Заглавная страница Избранные статьи Случайная статья Познавательные статьи Новые добавления Обратная связь FAQ Написать работу КАТЕГОРИИ: ТОП 10 на сайте Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрацииТехника нижней прямой подачи мяча. Франко-прусская война (причины и последствия) Организация работы процедурного кабинета Смысловое и механическое запоминание, их место и роль в усвоении знаний Коммуникативные барьеры и пути их преодоления Обработка изделий медицинского назначения многократного применения Образцы текста публицистического стиля Четыре типа изменения баланса Задачи с ответами для Всероссийской олимпиады по праву
Мы поможем в написании ваших работ! ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?
Влияние общества на человека
Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрации Практические работы по географии для 6 класса Организация работы процедурного кабинета Изменения в неживой природе осенью Уборка процедурного кабинета Сольфеджио. Все правила по сольфеджио Балочные системы. Определение реакций опор и моментов защемления |
алқанша бездің ауруларыПоиск на нашем сайте ҚАЛҚАНША БЕЗ АУРУЛАРЫ Эндокриндік дерттердің арасында соңғы жылдары үдемелі өсіп келе жатқан ауру – қалқанша бездің дерттері. Қант диабетімен қатарлас жиілеп, жер шары тұрғындарының 10–15%-ын қамтиды. Қалқанша без аурулары оның үлкеюімен (жемсау), қызметінің нашарлауымен (гипотиреоз), күшеюімен (гипертиреоз), қабынбалық процестермен қатар, қатерлі және қатерсіз ісіктеріменде сипатталады. Аталған ауытқулардың барлығы да қалқанша бездің қызметі мен морфологиялық құрылымының белгілі дәрежеде бұзылуымен көрініс береді. Диагнозды дұрыс анықтап, ұтымды (нәтижелі) ем жүргізу үшін қалқанша бездің анатомиясын және физиологиясын білу қажет. Қалқанша бездің анатомиясы. Қалқанша без - ересектердің барлық ішкі секреция ағзаларының арасындағы ең ірісі. Thyroid (қалқан) – деген атау грекше. 1646 жылы Warton бұл бездің пішін ерекшеліктеріне қарап және ол көмейді қалқалап тұратындықтан осылай атаған. Ол қызыл түсті, салмағы 20 граммнан 60 граммға дейін жететін ағза, екі бөліктен және мойнақтан тұрады. Мойнақ 2-10 % жағдайда болмауы да мүмкін. Қалқанша бездің бөліктері, кеңірдектің 1-5-сақиналарының екі бүйірінде, қалқанша шеміршектен сәл төмен орналасады. 30% жағдайда мойынның алдыңғы беткейінде мойнақ тұсынан жоғары қарай пирамида тәрізді өсінді шығады, ол тіластылық сүйекке дейін жетуі мүмкін. Қалқанша бездің оң жақ бөлігі, әдетте, сол жақ бөлігінен үлкендеу. Артқы жағынан қалқанша без бөліктері жұтқыншақпен, өңеш қабырғаларымен жанасады (сол жағынан басымдау). Өңештің мойын бөлігі кеңірдек артында ортаңғы сызықтан басталып, СIV тұсында, яғни сақина тәрізді шеміршектің төменгі деңгейінде солға қарай ауытқиды. Бұл жағдайды білудің маңызы зор, әсіресе, қалқанша бездің ісікке шалдыққан сол жақ бөлігін босату кезінде өңешті зақымдап алмау үшін қажет. Мойнақтың артқы беткейі кеңірдектің 2–, 3–, 4-сақиналарына жанасып тұрады, кейде 6-шы сақинасына дейін жетеді. Бұл ерекшелікті трахеостомия жасау кезінде есте ұстау қажет, себебі кеңірдекті ажырату кезінде қиындықтар туындайды. Адамның қалқанша безі эмбрионалдық кезеңнің 2–4-ші апталарында дами бастайды. Ол кейінірек тіл түбірінің тұйық тесігіне сәйкес келетін тұстағы ауыз-жұтқыншақ эпителийінің жуандайтын жерінен дамитын медиальдық өскіннен пайда болады. Оның даму тегі бастауын, төртінші желбезек