СӨйлемніҢ тҰрлаусыз мҮшелері жӘне олардыҢ зерттелу тарихы 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

СӨйлемніҢ тҰрлаусыз мҮшелері жӘне олардыҢ зерттелу тарихы

БАСТАУЫШ

Тұрлаулы мүшенің негізгісі болып саналатын бастауыш сөйлемде басты қызмет атқарады десе болады. Сөйлемдегі берілетін ойдың ұйытқысы болумен бірге, орналасқан орнына қарай сол ойды толық, дәл жеткізуге бірден-бір себепші сөйлем мүшесі. Әр сөйлем мүшесінің өзіндік қызметі әр түрлі болады. Біреуі сөйлемдегі ойдың арқауы ретінде басым көрінсе, екінші мүше соның әрекетін түрлендіруге икемді келеді. Ал қалғандары ойды толықтырып не анықтап, тіпті болмаса пысықтап қана жүреді.

Бастауыш жай сөйлемдерде баяндауыштан бұрын келіп, барлық мүшелерді ұйымдастыратын, байланыстыратын орталық болып табылады.

А.Байтұрсынұлы тұрлаулы мүшелерге бас мүше (бастауыш) мен баяншы мүшені (баяндауыш) жатқызады. “Бас мүше дегеніміз,- деп жазады өз еңбегінде А.Байтұрсынұлы,- сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөзі, сөйлем иесі. Сөйлем ішінде сол нәрсенің атын көрсететін сөз бас мүше болады” ( 14,265).

Бастауыш қай тілде болмасын “сөйлемде айтылған ойдың синтаксистік субъектісі” болып саналады. Ол тұлғалық құрамы жағынан дара, күрделі болып келуімен қатар, морфологиялық құрылысы тұрғысынан атау формасындағы есім сөздерден және субстантивтенген басқа сөз таптарынан жасалады. Сөйтіп бастауыш – тіліміздегі жай сөйлемнің негізгі ойын ұйымдастыратын, қалған мүшелерге ұйытқы болатын мүше. Ол – баяндауыштағы қимылдың, әрекеттің иесін тікелей білдіретін, анықтайтын көрсеткіш. Сөйлем ішіндегі орны да еркін.

Қазақ тіл білімінде бастауыш туралы жазылған оқу құралдары, мақалалар жарық көрді. Біраз ғалымдар арнайы сөз қылмаса да, өз еңбектерінде жалпы қарастырды. А.Байтұрсынов еңбегінен кейін С.Аманжолов, Қ.Жұбанов, І.Бәйтенов, Ж.Басымов, Ә.Хасенов, М.Балақаев т.б. ғалымдардың бастауышқа қатысты пікірлері, мақалалары жарияланды. Онда бастауыштың жақтық мағынасы, тұрлаулы мүшелердің байланысы сынды мәселелер қозғалды.

1966 жылғы еңбегінде Қ.Жұбанов бастауышқа: “сөйлемнің кімнің я ненің жайынан сөйленгендігін көрсететін мүшесін бас мүше немесе қысқартып бастауыш дейміз”, - деп анықтама бере отырып, ол жайлы қысқаша мағлұмат береді (31,143). С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйықбаевтардың мектеп грамматикасында да бастауыштың ережесі, оған қоятын сұраулар, оның құрамдық түрлері жайлы біршама деректер берілген. Н.Сауранбаев, М.Балақаев, М.Томанов, Р.Әмірлер де өз зерттеу еңбектерінде сөз етеді.

1996 жылғы “Синтаксис” атты кітабында Қ.Шаукенов: “Бастауыш – бұл сөйлемнің тұрлаулы мүшесі, бас мүшесі. Сондықтан ол сөйлемдегі айтылған ойдың қазығы, негізі болады. Бастауыштардың сұрақтары да әр алуан. Бірақ грамматикалық жағынан тұлғаланған көрсеткіші – атау септігінде тұру”, - дей келіп, бастауышты құрамына қарай күрделі грамматикалық бастауыш, ал мағынасына қарай мекендік, меншік, мезгіл, сапалық, сандық, амалдық, салыстырмалы, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау деп он түрге бөледі. [66].     Бірақ автордың бұл пікіріне қосыла қою қиын. Бұл жерде ғалым әр сөздің беретін мағынасына жүгінеді. Шындығына келсек, белгісіздік, болымсыздық, жалпылау бастауыштары деп отырғаны олардың есімдіктен, олардың ішінара мағыналық түрлерінен жасалған бастауыштар екені айдан анық.

