ыздардың тілегі. зеңгім, кетпе үзіліп.... даша - Күз. Көлеңкелер.... Айға қарап.... Алғашқы қар. Мәжнүн – Жүрек!. Сен, жыламашы, Аспаным!.... Екінші  бөлім. Бір саба 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

ыздардың тілегі. зеңгім, кетпе үзіліп.... даша - Күз. Көлеңкелер.... Айға қарап.... Алғашқы қар. Мәжнүн – Жүрек!. Сен, жыламашы, Аспаным!.... Екінші  бөлім. Бір саба

Поиск

            Қыздардың тілегі

«Қыздың жасы он сегіз» сұрама, аға!?

Өмір сырғып барады тұра ма, аға!..

Миллиондаған қыздардың арманы үшін,

Ту тіккен биігіңнен құлама а-ғ-а!

 

Сізге арнап тергем, ерке гүлдерімді,

Көрсеңіз ғой, бір келіп күлгенімді...

Сіз салған әуендерді жүрекке орап,

Өткізіп, жүрмін аға, күндерімді...

 

Қайтемін, сезім нәзік, бүршігімді,

Ешкімге айта алмаймын бұл сырымды.

Әзірше әуен ғана тербетеді,

Соғатын жүрек деген тылсымымды.

 

Өлең де, өмір екен, есі барға,

Арнамыз ақ айдыннан қосылар ма?..

МузАРТ-тың мұзбалағы сіз шыққанда,

Отырам үнсіз қарап экранға!...

 

Шашыңызға, қоп-қою қасыңызға,

Тәңірім, бақ сыйласың басыңызға!

Қарақаттай жанарым жәутең қағып,

Шай құйып отырар ма ем, қасыңызда...

 

Қылығым, оғаш болса, тергейсіз бе?

Қызғалдақ тергуге де келмейсіз бе?

Үздіккен экран да миллион ару,

Шынымен, аға бізді көрмейсіз бе?...

 

Тошала тергенде алам көк себепті,

Әуеніңіз жан аға, көкке кетті.

Сіз жайлы қос құрбыма сыр айтып ем,

Екеуі мені қатты өкпелетті...

 

Жақсыға тілекші бұл ел жүрегі,

Көңілдің көк айдынын елжіреді.

Ән түгіл өзіне де ғашықпыз деп,

Құрбымның бота көзі мөлдіреді.

 

Ән сыйлап, жүрші аға таңымызға,

Өнерді сүю бар-ау, қанымызда.

Амал не, қыздың бәрі тілекшіміз,

Сәлем айта салыңыз, жарың

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

Үзеңгім, кетпе үзіліп...

Түнімнің бәрі – кінәлі,

Күнімнің бәрі – салауат!

Жүректің дерті – мұң әлі,

Өмірдің сырты – ғаламат!..

 

Түнімнің бәрі – мазасыз,

Күнімнің бәрі – әрекет!

Жүректі қалай жазасыз,

Қаптаған жерде пәлекет!..

 

Ұлт жайлы менде ойланам,

Саусаққа батты оймағым.

Шаттығым аздау тойлаған,

Болады қашан ойдағым?..

 

Жазымды кетті, Күз іліп,

Құлазып қалдым күзеуде...

Үзеңгім кетпе үзіліп,

Жарамай табан тіреуге...

 

Тоқсан толғақты тілімді,

Қағады қоғам тобықтан.

«Қараша қара құлыңды»,

Қаратпа, билік жабықтан!?..

 

Басылмай қалды өксігім,

Басыма бақыт қонғанда.

Не болмақ, ертең өскінім,

Тарамы тоқсан жолдарда?..

 

Ұлт сөзін сөйлер «ұлылар»,

Жағымпаз, жантық, жасқанды.

...Алаш ойлының Күні бар,

Күтеміз бұлтсыз аспанды...

 

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

    Күз –Егізім...

