жастардың тісінен олардың биологиялық жетілуін анықтауға болады.                                                                                                                                

Бет сүйектері өсіп жетілгеннен кейін баланың тұрақты бет әлпеті қалыптасады., яғни оның түрі тұрақты болады.                                         

Баланың сүйектерінің ерекшелігі. Жалпы алғанда балалар мен жасөспірімдердің сүйектері серпімді, жұмсақ, оңай өзгергіш келеді. Сондықтан гигиеналық талаптарды дұрыс орындамағанда сүйектері тез бұзылып, ден- саулығына зиян болады. Әсіресе мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының сүйектері өте серпімді болады. Олардың сүйектері еркін қатпағандықтан үйде, балалар бақшасында, мектепте дене еңбегі мен спорт ойындарын ұйымдастыруға деген гигиеналық талаптарды, үстелде дұрыс отыру ережелері, баланың ұйықтайтын төсегіне арналған талаптар сақталмаған жағдайда сүйектері тез ерекшеленіп жетіледі.       

Сүйектердің дұрыс өсіп жетілуіне, мезгілінде қатаюына тамақтың құрамындағы минерал заттарының, витаминдердің әсері көп. Әсіресе алғашқы жылы тамақтану және далаға шығып ауа жұту талаптары бұзылғанда мешел ауруы туып, жілік сүйектері, көкірек қуысы мен омыртқа сүйектері дұрыс қалыптаспайды. Бұл тұрғыдан алғанда кішкентай баланы далаға шығарып, күннің ультракүлгін сәулелері әсер етуіне мүмкіндік тудырудың маңызы зор. Себебі ол сәулелердің әсерінен баланың денесінде Д витамині түзіледі де, минерал заттарының алмасуы дұрыс реттеледі. Әсіресе сүйектің құрамындағы кальций, фосфор тұздарының алмасуы жөнделеді, ал күннің ультракүлгін сәулелері терезенің шынысынан өтпейді, сондықтан үйден шықпаған баланың сүйегі дұрыс жетілмейді. Ауа райына қарамай баланы далаға шығарып отырса, тіпті өте қалың киімнен де сәуле өтіп, бала дұрыс өседі.   

Бақылау сұрақтары:

1. Сүйектің өсуі мен қаңқаның қалыптасуы. Бала сүйегінің қату мерзімдері.

2. Балалардың омыртқа жотасының иілістері, олардың дамуы.

3. Адамның бұлшық еттері, олардың қызметі.

4. Баланың жасына қарай бұлшық еттерінің салмағы, күші, төзімділігі, жұмыс кабілеті.

5. Баланың қозғалыстары, олардың бала жасына лайық қалыптасу ерекшеліктері.

6. Дене тәрбиесі мен балалардың еңбегін ұйымдастыру гигиенасы.

7. Омыртқа жотасының патологиялық өзгерістері, олардың алдын алу және болдырмау шаралары.

8. Балаларға партада дұрыс отыруды үйретудің маңызы.

9. Бастауыш сынып мұғалімдерінің балалардың дұрыс дене бітімін 

қалыптастырудағы орны.

10.  Дене шынықтыру гигиенасы.

11.  Шынықтыру құралдары.

                                              

Жаңа туған сәбидің бұлшық еттері толық қалыптаспағанымен, дене салмағының 20-22%-дай ғана (ересек адамда 45-40 %) болады. Адам денесінде 600-ден астам бұлшық еттер бар. Олар бір-бірімен тарамыс ұштары арқылы жақын орналасқан қаңқа сүйектеріне бекітіледі. Қаңқа еттері негізінен көлденең салалы еттерден тұрады. Қаңқа еттерін көлденең салалы ет ұлпаларынан тұратын, құрамында дәнекер ұлпасы, жүйке және тамырлары бар мүшелер деп есептейді.     