Жалпы бастауыштар құрамына қарай дара және күрделі болып келеді.

Дара бастауыштардеп бір ғана сөзден болған мүшені айтады. Рахима  бұған бірнеше рет ескерту жасады (Қ.Жұмаділов).

Күрделі бастауыштарға кемінде екі сөзден болған сөйлем мүшесі жатады. Көмір қазушылар ауылда бір жұмадай жатты (С.Мұқанов).

Сонымен бірге бастауыштың логикалық бастауыш деп аталатын түрі бар. Әдетте, жақты сөйлемнің бастауышы көрініп, ашық та тұрады, кейде жасырын тұлғада келеді. Ал жақсыз сөйлемдердің бастауышын табу қиын. Бірақ сөйлем жақсыз болған жағдайда сөйлемнің ішінде субъектінің қызметін дәл атқарғанмен, сол дәрежеде ойға қатысты сөздер де болатыны анық. Демек ондай сөйлемдерде бастауыш жоқ, алайда басқа септіктегі сөздер сол сөйлемде ойға қатысты айтылуы тиіс болады. Логикалық бастауыш баяндауышпен жақ, сан жағынан қатыса алмайды ( 42,69).

Яғни жақсыз сөйлемдерде бастауыш жоқ, тек онда логикалық бастауыш болады. Маған биыл оқуға түсу керек (Жас Алаш). Осы сөйлемде бастауыш жоқ. Логикалық бастауышы – мен.

 

БАЯНДАУЫШ

 

Бастауыш сөйлемдегі негізгі ойға ие болса, баяндауыш бастауышқа бағына орналасады. Сонымен бірге баяндауыш - кез келген сөз табынан жасалғанмен, бәрібір бастауыштың алуан түрлі қасиетін айқындайтын басты тұлға. Белгілі ғалым Т.Сайрамбаев “Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері” атты еңбегінде: “Баяндауышсыз жалпы (атаулы сөйлем болмаса) сөйлем құралмаса керек. Баяндауыш - қай сөз табынан болмасын бәрібір сөйлемді тиянақтау жағынан, оны сөйлем дәрежесіне жеткізу жағынан қандай тұлғада, қай орында келуіне қарамастан басты тұлға. Дегенмен сөйлемді тиянақтау жағынан баяндауыш мүше басқа сөйлем мүшелерінен жеке дараланады”, - деп маңыздылығын баса көрсетеді және баяндауыштың төмендегідей негізгі қасиеттерін санамалап береді:

1. Баяндауыштың бастауышқа бағынышты сөйлем мүшесі екендігі;

2. Баяндауыштың сөйлемдегі ойды тиянақтайтындығы;

3. Баяндауыш бастауыштың әр түрлі қасиетін көрсететіндігі;

     4. Баяндауыштың бастауышпен жақ, көпше, жекеше түрде үйлесуі;

5. Предикативтілікті білдіруі;

6. Олардың екі құрамда болатындығы;

1. Сөйлемнің бас мүшесі екендігі (47 ,93).

Шынында да барлық тілде де тиянақты ойды аяқтап, бастауыштың іс-әрекетін, ісін білдіретін мүшені предикат-баяндауыш дейді. Бастауыш пен баяндауыш сөйлемнің негізгі арқауы, сөйлемді құрастырып, ұйымдастыратын басты орталық. Әдетте, тұрлаусыз мүшелер сөйлемге қаншалықты қажет болып көрінгенімен, тұрлаусыз мүшелерсіз олар сөйлем құрай алмайды. Баяндауыш үнемі сөйлемнің соңында келеді. Бұл жөнінде Ш.Бектаева: “Туыстас түркі тілдерінің барлығында да бастауыш пен баяндауыш қиыса, қабыса байланысады да, баяндауыш сөйлемнің соңында тұрады. Баяндауыштың бұл қасиеті талай ғасырлар бойы қалыптасып, тектес тілдерде дәстүрге айналып кеткен. Оны өткен ғасырлардан сақталған жазу нұсқаларынан көруге болады. Баяндауыш қай тілде болмасын бастауышпен тікелей байланысты, өйткені сол бастауыштың барлық қасиетін баяндауыш арқылы танимыз”, - деп баяндауыштың үнемі сөйлем аяғында келуін деректермен береді ( 17,33). Ал поэзиялық жанрда жазылған шығармаларда, өлең шумақтарында баяндауыштың орны ауысып, басында да, ортасында да келе береді.

