Көңілде бір киіз үйдің үзігі... 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Көңілде бір киіз үйдің үзігі...

Поиск

Мен сыйлаған, Күз!

 

Мен саған сыйға тартқан, Күз еді бұл,

Қарасудың бетінде жүзеді жыл.

Ұшырып қоңыр үнді қоңыр қазын,

Біз барған қызғалдақты жүдеді қыр.

 

Көктем жүр, сен сыйлаған жүрегімде,

Өлеңім қара тасқа қына егуде.

Көк көйлек көктеміңді маған қиып,

Сен қалай жүрсің қалқам, мұң елінде?..

 

Жабырқап жүрсің білем, тырна қайтып,

Сырыңды жапыраққа ұрлана айтып.

Қаздардың қаңқылына ән қосамын,

Жүректегі атыңды ырғала айтып.

 

Ол Көктем, сен(і)мен бірге тырна келген,

Дариға-ай, дәурен еді сырға ерген.

Кешір сен, Көктем емес, Күз сыйладым,

Тәп-тәтті, қоңыр ойлы мұңға көмген...

 

 

                                                                  Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

Түстегі Өлең

Нар атағы болса да, тар дүние,

Елітеді еліктей Сал дүние...

Қыз қылығың қалмаған келіншек ару,

Сені ғана жүрегім сүйді неге?

 

Жүргенімде өртеніп ой отына,

Хат жазыпсың құстардың қанатына.

Шырға тартып, қиқулап шақырып ем,

Ұшып жеттің көктемде аласұра.

 

Бақыт па бұл, бақыттың бағы кімде?

Көбелектің өртенген назы гүлде...

Жан ұшырған айналдым жүрегіңнен,

Ғашықтардың қашанда жаны бірге.

 

Ақындардың түспейді мидан жүгі,

Сен өлесің мен сені қиған күні?!

Мына әлемнің өзіңсіз қызығы жоқ,

Дүниеге мен өлем сиған күні.

 

Алай-дүлей, сезім бұл ішімдегі,

Түріңді-ай, қияли пішіндегі!..

Алматыда аяулым түске кірдің,

Бұл өлең, сенің жырың түсімдегі...

 

 

                                                  Алматы, 10.06. 2013 ж.

 

 

                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

Сары гүлді қиялмаймын ақ гүлге...

Сағыныштан, аппақ үміт байландым.

Еркелеген, қарадың да қос гүлге,

Теңіз толқып, таңғалумен Ай қалдың!?

 

Нәзік сезім дірілдейді гүлдерім,

Қайсы гүлді таңдарымды білмедім.

Бір –біріннен әсем екен күлгені,

Ұнатамын, жұпар иіс, түрлерін.

 

Қос гүлімді қалайды ылғи басқалар,

Жыршы гүлдер назарында халықтың.

Көз тігеді жайсаңдар мен қасқалар,

Екеуінде қызғанудан жалықтым.

 

...Бір гүл ғана, болу керек қолымда,

Күзім емес, қысымда да, солмайтын.

Қақысы жоқ, тозаңдауға, оңуға,

Сөзінен де, сертінен де таймайтын.

 

Нар ғұмырым, гүл ғұмырға байлаулы,

Арқанды аттай айналады қазықты.

Төре уақыт! Көрсетеді таңдауды,

Сезімі әлсіз гүлдің өзі жазықты!?

 

 

                                                                     

 

                                                                        Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

       Кешір!..

 

Орта жолдан қолқа сап өлеңіме,

Шай ішіп кетуімді өтінесің!..

Оранғанмен сезімнің желегіне,

Мұңымды қай кесеңе көшіресің!?

 

Көтеріп кетсем бе екен назыңызды,

Сері көңіл танытып мәрттігімді.

Бөктеріп кетсем бе әлде жазыңызды,

Ұмыттырып, қызғалдақ шаттығыңды?..

 

Кездесіп қалдың қалқа жол үстінде,

Білмеймін...несін тоқтап қарайладым!

Қалдырып кеттім білем ой үстінде,

Қиялдың аралатып арай бағын...

 

Мұңымды артып алып мың атанға,

Бабалар керуенімен көшіп барам...

Бозторғай шырыл қаққан құла таңда,

Бір кесе шайыңды ішпей өтіп барам!...

