Көру сенсорлық жүйесі 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Көру сенсорлық жүйесі

Поиск

Көз құрылысы туралы жалпы мағлұмат. Көз алмасы шар тәрізді. Қабырғасы үш қабаттан тұрады: сыртқы, тамырлы және ішкі. Көздің торлы қабығында таяқша және сауытша пішінді фоторецепторлар жатады. Өткізгіш бөліміне к ө р у жүйкесі жатады. Ол көз алмасынан шығып, сопақша миға барып бағытын өзгертеді, содан соң оң көзден шыққан жүйке сол жақ ми қыртысының желке тұсындағы көру аймағына, ал сол көзден шыққан көру жүйкесі оң жақ ми қыртысындағы көру аймағына қозуды тасиды. Көру анализаторының қыртыс бөліміне ми қыртысының желке тұсында орналасқан оң және сол жақ көру орталықтары жатады (5-сурет).

Көз өте сезімтал, нәзік және маңызды сезім мүшесі. Оның дүние тануда, оқуда, сыртқы ортамен байланыс жасауда маңызы зор.

Құрылысы бойынша көру анализаторының сезгіш бөлімін 3 топтағы мүшелерге бөлуге болады: көздің қосымша құрылымдары, жарық өткізгіш және жарық сындырғыш құрылымдары, жарық қабылдағыш құрылымдар.

Қ о с ы м ш а құрылымдарға қас, кірпік, кірпік еттері, көз жасының безі мен оның қапшығы, көз еттері жатады. Бұлардың әрқайсысы белгілі бір қызмет атқарады. Қас, кірпік, кірпік еттері нәзік көз алмасын сыртқы ортаның жағымсыз әсерлерінен (соққы, түрлі химиялық заттар, су, шаң-тозаң т.б.) қорғайды. Көз жасының безі мөлдір сұйық – көз жасын түзейді. Ол көз алмасын суландыру арқылы, көз алмасының қозғалысына байланысты туатын үйкелістен көзді тозудан сақтайды. Оны жуып-шайып, тазартып отырады және сыртқы ауадан келген микроорганизмдерді өлтіріп, олардың жағымсыз әсерінен қорғап қалады, яғни дезинфекциялық (фран. дез- - құрту, жою + инфекция — лат. жұқтыру) қызмет атқарады. Көз жасының артық мөлшері жас қапшығында қорда сақталып, қажет мезгілінде пайдаланылады. Тік және қиғаш орналасқан көз еттері көз алмасын қозғауға қатысады, солар арқылы көз бірнеше бағытта қозғала алады: жоғарыдан төмен және төменнен жоғары, жоғарыдан төмен ішіне қарай, жоғарыдан төмен сыртына қарай, алдынан артына қарай (өте аз шамада).


Көру анализаторының қалған екі топ құрылымдары көз алмасында орналасқан. Көз алмасы - күрделі құрылысты мүше. Ол бас сауытының көз шарасында орналасқан, пішіні шар тәрізді, тек алдыңғы жағы сәл дөңестеу келеді (5 -сурет).

   

 

Көздің сыртын тығыз а қ қ а б ы қ қоршаған. Ол көз алмасының алдыңғы жағында мөлдір, дөңестеу қ а с а ң қабыққа айналады. Ақ қабықтан соң көз алмасын қанмен қамтамасыз етіп тұратын т а м ы р л ы қабат бар. Ол қан тамырларының торынан тұрады десек те болады. Тамырлы қабаттың ішкі бетінде жұқа бояу зат — пигмент болады. Көз алмасының алдыңғы жағында тамырлы қабат нұрлы қабыққа айналады. Нұрлы қабықтың алдыңғы дәл ортасында тесік болады. Оны көздің қ а р а ш ы ғ ы деп атайды. Қасаң қабықтың артқы жағында көздің сұйық екі камерасы және көз бұршағы орналасқан. Көз алмасының ішіндегі қалған кеңістік қоймалжың, іркілдеген мөлдір шыны тәрізді денеге толы болады. Көздің ақ қабығының артқы жағынан көзге көру нерві кіреді. Көздің нұрлы қабығының түсі ондағы бояуға байланысты болады. Оның түсі көгілдір түстен қою қара түске дейін болуы мүмкін. Соған байланысты қара, көк, қоңыр т.б. көздерді кездестіруге болады. Кей адамдардың пигменті мүлде болмайды. Ондай адамның (альбиностың) көзі қызыл болады.

