Мағыналас фразеологизмдер 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Мағыналас фразеологизмдер

Қазақ тілінің фразеологиялық қазынасында білдіретін фразеологиялық жиынтық мағынасы жағынан бір-біріне синонимдік қатыста болып келетін фразеологизмдер көптеп кездеседі. Синоним фразеологизмдерде мағыналық жуықтық болғанымен, құрылым-құрылыс, компоненттік құрам, яғни тұрпат тұрғысынан алғанда еш жуықтық болмайды. Мысалы: жүрегі тас төбесіне шықты, зәресі ұшты, иманы қасым болды, төбе шашы тік тұрды деген фразеологизмдер “шошыды, қорықты“ деген жиынтық мағына төңірегінде топталады да, өзара синонимдік қатар құрайды.

Қазақ тіліндегі мағыналас фразеологизмдердің семантикасын, прагматикасын, құрылымын, құрамын, стильдік ерекшеліктерін арнайы зерттеген професор Г.Смағұлова оларда ұлт мәдениетінің өзіндік ерекшелігі, ұлттық ментальдық өре айрықша көрініс табатынын айтады [21].

Синоним фразеологизмдер қолданыс ыңғайына қарай эмоциональді-экспрессивтік тұрғыдан семантика-стилистикалық сатылық деңгейде жұмсалады. Фразеологизмдерде бағалау, сипаттау, суреттеу, бейнелеу қасиеті жеке сөздерге қарағанда жоғары болады да, эмоцияның сан қырлы спектрлерін лексикалық синонимдер тап басып жеткізе алмаған жағдайда, сөйлеуші бейнелі тіркестерді, соның ішінде фразеологизмнің синонимдік қатарынан экспрессивтік бояуы ең күштісін таңдайды. Мәселен, қосып айтты дегенде эвфемистік сыпайлау реңкі болса, аузы мұрны қисаймай, беті бүлк етпей- ауызекі сөйлеу тіліне тән фразеологиялық синонимдер. Сөзі аяқ асты болу, сөзін бит шаққан құрлы көрмеу синоним фразеологизмдері де экспрессивтік бояу тұрғысынан ерекшеленеді. Сөзі аяқ асты болу дегенде немқұрайлылық, елемеушілік реңкі басым болса, сөзін бит шаққан құрлы көрмеу фразеологизміне «мүлдем тыңдамау» деген семантикалық-стилистикалық бояу тән.

Мағыналас фразеологизмдердің синонимдік қатарының ішкі семантикалық мүмкіншілігінің тереңдігі ұлттық - мәдени ұғымға, түсінікке тәуелді болады. Бұл образдылықтың күшею сатысынан көрінеді. Мысалы, өте ысаяқ қу адам қасиетін беруде алпыс екі айлалы, жыланның аяғын көрген, қара судан қаймақ алған, тақыр жерден шөп өсіретін, су жұқпас, қулығына құрық бойламайтын, Сырдан сыңар аяқ өткен сияқты бейнелі фразеологизмдер қолданылады. Синонимдік қатар құрамындағы мағыналық реңк фразеологизмдердің жасалуына негіз болған образдарға, фразеологизмнің ішкі формасына байланысты болады. Образдар қаншалықты бай, сан түрлі болса, фразеологиялық синонимдер де соншалықты суретті болмақ [71.36].

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 41; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.196 (0.006 с.)