Заглавная страница Избранные статьи Случайная статья Познавательные статьи Новые добавления Обратная связь FAQ Написать работу КАТЕГОРИИ: ТОП 10 на сайте Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрацииТехника нижней прямой подачи мяча. Франко-прусская война (причины и последствия) Организация работы процедурного кабинета Смысловое и механическое запоминание, их место и роль в усвоении знаний Коммуникативные барьеры и пути их преодоления Обработка изделий медицинского назначения многократного применения Образцы текста публицистического стиля Четыре типа изменения баланса Задачи с ответами для Всероссийской олимпиады по праву
Мы поможем в написании ваших работ! ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?
Влияние общества на человека
Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрации Практические работы по географии для 6 класса Организация работы процедурного кабинета Изменения в неживой природе осенью Уборка процедурного кабинета Сольфеджио. Все правила по сольфеджио Балочные системы. Определение реакций опор и моментов защемления |
Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен байланысу формаларыПоиск на нашем сайте СӨЖ
1. А.Байтұрсынов еңбектеріндегі сөз тіркесіне қатысты мысалдарды жинап, саралау. 2. М.Балақаевтың сөз тіркесі туралы тұжырымдарының мәні мен маңызы.
СООЖ
1. Н.А.Баскаковтың “Словосочетания каракалпакского языка”атты еңбегі бойынша ойталқы дайындау. 2. Е.И.Убрятованың “Исследования по синтаксису якутского языка” еңбегін М.Балақаев тұжырымдарымен салыстыра қарастыру. 1-тапсырма. Берілген тіркестердің қайсысы сөз тіркесіне жатады, қайсысы жатпайды? Мен жаздым, маған жазды, хат жазу, жазу әрі оқу, студент қыз, қатты күлу, қонақ күту, қатты кету, қонақ кісі, боз торғай, үйдің қасы, боз кілем, таудың төбесі, әнші бала. 2-тапсырма. Берілген сөз тіркестерін схема бойынша жазып көрсетіңдер Үлгі: үлкен қала /Сын-Зат/, үйге келді /Зат-Етістік/. Күзде келу, жылдам сөйлейді, түнімен ұйықтамады, кішілеу үй, ұлы күйші, біздің тау, олардың атына, арбамен жүріп кетті. 3-тапсырма. Схеманы пайдалана отырып, сөз тіркесін құра. Үлгі: Зат3 — Ет үйге келді 1/ Сын-зат; 2/ Зат2 -Ет.; 3/Сан-Зат; 4/Зат4 -Ет; 4-тапсырма. Көп нүктенің орнына ойдан бағыныңқы сыңарын тауып, сөз тіркесін жасаңдар: … келді, … алқап, … суы, … басы, … қала, … жиналды, … барды, … бұлақ, … қыз, … қаламы. 6-тапсырма. Берілген тұрақты тіркестерді сөз тіркесінің бір сыңары етіп, сөйлем құраңыз Бос белбеу, қолды болу, қол жалғау, қан сонар. Түйе үстінен сирақ үйту, айызы қану, “Мақпал қара”, ақ жүрек, апай төс, ала көз, арқа тұту, арқа сүйеу. Ақ теңіз, аспанмен тілдесу, тілі тию, уайым жеу, тісін қайрау. 7-тапсырма.Сөйлемді сөз тіркесіне талдап, басыңқы сыңарының қалай жасалып тұрғанын айтыңыз 1. Елсіз шың, ұлы таудың іші жым-жырт. Өзеннің бірсыдырғы сыбырынан басқа, дүниедегі ұйқы тыныштығын бұзған ешбір естілген дыбыс жоқ. 2. Жалғыз-ақ анда-санда әлдеқайда тау астында жүрген түн құстарының бірқалыпты дауыспен, жүргінші шошытқандай болып, қылғынып айтып қалған сұңқылы естіледі. 3.Ауылдың үлкендері көрсе, жібермейді. Әкемнің дәулеті сол күнде де мол болатын. Сондықтан менің ұрлық қылғанымды барлық ағайын-туысқан иттің етінен жек көретін. /М.Әуезов/. 8-тапсырма.Берілген сөйлемді сөз тіркесіне талдау жасап, бағыныңқы сыңарының қай сөз табынан жасалып тұрғанын айтыңыз. Місе тұтпай көк жеп жердің көркіне, көкірегінде көп арманы бар болды. /Г.З./ Оның қандай еңбектері барын, тек әндерін жазып алғанға місе тұтпай, терең зерттесе ғана, әңгіменің сыры ашылады. /А.Жұб./ Дәрі жөппен ем қылып, өлтірмеуді ойладым./Ж./ Адасқан тәріздімін, жүре алмайтын болдым. Енді сол бұйраттың бір жеріне жатуға ойладым. /С.С./ Өмір бойы мәдениетке, теңдікке, машиналы еңбекке аңсаған қара бұқара, дес өзіне тиген соғысы, колхоз бен қаланы бірдей жасап жатыр./Ғ.Мұст./ 9-тапсырма.Берілген тіркестерді сөз тіркесінің бір сыңары етіп, сөйлем құраңыз Қол шапалақтау, тіс батпау, тіл аузы тасқа, тыр жалаңаш, санын соғып қалу, отқа қарап қалу, місе қылмау, мойнына қою, мидай дала, мауқын басу, маңдай алды, меңзең болу, аза бойы қаза болу, табыстан бас айналу, қуып жетіп, басып озу, ит терісін басына қаптау, жұлдызы қарсы болу. 10-тапсырма.Схема бойынша сөз тіркесін құра Үлгі: Зат2 — Затт.ж (қазақтың жері) 1) Зат3 — Етістік; 2) Есімше — Зат; 3) Сын — Зат; 4) Зат4 — Етістік; 5) Зат6 — Етістік; 6) Үстеу — Етістік; 7) Зат2 — Есімдік; 8) Сын — Зат.