Сонымен баяндауыш арқылы әрбір адам сан-салалы хабарды, ақпаратты түрлендіріп жеткізе алады. Өйткені бұл мүше - басқа мүшелерге қарағанда ойды жинақтауға, сөйлемге түрлі реңк беруге, мазмұн енгізуге өте бейім. Сондықтан оны сөйлемдегі негізгі ойды ұйымдастырушы деп атауға болады. Баяндауыш көбінесе етістік сөз табынан болғандықтан Не істеді? Қайтті? Не болды? деген сұрақтарға жауап береді. Егер баяндауыш есім сөз табынан жасалса, онда әр сөз табының өзінің тиісті сұрағы қойылады. Мысалы, Елу жылда ел жаңа. Мұнда баяндауыш сын есімнен жасалғандықтан, оған сын есімнің “қандай” деген сұрағы қойылады. Ал зат есімнен болған баяндауыштардың мағыналық қасиеті түрліше. Оның өзі баяндауыш болатын зат есімдердің қолданылуына байланысты.

Баяндауыштың зерттелуі.“Ол нәрсенің сырын-сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше болады”, - деп А.Байтұрсынұлы (14,265) ХХ ғасырдың басында-ақ баяндауышқа нақты, дұрыс анықтама берген болатын. 1930 жылдары Ж.Басымов, І.Бәйтеновтер өз мақалаларында, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев “Қазақ тілі грамматикасында” баяндауышты қарастырып, анықтамасын, қандай сұраққа жауап беретіндігін, жасалу жолдарын біршама айтып кеткен болатын. Ал Қ.Жұбанов: ”Сөйлем мүшелерінің ішінде біреудің не бірдеменің не қылғанын, я не болғанын баяндап тұратын мүше болады. Оны баяндауыш дейміз”, - деп ( 31,142) сипаттаса, С.Аманжолов “Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы” атты еңбегінде баяндауышты қарастыра келіп, мынандай анықтама береді: ”Баяндауыш дегеніміз - бастауыштың тура көрінісі. Бұлар заттың жалпы көрінісін, болмысын көрсетеді” ( 2,105).

М.Балақаев та өз еңбектерін синтаксис, оның ішінде сөйлем мүшелерін зерттеуге арнаған. Сондықтан баяндауышты жан-жақты сипаттай отырып, олардың жасалу жолдарын, құрамына қарай бөлінуін қарастырады. Р.Әмір, Т.Сайрамбаев, С.Исаевтар да баяндауыштың сөйлемдегі қызметін, оған қойылатын сұраулар және олардың түрлерін сөз етеді ( 10,93).

Қ.Шаукенов баяндауышты “сөйлемде айтылған ойдың белгілі бір тиянағы болатын мүше деп түсінеміз”,- дей отырып, баяндауыштарды амалдық, шартты, қарсылықты, себеп, қалаулы, мезгіл, есім, заттық, меншік, мекен, сапалық, сан-мөлшер, болымсыз, суреттемелі деп бөледі (66,87-93). Бұл жерде баяндауыштарды бастауыштар сияқты жасалу жолына қарай жөн-жосықсыз бөле берген. Мәселен, баяндауыш қалау райдан жасалса, қалаулы, ал шартты райдан жасалса, шартты, мезгіл үстеуден жасалса, мезгіл баяндауыш деп жіктеген. Алайда автордың бұл пікірі дұрыс, нақты деп айтуға болмайды.

Түркі тіл білімінде де баяндауыш туралы көптеген пікірлер айтылды. Ойрат, шор тілдерін зерттеуші ғалым Н.К.Дыренкова баяндауышты бастауыштың қимылын білдіретін сөйлем мүшесі ретінде қараса (23,11), Н.А.Кононов баяндауыштың бастауышқа бағыныңқы екенін көрсетеді ( 33,67).

Сөйлем жүйесінің, оның грамматикалық құрылысының дамып өзгеруіне байланысты баяндауыштың есім баяндауыш деген түрі бөлініп шықты. Есім баяндауыштың өзіне тән грамматикалық ерекшеліктері, қолданылуы, жасалу жолы, басқа баяндауыш түрлерінен өзгешелігі жайлы толық зерттеген –Т.Ермекова ( 24,135).