қалталары аймағында пайда болатын жұп бүйірлік өскіндерден алады. Эпителий өсу барысында орталық өскін астындағы тіндерге тереңдеп, қалқанша-тіл түтігі түрінде енеді. Соңғысы даму процесінде бітеледі де, эмбрионалдық кезеңнің 8-ші аптасында тілдің тұйық саңылауынан кеңірдекке дейін созылатын эпителийлік жасушалардан тұратын жіпшеге айналады. Дамудың 4-5- ші аптасында тіластылық сүйек қалқанша-тіл түтігін екіге – тіл түбіріне баратын тілдік және қалқанша безге баратын тиреоидтық түтікке бөледі. Бұл ерекшеліктерді де білу қажет, өйткені, кей жағдайларда қалқанша-тіл түтігі бітелмейді. Мұндай жағдайларда мойынның ортаңғы жылауықтары (кисталары) мен жыланкөздері пайда болады. Олар түтіктің қалқанша бөлігінде жиі орналасады, ал тіл бөлігінде өте сирек кездеседі. Соңғы жағдайда тіластылық сүйектің үстінен фаринготомия және тіл түбірі резекциясын жасау қажет. Ал бірінші жағдайда жылауықты (кистаны) алу кезінде тіластылық сүйек денесін резекциялау керек. Әйтпесе мойынның ортаңғы жылауығы (кистасы) немесе жыланкөзі қайтадан пайда болу қаупі жоғары. Бұл аймақта мойынның ортаңғы жылауықтары мен жыланкөздерінен басқа, әсіресе, тіл түбірінде, сиректеу эктопиялық зоб (жемсау) кездеседі. Ол эмбриогенез процесінде қалқанша-тіл түтігінің кері даму барысында жекелеген жасушалардың бөлініп қалуымен түсіндіріледі. Кей жағдайларда қалқанша без өскіні тұйық тесік аймағынан толық төмен түспей қалқанша без әдеттегі орнында болмауы мүмкін. Мұны білудің тіл түбірінің зобына (жемсауына) байланысты жасалатын операцияларды жоспарлау кезіндегі маңызы орасан, өйткені оны толық алып тастау микседема ауруына әкеп соғады. Қалқанша бездің сыртқы және ішкі қапшығы бар. Сыртқы қапшық безді көмеймен бірге қоршап тұрады, ал ішкі қапшық бездің жеке өзін жауып тұрады және оның паренхимасына тығыз жабысқан. Қапшықтардың арасында саңылау тәрізді кеңістік бар, бұл кеңістік арқылы көптеген қантамырлар өтеді. Бүйірлік бөліктердің артқы бетінде бездің жеке қапшығы мен фасциялық қапшығының арасындағы шел қабатында, саны 2–3-тен 5–6-ға дейін, кейде 12-ге жететін қалқанша маңы бездері бар. Олар кезбе нервтен сыртқары орналасады. Қалқанша маңы (паращитовидная) бездері қалқанша бездің, тиісінше, жоғарғы полюсінде, кезбе нервтің көмейге кіретін жерінде және төменгі полюсінде орналасады. Оларды шелмайлармен, лимфатүйіндермен, кейде көлемі шағын кеңірдек маңы көшіктермен (паратрахеалық метастаздармен) шатыстырып алуға болады. Қалқанша безге операция жасау кезінде, әсіресе тиреоидэктомия жасау барысында, қалқанша маңы бездерді мейлінше сақтауға тырысу қажет. Өйткені олар толық алынып тасталса науқастардың бұлшықеттерінің тартылып қалуы (тетания) дамиды. Тетания кейде қалқанша маңы бездері сақталған жағдайда да, қалқанша бездің қапшығындағы безді қоректендіретін артерияларды кесіп алу, бунап байлау салдарынан дамуы мүмкін. Қалқанша бездің қанмен жабдықталуы екі жоғарғы, екі төменгі қалқанша артериялармен және бір тақ атаусыз артериямен қамтамасыз етіледі. Соңғысы бас-иық діңінен, сирек жағдайда, бұғанаастылық артериядан тарайды. Қалқанша бездің төменгі артериясы қайырылма нервтің қасынан өтеді, 43% жағдайда оның тармақтарының арасынан жүреді. Қалқанша бездің жоғарғы артериясы сыртқы ұйқы артериясының екіге айырылатын жерінен сәл жоғары жерден, кейде сол деңгейден тарайды. Артерия қалқанша бездің жоғарғы полюсіне, әдетте бір діңмен кіреді. Дегенмен, кейде ол бірнеше тармақтарға