Заглавная страница Избранные статьи Случайная статья Познавательные статьи Новые добавления Обратная связь FAQ Написать работу КАТЕГОРИИ: ТОП 10 на сайте Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрацииТехника нижней прямой подачи мяча. Франко-прусская война (причины и последствия) Организация работы процедурного кабинета Смысловое и механическое запоминание, их место и роль в усвоении знаний Коммуникативные барьеры и пути их преодоления Обработка изделий медицинского назначения многократного применения Образцы текста публицистического стиля Четыре типа изменения баланса Задачи с ответами для Всероссийской олимпиады по праву
Мы поможем в написании ваших работ! ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?
Влияние общества на человека
Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрации Практические работы по географии для 6 класса Организация работы процедурного кабинета Изменения в неживой природе осенью Уборка процедурного кабинета Сольфеджио. Все правила по сольфеджио Балочные системы. Определение реакций опор и моментов защемления |
Бетте әжім жоқ, жүрек неге қартайдың...Содержание книги
Поиск на нашем сайте Төбесінде хан сарайы күңгейдің, Ортасында парон жүзген Рейннің. Ит тұмсығы кірмес орман тау қаптап, Өмір сырғып бара жатыр тайғақтап.
Тау етегі толған тәтті жүзімге, Қайран өмір келер сары күзіңде. Неміс қызы ақшыл сары реңді, Табиғатты-ай, түрлі-түсті кілемді.
Кәрі түрік, сатып отыр кофесін, Кофе ішкен поляк сүртті шекесін. Қазақ мынау: өңі барда қаны жоқ, Былдырлаған сөзі бар да, әні жоқ.
Көңіл сынды, сәулесіндей жарты Айдың, Бетте әжім жоқ, жүрек неге қартайдың. Шайырлығым, ұстады да шалқайдым, Арландары-ай, қынсыламас Алтайдың.
Гүлді-ай, көркем, жақұт алқа тағынған, Кейбір қазақ, рухы өліп шағылған. Тағдыр-қайық, бұра алмас желкенін, Кельнде жүр бір аруы Меркенің...
Жазыла ма, уақыттың жарасы, Қазақ қызы көзін сатқан даяшы. Өзге тілді тез меңгерген қаракөз, Ана тілін ұмытып қапты қарашы.
Өкініштен өртенеді өзегім. Бар еді ғой туын тіккен өз елім. Бақыт деген-қазақ құрған Отаным, Соны сүйем, сұрамаңдар себебін.
Жүрегімді торлаған-ай, ерте мұң, Үмітімді тастай алмай ертемін. Жеті тауға қараймын да жетілген, Монтабаурда домбырамды шертемін.
Германия. Монтабаур қаласы, 20-сәуір, 2010 ж
Ларь таңы Тау ұлымын, етін жеген ұлардың, Жапырағы көгеріпті шынардың. Белін буып белден асты сыңар күн, Өлді бір күн, өкініштен жылармын.
Қоңыр кеште, түнге аударды иығын, Екінті өтті, Ақшам келді ұйыдым. Лайланса не істеймін тұнығым, Аласарса не қылмақпын биігім!?
Жер бауырлап қараңғылық жүгірді, Тау құшынып, үкі оянып үңілді. Гүл тонады ұяң тартып тым үнсіз, Тек жарғанат суылдайды тынымсыз.
Өмір-өзен, ажал салған қармағын, Бір шыбықтың мерт қылған-ай, арманын. Жанарына жас алған-ау, Айдағы, Біздің ұлттың қырылғанда қаймағы.
Кәрі еменнің дірілдейді жүрегі, Иманы ұшып, ажал барын біледі. Неміс жері, жасыл орман ішінен, Сыбырлайды аруақтар сүйегі.
Соғыс дерті кетпесе де жүректен, Қанға бөккен сол далаға гүл еккен. Осынау бір қайсар ұлтты сыйлаймын, Өр рухын баса алмаған қандай мұң.
Мұрын жарған, иісін-ай, сереннің, Сөзге келсем, түзу атқан беренмін. Түн тыңдады көзі соқыр жырымды, Таң бозарды қараңғылық түрілді.
Барыс едім, тағысындай даланың, Құл екенмін, құбылаға қарадым. Әсем үнін мен сағындым ұлардың, Тағы міне, бір таңы атты Лардың.