Көздің сұйық камералары мөлдір сұйыққа толы болады. Бұл арнайы сұйық көз бұршағын қоректендіруге (көз бұршағының қан тамырлары болмайды), шыны тәрізді денені толықтыруға пайдаланылады. Көз бұршағы екі жақты дөңес келген мөлдір қапшықтың ішіндегі өте мөлдір қоймалжың зат. Көз бұршағының орта тұсы шетіне қарағанда тығыздау. Оның қапшығы тарамыс арқылы жоғары және төменгі жағынан бекітілген. Ол тарамыстарды Цинн тарамыстары дейді. Цинн тарамыстары көз бұршағының дөңестелуін реттейді.

Ішкі торлы қабығының құрылысы өте күрделі. Негізінен алғанда, ол жарық сәулелеріне сезімтал фоторецептор деп аталатын таяқша және сауытша тәрізді клеткалардан тұрады.

Фоторецепторлар торлы қабықтың бойында орналасқан. Саны 137 миллион, оның 130 миллионы таяқша, ал 7 миллионы — сауытша клеткалар. Торлы қабықтың дәл ортасында сары дақ бар. Онда тек сауытша тәрізді фоторецепторлар болады. Сары дақ пен оның дәл ортасында терең орналасқан сауытша клеткалары түсті жарық сәулелеріне сезімтал келеді. Торлы қабықтың шетінде таяқша тәрізді рецепторлар көп болады (6-сурет). Сауытша клеткалар күндіз мол жарықта түсті сәулелерді сезеді де, таяқша клеткалар ымыртта жарық аз кезінде түссіз жарық толқындарын қабылдайды. Осыған байланысты сауытша тәрізді клеткаларды күндіз көру, таяқша тәрізді клеткаларды түнгі көру рецепторлары деп санайды. Жарық сәулелерінің әсерінен фоторецепторларда түрлі физикалық және химиялық өзгерістер туады.

 

6- сурет. Көздің торлы қабығы:

1 - пигмент клеткалар, 2 - таяқшалар, 3 - сауытшалар, 4 - сыртқы жарғақ, 5 - таяқшалардың денесі, 6 - аксонды нейрондар, 7 - биполярлы нейрондар, 8 - ганглий, 9 - эфференттік талшықтар, 10 - ганглий талшықтары.

Көзді қорғаушы құрылымдары мен оптикалық жүйесі.Қабақ пен кірпіктер қорғаныс қызметін атқарады. Көзге қауіп төнгенде рефлекторлы түрде көз жұмылып, қабақ пен кірпік нәзік көз алмасын сыртқы ортаның жағымсыз әсерлерінен қорғайды. Көз жұмылғанда көз жасы көз алмасын суландырады да оны құрғап, кеуіп қалудан сақтайды. Көз жасы өте мөлдір арнайы сұйық зат. Ол көз жасы безінде түзіледі. Оның 97,8% су, 4,4% органикалық заттар, 0,8% түрлі түздар. Бұл сұйық көздің қасаң қабығын ылғалдандырып, оның мөлдірлігін сақтайды, зақымдайтын заттарды шайып тастап отырады. Бұған қоса, оның құрамындағы дезинфекциялық заттар микробтарды өлтіріп, оларды жояды.

Көздің қасаң қабығы, бұршағы және шыны тәрізді денесі-негізгі жарық сындырушы оптикалық жүйе. Олар жарық сәулелерін жинақтап, жарық толқындарын сындыру қызметтерін атқарады. Жарық сындыру қабілеті диоптрия деп аталатын сәулелердің ауытқу мөлшерін анықтайтын өлшеммен есептеледі. 1 диоптрия фокустық нүктесі 1м қашықтықта орналасқан линзаның жарық сәулелерін сындыру күшіне тең. Жарық сындыру күші артқан сайын фокустық қашықтық азаяды.

Әрбір жарық сындырғыш аппараттың қабілеті, құрылысы әртүрлі екенін ескерсек, бұл жүйенің күрделілігін түсінуге болады. Көздің қарашығы арқылы жарық сәулелері көздің қасаң қабығы, бұршағы, шыны тәрізді денесі арқылы өтіп фокустық нүктеде жинақталып заттың нақтылы, бірақ кішірейген бейнесін торлы қабыққа түсіреді.