бөлінеді. Мұндай ерекшелікті қалқанша бездің жоғарғы полюсін ажырату, жоғарғы тамыр-нерв будасын байлау кезінде ескеру керек. Қайырылма нерв, әдетте жеке, 60 % жағдайда көмейге бір діңмен кіреді, 40 %- ында – қалқанша бездің төменгі полюсінің деңгейінде екіге, кейде одан да көп тармақтарға бөлінеді. Қайырылма нервтің дисталдық бөліктері көмейдің төменгі нервін құрайды. Қалқанша бездің веналық жүйесі жақсы дамыған, анастомоздары көп. Бірқатар авторлар лимфавеналық анастомоздардың да бар екенін жазады. Қалқанша бездің лимфатамырлары лимфаны көмейалдылық (дельфиний), кеңірдек алдылық, кеңірдек маңы, терең жармалық лимфатүйіндерге және алдыңғы көкірекорталық лимфатүйіндерге жинайды. Қалқанша бездің симпатикалық иннервациясы мойынның симпатикалық діңінен шығатын нервтермен, парасимпатикалық иннервациясы кезбе нервтің тармақтары – жоғарғы көмейлік нервтің және қайырылма нервтің тармақтарымен жүзеге асырылады. Қалқанша бездің физиологиясы. Қалқанша бездің функциясы организмдегі йодтың алмасуымен тығыз байланысты. Өйткені, йод қалқанша безде ғана жинақталады. Тиреоидтық гормондар жасушалардағы тотығу процестерінің реттеушісі қызметін атқарады. Қалқанша бездің басты функциясы – спецификалы гормон өндіру. Қалқанша бездің негізгі гормоны – тироксин (Т4)(тетрайодиронин) – өткен ғасырдың басында анықталды. Өткен ғасырдың орта шенінде қалқанша безде тироксинмен салыстырғанда әсері күштірек гормон, трийодтиронин (Т3) табылды. Бұл аталған йод құрамды гормондардың негізгі компоненттері – йод және амин қышқылы – тирозин. Қалқанша бездің құрамында йоді жоқ үшінші гормон – тиреокальцитонин. Қалқанша бездің гормондары фолликулдардың ішінде тиреоглобулинменбайланысқан. Бұл гормондардың жалпы әсері – заттек алмасу процестерін стимуляциялау. Бірақ, олардың әсер ету механизмі әлі толық ашылған жоқ. Адам организміне йод тамақпен және сумен түседі, оның организмдегі мөлшері үлкен өзгерістерге бейім. Йодтың артық мөлшері зәрмен (98 %-ы) және өтпен (2 %-ы) шығарылады. Қалқанша без қаннан тек йодидтерді ғана сіңіреді де, тотығу процестері арқылы оларды йодқа айналдырады. Йодтирозил (тирозиннің қалдығы) нәруызға қосылып моно- дийодтирозин түзейді. Моно- және дийодтирозиндердің конденсациясы нәтижесінде трийодтирозин түзіледі. Трийодтирозин белсенділігі жөнінен тироксиннен 5-6 есе күшті, ал ағзадағы айналым жылдамдығы 2-3 есе тез. Сау адамның қанындағы Т4-нің концентрациясы 53-158 ммоль/л, ал Т3-нің мөлшері 1,0-3,0 ммоль/л шамасында. Бірақ, қалқанша без гормондарының бір-бірін толықтырып отыратын биологиялық қасиеті екеуі де болған жағдайда ғана жүзеге асады. Қалқанша бездің гормондық қызметін орталық нерв жүйесі гипоталамус-гипофиздік жүйе арқылы бақылайды. Бұл жүйелердің өзара қарым-қатынасы кері байланыс механизмі арқылы жүзеге асырылады. Гипоталамус тиреотропин-рилизинг-гормон (ТРГ) бөліп, гипофизде тиреотропты гормонның бөлінуін күшейтеді. Тиреотропты гормон қан арқылы қалқанша безге жетіп, оның өсуін, қызметін басқарады. Бірінші кезеңде қалқанша без йодты қармайды және пероксидаза оны тотықтырып молекулалық йодқа айналдырады. Екінші кезеңде тирозинйодиназа тирозинді йодтап монойодтирозин мен дийодтирозин түзіледі. Монойодтирозин де, дийодтирозин де тироеглобулиннің құрамында болады. Үшінші кезеңде монойодтирозин мен дийодтирозин молекулаларының қосылуы (конденсациясы) нәтижесінде биологиялық белсенділігі жоғары тиреоидтық гормондар тироксин мен