Баяндауыш құрамына қарай дара және күрделі болып келеді.

Дара баяндауыштар бір ғана сөзден болады. Бәрі қонақтан өте көңілді оралды (Қазақ әдеб.).

Күрделі баяндауыш екі сөздің бірігуінен, қосарлануынан, тіркесуінен және тұрақты тіркестерден жасалады. Марат оның сөзіне қатты ашуланып қалды (Жас Қазақ).

Жасалу жолына қарай етістікті, есімді, құрама баяндауыштар деп бөлінеді.

Етістікті баяндауыш -тілімізде ежелден қалыптасқан сөйлем мүшесі. Етістік баяндауыштар Орхон-Енисей, көне түркі жазба ескерткіштерінде молынан кездеседі. Әдеби тілімізде де, ауызекі тілде де сөйлем ішінен ең көрнекті орын алатын әрі үнемі қолданыста болатыны да – осы етістікті баяндауыш. Құнанбай естімеген сияқты ешбір белгі бермеді (М.Әуезов).

Есім баяндауыш деп, әдетте, есім сөздерден жасалған баяндауыштарды айтамыз. Яғни есім баяндауыштар зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу, модаль сөздерден жасалады. Гүл өссе, жердің көркі, Қыз өссе, елдің көркі (Мақал).

Құрама баяндауыш.Бұл баяндауыштың құрама деген атының өзінен мұнда әрі есімнің де, етістіктің де элементінің қатысатындығы негізге алынған. Мұндай баяндауыштың негізінен екі сыңары есімді және етістікті болып келеді. Кезінде мұны С.Аманжолов аралас баяндауыш деп атаған ( 2,15). Ол кезде Ботагөз оңды-солын танымаған, жас қыз еді (С.Мұқанов).

 

ІІ БЛОК

 

 

Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері тұрлаулы мүшелер арқылы берілген сөйлемдегі ойды орны, мақсаты, уақыты, обьектілік тұрғыдан, сондай-ақ түр-түс, сын-сапа жағынан толықтырады. Оларға қосымша мән беріп, сөйлемді кеңейтеді, оның мазмұнын толықтай ашып тұрады. Олар, әдетте, тұрлаулы мүшелерге бағынады. Кейде бір-біріне де бағынуы мүмкін. Толықтауыш пен пысықтауыш үнемі баяндауышқа тәуелді болса,ал анықтауыш көбінесе бастауышқа бағына байланысады.

Жалпы тюркологиялық және қазақ тіл білімінде жай сөйлем синтаксисі, оның ішінде сөйлем мүшелерінің әрқайсысы арнайы зерттеу обьектісі ретінде қаралып келді. Көп жағдайларда тұрлаулы мүшелерге назар көбірек аударылды.

Түркі тілдерінде бірқатар ғалымдар тұрлаусыз мүшелерді нысанға алып, өз еңбектерінде қарастырып отырды. Белгілі ғалым М.А.Казам-Бек өз еңбегінде: “Все слова выражающая второстепенные идеи, в каждом языке разделяются на три главная отделения: определительный, качественная и обстоятельственная”,- деп тұрлаусыз мүшелерді бөледі. В.И.Вербицскийдің редакторлығымен жарық көрген “Грамматика Алтайского языка” еңбегінде тұрлаусыз мүшелерді анықтауыш және толықтауыш деп жіктейді. Сондай-ақ көрнекті тюрколог ғалымдар Н.К.Баскаков, И.Я.Батманов, В.Н.Богородицский, Н.П.Дыренкова, А.П.Поцелуевский, Г.Д.Санжеев және тағы басқалары толықтауыш пен анықтауышқа ғана көңіл бөледі де, пысықтауышты мүлде елеусіз қалдырады. Ғалым И.Я.Батманов “Краткое введение в изучение языка” деген еңбегінде пысықтауышты толықтауыш аясында берсе, В.А.Богородицский пысықтауышты анықтауыштың ішінара түрлері етіп көрсетеді . М.З.Закиев те сөйлем мүшелерін тұрлаулы, тұрлаусыз деп бөліп, тұрлаусыз мүшелерді конкретизирующий член, пояснительный член және модальный член деп үшке бөледі.