Әртүрлі қашықтықта орналасқан заттың бейнесін торлы қабыққа түсіру үшін көз бұршағы аккомодациял ы қ қызмет атқарады. Аккомодация деп көзден әртүрлі қашықтықта орналасқан заттардың бейнесін қабылдау қабілетін айтады. Алыста немесе жақында орналасқан заттарды қарағанда көз бұршағының әлпеті өзгеріп, жарық сәулелерін торлы қабыққа фокустық нүктеде жинап, заттың бейнесін дұрыс көрсетеді. Жақындағы затты қарағанда көз бұршағы дөңестеледі, ал алыста орналасқан затты қарағанда-жақындатады. Бұл көз бұршағының Цинн тарамыстарының аккомодациялық еттерін босатып немесе тартуы арқылы жүзеге асады.

Көздің шыны тәрізді денесі жарық сындырғыш құрылымдарының ішіндегі ең күштісі. Мұнда жеткен жарық сәулелері сынып, торлы қабықтың үстінде фокустық нүктеде жиналады. Егер шыны тәрізді дененің жарық сындыру қабілеті тым күшейсе, сәулелер торлы қабыққа жетпей фокусталып, ал нашарласа - одан асып жиналады. Мұндай жағдайларда заттың бейнесі бұлдырланып, анық көрінбейді. Шыны тәрізді дене кебе бастаса да, көру қабілеті төмендейді. Оның 1/3 бөлігі жойылса, көздің көру қабілеті жойылады, ал одан аз мөлшері кемісе, көздің камераларының сұйығы арқылы толтырылады. Шыны тәрізді денеде сәулелердің сынуына байланысты заттың бейнесі аударылып көрінеді. Сондықтан да кішкентай бөбектер май шамның отына қызығып, қолын созып ұстағанда ол отты емес, май шамның өзін ұстайды.

Көздің торлы қабығындағы таяқша және сауытша тәрізді клеткаларда фокустық нүктелерде жинақталған сәулелердің әсерінен олардың ішіндегі ерекше арнайы заттар фотохимиялық реакцияларға түсіп, ыдырай бастайды. Таяқша клеткаларда родопсин, сауытша клеткаларда иодопсин деп аталатын заттар болады.

Кейбір адамдар заттың түсін мүлде анықтай алмайды. Мұндай кемшілікті осы аурумен ауырған ағылшын ғалымы химик Дальтонның атымен дальтонизм деп атайды. Дальтониктер барлық түсті заттарды сұр немесе қоңыр түсте қабылдайды. Бұл кемшілік әрбір 100 азаматтардың 4-5 ер адамында байқалады. Әйелдерде бұл кемшілік өте аз кездеседі, не бары 0,5 % ғана.

Көру анализаторының жас ерекшелігі.Жаңа туған нәрестенің көз алмасының салмағы 2-4 граммдай ғана. Бұл ересек адамның көзінің салмағынан 2 есе кем. Ересек адамның көзі 6-8 г. Алғашқы жылы көз алмасы көз шарасынан жылдамырақ өседі де баланың көзі үлкен болып көрінеді. 3 жаста көз алмасы ересек адамның көзінің 90% болады. 6 жаста ересек адамның көзімен теңеседі. Дегенмен көз шарасының алдыңғы-арткы диаметрі ересек адамның көзінің 95% ғана болады, яғни сәл жалпақтау келеді. Ересек адамның көзі дөңгелек шар пішінді.

Көз жасының безі жаңа туған нәрестеде толық жетілген, бірақ оған келетін жүйке талшығы әлі жетілмегендіктен алғашқы 3-5 айға дейін жылағанда көз жасы шықпайды. Нәрестенің көзінің қозғалысы екі көзінде бірдей емес,

тіпті бір көзін жүмып, екінші көзін ашуы да мүмкін. Көзін жыпылықтату қабілеті өте нашар болады. 2 айға толғанда ғана екі көзі бірдей қозғалады, яғни сәйкес қимылдай бастайды. Көзге затты жақындатқанда баланың екі көзін бірдей жұмуы тек І жасқа жақындағанда сәйкестеледі. 2-3 жаста көздерінің қозғалысы толық үйлеседі.