трийодтирозин түзіледі. Төртінші кезеңде қалқанша без гормондары тиреотроптық гормонның әсерінен қанға бөліне бастайды. Өз кезегінде қалқанша без гормондары тиреотроптық гормонның концентрациясын реттеуге қатысады. Бұл құбылысты физиологияда плюс-минус өзара әсерлесу деп атайды. Орталық басқару жүйесінен басқа қалқанша без қызметін басқарудың шеткілік (перифериялық) механизмдері де бар. Бұл жүйеде негізгі рольді тиреостимуляциялаушы иммуноглобулиндер атқарады. Олардың әсері тиреотроптық гормондардың әсеріне ұқсас. Қалқанша без қызметіне сыртқы ортаның қоздырушы әсерлерінің де, сондай-ақ кейбір дәрілердің де (аспирин, дифенин, йодқұрамды рентгендік анықтағыш (контрастты) заттардың және т.б.) ықпалы бар. Тироксин (Т4) мен трийодтирозин (Т3) су-тұз, ауа алмасуда үлкен роль атқарады, көмірсулардың бөлінуін күшейтеді. Тиреоидтық гормондар қанға аз бөлінген жағдайда нәруыз синтезі күшейеді, ал көп мөлшерде бөлінсе олардың ыдырау процестері жеделдейді. Тироксин (Т4) мен трийодтирозин (Т3) майлар мен көмірсулардың алмасуына да әсер етеді. Олар көмірсулардың (глюкоза, галактоза) ішекте сіңірілуін, жасушаларда қайта өңделуін күшейтеді, гликогеннің ыдырауын жеделдетіп, олардың бауырдағы мөлшерін азайтады, қандағы холестериннің деңгейін төмендетеді. Маңызды биологиялық процестер – тіндердің өсуі, дамуы, даралануы қалқанша без гормондарына тәуелді. Тиреокальцитонинді парафолликулдық жасушалар өнімдейді. Олар қанға бөлініп кальций мен фосфор алмасу процестерін реттеуге қатысады. Кальцитонин әсер ететін нысана-ағза - сүйектік тін. Бұл гормонның басты әсері – гипокальциемия және гипофосфатемия. Кальцитонин қалқанша маңы бездері бөлетін паратгормонның қарсыласы (антагонисті). Қалқанша без ауруларының жіктелесі (классификациясы). Отандық және шетелдік медициналық әдебиеттерде қалқанша без ауруларының сан түрлі топтамалары келтіріледі. Хирургиялық емдеу тұрғысынан алғанда 1964 ж. О.В.Николаев ұсынған жіктеліс ұтымды саналады. І. Қалқанша бездің іштен туа пайда болған ақаулары: А) Аплазия және гипоплазия (әдетте гипотиреозбен немесе миксидемамен қосарланады); Б) Қалқанша бездің эктопиясы (тілдегі, тіл астындағы аберранттық жемсаулар пайда болады); В) Тіл-қалқанша өзегінің бітелмеуі (жыланкөздер, жылауықтар дамуы ықтимал). ІІ. Эндемиялық жемсау: А) Қалқанша бездің ұлғаю дәрежесіне сәйкес – 0, І, ІІ, ІІІ, ІV, V дәрежелері; Б) Пішініне (формасына) байланысты - диффузды (жайылмалы), түйінді, аралас; В) Қызметіндегі өзгерістерге байланысты – эутиреоидты, гипертиреоидты, кретинизм белгілері бар гипотиреоидты жемсау; ерекше топқа қалқанша бездің уытты (токсикалық) аденомасы жатқызылады; ІІІ. Кездейсоқ (спорадикалық) жемсау – дәрежесіне, пішініне және қызметіне байланысты эндемиялық жемсау секілді бөлінеді. ІV. Диффузды токсикалық жемсау (жайылмалы уытты жемсау), ауырлық дәрежесіне байланысты: А) жеңіл; Б) орташа қатаңдықтағы; В) ауыр дәрежелі. V. Гипотиреоз, ауырлық дәрежесіне байланысты: А) жеңіл; Б) орташа қатаңдықтағы; В) ауыр дәрежелі. VІ. Қалқанша бездің қабынбалы дерттері: А) Жедел тиреоидит және струмит; Б) Жеделдеу (подострый) тиреоидит; В) Созылмалы тиреоидит (Ридельдің фиброзды тиреоидиті, Хашимотаның лимфоматозды тиреоидиті); Г) Сирек кездесетін қабынбалы дерттері: туберкулез, мерез, саңырауқұлақтық, паразитарлық дерттер (актиномикоз, эхинококк және т.