Бұлшық еттердің қызметі олардың негізгі қасиеті — жиырылуға байланысты орындалады. Жиырылу арқылы ет қысқарып, оның жиырылу қабілетін көрсетеді. Еттің жиырылуы жүйке импульстерінің орталық жүйке жүйесінің әр жерінен келіп бұлшық етті қоздырады. Жүйке импульстеріне қозумен жауап беру қабілетін еттің қозғыштығы дейді. Еттің қозғыштығы оның жұмыс атқару қабілетін көрсетеді. Қозған еттің клеткаларының зат алмасуы, биоэлектрлік қасиеттері өзгереді. Бұлшық еттің қозуды өткізу жылдамдығы онша көп емес, 5 м/сек шамасында.                                                        

Бұлшық еттер жиырылғанда көп қуат жұмсалады. Жиырылған еттің қысқаруы шарт емес, кейде керісінше ұзаруы да мүмкін. Жиырылу күші еттің талшықтарының санына және қалыңдығына байланысты. Еттің к ү ш і деп оның ширау қабілетін айтады. Еттің ширау қабілеті ет талшықтарының жиырылуға қатысу саны мен жуандығына байланысты. Жиырылу күші кей кезде бірнеше килограмға жетеді. Сондықтан неғұрлым ет жуан болса, соғұрлым күшті болады. Бұлшық еттің күші оның сүйекке бекітілуіне де байланысты. Бұлшық еттің күші оның құрылысына да байланысты. Бұлшық еттер көп ядролы жуандығы 0,1 мм, ұзындығы 2 мм - 12 см ет талшықтарынан тұрады. Олардың сыртын фасция деп аталатын бұлшық ет қабығы жабады. Ет талшықтары саркоплазмадан, жиырылу қасиеті бар миофибрилдерден, митохондриялар мен басқа түрлі органоидтардан тұрады. Бұлшық еттердің қан тамырлары көп болады. Қан тамырлары арқылы етке түрлі қоректік заттар, оттегі тасылып, зат алмасуынан пайда болған қажетсіз заттар мен көмірқышқыл газы шығарылады. Бұлшық еттердің лимфалары да көп болады.      

Бұлшық еттерде көптеген жүйке ұштары - рецепторлар орналасқан. Олар еттің қозуына байланысты жиырылу және созылу дәрежелерін сезеді.         

Бұлшық еттердің өсіп жетілуі әртүрлі. Алғашқы жылы ең алдымен құрсақ еттері дамиды да, кейіннен шайнау еттері жетіледі. Еңбектеу мен жүруге байланысты жыл аяғында аяқ-қол және арқа еттері өсіп дамиды. Баланың өсу барысында жалпы мускулатураның салмағы 35 есе ұлғаяды. Жыныстық жетілу кезінде жасөспірімдердің жілік сүйектерінің өсуіне қарай олардың сіңірлері де өседі. Бұл кезде бұлшық еттер ұзарып, жіп-жіңішке болып көрінеді. Сондықтан жасөспірімдердің аяқ-қолдары сорайып көрінеді. 15-16 жаста еттер толып жуандай бастайды. Бұлшық еттердің дамуы негізінде 25-30 жасқа дейін байқалады. Баланың қимыл-қозғалысы. Жаңа туған нәрестенің денесінің, аяқ-қолдарының қимылдары өте көп, бірақ олар дұрыс үйлеспеген, еріксіз шым-шытырық қимылдар түрінде орындалады. Алғашқы дұрыс бағытталған қимылдары баланың 2-3 айлық өмірінде көріне бастайды: ең алдымен жарық көзіне немесе дыбыс шыққан жаққа басын бұрады. 3 айда шалқасынан жатқан бала аунап түсе алады, 7 айда отырады. Кейіннен заттарды ұстап үйренуге және еңбектеуге байланысты қолдарының ерікті қимылдары пайда болады. Соның нәтижесінде нәресте көзіне түскен затты ұстай алады. Бұл қимылдар көру арқылы кеңістіктен баланың алған мәліметтеріне байланысты туындайды. Баланың көру және қозғалыс жүйелері жеке-жеке қызмет атқарса, 3-6 айда бір-бірімен үйлесімді көру-қозғалыс жүйесіне айналады. Бұл күрделі жүйенің пайда болып дамуы ұзақ уақытқа созылады. Алғаш кезде көру арқылы тек қана сыртқы орта туралы мәліметтер жиналады. Кейіннен қозғалыстары көру жүйесінің бақылауында болып, біртіндеп орындалатын күрделі қимылдарға айналады. Екінші сигнал жүйесінің дамуы қозғалысты реттеуші жүйенің пайда болып, дамуына ықпалын тигізеді. Нәрестеде үлкендердің айтуы бойынша орындалатын қимылдары қалыптасады, ал соның негізінде саналы қозғалыс қимылдары жетіледі.