ІІ МОДУЛЬ
Сөз тіркесі және оған ұқсас тұлғалар
Сөз тіркесіне байланысты мәселені оқыту үшін, ең алдымен, сөз тіркесінің табиғатын, өзіндік мәнін ашып алу қажеттігі бірінші орында тұрады. Осындай қажеттілікті шешу үшін, біріншіден, сөз тіркесін өзіне ұқсас тұлғалардан, атап айтқанда, сөйлемнен, атаулы сөйлемнен, атау мәнді тіркестерден, фразеологиялық тіркестерден, түйдекті тіркестерден, сондай-ақ, күрделі сөздерден бөліп алып, өзіндік ерекшеліктерін ашып көрсету қажет болса, екіншіден, сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен формаларын тілдік материалдардың негізінде айқындап алу керек. Сөз тіркесі және номинативті тіркестер. Сөз тіркесі де сөйлем сияқты синтаксистік единица екендігіне ешкім талас туғызбайды, бірақ сөз тіркесі мен сөйлемнің арасында қандай айырмашылық бар деген сұрақ әлі де шешімін таба қойған жоқ. Бұл мәселе — тек түркі тіл білімінде ғана емес, тіпті орыс тіл білімінің өзінде де талас туғызып жүрген жайттардың бірі. В.В.Бабайцева, В.В.Виноградов, А.С.Смирницкий, К.Аханов, Н.А.Баскаков сөз тіркесіне номинативті қасиет тән десе, Ю.В.Фоменко, А.Моисеев, М.Балақаев сөз тіркесінің номинативтілігін жоққа шығарады. В.В.Виноградов: “Сөйлем құрамына ғана және сөйлем арқылы сөз тіркестері коммуникативті құралдарының жүйесіне ене алады. Сөйлемнен тыс, тек соған керекті құрылыс материалы ретінде қаралатын сөз тіркестері сөздер тәрізді болады да, тілдің номинативті құралдарының саласына, заттарды, құбылыстарды, процестерді белгілеу құралдарының қатарына ене алады”-дейді [19]. К.Аханов бұл пікірді қуаттайды. “Сөз тіркестері номинативті сипатқа бұрыннан жасалып қойған, даяр тұрған единицалар ретінде емес, сөздердің тілдік грамматикалық заңдары бойынша тіркесуі арқылы ие болады”[6]. Біздің ойымызша, екі номинативті мәнге ие сөздердің тіркесуінен үшінші бір номинативті мән пайда болады деу - дұрыс емес. Мысалға екі номинативті сөз алайық, ақылды қыз. Осы екеуінің тіркесінен үшінші бір номинативті мән пайда болып тұрған жоқ, жаңа грамматикалық мағына жасалып тұр. Ол — анықтауыштық қатынас. М.Балақаев номинативтілік қасиет туралы өз еңбегінде анық көрсеткен [12]. Ол сөз тіркесінің бәріне номинативтілік мән тән емес екендігін, тек олардың жұмсалу орайында атқаратын қызметі тұрғысынан номинативті деп тануға болатындары бар деп, оған сөз тіркесі құрылысында пайда болған терминдік тұрақты атауларды (социалистік жарыс, қант қызылшасы, темір жол т.б.) жатқызады. Сол сияқты газет, журнал, кеңсе атауларын да номинативті тіркестердің қатарында қарастырады. Ғалым, профессор С.Исаев мұндай тіркестерді атаулық тіркестер деп атауды ұсынады. Тіл білімінде тіркес атаулы екі үлкен топқа бөлініп қарастырылатынын (еркін сөз тіркестері және фразеологиялық тіркестер немесе идиомалық тіркестер) айта келіп, осы екі топтан да айырмашылығы бар тіркестерге тоқталады. Олардың бір-бірінен айырмашылығын мысалдар арқылы салыстыра отырып дәлелдейді де, “… атаулық тіркестердің басыңқы немесе тіркес құрауға ұйтқы болған діңгек сөзі көрініп тұрады… Беретін мағынасы, негізінен, заттың я құбылыстың атауы болғандықтан, оларды атаулық тіркестер деп бөліп отырмыз” дей келіп, ашық хат, аяқ киім, кәмелеттік аттестат, балалар бақшасы т.б. тәрізді тіркестерді атаулық тіркестердің қатарына жатқызады да, “… қазақ тіліндегі атаулық тіркестер жаңа сөз жасаудың да бір көрінісі болып есептелсе керек” деп тұжырымдайды [29]. Сонымен, номинативті тіркестер немесе атаулық тіркестер — еркін тіркестер мен біріккен, кіріккен, сондай-ақ, күрделі сөздер аралығындағы, яғни белгілі бір атауға көшіп бара жатқан тіркестер. Мұндай тіркестерді тұрақталған атаулар деп те айтуға болады. Мысалы: Алматы қаласы, Арал теңізі, опера және балет театры т.б. Бұдан шығатын қорытынды — сөз тіркесіне номинативті қасиет тән емес, ол күрделі сөздерге тән қасиет. Сөз тіркесі және сөйлем. Жалпы сөз тіркесі мен сөйлемнің арасында қандай айырмашылық бар, ол неден байқалады деген сұрақ — әлі де болса толық шешімін таба қоймаған мәселе. Белгілі түркітанушы Н.К.Дмитриевтің сөз тіркесін сөйлемнен айырып тану туралы айтқан пікірлері де тіл білімінде біраз талас тудырды. Әсіресе бастауыш-баяндауыштық қатынаста тұрмаған сөздер табының бәрін сөз тіркесіне жатқызу, байымдауды (суждение) сөйлемнің сөз тіркесінен ажыратушы меже деп тануы біраз дәлелдеуді қажет етеді [17. 202-203]. Байымдауды сөйлемді сөз тіркесінен ажыратушы меже деп тану туралы көзқарастар Н.А.Баскаков еңбектерінде де кездеседі [17.50]. Ғалымның сонымен бірге аталған екі синтаксистік категорияны (сөз тіркесі мен сөйлем) ажыратуда басыңқы сыңардың грамматикалық формасын меже етіп алу керектігі туралы пікірі де бар. Автордың пікірінше, атқа мінді десек - сөйлем, ал, атқа мініп, атқа мінген десек - сөз тіркесі, дәлірек айтсақ, сөз тіркесі болу үшін оның басыңқы сыңары есімше, көсемше тұлғаларынан жасалуы керек. Қазіргі қазақ тіл білімінде предикаттық емес (бастауыш-баяндауыштық) қатынаста тұрған тіркестердің барлығы бірдей сөз тіркесі бола алмайтындығы, байымдаудың грамматикаға емес, логика ғылымына тән екендігі туралы пікірлер орныққан. Сөз тіркесін жан-жақты зерттеген ғалымдардың бірі -Е.И.Убрятова якут тілі синтаксисіне қатысты еңбегінде сөз тіркесінің негізгі түрлерін синтаксистік байланысқа негіздей қарастырады [63.38]. Ғалымның сөз тіркесін “предикативті”, “предикативті емес” деп қарастыруы және т.б. пікірлері, бір жағынан, сөз тіркесін грамматикалық тұрғыдан зерделеуінен туған болса, екінші жағынан, өзіндік қыр-сыры мол тіркес табиғатын тануда сол кезде үстемдік алған көзқарастардың ықпалынан екені айқын сезіледі. Ғалым ұсынған таптастыруды тек синтаксистік тіркестерге қатысты емес, жалпы бір-бірімен грамматикалық байланысқа түскен сөздер тобына қатысты алсақ дұрыс болар еді. Сөйтіп, тіліміздегі тіркеске түсуші сөздердің арасындағы синтаксистік қатынастарды предикативті және предикативті емес деп топтастырсақ, бастауыш пен баяндауыштың қатынасы — сөйлем предикативті қатынасқа, ал сөз тіркесіне тән анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынастар предикативті емес қатынасқа негіз болатынын аңғару қиын емес. Сөйлем, оның ішінде жай сөйлем мен сөз тіркесі өзара ұқсас, бірақ олардың елеулі айырмашылықтары бар. Сөйлем сөз тіркесінен коммуникативті қызметі жағынан ажыратылады. Мынадай мысалдар келтірейік: 1/Марат келді. Ол жазды. 