 

                                             Кешір!..

 

 

            Ербол Бейілхан

 

 

          Жассыз жылау

 

Өр едің, ішінде жататын бөрі ұлып,

Асыл ең, жататын көрінбей көміліп.

Сол кеште сен ұзақ жыладың егіліп,

Жұбатпай мен үнсіз отырдым езіліп...

 

Сырт көзге, такаппар, иілмес жасын қыз,

Өтінем жылама, кірпіктен жасыңды үз.

Тек жүрек дір етіп, мұң бағып отырмыз,

Адамдар, адамға неге осы тосынбыз!?

 

Тағы да таң қылдың, татқандай таңқурай,

Ішіңнен тұрса да, сүйгенді жан қимай...

Ерніңді тістеумен, шарпыңды алдыңда,

«Қош дедің» қайтадан артыңа қайырылмай...

 

... Содан мен көп күттім, бір күні келер деп,

Сен жоқта сырласым боп кетті өлең тек.

Білемін, сен-дағы сағынған шығарсың,

Жасыңды шығармай көзіңе көгендеп.

 

Қайтеміз, өмір бұл күзі көп қыраулы,

Кешір сен, ұмытсам қәліңді сұрауды!

Ең соңғы жасыңды сол кеште мен көрдім,

Сосын сен үйрендің, тек жассыз жылауды...

 

 

                                                                  

 

 

Ербол Бейілхан

 

    Сыр сандық

 

Жанымның таба алмас емін,

Ғашықтық ұрттаған құсам.

Мен сені сүйе алмас едім,

Сен жұртқа ұқсаған болсаң.

 

Жан едің, жамалың бөлек,

Шуағын төкті... қаладым.

Жаралған ақылың ерек,

Ешкімге ұқсата алмадым.

 

Жүректің көзі... жарық етіп,

Сыр – сандық  ашылды қоймам.

Бойыңда бір мін жоқ етіп,

Жаратты шебер қол – Аллам!

 

Кербезім, нұр алау, керім,

Сағынып, құс болып ұшам.

Сен мені сүйе алар ма едің,

Мен жұртқа ұқсаған болсам?

 

 

                                                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

Сені сағынғым келді, Үнсіз.

Хабарсыз. Хатсыз. Тілсіз.

Сәулелі сағындым Айды,

...қалай жүрсің, Күнсіз?

 

Сені сағынғым келді, Үнсіз.

Жырсыз. Шерсіз. Мұңсыз!..

Басыма кіріп кеткен,

...айтыңыз Кімсіз?..

 

Бәрі, жауапсыз сұрақ?!

Сезім мөп-мөлдір бұлақ.

Қалжың, сағындым шыны –

Қалдың ба, жылап!..

 

 

                                                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

   Қызғаншағым...

Қызғаншағым!
Ұнайды бұл қылығың,
Көктемге ұқсап барады күз – ғұмырым.
Күз күніндей аяулым, жүз құбылдың,
Жұпары аңқып деміңнен түз гүлінің.

Түсіне алмай, жүрмін көп қылығыңды,
Мойыныңа салғанмен құрығымды.
Бала болам, біресе дана болам,
Тамашалап тауса алмай қызығыңды.

Түсінгім де келмейді, түсінбеймін!
Аппақ қанат өзіңсің құсым менің.
Мен сенің жүрегіңнің ішіндемін,
Ал жүрекке көлеңке түсірмеймін!

...Қызғаншағым!
Бітпейтін бір әлегі,
Егіз сезім – өмірімнің мәйегі.
Ғашық жанды қызғанғанның несі айып,
Тек Бақытты қызғанбайсың, әдемі!

 

                                                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

      *** *** ***

 

Сенде, менде ортаярмыз толған Ай.
Көңіл семіп, көзім талды жол қарай.
Терең-терең сайға сіңіп кететін,
Тарам-тарам қосылмайтын жолдар- ай!..

Сенде, менде кетілерміз толған Ай.
Шешімі жоқ, күрмеуі көп Ой қамай.
Бір бағытта келе жатып жалт етіп,
Қосылмайтын жыланбауыр жолдар- ай!..

 

                                

                   Үшінші бөлім

 

 

                                                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 69; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.128 (0.007 с.)