Германия, Лар қаласы, 22-сәуір. 2010 ж.
Ербол Бейілхан
Ильдің бойын жағалап... Германия - Франция арасын, Бөлесіңде Рейне өзен ағасын. Немістер мен француздың қабағын, Сыр білдірмей бағасың.
Көрдім міне, француздың қаласын, Жалт-жұлт етіп, көздің жауын аласың. Сұңғақ бойлы француздың «мадамы», Аяғыңды әзер басып барасың.
Ильдің бойы саяхатшы қаптаған, Страсбург, қалам едің баспаған. Тарихыңды білу үшін тамырлы, Кеме мініп, Иль бойымен аттанам.
Анау үйлер, кароль салған сарайы, Гүл жиектеп, бауға оранған маңайы. Сумка асынып, сауда сатқан негрдің, Неге-неге, мұңға толы жанары?
Қоңырауы соғылады шіркеудің, (Бісміллаһ, шіркеу көрсем үркермін.) Саяхаттап келген шығар көп қазақ, Ең бірінші ақын мен боп тіркелдім.
Моцарт сазы, ауада тұр тербеліп, Грек отыр, кофе сатып сенделіп. Бабам сенің мақалыңнан айналдым, «Атын барда, жүр деген ең ел көріп.»
Страсбург. Көрдім көркем кешіңді, Европа, кере берме төсіңді. Кеме мініп, Ильдің бойын жағалап, Ойлап тұрмын, ерке өзен Есілді.
Франция, Страсбург қаласы. 22-сәуір. 2010 ж.
Ербол Бейілхан
Қылмыскер...
Күндерім-ай, беу алаңсыз қырдағы, Жусан иіскеп, қи жаққан. Ағаш мінген іздерім-ай, құмдағы, Бөрі ұлып, қар жапқан.
Біздің ғұмыр – қар гүліндей төзімді, Суық сөзге солмаған. Жалғандықтар алдайды ылғи көзімді, Бет пердесін торлаған.
Көрсет тірлік – әзілдемей бетіңді, Шығарсың сен, ажарсыз!.. Сайтан – жалған, жұлып алсам өтіңді, Қалам бәлкім, ажалсыз!..
...Аллам – мейір! Жарық күнің сыйлады. Өстім, қайтпас ұрыскер. Өмір барлық байлығымды ұрлады, Ал уақыт, қылмыскер!..
Ербол БЕЙІЛХАН
Хобданың беті қойлы ауыл, Қой бағып жатқан ойлы ауыл. Өткен күндерге оралсам, Санаға салмақ, ойға ауыр.
Хобданың беті күңгейді, Алтайдың беті теріскей. Досым аз, дұшпан күндейді, Шыға бір қалсаң өрістей.
Көктоғай, Шіңгіл, Буыршын, Бабамнан қалған жер еді. Бес асқар, Ойғыр, Қиыр шың, Атамнан қалған жер еді.
Тағдырдың жолы – шырмауық, Өлеңім биік – Қандауыл! ...облысы жоқ бір ғаріп, Ойласаң тағы жанға ауыр...
Үндеме Ақиық құс, тышқан алса күндеме, «Өмір» атты не болмайды түрмеде! Тікенек бар, түрі нәзік гүлде де, Мейірім бар, қою түнек түнде де, Күй орнына, жын ойналар күймеде, Ұл туады қызың аунап күлге де, Сазырайған қансыз беттер қуарып, Өтіріктер айтылады мінбеде!..
Мейірімі бауырында кірпінің, Түзі қатты, ісі өрнекті түрпінің, Арлысы мен арсызы бар ұйқының, Сыйқыры бар езудегі күлкінің, Ажал төнер терісіне түлкінің, Жасырғанмен жанға батар тыртығың, Азамат пен қазанатты сыйлаймын, Бәрі арғымақ бола бермес жылқының.
Орансаң да, үлде менен бүлдеге, Рахатың сезе алмайды құр дене. Пәлен патша көкті тіреп тұр деме, Алла үшін, сол патшаң да бірдеңе. Боза тұрып сары сыра құй деме, Қазы жесең, палауыңды сый деме, Бәрін-бәрін басқаратын бас керек, Көк теңізде жүзе алмайды құр кеме.