2/ Ауылдан келді, қаламмен жазды. Біріншісі — сөйлем, екіншісі — сөз тіркесі. Сөйлемнің өзіне тән құрылымдық үлгісі болады. Ол — бастауыш, баяндауыштық құрылым. Сөйлемге мұнан басқа мынадай белгілер тән: коммуникативтілік, предикативтілік, интонация, модальділік. Сонымен, сөйлем сөз тіркесінен коммуникативтілік қызметімен, предикативтілік қасиетімен, интонациялық, модальділік белгілерімен ажыратылады. Ал, мұндай ерекшеліктер сөз тіркесінде болмайды. Сөз тіркесін өзге құбылыстардан ажыратуға негіз болатын бірнеше белгілер бар, соның ішінде ең негізгісі — бағыныңқы, басыңқылық қасиет. Осы тұрғыдан предикативтілік қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарына жатқызамыз ба деген сұраққа тіл мамандары осы уақытқа дейін әр түрлі жауап беріп келеді. Бұл жайында О.С.Ахманова былай дейді: “Байланыстың негізгі үш түрі — атрибутивті, комплективті және предикативті түрлерінің ішінен біріншісі әрқашан да сөз тіркесін тудырады; байланыстың екінші түрі өздерінің тығыз байланысты формаларында ғана сөз тіркесін туғызады, үшіншісі оны (сөз тіркесін) ешқашан да тудыра алмайды” [5. 454-455]. Мұндай пікірді жақтаушылар предикативті қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарында қарамай, предикативті конструкция немесе предикативті тізбек деп есептеп, бұларды сөз тіркесінің синтаксисі емес, сөйлемнің синтаксисі деп тану керек дейді. М.Балақаев мұндай көзқарасты құптамайды: “Сөйлемді сөйлемдік қасиеттеріне қарап, сөз тіркестерін де өзіндік қасиеттеріне қарап танып, мысалы жазық дала дегенді сөз тіркесі деп танысақ, атқа мінді дегенді әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі деп қарау керек”, - дейді [12,94]. К.Аханов жоғарыда сөз болған белгілі түркітанушылардың көзқарасына сүйенген Балақаевтың пікірін теріске шығара келіп былай дейді: “…бір ғана құбылысты (атқа мінді) әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі деп қарау сөйлем мен сөз тіркесінің жігін ажыратпауға, оларды бір-бірімен араластырып жіберуге әкеп соғады” [6. 385]. Біздің ойымызша, атқа мінді деген – сөйлем емес, сөз тіркесі. Өйткені мұнда сөйлемге тән бастауыш, баяндауыштық құралымдық үлгі, предикативтілік, модальділік, интонациялық қасиет жоқ, меңгерудің бағыныңқы байланысына тән тәуелді септік тұлғасы бар. Ал жоғарыдағы жазық дала тіркесі тек сөйлем ішінде ғана сөз тіркесі болады да, жеке тұрған кезде атаулы сөйлем болады. Мәселен, жазық дала типтес егіс даласы дегенді алалық. Егіс даласы. Жайқалған алқап көз тартады. Комбайндар егіс даласында сап түзеп барады деп алсақ, осындағы бірінші сөйлемдегі “егіс даласы” атаулы сөйлем, ал екіншісі - сөз тіркесі. Себебі, атаулы сөйлемдердің мазмұны осы шақтағы болмысты, құбылысты білдірумен байланысты болады. Атаулы сөйлем көбінесе мезгілді, айналамыздағы табиғат құбылыстарын, заттардың сол заттық бейнелі қалпын айтуға арналады. Ал сөз тіркесі сөйлемнен тыс қолданылмайды, ол тек сөйлем ішінде танылады. Кез келген сөздер тіркесі атаулы сөйлем бола алмайды. Атаулы сөйлем болу үшін оның айтатын ойға қатысы болу керек. Өзінен кейін келетін атаулы емес сөйлеммен мезгілдес, сабақтас болуы шарт. Сондықтан газет-журналдың, мекеменің маңдайшасына жазылған атаулар атаулы сөйлем бола алмайды. Мұндай тіркестерді кейінгі кезде ғалымдар “атаулық тіркестер” деп атап жүргенін айттып кеттік. Сөз тіркесі және фразеологиялық тіркестер. Сол сияқты фразеологиялық тіркестер де еркін сөз тіркесінің қатарына жатпайды, өйткені фразеологиялық тіркестер грамматикалық мағынаны емес, басқа бір лексикалық мағынаны білдіреді, орны жағынан тұрақты, бір ғана сұраққа жауап береді, өзге тілге сөзбе-сөз аударуға көне бермейді. Еркін сөз тіркесі құрамындағы сөздер бірігіп келіп, басқа бір лексикалық мағынаны емес, грамматикалық мағынаны, яғни анықтауыштық, пысықтауыштық, толықтауыштық қатынасты білдіреді. Сөз тіркесінің әрбір сыңарларының арасындағы байланыс анағұрлым еркіндеу болады. Бірақ бұл еркіндіктің де шегі болады. Ал фразеологиялық тіркестің сыңарларының арасындағы байланыс бекем болады. Еркін сөз тіркесі сөйлеу кезінде жасалса, фразеологиялық тіркестер бұрыннан даяр тұрған қалпында қолданылады. Сол сияқты фразеологиялық единицалардың бір қатарының негізі еркін сөз тіркестеріне келіп тіреледі, басқаша айтқанда, еркін тіркестер көптеген тұрақты тіркестердің жасалуына ұйтқы болады. Мұны көптеген тұрақты тіркестердің еркін сөз тіркестері модельдері негізінде жасалғандығы, әрі ондай құбылыстың осы уақытқа дейін сақталғандығы қуаттайды. Салыстырып көрелік: етпетінен жату – етпетінен түсу; зат көру - қол көру (ойын); жіп жалғау – жүрек жалғау т.б. Осылардың алдыңғылары – еркін сөз тіркестері де, соңғылары – тұрақты тіркестер, яғни тұрақты тіркестер еркін сөз тіркестерінің құрылымдық үлгілері негізінде жасалып тұр. Күрделі сөздер тәрізді тұрақты сөз тіркестері де сөйлеу кезінде жасалмай, бұрыннан даяр тұрған қалпында сөз тіркесінің немесе сөйлемнің құрамына келіп енеді. Тұрақты тіркестердің бір ерекшелігі – олардың тұтасымен бір ғана лексикалық мағынаны білдіретіндігі. Ал еркін сөз тіркестерінің әрбір сыңарлары дербес мағынаға ие. Тұрақты тіркестердің тағы бір ерекшелігі - құрамындағы сөздердің орны жағынан тұрақты болып келуі. Сондықтан да тіркес сыңарларын басқа бір сөздермен ауыстыруға болмайды, ауыстырған жағдайда олар тұрақты тіркес болудан қалады. Ал еркін сөз тіркестерінің сыңарларын орны жағынан ауыстыруға болады, одан грамматикалық мағынаға нұқсан келмейді, мәселен, ақ қағаз тіркесін, сары қағаз, қара қағаз, жасыл қағаз т.