Кеңістікте белсенді қозғалуға байланысты пайда болатын дененің еркін қимылын локомоция деп атайды. 1 жаста жалған локомоция немесе локомоторлы архаизм (тарихи даму жолын қайталау) деп аталатын еңбектеу қабілетіне байланысты дамыған шын локомоция пайда болады. Қозғалыстың даму тірек-қимыл жүйесі мен жүйке жүйесінің дамып жетілуіне байланысты. Жүру, жүгіру, секіру, шапқылау т.б күрделі қимылдар және оларды дұрыс бағыттау қабілеті 3-5 жаста жетіледі. Дегенмен мектепке дейінгі жастағы және 1-2-ші сынып оқушыларының қозғалысын дұрыс үйлестіру механизмдері еркін жетіле қоймайды. Бірақ олар күнделікті тіршілікке қажетті қимылдарды, жазу, сызу, сурет салу т.б. қозғалыс әрекеттерін игеріп үлгереді. Тұрақты жаттығу арқылы балаларда үйлесімді қозғалу дамиды.                                                            

Қозғалудың дамуы біркелкі емес, гетерохронды түрде болады. Қозғалудың ең күшті дамуы 3-6 жаста байқалады. Мысалы, жұмыс істеу ұзақ- тығы 3 жаста - 80 сек, 5 жаста-120 сек, ал 10 жаста- 200 сек болады. Жұмысқа төзімділіктің артуы және мүшелердің бұлшық еттерінің жұмыс мерзімі көбейіп, демалыс мерзімінің азаюынан болады. 6-7 жаста синхронды еңбек реттеледі. Қозғалыстың қалыптасуының негізі—ми сыңарлары қыртыстарында жүйкелік байланыстардың пайда болып, кейіннен сол байланыстардың негізінде күрделі динамикалық қыртыстық стереотиптің пайда болуынан. Сонымен, қозғалысты реттеуші механизмдерге ми қыртысындағы құрылымдар, эфференттік және афференттік кері байланыс жолдары жатады.

Баланың дамуына қимыл-қозғалыстардың әсер етуі. Адамның денесі мен қимыл-ойының дамуына қозғалыс күшті әсер етеді. Нәрестенің қозғалыс белсенділігіне бөгет жасағанда оның жалпы дамуы нашарлайды және кешігеді. Күнделікті тіршілікте орындалатын қимылдардың қосындысын адамның қозғалыс белсенділігі деп атайды. Гиподинамия деп бұлшық еттердің қозғалыс белсенділігінің төмендеуін айтады. Бұл көбінесе бала аз қимылдағанда пайда болады. Қозғалыс белсенділігі тиімді мөлшерден асып кеткенде, мысалы ауыр жұмыс, мөлшерсіз еңбекпен шұғылданғанда, гиподинамия пайда болады. Гиподинамия организмнің қызметін, қалыпты жағдайын бұзады. Себебі жүйке-ет, жүрек-қан тамырлары, тыныс т. б. жүйелердің қызметі осы шектен тыс қозғалыс барысында қалпына келіп үлгермейді де, олардың зорығу белгілері байқалады. Сондықтан балалардың қозғалыс белсенділігін гигиеналық талапқа сәйкес жасына лайықтап ұйымдастырған жөн. Бүгуге қатысатын бұлшық еттері әлсіз болғандықтан және олардың қозғалыс нейрондарының еңбек қабілеті төмен болғандықтан мектепке дейінгі жастағы балалар сурет сабағында немесе басқа сабақта 4-5 минөттеан кейін-ақ жиырылатын бұлшық еттері босайды да, мазасыздана бастайды: дұрыс отырмайды, сондықтан омыртқалары қисайып кетуі мүмкін. Әсіресе ұзақ түрегеліп тұра алмайды. Осыған байланысты балаларды 2-3 минөттен артық тік тұрғызуға болмайды.



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-27; просмотров: 80; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.176 (0.011 с.)