Қазақ тілінде тұрлаусыз мүшелер жайында көптеген еңбектердің жарыққа шығуына сәйкес қазақ ғалымдарының үлесі зор деп айтуға болады. Сөйлем мүшелеріне ғылыми талдау жасаған ғалымдардың ішінде А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, Х.Басымов, І.Бәйтенов, Ә.Ермеков, Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, М.Томанов, Р.Әмір, Т.Сайрамбаевтар құнды пікір білдірді. Олардың кейбіреулері сөйлем мүшелерінің ғылыми жүйеленуіне назар аударса, басқа ғалымдар олардың жасалу жағына басым көңіл бөлген.

Сөйлем мүшелеріне байланысты, оның ішінде тұрлаусыз сөйлем мүшелеріне қатысты қазақ тіл біліміндегі алғашқы толық, жан-жақты деректерді А.Байтұрсынов еңбектерінен аламыз. Ұлы ғалым тұрлаусыз мүшелер, олардың түрлері, әр мүшенің грамматикалық белгілері мен орналасу тәртібі, қай сөз таптарынан болатындығын ХХ ғасырдың басында-ақ сипаттап кеткен. Қазақ тіл білімінде шоқтығы биік тұратын А.Байтұрсыновтың мейілінше ықшамды, сондай-ақ ұғымға да, тілге де жеңіл бұл тұжырымдары ешбір өзгеріссіз күні бүгінге дейін синтаксис жайында жазылған барлық еңбектерде қолданылып келеді (14,282). Профессор Қ.Жұбанов тұрлаусыз мүшелерді біріктіріп, оларға Айқындауыш деген жалпы атау береді. “Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер” атты еңбегінде: “Сөйтіп, жаңа грамматикаларда анықтауыш, толықтауыш делінген категориялар мағынасына қарай жіктеуден туған емес, сөздердің бір-бірімен байланысу амалына, екінші сөзбен айтқанда, сыртқы белгісіне қарай ғана жіктелгеннен туған топтар”,- дей отырып (31,211), тұрлаусыз мүшелерді айқындауыш деп атайды. Айқындауышты жалғаулы толықтауыш, жалғаусыз анықтауыш деп екіге бөледі. Ал пысықтауышты ескермейді. Олардың бұлайша жіктелуін төменде былай түсіндіреді: “Біз мағынасына қарай айқындауыш деп бір бөліп алып, онан кейін, сол айқындауышты формасына қарай тағы да, тарау-тарауға айырып отырмыз. Формасына қарай алынған тарау-тараудың әрқайсысын оның ар жағында мағынасына қарай тағы да жік-жікке айырып отырмыз. Сөйтіп, біздің топтарымыз тілдің баспалдақтап өсетіндігіне лайық түрде сатылы топтастыру болып отыр” (31,205). Бұл жерде Қ.Жұбанов сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін анықтауда тұлғалық принципті басшылыққа алады.

Отызыншы жылдары С.Аманжоловтың сөйлем мүшелеріне байланысты мақалалары мен “Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы” деген еңбегі жарыққа шықты. Бұл еңбектерде автор сөйлем мүшелерінің тек жасалу жағына ғана емес, олардың қалыптасу мәселелеріне де біршама назар аударды. Тұрлаусыз мүшелерді анықтауыш деп атайды. Бір ғана анықтауыш мүшелердің аясына оның түрлері деп толықтауыштың да, пысықтауыштың да жекелеме түрлерін жинақтап береді. Тек толықтауыш, пысықтауыш деген терминдерді қолданбайды. Кейіннен 1939 жылғы және одан кейінгі шыққан еңбектерінде де тұрлаусыз мүшелерді Ахмет Байтұрсынов ұсынған мүшелермен жалғастырғандығын көруге болады ( 14 ,80).