б. деп алмастыра беруге болады, өйткені бұл тіркестердің барлығы анықтауыштық қатынаста жұмсалып тұр. Бірақ кез келген сөзбен ауыстыра беруге болмайды, бұл жерде ескеретін бір жайт - тіркес негізге алынады. Сонымен бірге лексикалық тұрғыдан да байланыс болуы қажет. Синтаксистік сөз тіркесі болу үшін мағына дербестігі міндетті болса, ал фразеологиялық тіркес үшін мұның қажеті жоқ, өйткені тұрақты тіркес құрамындағы сөздер лексикалық мағынасы жағынан не солғындап, не айырылып, сол тобымен өзге бір лексикалық мағынаны білдіретіндей болып қалыптасқан. Тұрақты тіркестер тұтас қалпымен сөз тіркесінің бір сыңарының қызметін атқармаса, өзі дербес тұрып сөз тіркесі бола алмайды. Сөз тіркесі және күрделі сөздер. Еркін сөз тіркестерінің сыңарлары белгілі бір сапаны, іс-әрекетті, белгіні, түрді, түсті білдіреді. Егер сөз тіркестерінің сыңарларының бірі сапаны немесе іс-әрекетті білдіру қасиетінен айырылып, лексикаланып, мағыналық тұрғыдан өзгеріске түссе, мұндай тіркестер сөз тіркестері болудан қалып, фразеологиялық тіркестердің немесе күрделі сөздердің қатарына қарай көшеді. Демек, бұл тіркестердің түпкі тегі - еркін сөз тіркестері. Мысалға бозторғай, қараторғай деген сөздерді алайық. Бұлар тарихи тұрғыдан алғанда, еркін сөз тіркестері болған да, тілдің дамуы барысында лексикаланып, белгілі бір заттың атауына көшкен. Бірақ бозторғай сөзін боз кілем тіркесімен шатастыруға болмайды, боз кілем тіркесіндегі боз сөзі заттың түрін, түсін білдіру мәнінде жұмсалып, өзінің лексикалық мағынасын сақтап, соған орай кілем сөзін анықтап, анықтауыштық қатынаста жұмсалып тұр. Сондықтан да боз кілем тіркесінің құрамындағы сөздер жеке-жеке сұраққа жауап береді, сөйлемнің белгілі бір мүшесінің қызметін атқарады, ретіне қарай тіркес құрамындағы сөздердің орнын ауыстыруға болады. Мәселен, кілем сөзін боз сөзімен емес қызыл кілем деп айтсақ, одан грамматикалық мағына өзгермейді, сол анықтауыштық қатынаста қала береді. Бозторғай тіркесінің бойынан мұндай қасиетті таба алмаймыз, өйткені боз сөзі лексикаланып, анықтауыштық қасиеттен айрылған. Балқия Қасым өз еңбегінде:“… күрделі сөздің қай-қайсысы болмасын, оның көзінде-сөз тіркесі тұрғандығы белгілі. Ең бастысы олардың тіл заңдылығына қалай келіп, қалай жасалатындығында болса керек,-”дейді[38.21]. Сөз тіркесі және сөздердің салалас қатарлары. Тұрақты тіркестер сияқты салаласа байланысқан тіркестер де сөз тіркесі бола алмайды. Салаласа байланысқан тіркестер қатарына әке мен бала, бойжеткен мен бозбала, ақылды да айбатты тәрізді тіркестер жатады. Осы типтес тіркестер тіл білімінде салаласа байланысқан тіркестер немесе сөздердің салалас қатарлары деп аталып жүр. Мұндай тіркестердің ерекшеліктерін сөз тіркесінен ажырату үшін, оның құрылымдық ерекшелігіне назар аударған жөн. Сөз тіркесі өзінің тұйықтылық қасиетімен сипатталады, сөз тіркесі сыңарларының бірінің басыңқы, екіншісінің бағыныңқы болып келу қасиетінен көрінеді. Мысалы биік үй, мектепке келді тәрізділердің бірінші сыңарлары – тәуелді, бағыныңқы мүше де, екінші сыңарлары - ұйтқы, басыңқы мүше. Демек, сөз тіркесін жасауда ұйтқы мүшенің рөлі зор. Сөз тіркесі сөйлем құрамындағы өзге сөздермен басыңқы сыңарлардың тұлғалық өзгерістерге түсуі арқылы байланысады, ал бағыныңқы сыңарлар өзінің бастапқы қалпын сақтап өзгеріске түспейді. Бұл қасиет түркі тілдеріне ғана тән, ол оның артықшылығына емес, ерекшелігіне байланысты. Орыс тіл білімінде бағыныңқы сыңар басыңқы сыңардың ыңғайына қарай жекеше, көпше, септік және тек (род) тұлғасына қарай түрленіп отырады. Ал салаласа байланысқан тіркестерде мұндай ерекшелік жоқ, олар бір-бірімен өзара тең дәрежеде байланысады. Салаласа байланысқан тіркестердің бір ерекшелігі – олардың орнын алмастырып айтуға көнеді, бірақ бұдан салаластық қатар ыдырамайды, жойылып кетпейді. Мысалы, ұл мен қыз, қыз бен ұл - сөйтіп, бұлар сөйлемнің бірыңғай мүшелерін құрайды. Ал сабақтаса байланысқан сөз тіркестерінің сыңарларының орнын бұлай алмастыруға болмайды, өйткені мұндай жағдайда сөз тіркесінің мазмұны мен грамматикалық табиғаты өзгеріп кетеді. Сөз тіркесі және толық мағыналы сөздер мен көмекші сөздер тіркесі. Сөз тіркесінің құрамындағы сөздер өзара сабақтаса байланысуы керек, әрі дербес мағынасы болуы қажет. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, толық лексикалық мағынасы бар сөздер мен көмекші сөздердің (шылаулардың, көмекші етістіктердің, көмекші есімдердің) тіркесі сөз тіркесін құрай алмайды, өйткені көмекші сөздер өзі тіркесіп тұрған сөздердің мағынасын толықтырады, жетілдіреді, бірақ жаңа бір грамматикалық мағына тудыра алмайды, яғни толықтауыштық, анықтауыштық, пысықтауыштық қатынасты білдірмейді, сонымен, сөз тіркесінің құрамындағы сыңарларының әрқайсысының дербес, толық лексикалық мағынасының болуы – сөз тіркесіне тән басты шарттардың бірі. Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, толық лексикалық мағынасы бар сөздер мен көмекші сөздердің байланысы сөз тіркесін құраған, өйткені қазіргі кезде көмекші сөздер деп жүргеніміз - ертеде өзінің лексикалық мағынасы болған сөздер. Олар тілдің дамуы барысында, қажеттілікке орай, көмекші сөздер қатарына қосылған. Осыған байланысты, олар сөз тіркесі болудан қалған, бірақ сөз тіркесіне тән байланысу амал, тәсілін сақтап қалған. Мысалы: үйге дейін, концерттен соң (синтетикалық тәсіл арқылы, меңгеріле байланысқан), көпірдің үсті, үйдің маңы (синтетикалық тәсіл арқылы, матаса байланысқан). Осы тәрізді тіркестер қазақ тіл білімінде түйдекті тіркестер деп аталып жүр. Мұндай тіркестер сөз тіркесі болу үшін, басқа бір лексикалық мағынасы бар сөздермен тіркесуі керек: үйдің маңын тазалау, көк майса, концерттен соң барды т.б. Сөз тіркесі және сөздер тіркесімділігі. Біз ойымызды екінші біреуге жеткізу үшін тіліміздегі сөздерді пайдаланып, тіркестіріп, сөйлемдер құрап, қажетіне қарай пайдаланамыз. Бірақ, мұнда ескеретін бір жайт - кез келген сөзді тіркестіре беруге болмайды. Мысалы, ақылды сөзін тек адамға байланысты ғана айта аламыз, ал ақылды сиыр, ақылды түйе деп айта алмаймыз. Демек, сөздер мағыналық тұрғыдан үйлесімін тапқанда ғана өзара тіркеседі. Мұндай ерекшелік қазақ тіл білімінде сөздердің тіркесу қабілеті немесе сөздердің тіркесімділігі деп аталады. Жоғарыда келтірілген мысалдардан кез келген екі сөздің тіркесімділігі сөз тіркесін құрай бермейтіндігін көреміз. Бұдан шығатын қорытынды, грамматикалық қасиеті жағынан сөздер өзара тіркесе беруі мүмкін. Мысалы: ақылды жер, былтыр барады. Бірақ бұлай қолдануға болмайды. Оның себебі - бұл сөздер лексикалық мағынасы жағынан үйлесімділігін таппаған сөздер. Сондықтан, сөздердің бір-бірімен тіркесе түсуінде лексикалық мағынаның атқаратын қызметі зор. Сонымен, жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келгендегі айтар түйін - әрқайсысы дербес лексикалық мағынаға ие сөз таптарының синтаксистік қарым-қатынасы негізінде сабақтаса байланысқан кем дегенде екі сөздің тіркескен тобы - сөз тіркесі деп аталады. Осы анықтамаға сүйенсек, түйдекті тіркестер, фразеологиялық тіркестер, салаласа байланысқан тіркестер, терминдік тіркестер, бастауыш пен баяндауыштан тұратын тіркестер, тіркес ыңғайындағы атаулы сөйлемдер сөз тіркесінің қатарына жатпайды. Олардың сөз тіркесі қатарына жатпайтындығы тіл фактілері негізінде жоғарыда баяндалды.