Айдаһар мен аждаһа отыр іргеде, Сөзің сатып, патшаға да, биге де. Ерін алса сілкінбейді қыр неге, Күрмеусізде шешілмейді тіл неге, Қайраттанып тышқан алған пілді де, Намыс аллар, батпан-батпан зілді де, Жағымпаз бен жантық толы қоғам да, Қадір менен қасиет жоқ ізгі де!...
Ата қыран, төбе қонса күндеме, «Қарға сұлу» торқа кисе тілдеме. Келімсектер қаптап кетсе кім деме, Іздеп жүр ғой олар-дағы бірдеме. Сұмырайды пері дей сал сұм деме, Түбінде бір сұқтанады сұр жебе, «Мың асқанға болар әркез бір тосқан», Үнсіздігім... Ал әзірше, Үндеме!.. Ербол БЕЙІЛХАН Түйеқоңыз. Түйеқұс. Түйе жантақ. Үш мағына, үш ұғым жүйеге алшақ. Ақыл тістен нұр емес, жын аңқиды, Ойсыз баспен ақсиып күле қалсақ.
Түйеқоңыз мекені қи түбінде, Қи түбінде немесе ши түбінде. Томағасын сыпырса қалықтайтын, Бір өлеңім бар менің ми түбінде.
Қанаты бар ұшпайды түйеқұстар, Желген түйе жете алмас аяғы ыспар. Әділетсіз қоғаммен ой мүжіген, Шын ақынның өлер де жүрегі ұстар?! Шөл даланы мекендер Түйе жантақ, Тікені бар гүлдерін сүйе қалсақ?!.. Мекіреніп, мейірлі сөз айтамыз, Көз мейірсіз, рухтан жүрек алшақ.
Үш тіршілік, үш ағза үйлеспейді, Ит тірлігін берген соң кім кешпейді... Жорға ой мініп келіп ем дарияға, Бала шопан артыма мінгеспейді ?!.. Ербол БЕЙІЛХАН
Қыс
Желтоқсан – айдарынан жел еседі, Дойыр шал – ысқырады, айқайлайды, Күтпейсің дойыр шалдан әділдікті, ...Дойыр шал – төніп-төніп ентігеді, Ербол БЕЙІЛХАН
Күзеу салқын. Қара қос аңырайды, Қоңыр саулық...қозысын танымайды. Түнек түнді тілгілеп ойдан туған, Шарана өлең шыға сап маңырайды...
Жаздағы көк құлындар – бүгін бараң, Гүлдер қайда?.. көбелек жымыңдаған?! Бесті асаудай мойнына арқан түскен, Уақыт шауып барады құйындаған.
Түлкі – жалған бұлдайды елтірісің, Қызыл-жасыл алдайды ерту үшін... Бөлтіріктей үйірсіз ұлып-ұлып, Сайға кіріп алады жел тынысын.
Сары дала. Сар(ы) қымыз. Құтты шалап. Шопан отыр биікте құсты санап. Түнеріп кеп тұнжырап жауа алмаған, Қыран ұшып барады бұлтты сабап... Күз.
ӘКЕ (поэма) (пролог) 1980 жылдың жазы. Бәрі көз алдымда... Жадымда қалған суреттер бұл. Маусымның басы. Жаз ерте келді. Мезгілге қарай мекенін ауыстырар қазақы ауыл. Жазда - жайлау, күзде - күзеу, қыста – қыстау. Көшпелі тірлік. Сол күні бәрі қарбалас болды. Ауыл әйелдері түгел киіз үйдің ішкі жабдығын дайындау үстінде болатын. Әжемнің қасында ойнап жүргем. Тайпалған торыжорға атпен Бимұрат көкем келді де, ат үстінен мені іліп алып, ердің алдына отырғыза салды. Басымнан иіскеді... Сосын әжеме күліп: - «Балаңызды маған беріңізші, тәте, жайлауға алып кетейін!» деді. - «Басқа балаларын да жетер, менің балама тиме!» - деген әжем. Мен немеренің тұңғышы, атам мен әжемнің «сүт кенжесі» едім ол кезде... Кейін білдім, сол жылы әкеме озат шопан болғаны үшін, мемлекет сегіз қанат ақ орда сыйлапты. ӘКЕ, дей берейін қәзір, кешірерсіздер! Асығып елден бұрын жайлауға көшкен әкем, сол үйге үш-ақ қоныпты. Жиырма сегіз-ақ жасында дүниеден озған аяулы әкеме арнаймын! Әкеге деген сағынышым бұл!