Сөйлем мүшелерінің кейбір түрлеріне қатысты  С.Жиенбаев, Х.Басымов, Ә.Ермеков, Ш.Сарыбаев сынды ғалымдарымыз 30-40 жылдары аралығында бірталай еңбектер қалдырды. Олар бұл зерттеулерінде сөйлем мүшелерінің теориялық мәселелерімен қатар, әдістемелік жағына да назар аударды. Солардың ішінде Ш.Сарыбаев “Халық мұғалімі” журналында жарық көрген “пысықтауыш пен пысықтауыш мәселесіне” деген мақаласында: “Біздің кейбір грамматикалық терминдеріміз мағыналық жағынан олқы болғанмен, сол грамматикалық категорияның аз да болса форма жағын білдіреді. Сонда біз талассыз толықтауыш болып жүрген және талассыз пысықтауыш болып жүрген мүшелерді өз атымен атаймыз да, ал біресе толықтауыш, біресе пысықтауыш делініп таласқа түсіп жүрген мүшелерді сөйлем мүшелерін байланыстырып тұрған септік жалғауларының атымен барыстық мүше, шығыстық мүше, көмектес мүше дейтін боламыз”,- дейді. Ш.Сарыбаевтың сөйлем мүшелерін бұлай топтау туралы ұсынысына кезінде бірқатар ғалымдар қарсы шыққан болатын. Шынымен де автордың ұсынған терминдері қолайсыз әрі шұбалаңқы және мағынаны нақ, дәл бере алмайды.

М.Балақаев “Қазіргі қазақ тілінің” синтаксистік оқулығында: “Сөздер сөз тіркесінің құрамына ену арқылы сөйлем құраудың материалы болады да, бастауыштық-баяндауыштық (тұрлаулы), толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыштық (тұрлаусыз) қатынаста жұмсалады”,- деп нақты көрсетеді ( ,7).

Сондай-ақ тұрлаусыз мүшелер жайлы профессор М.Томанов 1967 жылғы академиялық грамматикада жазды ( 62,95). Алайда олар өте ықшам, қысқа берілген.

Р.Әмір “Жай сөйлем синтаксисі” еңбегінде тұрлаусыз сөйлем мүшелерін анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш деп саралап, әрқайсысының сұрауларын, ережелерін, мағыналық жән0е құрамдық түрлерін береді (10,36). Сөз етіп отырған тақырыпта М.Серғалиев Ш.Бектұровпен бірігіп жазған еңбекте арнайы сөз қозғаса, О.Күлкенова да бұл мәселе жөнінде өзіндік пікірлер бере білді. Бұл мәселе М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Күлкеновалардың журналистика факультеттеріне арналған “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында да (1991) сөз болды.

Тұрлаусыз мүшелер, олардың теориялық мәселелері бойынша Т.Сайрамбаев біраз еңбектенді. Автор “Есім пысықтауыш”, “Сөйлем мүшелерінің теориялық мәселелері” бағдарламасында, Р.Өмірбековамен бірігіп жазған “Анықтауыш, оның кейбір жасалу жолдары” деген зерттеулерінде сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері, оларға қатысты түрлі мәселелерді айта келіп, олардың жасалуын бірнеше топқа бөліп көрсетеді

( 49,7).

Әр тұрлаусыз мүшені, оның түрлерін жеке өз алдына дербес қарау енді қолға алына бастады. Оған З.Күзекованың “Қазіргі қазақ тіліндегі мезгіл пысықтауыш”.Г.Есжанованың “Қазіргі қазақ тіліндегі тура толықтауыш”, Г.Жылқыбаеваның “Қазіргі қазақ тіліндегі етістік пысықтауыш”, Ж.Көпбаеваның “Қазіргі қазақ тіліндегі мөлшер пысықтауыш” т.б. диссертациялық жұмыстарды атауға болады.

Орыс тіл білімінде сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін зерттеуде Н.И.Греч, А.Х.Востоков, А.И.Александров, Ф.И.Буслаев,А.А.Потебня, А.А.Пешковский, В.В.Виноградов, В.М:Никитин, И.И.Мещанинов және тағы басқа көптеген ғалым-тілшілер зор үлестерін қосты. Алайда сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері жөніндегі түсінік түрлі лингвистикалық мектеп өкілдерінде бірдей болмады. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін бөлуде қандай принциптерді негізге алатындығы анықталмады, яғни көзқарастар әр түрлі болды. Орыс тіл білімі синтаксисінде жүздеген жылдар бойы тұрлаусыз сөйлем мүшелерін үш түрлі анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш деп бөлу жүзеге асырылып келді. Бірақ осы үш түрлі мүше төңірегінде қаншама дау-дамай болды. Ал пысықталушы сөздер, қимылдың белгісін білдіретіндері жартылай анықтауышқа, жартылай толықтауышқа қатысты болды.