СӨЖ 1. Күрделі сөзге қатысты ғалымдардың еңбектеріне талдау жасап, оның сөз тіркесімен ұқсас жақтарын саралап көрсетіңіз. 2. К.Ахановтың “Грамматика теориясының негіздері”/А.,1972 ж/атты еңбегіндегі сөз тіркесінің номинативтілігі жөніндегі пікірлеріне сараптама жасаңыз.
СООЖ 1. С.Исаевтың “Қазақ әдеби тілінің совет дәуірінде дамуы”/А.,1973ж/ еңбегіндегі атаулық тіркестерге байланысты ой-тұжырымдарын талдаңыз. 2. А.Н.Баскаковтың номинативтілік туралы ойларын К.Ахановтың пікірлерімен салыстырыңыз. /Словосочетания в современном турецком языке. М., 1974г./
1-тапсырма. Берілген ұқсас тұлғаларды сөз тіркесінің бір сыңары етіп, сөйлем құраңдар. Су жүрек, терісіне сыймау, мұрнына су жетпеу, көзді ашып жұмғанша, құрал-сайман, ел-жұрт, кетіп қалды, ауылдың маңы,ит өлген жер, көзі ашылды, тайға таңба басқандай, салы суға кетті 2-тапсырма. Төмендегі текстен сөз тіркесін және оған ұқсас тұлғаларды тауып жаз. Зылиқа жұмған аузын ашпады. /Ғ.Мұст./. Елі жоқ — жер жетім, Ері жоқ — ел жетім. /Мақал/ Біреу келсе, бетімнен отым шығады. /Ғ.Мұст./. Мен де жаңадан кірісіп, ақсақалдармен таныса алмай жатырмын. /Қ.Жұмаділов/. 3-тапсырма. Сөз тіркесін бір бөлек, тұрақты сөз тіркесін бір бөлек көшіріп жазыңдар Көзім ашылды, ауыр жаза, қырғи қабақ, қызыл алма, үйдің қабырғасы, қабырғаңмен кеңес, ауылдың қасы, үлкен сенім, тізе бүкпеу. 4-тапсырма. Күрделі сөз бен тұрақты сөз тіркесінің бағыныңқы не басыңқы сыңары қылып сөйлем құра. Мойны жар бермейді, ақсақал, инемен құдық қазғандай, сары ала, отыз жеті, төбесі көкке жету. 5-тапсырма. Момын, қорқу, шаршау, қорқақ, алыс, іскер (шебер) адам тәрізді сөздердің тұрақты тіркестер арқылы жасалған синонимін тауып, сөйлем құраңыз. 6-тапсырма. Төмендегі тіркестерден еркін сөз тіркесін бір бөлек, тұрақты сөз тіркестерін бір бөлек көшіріп жазыңдар Ашық ауыз адам, қызыл алма, кең көше, төбе шашы тік тұрды, биік үй, мұрын шүйірді, жас қыз, бесіктен белі шықпай. 7-тапсырма. Берілген күрделі сөздерді сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары етіп, сөз тіркесін құраңдар. Сексен бес, қара көк, ақ сары, ақсақалды, кетіп қалды. 8-тапсырма. Сөйлемнен күрделі сөзді табыңдар Қара торы қызды алыстан байқаған едім. Жиырма төрт сағат бойы бір тоқтамайды. Бес-алты күннен кейін ауылға кетіп қалады. 9-тапсырма. Тұрақты сөз тіркесін тауып, оның қандай мағына беріп тұрғанын айтыңдар Оның әкесі қой аузынан шөп алмайтын адам еді. Жұмыстан салы суға кетіп келді. Өмір бойы ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. 10-тапсырма. Меңгеріле байланысқан сөз тіркесін тауып, қай септік арқылы байланысқанын айтыңдар Абай ұзақ телеграмманы баяу оқып шықты. Көп көрмелерде бестен-оннан тізілген ерттеулі аттар тұр. Қайықтан Сейіл түсіп болғанша, бұлар да су жағасына жетті. Ауыл қыстауға қонғаннан бері, Абай өзі Некрасовты ерекше пейіл бере оқыды /М.Ә./. ІІІ МОДУЛЬ
Сөз тіркесін топтастыру
Сөздердің бір-бірімен тіркесуі әрбір грамматикалық топтағы сөздердің мағыналық сиымдылығы мен грамматикалық сипатына негізделеді. Мәселен, сын есім заттың сынын, сапасын білдіретіндіктен, көбінесе зат есіммен тіркеске түседі, үстеулер қимылға тән сапаны білдіретіндіктен, етістіктермен тіркесуге бейім тұрады. Нәтижесінде, сөз тіркесінің белгілі бір үлгілерін құрайды. Мәселен, үстеу+етістік, зат есім+зат есім, сын есім+зат сеім, сан есім+зат есім т.б. Сөз тіркесін сөз таптары негізінде қарамай, сөйлем мүшелері негізінде қарау орын алып келді. Мұндай көзқарас осы кезде де некен-саяқ болса да бой көрсетіп қалады. Бірақ ғалымдардың көпшілігі сөз тіркесін сөйлем мүшелері негізінде қарау, оның синтаксистік ерекшеліктерін елемей, сөйлемнің синтаксисімен араластырып жібереді, сондықтан сөз тіркесін сөз таптары негізінде қарау керектігін ұсынады. Тіл фактілері де сөз тіркесін сөйлем мүшелері негізінде емес, сөз таптары негізінде топтастыруды қажет етеді. Сондықтан сөз тіркесін топтастыруда алдымен оның басыңқы сыңарының қай сөз табынан, оның грамматикалық табиғатын айқындау мақсатында бағыныңқы сыңарының да қай сөз табынан жасалғандығы негізге алынады. Сөз тіркесі синтаксисі есімді тіркестер мен етістікті тіркестері, ортақ басыңқылы т.б. деп бөліп қарау тәжірибесі осы негізге сүйенген. Алайда сөз тіркесі мәселесі тек оның қай сөз табынан жасалуын анықтаумен шектелмейді, өйткені сөз тіркесі құрамындағы сөздердің байланысу тәсілдері мен формаларын, олардың арасындағы синтаксистік қатынас түрін ажыратудың да өзіндік мәні бар. Осыған орай, тіл білімінде сөз тіркестерін басыңқы сыңарларының қай сөз табынан жасалуына қарай есімді сөз тіркесі және етістікті сөз тіркесі; байланысу формасына қарай: қабыса байланысқан, матаса байланысқан, меңгеріле, жанаса байланысқан сөз тіркестері; байланысу тәсіліне қарай: аналитикалық тәсіл, синтетикалық тәсіл, аналитика – синтетикалық тәсіл арқылы байланысқан; синтаксистік қатынасына қарай: атрибутивтік, объектілік, адвербиальдық қатынастағы тіркестер деп ажыратылады. Жоғарыда айтылған мәселелердің бәрі синтаксистің сөз тіркесі деп аталатын саласының өзіндік қиындығы мен күрмеуі мол, оның сан қырлы аспектілері ашылып, ғылыми орныққан қағидалары басшылыққа алынатынын ұмытпауымыз керек.
СӨЖ 1. Н.З. Гаджиеваның “Основные пути развития синтактической структуры тюркских языков”/М., 1973г./ еңбегіндегі басыңқы, бағыныңқы компонеттер туралы тұжырымдарын сараптаңыз. 2. Н.К.Дмитриевтің “Грамматика башкирского языка”/М.-Л., 1948/еңбегінің мәні мен маңызына ойталқы жасаңыз.