Көш жолы
Жыла жүрек!.. қайтемін сізді уатып, Сурет жазды сарғайтты күз құлатып. Тағдыр желі соқты да жапырақтай, Шашып-шашып жіберді бізді уақыт.
Қиыр шыңға – бұраңбел жол асылып, Күн қуалап барады, Ай асығып... Көк аспаннан қап-қара бұлт төнгенде, Қарашада қалтырар бала шыбық.
Бала шыбық - біз едік, дауыл көрген, Майыспауға Тәңірім, сабыр берген! Бимұраттан қалған бұл тұяқтар деп, Жетімшілік көрмедік қауымды елден.
Біреуге жат, тірлігі қойлы ауылдың, Қой бақпаған балаға ой бағу мұң! Елесі бар санамда әкем жайлы, Әңгіме айтып берейін, кел, бауырым!..
Сол бір жылы келіпті көктем күліп, Көк аспаннан үкілі ескенде үміт. Маусым туа... жүк тиеп атандарға, Есіл әкем, кетіпті көшпен жүріп...
Көш түзепті қазақтың ғұрпыменен, Жаз жайлауда күтіпті жұртың - ермен. Ер үстінде бесікте бала тербеп, Құлаш шашын, анамыз мың күн өрген.
Көріскенде қос аққу айдынымен, Сыйлық тарту етіпті - тау гүлімен. Ердің алды сәбиді шаршатқанда, Түйе қомы тербепті әлдиіменен.
Сарсірігі жеткенде теріскейдің, Аққу-қазы келіпті тегіс көлдің. Жонға жалғыз қашыпты арқар құсап, Көшін бастап ауылдың өрістей мың...
Бүр ашқанда жусаны күңгей беттің, Еңлікгүл, жайқалып гүлдей кеттің! Бәбісек – алтын айдар сұлу құсым, Сол жылы мені неге сүймей кеттің!?..
Жұлдыз – мұңдас, құз – қиял айда қалған, Қол бұлғап шақырыпты арманы алдан. «Көш көлікті болсын, деп!» - сылаң қағып, Жеңгелері шығыпты айран алған.
Жайлауда жұрт емес ек, әнін үзген, Таң арайлап ататын таңымызбен... Әкеміз ат үстінен жеңгесіне, «Соңғы рет таттым депті дәміңізден!..»
Жол бастапты тор атын жорғалатып, Анам байғұс, шошыпты ойға батып... Балалық аңғалдықпен мен ойлаппын, Шіркін, өлең жазса деп Айда жатып...
Жорғаның шалғын шалып көбесінен, Мойнақтың құр ұшыпты белесінен. Тораңбел тобылғылар гүлдегенде, Сарыалақаз ұшыпты төбесінен.
Сар(ы) көлден қаз ұшқанда мамырлатып, Уақытпен ойнапты сағым жатып... Межелі мекеніне көш жетіпті, Бесінде түйелерін дамылдатып...
Көтеріп, шаңырағын бақанымен, Керіпті керегесін жасауымен. Гүл басқан көк жасанға көрік болып, Он атан, тең түсіпті, отау үйден!
Ақсайдың қонақ етіп дегелегін, Қуыпты қарындасым көбелегін. Ақсайға ақшағала үй тіккенде, Ақжаңбыр неге сонша себеледің?
Сырты - аппақ, ою-өрнек іші гүлден, Киіз үй...түскиізін тұсына ілген. Жалғыз үй көк жайлауға сән беріпті, Секемсіз көкке ұшқан түтінімен...
Жайлауда Ай есінеп, жұлдыз көлге тамшылар, Үркек мезгіл, қос құлағын қайшылар. Үркер ауып, таң шолпаны батқанда, Кербез келін, шұғылалы таң шығар.
Күлімкөз таң - көк көйлекті кербезім, Асқар шыңдар жасырады күн көзін. Бозбеткейдің бозторғайы шырылдап, Оятушы ең, жасыл белді таңда өзің.
Ерке гүлдер оянғанда жамырап, Қызыл торғын, оранады таңым ақ. Пысқырынып қой өргенде қотаннан, Күңгейтаста құлжа тұрар маңырап.
Шаңбақкөлдің талғап ішіп бұлағын, Ортасайдың шуылдатып ұларын. Көк жайлаудың қызығына елітіп, Тәуешкі тұр, тасқа ойнатып лағын.