 

Бұрын күнім батпайтын қой баққанда,

Қой баққанда қиялда ой жатқанда,

Қараңғыны індетіп сай–салаға,

Шаңырақты күлімдеп Ай жапқанда...

 

Қәзір күнім сағымдай зуылдайды,

Шегіртке – өмір, мазамды ап шырылдайды.

Шідерінен үріккен асау уақыт,

Құр–құрласам артына бұрылмайды!..

 

Өкініш көп... өксік жоқ, Көңілімде,

Өлең балқыр – ой теңіз көрігімде.

Қош–қош айтып, сергелдең сері күнге,

Күзді құштым, жазымнан жерідім де...

 

Күз – Егізім, кісінеп мені іздеген,

Бейіт – пейіш бет бұрдым көне ізбенен...

Сен бір дәруіш – сағынып мені іздеген,

Мен диуана – адасып ел іздеген...

 

                                                                                    Ербол БЕЙIЛХАН.

 

 

         КҮЗ

 

Тағы да қарсы алам ба, мынау күздi,

Аспанның жиегiнде тырау жүздi.

Аққудай мезгiлiмен қонып, ұшар,

Жазбенен қоштасамын шырай жүздi.

 

Көбесi сұр аспанның сөгiледi,

Күз мiнiп, күрең тайын тебiнедi.

Арқаның кұнан желi кiсiнесе,

Жапырақтың жүрегi езiлдедi.

 

Уакыт – көнген  кашан еркiмiзге,

Канша күздi жазды Алла, еншiмiзге?..

Қайткан құстың шер толы қобыз үнi,

Дерт қосар жүректегi дертiмiзге.

 

Осы өлең – сағынышты  жүрек үнi,

Қасыма күрең күз кеп түнегелi.

Хат жазып канатына үлгергенше,

Тырналар биiк көктi тiле бердi...

 Әттең!..

 

                                   

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

   Құдаша - Күз

Күздiң түнi қою аппақ тұманды,

Қалың тұман адастырма қыранды!?

Қобы тартқан, төрт аяғын тағалап,

Күреңтөбел тұлпар мiндiм, тұмарлы.

 

Есiк алды топ шеңгелдi, қараған,

Құдаша – күз  сары шашын тараған.

Уақытқа жастығымды тонатып,

Жолаушымын таппас жоғын қараған?..

 

Балалықтың қалды сонда сiлемi,

Мен, Алтайды сағынамын үнемi!

Тауға қарап кiсiнейдi жер тарпып,

Күз мiнгiзген сағыныштың күреңi...


Құдаша – күз  аялдашы қасыма,
Қарасаңшы, жанарыма, жасыма?..
Қол ұстасып сен екеумiз бiр күнi,
Шығар ма едiк, Бесбоғданың басына.


Бура бұлттар – Бесбоғдадан өргенде,
Күреңтөбел, Ақбоз болар кермемде...
Жанарымның жапырағы сарғайып,
Сағыныштар тамшылайды кеудемде...

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

     Көлеңкелер...

Асқақ – іңір  мұң арқалап келеді,

Көлбеңдейді көлеңке!

«Көлеңкелер» түнге сіңіп өледі,

Өлмейтің тек Өлең ше!..

 

Көлеңкелер, көлеңкеге сенеді,

Мансап, мақтан күн үшін.

«Көлеңке ғой, көлеңкенің көлемі»

Көрген күні құрысын!

 

Көлеңкелер, көлеңкеден қорқады,

Күн көзінен жасқанып.

Көлеңкелер көлбең-көлбең жортады,

Бір күніне мастанып...

 

Керуен – тарих таусылмайтын парақты,

Өлшенді Ақ, Қараң.

Мақтаменен бауыздайтын талантты,

Көлеңкеден сақтанам!

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

      Айға қарап...

Айға қарап жүремін, Айға қарап,

Өлең ұшса кеудемнен Айға қадап.