СООЖ
1. Т.Р.Қордабаевтың “Тарихи синтаксис мәселелері” /А.,1963ж./атты еңбегіндегі пікірлеріне талдау жасаңыз. 2. Т.Сайрамбаевтың “Сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі”/А.,1991ж/ еңбегін талдаңыз.
1-тапсырма. Алынған мысалдардың қайсысы есімді тіркес, қайсысы етістікті тіркес екенін ажыратып, әрқайсын бөлек топтап жазыңдар Үміттің де белгісі, теңізге шыққан едім, жаманға жорыдым, үйді дірілдеткен, әдемі айна, қолына ұстап, аспанға ұшты, үйде отыра алар емес, қорқыныш іздері, алтай ағашы, айтылған уақиға. 2-тапсырма.Пысықтауыштық қатынасты білдіріп тұрған сөз тіркестерін көшіріп жазыңыз Күні бойы бұларға Базаралы өз ауылдарының кедейлік қиыншылық күйлерін көп сөйледі. /М.Ә./ Ойға шомып келе жатып, байқамай қалған екенмін, етпетінен құлаған Айдарбектің аяғын басып кеттім. /Б.Мұқ./ Тал түсте үйіне зорға жетті. Бәрі де Нұртаза мен Мұсабайдан төмен отырды. Павловтың бұрыңғы революцияшыл қауымы бұл күнде көп ілгері болып, өзгеріп өрлеп кеткен. /М.Ә./ 3-тапсырма. Келтірілген сөйлемдерден есімді сөз тіркестерін тауып ажыратыңыздар Өткеннің жақсысы, жаманы бүгінгі өлшеуімен өлшенеді. /Ғ.Мұст./ Өз баласы мен өз туысы үшін бір жауап керек. /М.Ә./ Сағынатын кімің бар еді? /С.М./ Маңындағы қырық сегіз болыс қазақ сауда саттығымен, оқу іздеген балаларымен жазы-қысы әуре. /Ғ.Мұст./ Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізді. /М.Ә./ Көше сапырылысқан малдар мен адамдардың дауысынан ың-жың. /С.М./ 4-тапсырма.Төмендегі сөздерді мағынасына қарай байланыстырып сөйлем құраңыз Өзен, жел, жері, шелі, самал, күн, көлбей, зор, сонау, дала, боз, көгілдірленген сәуле, биіктігі, беті, бүркіт, алқызыл, жылдамдық, ай, бес, қырық, дауыл, километр, шақырым, әрең, қасақана, керуен, күн, бойы, ұллу, бұл жайында, асыл, жақын, кеше, қабылдау, бірнеше, алуан. 5-тапсырма.Есімді сөз тіркестерін көшіріп жазыңыз Өтірік сөз жанға қас, өткір пышақ қынға қас. Бөжей өлген күннің ертеңінде тігілген осы қара Бөжейдің өлімі өзге өлімнен ерекше күтілетінін жариялады. Соның шарты: Бөжейге ас берілді, жыл бойы арты қатты қатты күтіледі деген болатын. Қара тіккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арысына ас берем деген ырымын жасады. Қайдағы алыс ел Мұрынға барып, бір айғыр үйір жылқыны тұтас қуып келген айыпкер осы. Сонау алыстан ай бойы жүріп, сұрау салып зорға дегенде, ақадал малының сорабын тауып отырған жолаушылар мыналар. Мұның бірі — бурыл сақалды, кішілеу шегір көзді, зор мұрынды, салмақты адам. Екіншісі — сорағай ат жақты, көселеу келген, өткір көзді, ұзын бойлы қара жігіт. /М.Ә./ 6-тапсырма. Текстен есімді сөз тіркестерін бір бөлек, етістікті сөз тіркестерін бір бөлек теріп жазыңдар Аспалы шамдар, жаңа үй, жақсы көмектесті, Абайдың шыншылдығы, сұрақтар қойылды, саяхатқа шықтық, жылдам жазып отыр, гүлденген ауыл, кең бөлме, жатық сөйлеу, ақ қағаз, жаңа көйлек. 7-тапсырма. Етістікті сөз тіркесін тауып, жазыңдар Сізге сәлем бергелі бұрылдым. /С.М./. Онда Тайман он жыл оқыды. /З.Қабд./ Амантай да бірге келді. /С.М./ Жұрт жапыр-жұпыр атқа мінді. /М.Ә./ Мейрам бой жазуға вагоннан шықты. /Ғ.Мұст./ 8-тапсырма. Есімді сөз тіркесін тауып, қай сөз табынан жасалып тұрғанын айтыңдар Жақсы киім бойға жарасады, Жақсы жолдас ойға жарасады. /Ә.Науаи/ Бағбан жүзімнің дәмін білмейді. /С.Сарайи/ Әкімнің мойны қылшадай, басы таудай. /Ю.Баласағұни/ 9-тапсырма. Толықтауыштық қатынасты білдіріп тұрған сөз тіркестерін теріп жазыңыз Жыр нөсерін төгуден Жан емеспін жалыққан. /Н.Б./ Ертістің сол жағасындағы темір жол көпірі төбеден төне түскендей. /Н.А./ Күнге шағылысқан аппақ қар көзіңді аштырмайды. /Ғ.Мұст./ 10-тапсырма.Анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерін тауып жазыңыз Алдыңғы сапта ұзын бойлы, қара сұр жігіт келеді. /Қ.Ж./ Басында қара көк елтірі папақ, үстінде қайырма жағалы, жалғыз ілпекті түймелі түйе жүн пальто-шапан, етегін дөңгелете басқан күрең сақалды, қоңыр өңді, мұртының алды темекі түтінімен ысталып, күзгі жапырақтай сарғая бастаған, салдырап сөйлейтін ақ көңіл Аббас дәрігер екен. /Д.Ә./ Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, әм ол киімін былғап, былжырап кимей, таза кимек — дұрыс іс. /Абай/ ҮІ МОДУЛЬ Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері туралы да ғалымдардың пікірлері әр түрлі. М.Балақаев сөз бен сөзді байланыстыруға дәнекер болатын синтаксистік тәсілдерге септік, тәуелдік, жіктік, көптік жалғауларын және шылауларды (септеуліктер, жалғаулықтар), сөздердің орын тәртібі мен интонацияны жатқызады да, сөздердің қосымшалар арқылы байланысуын синтетикалық тәсіл, ал қосымшаларсыз орын тәртібі, интонация, шылаулар арқылы байланысуын аналитикалық тәсіл деп қарайды. Р.Әміров синтетикалық тәсілге септік, жіктік, көптік жалғауларын, шылаулар(жалғаулық, септеулік), сөздердің орын тәртібі мен интонацияны аналитикалық тәсілге жатқызады. О.С.Ахманова, Т.