Жаңа туған нәрестенің қ а р а ш ы ғ ы өте жіңішке — диаметрі 1,5 мм ғана. Екі көзінің қарашығы тек қана 1 айға толғанда сәйкестеліп, қарашық рефлекстері пайда болады. 3-6 жаста көзінің қарашығының диаметрі ересек адамның қарашығымен теңеседі. Дегенмен қарашық рефлекстері мектеп жасына дейін нашар болады да, бастауыш сынып оқушыларында толық жетіледі. Баланың жарыққа деген рефлексі алғаш кезде тек қана қорғаныс қызметімен шектеледі. Оларда жарықтан қорғану мен бағдарлау қабілеттері ғана байқалады. Жарықтың әсерінен қарашықтың кішірею диаметрі 1 айда 0,9 мм, 6-12 айда -1,2 мм, 2-6 жаста 1,5 мм, жоғарғы сынып оқушыларында ересектермен бірдей - 1,9 мм болады.

Баланың көзінің қозғалысы тек 1 айға толғанда ғана дұрыс бағыттала бастайды. Затқа көзін тігіп қарау қабілеті алғашқы 3-5 айға дейін қалыптасады. Бұл мезгілде затқа қарау ұзақтығы 1-1,5 минөт, 3 айда 7-10 минөт, тек 3-7 жастың арасында толық жетіледі.Баланың алғашқы жылғы өмірінде оның көз алмасының алдыңғы-артқы диаметрі ересек адамның көзінен 25-35% қысқа келеді, сондықтан заттың бейнесі торлы қабықтан асып фокусталады. Табиғи алыстан көру қабілеті 1 жасқа дейінгі балаларда байқалады.

Баланың көзінің қасаң қабығы ересек адамнан гөрі дөңестеу, көз бұршағы серпімділеу болады. Қасаң қабық пен көз бұршағының арасы ересек адамның көзімен салыстырғанда жақындау орналасқан. Сондықтан жарық сындыру қабілеті күштірек. Бұған байланысты көздің айқын көру нүктесі 1 жасқа дейінгі балада не бары 4 см болып, көзі жетілген сайын алыстай береді. 10 жаста ол 7 см, 20 жаста — 8,3 см, 30 жаста 11 см, 40 жаста 17 см, 50 жаста — 50 см, 60 жаста 80 см болады. Яғни ересек адамның көзінде жасы ұлғайған сайын алыстан көру қабілеті дами бастайды. Айқын көру нүктесі деп заттың анық дәл көріну қашықтығын айтады.

Көз бұршағының аккомодация күші жасына лайық өзгереді: 1 жаста 25 диоптрия, 3 жаста — 20, 5-6 жаста - 15, 7-15 жаста - 12, ересек адамда 10 диоптрияға тең.

Сәбидің сауытша клеткалары жетілмеген. Сондықтан бала 1 жасқа дейін заттың түсін анық көре алмайды. Сауытша клеткалары мен таяқша клеткалардың диаметрі кішкентай болады және бір-біріне жақын. 2 жастан әрі қарай баланың фоторецепторлары жетіле бастайды да, заттың түсін анықтай алады. Ең алдымен сары, сосын жасыл, қызыл, көк түсті заттардың бояуын, кейіннен басқаларын анықтайды. Сауытшалар 3 жаста толық қызмет атқара бастайды. Дегенмен 3 жасқа дейін олар нашар жетіледі, диаметрі кішкентай, бір-біріне жақын тығыз орналасады. 4-6 жаста балалар барлық түсті айырады, бірақ тәжірибесі аз болғандықтан, ересек адаммен салыстырғанда заттың түсін

тану қабілеті нашарлау келеді. Бұл мезгілде бала затты қарағанда ең алдымен оның пішінін, содан кейін мөлшерін, ең соңында түсін анықтайды. Заттың түсін анықтау қабілеті жыныстық жетілу мерзімінде ғана ересек адамның қабілетіне жақындайды.

Баланың алғашқы 1-2 апталық өмірінде көру анализаторының өткізгіш бөлімі жетілмегендіктен заттың бейнесін анық көрмейді. Ең алдымен көру жүйкесі мен сопақша мидағы оның түйіспесі қалыптаса бастайды, содан соң мидағы төрт төмпешік жетіледі. Төрт төмпешік ми қыртысындағы орталық бөлімге қарағанда жылдам жетіледі. Алғашқы 1 жылдың өзінде өткізгіш бөлім қозу импульстерін орталық бөлімге таси бастағанымен, төмпешіктердегі нейрондар толық жетілмегендіктен көру қабілеті нашар болады. Өткізгіш бөлімнің қызметі тек қана 10-14 жаста толық жетіледі. Бірақ бұл кезде жүйке жолдары жіңішкелеу келеді.