Кеңсірігім кебеді ермен аңсап,

Жалқы мұңым барады жар жағалап.

 

Аппақ қардай түнін-ай, Қараөткелдің,

Өлең сенен бақ емес, әлек көрдім!..

Есіл саған келіп ем, еміреніп,

Мен келгенде сен неге дір етпедің!?..

 

Толған айда тозады, мүжіледі,

Жаз көкпарын лезде күз іледі.

Бозамық бұлт жел қуып желпілдесе,

Айдың нұры жас болып төгіледі.

 

Жұлдызы көп аспанда Ай жылайды,

Шындығы жоқ қоғамда ар жылайды.

Қайшылығын тірліктің алмастырып,

Кербестінің жалында таң құлайды.

 

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

          Алғашқы қар

 

Алғашқы қар, алдамшы қар... Өтірік!

Ұялшақ – күз тастар оны өшіріп...

Ашулы аспан қайта–қайта сұрланып,

Қара жерге сес көрсетер жекіріп...

Алғашқы қар, алдамшы қар... Өтірік!

 

Алғашқы қар. Үркек қоян. Ақ сезім!

Қарықтырар, қызықтырар жат көзін.

Өмір сені қардай аппақ деп білген,

Қайда менің, сәби шағым, пәк кезім?!

 

Алғашқы қар, Ұялшақ қыз. Махаббат.

Аппақ қарға өлең жазғам тасалап...

Сосын сені құшатынмын айлы түн,

Аппақ қардан дидарыңды жасап ап.

 

Алғашқы қар, аппақ–аппақ армандар,

Алғашқы қар – алдайтұғын жалғандар.

Қар жауғанда сағынамын сендерді,

Жүрегімде қардай ақ боп қалғандар!..

 

                                                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 

  Мәжнүн – Жүрек!

                                                              Бажам, Ахметжан Қайбарұлына!

 

Шаруам түгіл, шатағым жоқ тексізде,

Енжар өлең арнамаппын ессізге!

Аулаңызда қос мәжнүн тал бой түзеп,

Мәжнүн – Жүрек гүлденіпті тек сізде.

 

Үкілі – үміт төгілгенде таң нұрдан,

Ей, Мәжнүн тал, сен қуат күт жаңбырдан.

Ләйліні аңсаттырған тірлікте,

Таяқ жедім: сағыныш пен тағдырдан.

 

Атажұртқа бұрғанымда көшімді,

Алтай сенің қияалмағам төсіңді.

Саған шексіз ғашық болып Жаратқан,

Мәжнүн – Жүрек Сізге бұрды бетімді.

 

Сен шеберсің, Сен ұлысың бәрінен,

Бес уақыт айтылатын әнім ең.

Мәжнүн талдай ғазиз мынау жүрегім,

Гүлге оранды аят, хадис нәрінен.

 

Мәжнүн –Жүрек! Сізден тауып ынтығын,

Кеудем менің – Өлең толы тылсым үн.

Құбылаға қол жаямын үнемі,

Уақыттың айналдырып ұршығын...

 

                                       

                                   Алматы, 08.06. 2013 ж.

 

                                         Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

Сен, жыламашы, Аспаным!...

Ақпаным,

енді қашан атар екен ақ таңым?

Оралмайтын кездерім мен шақтарым.

Ақ боз ат мініп сапарға шыққан сәтімде,

Аңшы - өмір құрмаса екен қақпанын!..

 

Ақпаным,

сен мезгілсіз жыламашы, Аспаным!

Таулар мүлгіп, сыр бүгіп жатыр тастарым.

Мәңгіліктерге мәнсіз ғұмырды ұқтырып,

Ғапылда-ғапыл, дүние өтер қас-қағым!

 

Ақпаным,

Аппақ - сезім, ақ дауылым, Асқағым,-

ерке күндерім, ерте бермеші ақ сағым.

Кейде мені оятады тастағы үн,

Әлемді мына - Шексізде, шетсіз деуші едім,

Әлем дегенін: бір нүкте екен шап-шағын.