Сауын қодас...өзен бойлап қорсылдап, Бесбоғдадан кеткен емес қар сыздап! Улы сайда ақырып ед, қарт аю, Бұғы үрікті қос мүйізі жарқылдап...
Үйір арқар мекен етіп биігін, Табиғаттың әр тасынан күй ұғын. Жирен айғыр керқұнанды сауырлап, Қайта-қайта иіреді үйірін...
Жалы күлте, құйылғанда күрең күн, Жер - Анаға төгіледі рең мың! Қыр мен белдің қызғалдағы құлпырып, Текемет пен түріне ұқсар кілемнің.
Жазғы жайлау – арман қандай, ән қандай, Жібек таңы керіледі – аймаңдай! Сегіз қанат түндік түрді ақбоз үй, Шүкір тілеп, көңіліне қайғы алмай...
...«Тұйғын» атты қыранына жем беріп, Әкем сол таң, жүріпті ұзақ сенделіп... Қоңырлатып бір әуендер тартыпты, Шай үстінде ұзақ оймен, үйге еніп...
Содан кейін қолына алып шақшасын, Аралапты терең ойдың бақшасын... Бөлтірікті қасқыр маза бермес деп, Тоғызкөлге бұрған екен ат басын.
Атқа қонып, мойынға асып мылтығын, Бала жастан алмайды екен бір тыным!.. Қоңыр белдің қойжуасын жеп өсіп, Бал арадай ұққан екен гүл сырын.
Шыңға шығып дүрбі сапты қырандай, Қыр қазағы: болжам анық, қиял бай. Көз жетпейтін Тоғызкөлдің шатында, Қасқырлар жүр апанына сия алмай...
Түз тағысы асырмайды айла түк, Көкжал арлан, тың-тыңдайды жай жатып... Қаншық қасқыр мейіріммен баулиды, Өсіп қалған бөлтірігін ойнатып.
«Қап, бәлем!» деп киіп әкем мұйығын, Бес күшіктің еске алыпты қылығын. Ертең елге бұлар дамыл бермес деп, Жетеуінің құртпақ бопты ғұмырын...
Қашан-дағы ауыспалы бақ-талап, Желсіз жақтан жақындапты баспалап! Көкжалына бес жүз метр қалғанда, Шүріппені басқан екен қасқалап...
Жалғыз-ақ оқ, гуілдепті көк керіп, Ақсұр қаншық зу етіпті от көріп. Көкжалының сыпырып ап, терісін, Бес күшікті тірі әкепті бөктеріп...
Әке өлімі
Маусым түні. Қалғиды үкі қияда, Күп-күрең боп, қан жүгірер қынаға. Емшек іздеп бір-біріне тығылып, Бес бөлтірік қыңсылайды ұрада...
Бөлтіріктер - ертең көкжал бөрілер, Айласы алпыс, бөрілердің төзімі өр! Үйірінде өлтіретін әлсізін, Бөрі ғұмыр, бізге қызық көрінер...
Бай Ақсайдың қия беті - Жалбызды, Ала жаздай мекен етер қар құзды. Қаншық қасқыр қайта-қайта ұлиды, Жартастағы серік етіп байғызды...
Жаңғырады-жаңғырады түн үнге, Суыр, қарсақ қашып кірген бәрі інге. Зарын айтып шақырады сұр қаншық, Тұқымдасын қасқырлардың тілінде.
Бөлтіріксіз – ана қасқыр қиналды, Кек алуға төртеу болып жиналды. Көк жайлауда шабуылдап жылқыға, Бастап кетті «өшпенділік думанды».
Сұр қаншықтың - адам құртты арманын, Оққа ұшырды «көкжал» серік ардағын. Саяқ жүрген жабағыны талады, Жирен айғыр жегізбеді қалғанын...
Тағылық-ай, жүрегінде кек кетті, Бөлтіріктер...көріскенше деп кетті. Таңға жақын бозылдатып інгенді, Айдай ару ақ ботасын жеп кетті...
...Анам сол күн, көлге барды таң алды, Таң келді деп, бозторғайлар ән алды. Сыңарынан айырылып қалма деп, Қос аққулар қайта-қайта таранды!?
Әкем көріп, сайда жүрген құзғынды, Атын ерттеп, қолына алды тізгінді. Жайрап жатқан ақ ботаны көргенде, Жаз көңілін жабырқатып күз қылды...