б.). VІІ. Қалқанша бездің жарақаттары: А) ашық; Б) жабық; VІІІ. Қалқанша бездің қатерлі ісіктері (обыр, саркома, метастазданушы аденома (Лангханс жемсауы), гемангиоэндотелиома және т.б. Қалқанша бездің көлемінің ұлғаюын бірнеше дәрежеге бөледі. Кең таралғаны және үйреншікті жіктелісі төмендегідей: 0 – қалқанша без сипап қарағанда білінбейді немесе әзер анықталады; І – қалқанша без сипағанда айқын білінеді, бірақ жұтынғанда көрінбейді; ІІ – қалқанша без сипағанда білінеді, жұтынғанда көрінеді; ІІІ – ұлғайған қалқанша без қарағанда жақсы көрінеді; ІV – қалқанша без мойынның конфигурациясын едәуір өзгерткен; V – қалқанша без өте ұлғайған, мойынның алдыңғы бетін толық алып тұрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған жіктеліс (2001 ж.) бұдан өзгешелеу: 0 дәрежесі – Жемсау жоқ; қалқанша бездің бір бөлігінің көлемі зерттелушінің бас бармағының тырнақ бунағының көлемінен аспайды; І дәрежесі – Қалқанша безді сипап анықтауға болады, бірақ без мойынды қалыпты жағдайда ұстағанда көрінбейді. Қалқанша бездің көзге көрінетіндей ұлғаюы жоқ. Түйінді жемсаудың қалқанша бездің көлемін үлкейтпейтін жағдайлары да осыған жатады; ІІ дәрежесі – Мойынның қалыпты жағдайында жемсау анық көрінеді. Қалқанша без ауруларының диагностикасы. Науқастарды тексеру клиникалық, зертханалық, құрал-аспаптық зерттеу әдістерінен тұрады. Науқастардың шағымдарын екі топқа бөлуге болады: бірінші топ: қалқанша бездің функциясының бұзылуына байланысты; екінші топ – қалқанша бездің көлемінің ұлғайып іргелес ағзаларды қысуына байланысты шағымдар. Науқастар мойынның алдыңғы беткейіндегі ісік тәрізді түзіліске, жұтынғандағы кедергіге, құрғақ жөтелге, дауысының қарлығуына шағымданулары мүмкін. Анамнез жинастыру барысында науқастың тұрғылықты жерін, ауа райының ерекшеліктерін де (жаңбырлы, таулы аймақтар) анықтау қажет, себебі бұл жағдайлар жемсаудың эндемиялық табиғатын анықтауға көмектеседі. Жемсау диагнозы анықталса, одан қатерлі ісіктің дамуы мүмкін екендігін есте сақтау керек. Жас кезінде, бозбала шағында бас, мойын аймағына қатерлі, қатерсіз ісіктерге байланысты сәулелік ем (радиотерапия) жүргізілген науқастарда қалқанша бездің қатерлі ісіктеріне күдіктенуге болады. Егер науқастың ата-анасында, туған-туысқандарында көптеген эндокриндік неоплазия жаңаөспелерінің 2-ші түрі – Сиппл (КЭН-2), Кауден, Гарднер синдромдары, сонымен қатар тоқ ішектің жанұялық аденоматозды полипозы секілді дерттер анықталған жағдайда науқасты қалқанша без обырының қауіп-қатер тобына жатқызу қажет. Объективті тексеру барысында қалқанша без аймағын тік бағыттан және бүйірінен мұқият қарау керек. Бездің тек ұлғаюын ғана емес, жұтынған кездегі жылжымалылығының ерекшеліктерін де бағалаған жөн. Қалқанша без үстіндегі терінің қызаруы, ісінуі тиреоидитке тән белгілер. Бірақ, уытты (токсикалық) жемсауда да кездесуі мүмкін. Мойынның және кеуде қусының алдыңғы беткейіндегі терастылық веналардың кеңеюі және білеуленуі, бетінің ісінуі төсартылық жемсаумен магистральды веналардың қысылуының (компрессиясының) белгілері. Қалқанша бездің қатерлі ісігі симпатикалық ганглийді қысқан жағдайда Бернар-Горнер синдромы дамиды: птоз, миоз, энофтальм. Пальпация кезінде қалқанша бездің көлемін, консистенциясын, жылжымалылығын, қоршаған тіндермен байланысын, ұлғаю дәрежесін анықтау қажет. Паравазалдық, паратрахеалық және бүйірлік үшбұрыштардағы лимфатүйіндерді тексеріп, мүмкін деген метастаздарды жоққа шығару немесе дәлелдеу керек. Зертханалық диагностика. Қалқанша бездің гормондық статусын және