Сен, жыламашы, Аспаным!...

 

 

Екінші  бөлім

Бір сабақ Гүл

 

       Сағынышым менің...

 

Сеңгір көктен қарай сал ұшқаныңда,

Биігіңнен құлар ең, құшқанымда?!

Иленеміз тағдырға әлі талай,

Өлең деген – киенің  пұшпағында.

 

Қыран болсаң, қыранның көркі Күнде,

Үкі тағып ұшырдым елші күнге...

Қармақ бізбен қастерлі жыр тоқысақ,

Айналмаспыз, қәдірсіз елтіріге...

 

Ай қонады аспанның жамбасына,

Дегелек құс, қонбайды жар басына.

Қайтқан қаздар үркіткен сағынышым,

Күтті білем, келетін жазды асыға!..

 

Бұлбұл үнін, сол бақтың жасыл бағы,

Биыл ақпан біздерден жас ұрлады.

Өлеңімді тамырсыз тасқа бастым,

Маза бермей тұратын басымдағы.

 

Бұлдырық – күн, бозала таңым ұшты,

Көктем келді, қарашы сабылысты!

Өлеңіме қалайша сыйғызамын,

Әлеміме сыймайтын сағынышты!..

 

 

 

             Бақыттың Гүлі

 

Сәукеле – сәуірім! Тобылғы торы мұң сыйлаған,

Торғындай сусыған, тоқылдақ – уақыт  мазасыз.

Сарғалдақ сағыныш... қызғалдақ ғұмырым қимаған,

Желбегей шапандай жел қуған күндерім бағасыз.

 

Өлеңді жағалау, жусаны бүрлеген күнгейім,

Сары сірік теріскей, сағым бел кілкіген жоталар.

Ардағым!.. Өлшеусіз сезімді ақылмен күрмеймін,

Сыртым дүр сыр бермес, ішімде боздайды боталар.

 

Аршаның түсіндей жап-жасыл – Бақыттың  Гүлісін,

Жауқазын сезіммен бәйшешек гүлдеді қырдағы...

Ақшулан бұлттар да төгіліліп ән салды күміс үн,

Жүректің емі өзің, «Долана», қол жетпес шыңдағы.

 

Жүрегің кіршіксіз, мөп-мөлдір қайынның сүтіндей,

Сағындым!.. төзімім қайыспас қарағай қапталы.

Көңіл бұл Жайықтай толқиды, қаламын түсінбей,

Биыл тым әдемі, Сәукеле – сәуірдің  ақ таны!..

 

 

                                 Ербол БЕЙІЛХАН

 

            Аллитерация...

 

Бозторғай – жүрек, бозала таңды тербеген,

Боз жусан – көңіл, асығып жетті көктемге!

Боталап көзің, ақ қайын іздеп келген ең,

Бәйшешек жауған сіңдің де кеттің бөктерге?..

 

Бұртиып барып бүр ашқан ерке қайындай,

Бұйығы мінез, сырларың қалды бұйратта.

Бұлақ – күлкілі... тамыздың тәтті айындай,

Байғыз шақырды атыңды айтып қыр жақта.

 

Бидайық құстай алыстап кеттің бұлдырап,

Бүркіт – қиялдың  үзілмес жібек үміті.

Бұйра бұлттардан сағыныш жауды құлдырап,

Бұлдырық күннің шашылып қалды түбіті.

 

Баянсыз жалған, белдеуге барад(ы) байланбай,

Бақыт дегенін: сәттер мен кездер өтпелі...

Буыршын шөккен...шарадай баспен ойланбай

Баяндай ару, тұрмаймын сені кеш мені!?..

 

 

                   Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

      Хат келді қалқамнан

 

Бәрін де ұмытқың келді... Жыладың!

Мейірсіз қара түн ұқпайды мұңыңды.