Көру талшығының қыртыс бөлімі сезгіш және өткізгіш бөлімдерінен кейін дамиды. Ең алдымен (17 аймақ), содан кейін ғана түйсік (18,19) аймақтары жетіледі. Көру орталығының нейрондары алғашқы жылы өсуін аяқтамаған, дендриттері мен аксондары кішкентай, әрі жіңішке келеді. 2-3 жаста сезгіш аймақтар өте жылдам жетіле бастайды да, 5-6 жаста толық жетіледі. Ондағы нейрондар ересек адамның нейрондарындай болады. Түйсік аймақтары алғашқы 3 жылғы өмірінде нашар дамиды: оның нейрондары өте нәзік, қызмет атқаруға әлі бейімделмеген. 5-6 жаста бұл аймақтар тез дами бастайды да 10-14 жас арасында толық жетіледі. Көзбен шамалау қабілеті түйсік аймақтарының дамуына лайық жақсара береді. Бұл қабілет тек жыныстық жетілу мерзімінде ғана ересек адамның қабілетіндей болады. 4-6 жастың ішінде балалардың сезгіш аймақтары мен түйсік аймақтарының арасында жүйкелік байланыс жолдары қалыптасады, бірақ байланыс жолдарының жүйке талшықтарының миелиндері болмайды, сондықтан көру анализаторының орталық бөлімінің талдау және жинақтау қабілеттері әлі де болса кемеліне жетпеген. Ми қыртысындағы жүйкелік байланыс жолдарының толық миелинденуі жігіттік/бойжеткендік мерзімінде ғана аяқталады. Дегенмен көру анализаторының салыстырмалы толық жетілуі жасөспірімдік мерзімде аяқталады деуге де болады.

Көз және көру анализаторы заттың пішінін, түсін, мөлшерін, орналасу қашықтығын және бағытын анықтайды. Затты айқын көру үшін оның бөлшектерін жақсы көру керек. Заттың ұсақ бөлшектерін көру қабілетін көздің ө т к і р л і г і дейді. Заттың бейнесі сары даққа түскенде ол өте анық көрінеді, ал сары дақтан торлы қабықтың шетіне қарай жылжыған сайын бұл қабілет азаяды. Көздің өткірлігі сауытша клеткаларының қызметіне байланысты. Қараңғыда, түнде көздің өткірлігі нашарлайды. Көздің өткірлігін арнайы кесте арқылы анықтайды.

Ол адамның жасына, жағдайына байланысты, мысалы, нәрестенің көзінің өткірлігі - 0,004-0,02, 3 айда - 0,05-01, 1 жаста - 0,3-0,6, 4-5 жаста -0,7-1,0, 10-15 жаста - 1,0 шартты бірлік өлшеміне тең.

Балалардың көз алмасының көлденең диаметрі ұзарғанда немесе жарық сәулелерін сындыру қабілеті күшейгенде жақыннан көру қабілеті пайда болады. Ондай адам тек жақын жердегі заттың бейнесін анық көріп, көзден алыстау орналасқан затты бұлдыр көреді. Себебі, көзге кірген сәулелер торлы қабыққа жетпей фокусталады да, торлы қабықтың бетіне қайта шашыраған сәулелер түседі. Мұндай жағдайда заттың бейнесі дұрыс болмайды. Көз алмасының көлденең диаметрі кішірейгенде немесе көз аппаратының жарық сәулелерін сындыру қабілеті нашарлағанда алыстан көру қалыптасады. Ондай адам жақындағы затты бұлдыр көріп, көзден алыстау орналасқан затты ғана дұрыс, анық көреді. Мұндай жағдайда жарық сәулелері торлы қабықтан асып, фокусталады да оның бетіне әлі жиналмаған сәулелер түседі.

Балалардың жақыннан көру қабілетін екі жағы ойыңқы, алыстан көру қабілетін екі жағы дөңестеу әйнек арқылы жөндейді.