Өзен бойы өрлей біткен гүл еді, Гүл нәрімен көбелектер түледі... Тор жорғасы, жол жорғаға салғанмен, Неге бүгін ауырып тұр жүрегі?..
Жас еді ол – көңілінде көктем бар, Әлі талай тартылады көкпарлар... Неге суық деп ойлады сол күні, Тауешкі мен арқар жайлар асқарлар...
Уақыт бұл, иірер деп ұршығын, Ғұмыр болса түзерміз деп қисығын... Саулықтардан қозы бөліп алды да, Босағаға сүйей салды мылтығын...
Бүгін мұңлы сары көлде қаз үні, Ақ інгеннің ащы шықты боз үні... Қой қырқымы, қосақ-қосақ сауын бар, Сол үшін де бөліп алды қозыны.
Төл даусымен шуылдатып боз ішін, Теріскейге айдаттырды қозысын. Сұр қаншықтың кек аларын білді де, Тоғыз көлге салып қойды көз ұшын...
Ертең бірақ, мына сайға ел келер, Бәйге ат байлап, көк серкені өңгерер. Желі-желі шұрқырасып құлын-тай, Жаз қызығы жылдағыдай дөңгелер...
Біздің елдің асау мінер ұланы, Той көбейіп, қалықтайды қыр әні. Аңшылардың ермегіне айналар, Қасқыр, аю, жирені мен бұланы.
Дегенінше, ашық аспан түнерді, Қою-қою бұлттар келді құз өңді. Қара аспан найзағайын ойнатып, Нөсер желмен салып берді түленді...
Жас төлдердің есі шықты маңырап, Қозышы ұл қалған сәтте аңырап... Шабуылға көшті кекшіл сұр қаншық, Қастарына жолдас еткен тағыны ап...
Ашулы да, айлалы екен, жүректі, Иірілген атар қозы дүр етті. Қапияда шықпай қалып дауысы, Тай үстінде бала шопан дір етті!
Бөрілердің қанға толып от көзі, Кекті қаншық жайпап салды көпті өзі. Үріккен бойы жан сауғалап қабақтан, Сары көлге секіреді топ қозы...
Бала шопан, кейін салды айғай-ды, Тыста жүрген естіді әкем ойбай-ды! Босағадан мылтық алып қолына, Торжорғаға мініп, құстай заулайды.
Адам көрген кекті қасқыр қашады, Үрей буған қозы сайға босады. Қашқан қаншық жеткен кезде қыратқа, Көздеп әкем, шүріппені басады.
Он жасынан мылтық атқан мерген-ді, Кекті қасқыр, оқ тиді де өлген-ді. Сары көлдің беті толған қозылар, Құтқармақ боп торжорғамен көлге енді.
Терең көлде қозылар жүр қалықтай, Торжорға ат жүзіп барад(ы) балықтай! Қанша төлді аман алып шықты әкем, Қайта-қайта көлге түсіп жалықпай...
Шүберекке түйіп анам жүрегін, Жаратқанға жолдап жатыр тілегін! «Енді қайта түспе деді сол көлге, Ортасында қазандық бар білемін!?»
«Қорық па»- депті, қайсар әкем паң күліп, «Қорық па»- депті, таудың іші жаңғырып... Сары көлдің қимады ма айдыны, Бұл жолы әкем қайтпай қапты мәңгілік!
Эпилог ...Жыла жүрек!.. қайтемін сізді уатып, Сурет жазды сарғайтты күз құлатып. Тағдыр желі соқты да жапырақтай, Шашып-шашып жіберді бізді уақыт.
Күзгі дауыл, жыладық елемеген, Әке күттік...келмеді кемелерден... Желге ұшқан қауызсыз дән секілді, Сенен үміт күтпеді, менен өлең!
Әке! Әке! Біздерді өсірді арман, Ақсай қайда? Сен қайда? Көшін барған? Саған деген сезіммен әлі жалғыз, Жиырма бесте анамыз жесір қалған.
Шүкір! Тәуба! Мал, басты жетегіміз, Ақсай емес, Астана мекеніміз. Сағынышпен жолдаймыз «Құлһуалла» Жұмақ болсын, мәңгілік мекеніңіз!!!
|
||
|
Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 63; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы! infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.128 (0.039 с.) |