Ф.И.Буслаев тұрлаусыз мүшелерді екі түрлі көзқараста, яғни синтаксистік қолданысына қарай және мағынасына қарай қарастырды. Синтаксистік қолданысқа қарай анықталатын топ тұрлаусыз мүшелер мен тұрлаусыз мүшелердің байланысу жолдарына тәуелді болды. Ал мағына бойынша анықталатын топ сұрақтарға байланысты болды ( 18,29).

А.А.Потебня мағынасы бойынша классификациялыу әдісіне үзілді-кесілді қарсы шыға отырып, тұрлаусыз мүшелердің үш түрлі атауынан бас тартпады. Қайта оларды формальды-грамматикалық негізге әкеп тіреді .

Ф.Ф.Фортунатов өз еңбегінде бастауыш пен баяндауыш грамматикалық сөйлемді білдіреді, ал анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш семантикалық сөйлем құру үшін қажет деп түсіндірсе (69,447), ал В.А.Богородицский өз зерттеуінде: “Второстепенные члены предложения распадаются на две группы: 1) собственно определения и атрибуты, указывающие признаки, существующие в предметные представлениях и в представлениях действий. Например: Это большая лошадь быстро бегает. 2) Дополнения, - деп ол да екіге бөліп қарастырған болатын.

Тұрлаусыз мүшелер жөніндегі мәселелер бойынша А.А.Шахматов та кезінде еңбек етті. Ол сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінің дәстүрлі классификациясын қабылдай отырып, классификацияның басты критериі етіп тұрлаусыз мүшелерді алады. “Синтаксистік қатынастардағы сөз тіркестерінің ішкі мағыналарын білдіруші етіп тұрлаусыз мүшені негізге алу керек ( 67 ,274), - деп тұжырымдайды. А.А:Шахматовтан кейін тұрлаусыз мүшелер жайында журналдарға мақалалар көптеп жариялана бастады. Олардың ішінен неғұрлым орынды пікір білдірген Р.И.Аванесовтың, А.Б:Шапироның, С.И.Абакумовтың мақалаларын айырықша атауға болады. Кейіннен бұл мәселе М.И.Мещанинов, В.М.Никитин, В.В.Бабайцева т.б. ғалымдардың еңбектерінде сөз болды.

Сонымен сөйлем мүшелері, оның ішінде тұрлаусыз сөйлем мүшелері тіл мәдениеті, әдеби тілдің дамуы, қалыптасуымен тығыз байланысты. Олар көптеген тарихи оқиғалармен бірге дамып, біздің заманымызға жетті. Бүгінгі таңда тіл ғалымдарының көпшілігі бұл мәселеге зор маңыз беріп отырғандығы байқалады. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінің кейбіреуі, олардың ішінара түрлері әлі де болса зерттей түсуді қажет етеді

Анықтауыш.Анықтауыш деп зат есімнен не болмаса заттық мағынада қолданылған мүшені анықтайтын тұрлаусыз мүшені айтады. Ол Қандай? Қай? Кімнің? Ненің? Қанша? Неше? Нешінші? деген сұрақтарға жауап береді. Құрамына қарай дара және күрделі болады.

Дара анықтауыш. Демежанға үлкен, сұлу көздерімен жылы қарап, аса биязы алғыс айтты (Қ.Жұмаділов).

Күрделі анықтауыш. Дайыров – іскер жігіт әрі іске бүтіндей беріліп, өте терең бойлайды (С.Шаймерденов).

Мағынасына қарай сапалық және меншікті болып жіктеледі.

Сапалық анықтауыш деп заттың сапасын, сынын, түр-түсін, тағы басқа белгілерін нақты көрсетіп, анықтайтын сөзімен іргелесе, қабыса байланысатын түрін айтады. Шет елдерде қолдан жасалған бұйымдар қымбат бағаланады (Жас Алаш).

Меншікті анықтауыштар өзі қатысты сөздермен алшақ та, іргелес тұрып та байланысып, меншіктілік, біреуге немесе бір нәрсеге тән мағынаны береді. Кейде ілік жалғаулы сөз сөйлемнің соңында келіп те өзі қатысты сөздермен байланысы нақтылы білініп тұрады. Кішкене түйме көздерін нағашымның қызара бөрткен ұлан-байтақ жүзіне әлденеше мәрте көз жүгіртіп, әлденеше мәрте аударып әкетті (Ә.Кекілбаев).

Осыған орай анықтаушы сөз бен анықталушы сөздер өзара қабыса әрі матаса байланысады.

