Менде бір, аңшымын, сөз қуған... 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Менде бір, аңшымын, сөз қуған...

Поиск

Менде бір, аңшымын, сөз қуған...

 

Үр жалған, түлкінің ізіндей шиырлы,

Абадан жүрегім, қайтпаған.

Жазбаған жырларым шимайлап миымды,

Ойлардан шаршадым қаптаған.

 

Саумал – жыр сарқылмас көнегім,

Аяқтап, ішем де толтырам.

Дәл тиіп, ой – аңға сөз деген беренім,

 Қанжығам майланып отырам.

 

Қолымда ақиық қыраным, томаға сыпырдым,

Қағушы шулайды ой – қырдан.

Баптаған құсымды ақ ауыз арланға түсірдім,

Менде бір аңшымын, сөз қуған...

 

 

                                         14.08.2011 ж. Астана.

 

                            Ербол БЕЙІЛХАН

 

    Қойшының әңгімесі

 

Күйек алып, қошқар қостым атарға,

Күз түсті де мал айдадым отарға.

Күн нұрынан тоят алған күрең кеш,

Өріс малдай жамырады қотанға.

 

Ай мүйізді арқар шықты қыраттан,

Сала мүйіз бұғы ішті суаттан.

Мөлдірлік пен тазалықты үйренем,

Құбылаға аққан мұздай бұлақтан.

 

Жол бойында топты шіл жүр, пырылдап,

Бұта қонды қоңыр торғай шырылдап.

Тал ішінен талмаусырап құр ұшып,

 Торғайды аңдып күйкентай тұр дамылдап.

 

Орман – сауық, ойын керек тиінге,

Жем арқалап бет түзеді бүйі інге.

Тазы көрген шақырады саршұнақ,

Кеуде керген әркім батыр үйінде...

 

Түйілді де, сұңқар соқты қоянды,

Бүркіт көрген жылан қашты аярлы.

Сілеусін тұр ешкі көрген сілкініп,

Ақауызды арлан қуды бұланды.

 

Бұлбұл сайрар таңдайынан бал тамып,

Кірпі жатыр ән тыңдаған шалқайып.

Жаратқанның таңғажайып сырына,

Тәутеке тұр шың басында тамсанып.

 

Қайрақ тасқа аю қайрап тырнағын,

Қаңқылымен қаз шертеді сырлы әнін.

Жер өсінде дөңгеленіп дүние,

Мезгіл ұшты қанатында тырнаның.

 

                   22.08.2011 ж. Қарқаралы, Көз қыстағы.

 

                                        Ербол БЕЙІЛХАН

 

Құрық тиді, күз деген күреңіме...

Қаздардың қаңқылында ұйыды айран,

Айға қарап ұлыды сынық арман.

Сардалаға шегіртке шерін шертіп,

Түңілді тындырымсыз сиығынан.

 

Күн – мейір, таратады ізгілік ән,

Уақыт жетектеді шылбырымнан.

Құм – өмір, кесірткені домалатып,

Күз үрікті қамыс-қоға сыбдырынан.

 

Тобылғы қырындайды ырғайына,

Қырман бітті, қарғалар құндағында...

Қыс қамымен малшының басы ауырып,

Ала қыран сенеді тырнағына.

 

Күреңітіп, шетен күз ән салады,

Ақселеудің кекілін жел тарады.

Тыраулаған тырнаның жолы ауыр,

Тырна мінген бөдене тамсанады.

 

Құрық тиді, күз деген күреңіме,

Ызғар бар сұры аспанның сүреңінде.

Қоштасудан жанары жасқа толған,

Қайтқан құстың қосылдым тілеуіне.

 

 

      Қарқаралы. Көз қыстағы, 06.09.2011 ж

 

 

                                                               Ербол БЕЙІЛХАН

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 66; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.128 (0.007 с.)