Егілдің... ұяттан кешірім сұрадың,

Сел құйды, аспанның қабағы тілінді...

 

Періште кейпіңді жоғалтып «кет»,- дедің,

Ой – орман, адасып қалдың ба, омалып.

Кетпек ем, лезде айныдың, өкпелім,

Мен үшін күн шықты, гүл бүрлеп жаңарып.

 

 Махаббат азабы... Қимастық. Қимадық.

Ақыл жоқ, ессіз шақ, тәтті түс, бал шырын.

Қайтадан қосылып сезімді жырладық,

«Күндерден» жасырып қалады таң сырын.

 

Қоштастық қия алмай... боз торғай ән салды,

Мұңлық күн, жүк артып төнеді арқадан.

Жаны күз, сарғайған... ол қәзір байсалды,

Қарлығаш қанатты хат келді қалқамнан...

                тағы да!

 

                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

     Күлейін бір сәт қарызға!..

 

Сағынып күткен, жауқазын көктем, келдің бе?

Сені сағындым қызғалдақ теріп келдім де.

Қызғаныш деген – қызталақ  сезім талаған,

Жүрегімді жоғалтып алдым көрдің бе?..

 

Тырау көкте тырналар қағар қанатын,

Көктемім – Күздей, сағыныш гүлін тағатын.

Шырмауық ойдың жетегіне шырмалып,

Тауым шағылып, таусылып бітті тағатым!..

 

Домбыра – кеудем   айналып кетті қобызға,

Ерте сарғайдым, не болам ертең тамызда?!

Жұмыр жер сынды көзімде мұңдар аунайды,

Күлкі сыйлашы, күлейін бір сәт қарызға!

 

Жеті әріп жеген – үмітсіз  ойдың жетегі,

Бақыт сыйлаған күндерім қайда кешегі.

Жеті қат жерде жетімсіреп отырмын,

Жеті қат көктен дауысың сенің жетеді.

 

Періштем менің, періге кетпе айналып,

Қалдың ба сенде орман ойларға байланып.

Дауыл өмірде адаспа, жүрек, адаспа,

Ғайыптан келіп, әкетем бір күн, Айға алып...

 

                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

        Көзімдегі-Көзің...

 

Мамыражай,

         Көңiл – көлдің  айдыны ақ,

 Көк айдынға шалқалайды Ай кұлап.

Қиял қуып кыңсылаған күшiк ой,

Ұясына оралады қанғып ап...

 

 Мақпал түнде, аққу тарап мамығын,

 Гүл тыңдайды сазға толы қаз үнiн.

Күлiм қаққан, ағып түссе бiр жұлдыз,

Бiле алмайды... жазығын?!..

 

Түннен ұрлап, Сенi және Өзiмдi,

Күмiс шыққа суарамын сезiмдi.

Үркер сөнiп айқасканда кiрпiгiм,

Сүйiп жатам, Көзiмдегi – Көзiңдi...

 

 

                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 

 

 

 

Мен, таудың барысы ем азулы,

Алмастай қайралған тырнағы.

Тағдырым – бір  оқта жазулы,

Қырандар серігім шыңдағы.

 

Асулар, жоталар, шағылдар,

Ақ бас тау, қарлы шың, мекенім!

Тынымсыз шақтар да дамылдар,

Қара тас мамықтай төсегім!

 

Құла түз... шайқастар мекені,

Түлкі – өмір, түрленген айлалы.

Шыңдағы ойшылдау «текені»

Армандар алдайды Айдағы?!

 

Еркім де, сертім де жеңісте,

Аспанның бұлт бассын қабағын.

Елік ең, кездескен өрісте,

Байланған сол мезгіл жанарым!

 

Жанарың, жанымды ерітті,

Тағы едім несіне шырмадың?

Кешір сен, барыс ем ерікті,

Қатты-р-а-қ батса егер тырнағым!..

 

                                     Ербол БЕЙІЛХАН

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 73; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.146 (0.007 с.)