Көздің құрылымдарының қызметіне байланысты рефлекстер де жасына сай әртүрлі: қірпік қағу рефлексі мезгілінен бұрын туған (шала туған) балаларда 2 аптаға дейін болмайды, ал мерзімінде туған балаларда бірінші күннен-ақ байқалады, бірақ өте баяу болады. Жаңа туған сәбилердің екі көзінің қас қағу рефлексі бірдей емес: бір көзінде болып, екінші көзінде болмауы да мүмкін. Қас қағу қимылы 1 айлығында реттеле бастайды. 2 айлығында ол көздің қимылымен ұласып, екеуінің арасында үйлесімділік туады.

Көздің ашылып-жұмылуы, жыпылықтауы сыртқы тітіркендіргіштің әсеріне сай болады. Мысалы, жарқ еткен жарық кірпік қағу рефлексін тудырады, бұл рефлекстің жасырын уақыты 200-300 мсек. Егер жарық күшті болса, кірпік рефлексіне қоса, басты бұру - мойын рефлексі туады.

Көздің қарашық рефлекстері жаңа туған нәрестеде болғанымен, қарашық қимылы өте баяу және екі көзінде бірдей емес, Бұл ортаңғы мидың төрт төмпешігінің алдыңғы екеуінің толық жетілмеуінен болады. 1 айлық балада қарашықтың қозғалыс мөлшері 0,9 мм, 5 айлығында 1,1 мм, 1 жасында 1,4 мм, 2,5 — 6 жасында 1,5 мм, 12 жасында 1,9 мм. Қарашық рефлексі кенеттен болған қатты дыбыстың немесе қорқыныштың әсерінен де байқалады.

Көру гигиенасы. Балаларда ең жиі кездесетін көру кемшілігі жақыннан көру қабілеті. В. Ф. Уткин (1971) мен Э. С. Аветисовтың (1975) зерттеулеріне қарағанда мектеп жасына дейінгі балалардың 1-2%, 7-10 жаста 4,5%, 11-14 жаста 10,5%, 15-18 жаста 21,5%, 19-25 жаста 28,7%-ында жақыннан көру қабілеті байқалады. А. А. Сычевтың (1980) зерттеуі бойынша көзге күш көбірек түсетін мектептерде, айталық математика, шет тілі мамандықтарына көп көңіл бөлетін мектептерде бұл көз кемшілігі оқушылардың 25%-нда байқалады. Әсіресе балаларды көру гигиенасымен, партада дұрыс отыру ережелерімен таныстырмаған жағдайда бұл кемшілік көбейіп кетеді. Осыған байланысты мұғалімдер өздері де, олардың оқушылары да көру гигиенасын жақсы біліп, бұл кемшіліктің алдын алғаны жөн. Көру гигиенасының талаптары:

- Кітапты оқығанда, қағазды жазғанда баланың көзі мен қағаз аралығы 35-40 см болуы тиіс. Ең тиімдісі 37 см; баланың жұмыс орнының жарығы дұрыс қосылуға тиіс. Ең тиімді жарық мөлшері 150-300 люкс шамасында. Жарық баланың сол жағынан немесе үстінен және алдына қарай сол жақтан орналасуы қажет. Жарық сәулелерінің әсері баланың көзіне тура түспеуі керек. Жарық көздерінің сыртында жарық сәулелерін шашатын сәуле сейілдіргіштері, айталық, плафон, абажур, пластинка болуы тиіс;

- Үстелде, партада бала дұрыс отыруы керек;

- Жүріп келе жатқан көлікте кітап оқуға болмайды;

- Теледидар көрсетулерін қарағанда ең кемінде 2,5-3 м қашықтықта отырған жөн (теледидардың экраны 62 см болғанда);

-Баланың жасына лайық жазу, оқу еңбектерінің, теледидарды қарау ұзақтығын, әсіресе көзге күш түсіретін еңбектің түрлерін, олардың ұзақтығын мұқият қадағалаған жөн.

  Баланың жасына лайық кітап оқу ұзақтығын сақтау:

6-7 жаста - 10 минөт, 7-10 жаста - 15 минөт, 10-12 жаста -20 минөт, 12-15 жаста - 25 минөт, 5-18 жаста - 30 минөт, яғни осы көрсетілген уақыттан соң аз да болса, көзді демалдырып отыру қажет немесе көз талмайтын жұмыспен айналысқан жөн.



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-27; просмотров: 77; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.10 (0.013 с.)