гормон бөлу процестерінің бұзылу дәрежесін бағалау үшін тироксин (Т4) мен трийодтирозиннің (Т3); ТТГ-ның және кальцитониннің қандағы концентрациясын иммуноферменттік және радиоиммундық зерттеу әдістерінің көмегімен анықтайды. ТТГ гипофиздің алдыңғы бөлігі өнімдейтін, қалқанша бездің Т4, Т3 гормондарын бөлуіне ықпал ететін гликопротеид. ТТГ-ның қандағы концентрациясы қалқанша бездің функционалдық жағдайының көрсеткіші. Қалыпты көрсеткіштері – 0,25-3,5 мЕд/л. Бос Т4 - тетрайодтирониннің нәруызбен байланыспаған фракциясы. Т4 гормонының 99,6 %-ы нәруызбен байланыста болғандықтан, Т4 гормонның концентрациясын анықтау қалқанша бездің гормондық статусын бағалаудың сенімді әдісі. Жалпы Т4 – қалқанша бездің негізгі өнімі, гипоталамус-гипофиз-қалқанша без жүйесінің өзара байланысындағы басты «кейіпкер». Қалыпты көрсеткіштері 10 жастан асқан балалар мен ересектерде – 65-155 нмоль/л, жүктіліктің ІІ-ІІІ тоқсанындағы (триместріндегі) әйелдерде – 79-227 нмоль/л. Жалпы Т3 қалқанша бездің гормондарының нысана-ағзаларға әсерін бақылайтын негізгі гормон. Т3 қалқанша безден тыс жерде, негізінен бауырда Т4 гормонның ферменттік йодсыздану нәтижесінде түзіледі. Қалқанша безде Т3 гормонының 20%-ы ғана өнімделетін болғандықтан, оның қандағы концентрациясы анығында қалқанша бездің емес, басқа шеткі (перифериялық) ағзалардың қызметін бейнелейді. Қалыпты көрсеткіштері 10-15 жастағы балаларда – 1,23-3,23 нмоль/л, ересектерде – 1,17-2,18 нмоль/л. Тиреоглобулин – тириеоциттерде көп мөлшерде өнімделіп, тиреоидтық фолликулдың коллоидында жианқталатын гликопротеин. Тиреоглобулиннің бөлінуіне ТТГ, қалқанша безде йодтың жетіспеушілігі және тиреоидстимуляциялаушы иммуноглобулиндер ықпал етеді. Тиреоглобулиннің қандағы концентрациясын динамикада анықтау жетілу дәрежесі жоғары (дифференциацияланған) қалқанша без обырының қайталануы (рецидиві) мен метастаздануын анықтауға, сонымен қатар радиойодтерапияның нәтижелілігін, тиреотоксикоздың ауырлық дәрежесін және оны емдеу нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді. Қалыпты көрсеткіштері 1,4-74,0 нг/мл. Кальцитонин – қалқанша бездің парафолликулдық С-жасушалары өнімдейтін гормон. Кальцитониннің әсерінен гипокальциемия дамиды және паратиреоидтық гормонмен бірге қандағы кальций мен фосфордың концентрациясын реттеп, тұрақты деңгейде ұстайды. Кальцитониннің деңгейінің жоғарылауы қалқанша бездің медуллалы обырының маңызды белгісі. Қалыпты көрсеткіштері – 0-10 нг/мл. Қанның иммунологиялық көрсеткіштері. Бұл әдісте қан сарысуындағы тиреоглобулинге, тиреоидтық пероксидазаға (ТПО) және ТТГ рецепторларына қарсы антиденелерді анықтайды. Әдіс пассивті гемагглютинация реакциясының көмегімен жүзеге асырылады. Қалыпты жағдайда тиреоидтық пероксидазаға қарсы антиденелердің титрі 30 мЕд/мл-ден төмен. Қалқанша бездің аутоиммундық дерттерінде тиреоидтық пероксидазаға қарсы антиденелер сезімталдығы жоғары маркерлер болып саналады. Бұл антиденелер аутоиммундық тиреоидитпен сырқаттанған науқастардың 90-95%-ында, диффузды токсикалық жемсауға шалдыққандардың 80%-ында, ал қалқанша бездің аутоиммундық емес дерттерімен ауыратындардың 15-20%-ында анықталады. Тиреоглобулинге қарсы антиденелер аутоиммундық тиреоидитке шалдыққан науқастардың 70-80 %-ында, диффузды токсикалық жемсаумен сырқаттанатындардың 30-49 %-ында, ал аутоиммундық емес дерттерде 10-15 %-дық жиілікте кездеседі. Қалыпты жағдайда тиреоглобулинге қарсы антиденелердің титрі 100 мЕд/мл-ден аспайды. ТТГ рецепторларына қарсы антиденелер деңгейі қалыпты жағдайда 2 мЕд/л-ден жоғары болмайды. Бұл антиденелерді сезімтал биологиялық әдістерді қолданып диффузды токсикалық жемсаумен ауыратын науқастардың 90 %-ның қан сарысуында табуға болады. Карциноэмбрионалдық антиген қалқанша без медуллалы обырының маркері, ал RET-проонкоген көптеген эндокриндік неоплазияның (КЭН) генетикалық маркері болып табылады. Құрал-аспаптық зерттеу әдістері. Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ). УДЗ – қалқанша бездің көлемін, құрылымын, қан айналым ерекшеліктерін, маңайлас лимфатүйіндердің жағдайын үлкен дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін әдіс. Қалыпты жағдайда қалқанша бездің көлемі әйелдерде 18 мм-ден, ал еркектерде 25 мм-ден аспайды. Қалыпты қалқанша бездің орташа эхогендік тығыздығы 15,5 Ед. Өзгерістер жоқ қалқанша бездің УД-тық белгілері: - қалыпты орналасқан; - шекарасы айқын және біркелкі; - эхогендік тығыздығы орташа; - эхо-құрылымының біртектілігі. Сцинтиграфия. Басқа әдістерге қарағанда сцинтиграфияның (сканерлеу) мүмкіндігі артықтау – бір мезетте бездің топографо-анатомиялық ерекшеліктерін (орналасқан жерін), пішінін, қосымша тіндерді (аберрантық), құрылым бұзылыстарын және функционалдық белсенділігін анықтауға мүмкіндік береді. Сцинтиграфияға көрсетімдер мынадай: - қалқанша бездің функционалдық тәуелсіздігіне күмән; - қалқанша бездің функционалдық тәуелсіздігі мен диффузды токсикалық жемсаудың арасында айыру диагнозын жүргізу; - Төс сүйекартылық жемсау; - Операцидан кейін түйінді (көп түйінді) жемсаудың қайталануы; - Қалқанша бездің обырына жасалған операциядан кейінгі динамикалық бақылау барысында метастаздарды анықтау мақсатында. Сцинтиграфияға қарсы көрсетімдер: - жүктілік - бала емізу; Сцинтиграфия үшін йодтың радиоактивті изотопын (131І) және технецийді (99Тс) қолданады. Дені сау адамда қалқанша без көбелек немесе таға пішіндес болады, төс ойығынан 2-3 см жоғары жерде орналасады. Радиофармпрепараттары екі бүйірлік бөлікте де біркелкі таралуы тиіс. Токсикалық жемсауда қалқанша без изотопты шамадан тыс көп сіңіреді, ал гипотиреозда кескіндеме солғын болады. Түйінді жемсауда: изотоп тек түйінге жинақталады («ыстық түйін»), бірақ қалыпты тіндерге қарағанда баяу («жылы түйін»); түйін изотопты сіңірмейді («салқын түйін»). «Салқын түйіндер» арасында қалқанша без обырлары кездеседі, ал «ыстық түйіндер» токсикалық аденоманың немесе фолликулды обырдың белгісі болуы мүмкін. Мойынның және көкірекортаның өңешті анықтағыш затпен қарайтын рентгенографиясы. Қалқанша бездің төссүйек артына ену, өңеш пен кеңірдектің ығысу және қысылу дәрежесін, рентгенконтрастты кальцинаттарды анықтауға мүмкіндік береді. Компьютерлік томография – пальпация кезінде білінбейтін түзілістерді анықтауда, жемсаудың көкірекортаға таралуын бағалауда мүмкіндігі зор әдіс. Таңдаулы тәсіл – венашілік контрасттаумен қосарланған мультиспиральді компьютерлік томография. Оның қалқанша бездің патологиясының түрін анықтауда, іргелес тіндерге ену (инвазия) белгілерін табуда диагностикалық мүмкіндігі зор. Селективтік ангиография – соңғы кезде инвазивтігіне және қауіпті асқынуларына байланысты сирек қолданылады. Компьютерлік томография кең етек ала бастаған сайын артериография маңызын жоғалтып келеді. Термография. Бұл әдіс организмнің жылу өрісін анықтауға негізделген. Басқа әдістермен қосарлап ағзаның зат алмасу (метаболика) процестеріне тәуелді жылу бөлуін анықтауға болады. Тиреотоксикозда термограммада жайылған немесе ошақты (токсикалық аденомада) гипертермия анықталады. Тұрақты гипотермия аутоиммундық тиреоидитте және гипотиреозда байқалады. Морфологиялық диагностика. Операцияға дейінгі морфологиялық зерттеу әдістерінің арасында кең таралғаны - жіңішке инелік пункциялық биопсия (аспирациялы және аспирациясыз). Бұл әдіс трепан-биопсия мен штифтік биопсияға қарағанда аз жарақатты. Әдістің ұтымды жақтарына мыналар жатады: қауіпсіз, пункцияны бірнеше жерден жасау, қажет болғанда қайталау мүмкіндігі, қарсы көрсетімдер жоқтығы, емхана жағдайында жасау мүмкіндігі. Қорытынды пункция жасаған дәрігердің ептілігіне, әсіресе, зерттеу жүргізетін цитолог дәрігердің санатына (квалификациясына) байланысты. Бездегі патологиялық ошақты УДЗ анықтап, оның қадағалауымен пункция жасаудың нәтижелері жақсы. Операция кезіндегі морфологиялық диагностика. Ертеректе жиі қолданылатын зерттеу болатын. Бірақ, соңғы кездерде жетілу дәрежесі жоғары (дифференциациясы жоғары) қалқанша без обыры мен қалқанша бездің қатерсіз ісіктерін айыруда бұл әдістің сезімталдығы мен спецификалылығы (арнамалылығы) төмен екені дәлелденді. Сондықтан, қазіргі кездегі диагнозды толық анықтаудың негізгі әдісі – операциядан кейінгі жоспарлы гистологиялық зерттеу. Бірақ, бұл жағдай хируругиялық операциялардың заманауи тактикасына қайшы. Сол себепті, диагностиканың операцияға дейінгі морфологиялық тәсілдерін және операция кезіндегі экспресс-диагностиканың сезімтал әдістерін ойластыру қажет. Операция кезіндегі лазерлік аутофлуоресценттік спектроскопия. Бұл соңғы кезде ұсынылған жаңа зерттеу әдісі. Оның негізгі мәні – эндогендік порфириндердің флуоресценциясын тіркеу. Эндогендік порфириндер қалқанша бездің патологиялық құрылымдарында өзгермеген тіндермен салыстырғанда анағұрлым көп деңгейде. Флуоресценцияны арнаулы аппарат – спектроанализатормен тексереді. Түйінді коллоидты жемсауда максимальдық флуоресценцияның қарқыны қалыпты жағдайдағыдан 1,7-2 есе жоғары. Қатерлі ісіктерде флуоресценцияның тек қарқыны ғана емес, спектрдің пішіні де өзгереді. Спектроскопияның қорытындысы операциядан кейінгі жоспарлы гистологиялық зерттеудің ұйғарымдарына толық сәйкес келеді. Сондықтан, операция кезіндегі спектроскопия қалқанша без патологиясының ерекшелігін, морфологиялық түрін анықтауға мүмкіндік беріп, ақырында операцияның адекватты көлемін жасауға оңды ықпалын тигізеді. Операциядан кейінгі гистологиялық зерттеу – морфологиялық диагностиканың ақырғы тәсілі. Бұл зерттеу әдісінің құндылығы төмендегі антиген-антидене иммунологиялық реакциялар жасаған жағдайда арта түседі: • эпителийлік жарғақтық (мембраналық) антигенге (ЕМА); • карциноэмбрионалдық антигенге (СЕА) • мезенхималық антигендерге, веминтинге, десминге, мускулспецификалық антигенге (МSА) және VІІІ фактормен байланысқан антигенге (FVІІІ: RAC); • эндокриндік маркерлерге: тиреоглобулинге, хромогранинге (Cg), кальцитонинге; • лимфоцитарлық маркерлерге: жалпы лейкоцитарлық антигенге (LCA); • гистиоцитарлық маркерлерге: ά1-антитрипсинге (ά1-АТ), ά1- антихимотрипсинге (ά1-Achy, KPJ); • меланоцитарлық маркерлерге (НМВ-45); • шванн жасушалық маркерге (S-100 протеин).
|
||
|
Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 57; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы! infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.21 (0.01 с.) |