Жаным менің - Көктем, Күз!.. 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Жаным менің - Көктем, Күз!..

Поиск

      Жанарымдағы жазу...

 

Мұнар-мұнар, бұлдыр -бұлдыр осы күн,

Мен қазбауыр сағыныштың досымын.

Жүрегімнің көгершінін үркіткен

Аққу құстың сұңқылынан шошыдым.

 

Сырлы кеуде... әнім жатыр тасыған,

Күннен қашып, жұлдыздарға асылам.

Жанарымда жазулы тұр есімің,

Жаннан қалай, жардан қалай жасырам.

 

Өтті түндер, жанарымда таң аунап,

Құбылаға таң шапағы тарайды ақ!

Боз даланы бозторғайым тербетіп,

Өзің жаққа ұшып кетті маңайлап.

 

Көлден ұшқан, көзде қалған үркегім,

Қажай - қажай таусылады Күлше – күн  !

Сенде болсын бар бақыттың баяны,

Айлы түнде адастырған, Үркерім!..

 

 

                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 

                                                                Ей, Ақтолғай,

                                                                Біз баруға жер шалғай!

                                                                                                      Халық әні.

 

Ақтолғай

 

Көлден бір ұшқан дегелек,

Гүлден бір ұшқан көбелек,

Ойдың бұлты сөгіліп,

Ұстатпайды не керек?..

 

Бозаңнан ұшқан бозторғай,

Әніне көңіл бос болғай!

Қоштасып қалқа кеткенде,

Айтылмай қалды «Ақтолғай!»

 

Қалықтап ұшқан қарлығаш,

Өкпешіл екен қарындас!

Қалаға көшіп күйбеңдеп,

Алыстап кетті ауылдас.

 

Пырылдап ұшты топ торғай,

Көктемім, сен де қош болғай!

Сағыныш сырын білмейсің,

Жанарыңа жас толмай...

 

Шақырып таңда әупілдек,

Үреді күшік шәукілдеп...

Торғын – көңілді  бұл күні,

Жыртпақ болады әркім кеп.

 

Көзден де ұшқан дегелек,

Көңілге жұпар себе кет!

Жанымның сырлы жұмбағы,

Шешілмей қалды не керек...

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

           

   Қоштасу...

Әуежай.

  Қызыл телпек басыңда,

Қоштасу.

Қала алмадың қасымда!?..

Қимастық!

          Үнсіздік!

                         Жыладың...

Тілім тиді кермек-кермек жасыңа...

 

Бұрылдың, орамалың қолыңда,

Ескерткіш боп қарап тұрдым соңында.

Ақ арман боп бұлтқа сіңдің бұлыңғыр,

Сарша тамыз шашылды да жолыңда...

 

Сағынышым, сыйдың қалай ұшаққа,

Ойын – тағдыр сыйғызбады құшаққа!

Бір келер деп елеңдеймін аспанға,

Жайық жақтан темір қанат құс ақса!..

 

Өртеп-өртеп, тастап кеттің жалынға,

Биіктеген бәлкім менің бағым ба?..

Тағдырымның терезесін айғыздап,

Жаңбыр ғана қалды мұңлы жанымда...

 

 

                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

Менің әнім!..

 

Менің әнім сол құстың қанатында,

қайырмасы өзімде.

Құсым келіп, Есілдің сағасында

мас боп тұрдым сезімге.

 

Біз сол түні ұзақ жүздік айдында,

кезектесіп жыр оқып...

Ұштың сосын, қанатыңды жайдың да,

мекеніңе дүр етіп.

 

Ұша алмадым...алып кеттің әнімді,

қайырмасын қалдырып...

Сағынышқа көміп кеттің жанымды,

жанарымды талдырып...

 

Әуен ұшып, құлағымда мұң қалды,

жүрегіме тағылып.

Сыңғырлатшы, сырға толы сырғаңды,

жүрген болсаң сағынып...

 

Менің әнім сол құстың қанатында,

қанаты оның талмайды.

Есіл барда қазақтың даласында,

басқа өзенге қонбайды.

 

 

                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

Жаным менің – екі мезгіл: Көктем, Күз!

Күннен Айдың жанарына көшкенбіз.

Сағындырдың қайта-қайта несіне,

Өткен күзде қош айтысып кеткен қыз!

 

Сұрақ – өмір , қалдым несін тосыла,

Қызығ-ып ең, менің жүдеу «қосыма».

Қара түннен тауып алып ашына,

Қарамағам сенің мөлдір жасыңа!

 

Күзде кеткен – жетті  қаздың қаңқылы,

Сені көрдім құс келгенде қай күні?

Сары күздей көрдің-дағы жанымды,

Жүрегіңнің кетті жібіп салқыны.

 

Жаныңмын деп, айналдырдың көктемге,

Бақыт Гүлі – менде  және бөктерде.

Көктем жаным күзге оранып қайтадан,

Жетем саған қазбауыр бұлт көшкенде...

 

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

               Қайыңның көзіндегі жас...

 

Сол жаннан қызғанасың, сол жаннан қызғанамын!.. Үмітсіз?!..

Өткенді өшіріп тастаған Уақыт.

Сезімнің орманы... беткейде аршалар жап-жасыл, Күдіксіз,

Гүлдерді көбелек жүреді уатып...

 

Көбелек қонбаған гүлдерде болмайды қасиет... Ажарсыз!..

Жылылық күткендей тікенек кірпіден ...

Адам боп қалар ем, жыр жазбай сезімсіз, Ғазалсыз,

Ойларым болмаса санамды сілкіген.

 

Сенсеңіз, түс көрем, ақшулан бұлттармен арманым астасып,

Сырласым қара түн, ұйқысыз – Ай  куә!

Қозы едім, маңырап жетілген, қасқырмен жүремін достасып,

Үндестік!..қиялды ап қашады таң құла!..

 

Пейіл-ай, көл мен шөл қатар кеп жайғасқан... Шөлдедім!..

Аңсарым биікте – шыңырау  тас бұлақ.

Атырап сарғайды, сағыныш... жаныма күз келді, Өлмедім,

Қайыңның көзінде тұр әне жас құлап...

Көрмедім!..

 

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

            Сараңдау сөз едім...

 

 

Жаз келді.

          Көңілге емес, Мезгілге,

Сағындым! Айтпаймын сездің бе?

«Жаным» деп тотыдай сайрасақ,

Қәдірі кетпей ме сөздің де?!..

 

Аңсадым, тылсыммен сезерім,

Көзіңде бұршақтар көгенің.

Бір жолға он ойды сыйғызар,

Мен деген – сараңдау сөз едім.

 

Біз жайлы – көкті де тіледі үн,

Гүл едің, солмашы тілегім!

Аузымды ауыртып қайтемін,

Өзің деп сөйлейді жүрегім...

 

Селк етіп, қорқамын өзімнен,

Мәжнүнмін, жүрегі езілген.

Өсекші өлеңде жазбаймын,

Оқырсың сырымды көзімнен...

 

 

Ербол БЕЙІЛХАН

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 66; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.146 (0.006 с.)