Сайрамбаевтар сөз тіркесінің байланысу тәсілдерін синтетикалық, аналитикалық, аналитика-синтетикалық деп үшке бөледі. Біздің ойымызша, оқулықтағы сөз тіркесі туралы түсініктен бұрын қойылған сөздердің байланысу тәсілдері де, байланысу түрлері де сөз тіркесі нысанасында қаралуы қажет. Себебі қазақ тіліндегі сөз бен сөзді байланыстыратын амалдар алуан түрлі. Осындай тәсілдердің арқасында сөздер өзара байланысқа түсіп, тізбектеліп, сөйлем құрамына енеді. Сөздер бір-бірімен байланысқанда белгілі бір заңдылықтарға сүйеніп байланысады. Мәселен, жүгіре-жүгіре шаршады тіркесін алайық. Осындағы жүгіре-жүгіре сөзі қосарлану тәсілі арқылы жасалған, яғни қос сөзге тән тәсіл, бірақ нәтижесі сөз тіркесі емес, қос сөз. Сол сияқты Ботакөз, итмұрын, соқыртеке сөздеріндегі байланыстыру амалы — бірігу тәсілі, нәтижесі біріккен сөз. Әрине, біріккен сөздер тарихи тұрғыдан алғанда сөз тіркесінің қатарына жатқаны күмән туғызбайды. Бірақ тілдің дамуы барысында олар сөз тіркесі құрамынан шығып, біріккен сөзге айналған. Сөздердің байланысу тәсілдерін оқулықтарда: 1/ қосымшалар арқылы байланысуы; 2/ септеулік шылаулар арқылы байланысуы; 3/ орын тәртібі арқылы байланысуы; 4/ интонация арқылы байланысуы деп береді. Сөз тіркесінің қосымшалар арқылы байланысуын сөз еткенде мынаны нақтылай түсу керек. Байланыстың бұл түріне көптеген еңбектерде көптік, септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары жатқызылып жүр. Әрине, септік, тәуелдік жалғаулары арқылы байланысқан тіркестер күмән туғызбайды. Бірақ көптік жалғаулары әр уақытта сөз бен сөзді байланыстыра алмайды, тек өзі жалғанған сөзге көптік мағына үстейді. Қазақ тілінде көптік жалғау 2-жақта жіктік жалғауымен қабаттасып келгенде ғана сөз байланыстыруға қатысады: сендер оқушысыңдар, сендер келгенсіңдер, отырғансыңдар, сендердің айтқыларың келмейді. Ал жіктік жалғауы арқылы жасалған сөз тіркестері сөйлемнің қаңқасын құрайды, себебі жіктік жалғауы арқылы байланысқан сөздер көбінесе бастауыш және баяндауыштан тұрады, бір-бірімен қиыса байланысады. Сондықтан қиыса байланысқан сөз тіркестері сөйлемнің аясында қаралуы керек. Себебі, қиысу екі жақты байланысқа негізделеді, яғни бірінші сөз атау септігінде тұрып, екінші сыңары атау септікте тұрған сөздің қай жақта тұруына қарай сол жақтағы жіктік жалғауда жұмсалады. Сол жіктік жалғаудың жақ түріндегі тұлғасына қарай бірінші сөз де семантикасы арқылы белгілі жақта тұрады. Бірақ бұл байланыс субъектілік-предикаттық қатынаста жұмсалатындықтан сөз тіркесі болмай, сөйлем болады. Міне, сондықтан да көптік жалғауы сияқты жіктік жалғауы да сөз тіркесінің байланысу тәсілдерінің қатарына ене алмайды. Кейінгі кездері ғалымдар қосымшалар арқылы байланысу тәсіліне көсемшенің -й, -е, -іп жұрнақтары арқылы байланысқан сөз тіркестерін де жатқызып жүр. Мәселен, мен етпеттей жығылдым (Ж.Тәшенов). Андамай сөйлеген ауырмай өледі (Мақал). Жапырақ көгермей солды, жастық гүлденбей өлді (Мақал). Сөйлемдеріндегі етпеттей жығылдым, аңдамай сөйлеген, ауырмай өлер, көгермей солды, гүлденбей өлді тіркестері көсемшенің -й жұрнағы арқылы өзінен кейінгі сөзбен байланысып тұр. Алайда, сөз тіркестеріндегі сөздердің жұрнақтар арқылы байланысуы жалғаулар арқылы байланысқан сөздердей актив құбылыс емес. Дегенмен тіл фактілерінде кездесіп отырады. Сөздердің орын тәртібі арқылы байланысу тәсілінің қосымша тәсілінен өзіндік ерекшелігі бар. Яғни қосымшалар арқылы байланысқа түскен сөздер орны жағынан біршама жылжымалы, еркін болатын болса, қосымшасыз байланысқан сөздердің орны тұрақты, орнықты болады. Орын тәртібі арқылы байланысқан биік тау, үлкен бөлме, алтын сағат тәрізді тіркестерді тау биік, бөлме үлкен, сағат алтын деп өзгертетін болсақ, онда бұл тіркестер предикаттық қатынасты білдіреді. Демек, сөздердің орын тәртібі тәсілі сөз тіркесіне қатысты грамматикалық мағыналарды айқындауда жетекші қызмет атқарады. Орын тәртібі арқылы байланысқан сөз тіркестерінің күрделі сөздер мен тұрақты тіркестерге өте ұқсас екенін айта кету қажет, мәселен, жүрек жалғау, қол көру, Аяз ата, т.б. Интонация тәсілінің есім сөздерден жасалған сөйлем мен анықтауыш сөздерден жасалған сөз тіркестерінің жігін ажыратуда атқаратын қызметі зор. Мысалы, Бұл - мұғалім, бұл мұғалім. Бірінші сөйлемде бұл сөзінен кейін кідіріс жасап айтсақ, сөйлем болады, себебі, бастауыш баяндауыштық құрылым бар. Ал екіншісінде кідіріс жасамасақ, анықтауыштық қатынастағы сөз тіркесі болады. Сөздердің байланысу формалары. Ғалымдар сөз тіркесінің байланысу формаларына қиысу, матасу, қабысу, меңгеру, жанасуды жатқызады. М.Балақаев жанасуды қабысудың бір түрі ретінде береді. Тіл ғылымында қиысуды сөз тіркесі аясында қарау керек пе, не сөйлем ретінде қарастыру керек пе деген сұрақ төңірегінде айтыс-тартыс көп. Бір ғалымдар оны сөйлем аясында қарастырған жөн десе, енді біреулері оны сөз тіркесі аясында қарастыру керек деген тұжырымдар айтуда. Мәселен, профессор С.Исаев — “қиысу сөз байланысудың негізгі бір түрі болса да, ондай сөз тіркесі жоқ, яғни қиысу сөз тіркесінің шеңберіне енбейді, сөйлем деп анықталады. … қиысу сөз байланысының бір жолы (тәсілі) болып табылады. Осы жағынан қиысу сабақтаса (бір сыңары екіншісіне бағына) байланысудан да, салаласа (бір-біріне бағынбай тең дәрежеде, бірыңғай) байланысудан да өзгеше. Сондықтан қиыса байланысқан сөздер тобы сөз тіркесі емес, сөйлем құрайды, байланысқа түскен сыңарлары грамматикалық меншіктілік, қатынастық, объектілік, мекендік, мезгілдік, себеп-мақсаттық т.б. сияқты синтаксистік қатынастарды білдірмей, сөз тіркесінің шеңберіне енбейтін субъектілік-предикаттық (бастауыштық-баяндауыштық) қатынасты білдіреді. Сөйтіп, коммуникативті қызмет атқарады”- дейді [27.36-41]. Біз қиысуды сөйлем аясында қарастыру керек деген тұжырымды қолдаймыз. Матасудың екі мүшесі де қосымша арқылы жасалады. Матаса байланысқан сөз тіркесінің басқа байланысу формаларынан бір ерекшелігі — мұнда сөз тіркесінің екі мүшесі бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтындығы, екеуі де септік жалғауында тұрғандығы, анықтауышық қатынаста жұмсалатындығы, екі жақты байланыста болатындығы. Екінші бір ерекшелігі — оның екі мүшесі де жақ жағынан түрленіп байланысатындығында. Матасудан кейінгі байланыс түрі — меңгеру. Меңгеріле байланысқан сөз тіркестері бірінші мүшесіне септік жалғаулары жалғану арқылы жасалады. Сөздердің байланысу формаларының келесі бір түрі — қабыса байланысқан сөз тіркесі. Оның бірінші мүшесі де, екінші мүшесі де еш қосымшасыз, қатар тұру арқылы жасалады. Қабыса байланысқан сөз тіркесінің бірінші сыңары сөйлемде қандай? деген сұраққа жауап беріп, анықтауыштың қызметін атқарады. Мысалы: Бұл өңір ұлы күйші - Құрманғазының сүйегі жатқанымен де жүрекке өте-мөте ыстық (Р.