Қабыса байланысқан анықтауыштар. Қотан боларлық қой қадау-қадау ұшырайды (Ж.Аймауытов).

     Матаса байланысқан анықтауыштар. Қапан сол кездесудің жылуын көкірегінде бірнеше күн сақтап жүретін (Т.Ахтанов).

Толықтауыш. Ол сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінің бірі бола отырып, тұлғалық жағынан атау мен ілік септігінен басқа септік жалғауларының бірінде келеді және сол сөздің мағынасы обьектілік мәнде болады.

Сондай-ақ олар атау мен ілік септіктен басқа септіктің сұрақтарына жауап береді, сонымен қоса атау тұлғалы сөз туралы, жөнінде, жайында септеуліктерімен тіркесіп келіп те толықтауыш бола алады.

Толықтауыштар тура және жанама болап екіге бөлінеді.

Тура толықтауыш деп табыс септігінде тұрып, тікелей обьектіні көрсететін мүшені айтады. Құралайдың көзінен тигізген мерген болыпты, арқар мен киікті, құлан мен маралды мая-мая етіп тастапты (Ертегілер).

Жанама толықтауыштар барыс, жатыс, шығыс, көмектес септігінде келіп, іс-әрекеттің жанама көрінісін береді. Өз үйіне келсе, әкесіне жинап беріп кеткен таудай отыннан бір жағым, үйдей еттен бір асым, жеңді білектей судан қанжығадай қалған екен (Ертегілер).

Пысықтауыш. Пысықтауыш сөйлемдегі қимыл-әрекеттің жүзеге асуының мезгілін, орнын, сапасын, мақсатын, себебін, мөлшерін көрсетеді.

 Қазақ тіл білімінде пысықтауыштың қалыптасқан бес түрі бар. Осыған Ж.Көпбаева алтыншы етіп, мөлшер пысықтауыш деген түрін қосады. М.Томанов 1967 жылғы академиялық грамматикада мөлшер пысықтауышқа шағын сипаттама берген,. О.Төлегенов, Ә.Хасенов, Ш.Бектаевалар да бұл терминдерді қолданған. Бірақ пысықтауыштың алтыншы түрі ретінде жан-жақты зерделей, басқа тілдердегі пысықтауыштың түрлерімен салыстыра отырып, зерттеген –Ж.Көпбаева ( 34,123).

Мезгіл пысықтауыш деп іс-әрекеттің орындалған мерзімін, уақытын білдіретін мүшені айтады. Арада бір-екі ай өтіп, жиын-терін болған шақта Ерғабыл қояр да қоймай жүріп, мақта теруден жинаған ақшасына мотоцикл сатып алды (Д.Исабеков).

Мекен пысықтауыш орындалған амал-әрекеттің орнын, мекенін көрсетеді. Ушаковтың үйінде Байжан бір жеті жатты (Ғ.Мүсірепов).

Қимыл-сын (амал) пысықтауыш қимылдың іске асуының сынын, сапасын білдіреді. Осылай сапарға шығарда екі түн кітапхана қуысында жарқанатша бұғынып отырып, біраз көне кітап оқыған (Д.Досжанов).

Себеп пысықтауыш жай-күйдің, іс-қимылдың себебін баяндайды. Жаппар қатты ұялғандықтан есіктің алдында кібіртіктеп қалды (Жас Қазақ).

Мақсат пысықтауыш деп әрекет, істің орындалуының мақсатын білдіреді. Тілеу орнынан тұрайын деп бір-екі ұмтылып еді, тұра алмады (Ә.Кекілбаев).

Мөлшер пысықтауыш іс-қимылдың немесе қимыл уақытының мөлшерін, сандық, баға, салмақ дәрежесін, істің істелу қарқынының өлшемін білдіреді. Қойшы жыл он екі ай қой соңында сүйретіліп жүрсе де, оның табан ақы, маңдай тері іске аспайтын (Қаз.әдеб.).

Құрамына қарай дара, күрделі болып бөлінеді.

Дара пысықтауыш. Үстіндегі көйлегінің де етек-жеңі кең ойылыпты (Қ.Нұрғалиев).

Күрделі пысықтауыш. Кенет көк тұйғын әлденеден секем алғандай, тоғай жаққа қарап, бір-екі рет үрді “Қ.Жұмаділов).

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 39; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.236 (0.012 с.)