Жұлдызбек). Мұндағы ұлы күйші тіркесі қабыса байланысқан тіркес, ұлы сөзі сөйлемде анықтауыш қызметін атқарып тұр. Кейбір жағдайларда қабысуды меңгерумен, матасумен, тіпті күрделі сөзбен шатастыратын кездер де болады. 1. Меңгерумен салыстыру. Кейде меңгеру байланысындағы сөздер қатар тұрған кезде септік жалғауы түсіп қалып, қабысуға ұқсайды. Мысалы: Ол хат жазды. Мен қант әкелдім. Хат жазды, қант әкелдім тіркестерінің арасына сөз қойсақ, не алдынан сілтеу есімдігін жалғасақ, жасырын тұрған септік жалғауы ашық тұрады. Хатты жиі жазады. Мына қантты мен әкелдім. Бұдан шығатын қорытынды, қабысуды меңгерумен шатастырмас үшін, сырт тұлғасы ұқсас байланысқан сөздердің арасына басқа сөз қойса, не алдына сілтеу есімдігін қойса, ұқсас сөз тіркестерінің байланысу түрлерінің қай түріне жататындығы оңай ажыратылады. 2. Матасумен салыстыру. Матасудың бірінші сыңарындағы ілік септігі жалғауы түсіп қалып, қабыса байланысқан тіркес сияқты болып көрінеді. Мысалы: Әке ақылы, ауыл баласы. Мұндай тіркестердің қабыса емес, матаса байланысып тұрғанын соңғы сөздегі тәуелдік жалғауынан байқауға болады, егер тәуелдік жалғауын түсіріп айтар болсақ, олардың арасындағы грамматикалық байланыс бұзылады, яғни әке бала, ауыл бала болып қалады да, мағынаға нұқсан келеді. Әке баласы, ауыл баласы тәрізді тіркестердің екінші бір ерекшелігі изафеттің 2-түрі 3-түріне ұласады. Бұл аталған тіркестердің генетикалық тұрғыдан байланысы бар екендігін, әке баласы, ауыл баласы дегендер меншіліктілік мәнді білдіру қасиетінен мүлдем қол үзіп кетпегендігін көрсетеді. 3. Күрделі сөзбен салыстыру. Бір қарағанда, күрделі сөздің бірінші сыңары екіншісімен қабыса байланысқан тәрізді болып көрінеді. Мысалы: он бес, жүз отыз, ақ құба т.б. Күрделі сөздерде сөз тіркесіне тән негізгі белгілер болмайтындықтан, оның бірінші сыңары екіншісімен қабыса байланыспайды. Қабысу байланысында дауыс ырғағына да көңіл бөлінеді, қабыса байланысқан сөздер бір леппен айтылады. Мысалы: Бұл оқушы, көк аспан. Ал, бұл – оқушы десек, екі сөздің арасында кідіріс бар, сондықтан олардың арасындағы қарым-қатынас сөйлем түрінде беріліп тұр. Сөз тіркесінің байланысу формасының тағы бір түрі – жанасу. Тіл ғылымында жанаса байланысқан сөз тіркестері туралы екі түрлі пікір бар. Тілшілердің бір тобы жанасуды сөз тіркесінің байланысу формасының бірі деп жеке қарастыратын болса, екінші бір топтағы ғалымдар жанасуды қабысудың бір түрі деп қана қарастырады, яғни арасына сөз салуға келсе жанасу, келмесе қабысу деп қарастырады. Біз де осы соңғы пікірге қосыламыз. Қабысу байланысындағы сөздердің бірінші мүшесі сын есім, сан есім, сілтеу есімдіктерінен болады да, екінші мүшесі зат есімнен тұрады және арасына сөз салуға болмайды. Ал жанасу байланысындағы сөз тіркесінің бірінші сыңары көбіне үстеуден, кейде септеулік шылаулар арқылы жасалады. Мысалы: Қасақана айтты, шапшаң қимылдады, сабақтан соң келді, үйге дейін барды т.с.с. Сондай-ақ қабыса байланысқан сөз тіркесінің бірінші сыңары сөйлемде анықтауыш, екінші мүшесі бастауыш болады. Ал жанасуда бірінші мүшесі пысықтауыш, екінші мүшесі баяндауыш болады, сондықтан, сыртқы тұлғалары бірдей сөз тіркесін ажырату үшін қай сөз табынан жасалғанын біліп алып, сұрақ қою арқылы қай сөйлем мүшесі екенін анықтап немесе екі мүшенің арасына, не бірінші мүшенің алдына сөз айтып көрсе, сонда оның қай байланысу формасына жататындығын тез айыруға болады. Сонымен қорыта келгенде сөз тіркесі синтаксисі бойынша мынандай тұжырым жасауға болады: Сөз тіркесі туралы түсінік: -кем дегенде толық мағыналы екі сөзден тұратындығы; -бір-бірімен салаласа байланыспай, сабақтаса, яғни, бірі екіншісіне иек арта, бағына байланысатындығы; -олардың байланысынан басқа бір лексикалық мағына пайда болмай, грамматикалық мағына туатындығы. Сөз тіркесі және оған ұқсас тұлғалар: -атаулы сөйлем сөз тіркесі бола алмайды. Сол сияқты, кез келген сөздердің тіркесі атаулы сөйлем бола алмайтындығы; -тұрақты, терминдік тіркестердің, күрделі сөздің, салаласа байланысқан тіркестердің, толық мағыналы сөздер мен көмекші сөздер тіркесінің сөз тіркесі қатарына жатпайтындығы. Сөз тіркесін топтастыру туралы: -басыңқы сыңардың қай сөз табынан жасалуына қарай есімді, етістікті болып бөлінетіндігі; -есімді сөз тіркестерінің бірінші пайда болғандығы; Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері: -кейбір сөз тіркесінің байланысу тәсілдеріне аталып жүрген көрсеткіштердің ішінен тек септік, тәуелдік жалғаулары, септеулік шылаулар және орын тәртібі тәсілі мен интонация жататындығы; -кез келген тәсілдің сөз тіркесін тудыра бермейтіндігі (біріккен сөз, қос сөз); -жіктік жалғауы арқылы жасалған тіркестердің көбінесе сөйлем болатындығы. Сөз тіркесінің байланысу формалары: -сөз тіркесінің матасу, меңгеру, қабысу, жанасу байланысу формаларының барлығы; -қиысу байланысының сөз тіркесі емес, сөйлемнің аясында қаралу керектігі. Сөз тіркесінің құрылысы: -сөз тіркесінің синтаксистік бірлік ретінде өзіне тән құрылысы болатындығы; -бір-бірімен сатылай және жарыса байланысатындығы. Сөз тіркесінің лексика-грамматикалық мағыналары: -кем дегенде толық мағыналы екі сөздің тіркесінен жаңа бір грамматикалық мағына, яғни анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық мағына пайда болатындығы; -ол, негізінен, бағыныңқы сыңардың қай сөз табынан жасалғанына қарай ажыратылатындығы.
|
||
|
Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 39; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы! infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.196 (0.015 с.) |