Антонимдердің ерекшеліктері 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Антонимдердің ерекшеліктері

 Ү БЛОК

АНТОНИМ

 

Тіл-тілімізде тілдік бірліктердің мағыналары кейде бір-біріне қарама-қарсы келіп жатады. Мысалы: дабыра – құпия; дағдарыс – даму, даңғой – байсалды; дарақы – ұстамды; дөрекі – нәзік т.б.

Тіліміздегі осындай мағыналары бір-біріне қарама-қарсы болып келетін антоним сөздерді түсіну үшін қарама-қарсылық дегенді анықтау керек. Өйткені тілімізде қайшылықты ұғымдар және қарама-қарсы ұғымдар кездеседі. Мысалы, сулы– сусыз, ауқымды – ауқымды емес, таза – таза емес сияқты сөздер қайшылықты ұғымдарды білдіреді. Себебі бұл сөздердің мағыналары бір-бірін жоққа шығара отырып болымсыздық мәнде жұмсалады. Яғни бұлардың арасында аралық ұғымдарды білдіретін сөздер жоқ. Бұлар тіл білімінде болымсыздық категория делінеді.

Ал қарама-қарсы ұғымдардағы жұп құрайтын тіл бірліктері бір-бірін жоққа шығара отырып, затқа, құбылысқа жаңа баға береді. Мысалы: Жұрт күндер жұрттан артық байлық үшін, Бұлайды біреу күшін, біреу түсін. Не қылса да надандар алмақты ойлар, Мал антұрған күйдіріп елдің ішін (Абай). Салынба қылсаң дағы сан құмарлық, Алдыңда уайым көп шошынарлық: Жарлылық, жалынышты, жалтаң, көздік, Сүйкімді, икемі жоқ шалдуарлық. (Абай). Осы мысалдардағы байлық-жарлылық сөздерінің мағыналары бір-бірін жоққа шығарып қана қоймайды, байлық сөзіне мүлде керағар жаңа жарлылық деген баға береді. Тіл білімінде мұнай сөздер антоним делінеді.

 

Антонимдердің өзіндік ерекшеліктері бар:

1. Антоним сөздер арасында ұғымдық жақындық болады. Антонимдік жұп құрайтын сыңарлар белгілі бір сапаның қарама –қарсы бағасының атауы болып табылады. Мысалы: Жомарттың бергенін көріп, Сараңның іші күйер (мақал). Жомарт жоқтығын білдірмес, жүйрік тоқтығын білдірмес (мақал). Қара тастан басқаның бәрі жадырап, Бір сараңнан басқаның бейілі енер (Абай). Бұл мысалдардағы жомарт – сараң сөздері біртектес ұғымдар. Сапаға қатысты әр тектес ұғымдар антонимдік жұп құрай алмайды. Мысалы: тәуір, жылы деген сөздер сапаға қатысты болғанымен антонимдік жұп құрай алмайды. Себебі бұлардың бірі сынды білдірсе, екіншісі температураны білдіріп, әртектес ұғымдарды анықтап тұр. Ендеше антонимдік жұп құрау үшін біртектес ұғымды білдіруі тиіс.

2. Антонимдер кез-келген сөздермен тіркесе бермейді. Мысалы: суық-жылы деген антонимдер тек орынға, температураға байланысты зат есімдермен ғана тіркесе алады.

3. Антонимдік жұп құрайтын сөздер бір сөйлем ішінде қатар келіп отыруы шарт емес. Антоним сөздің көп мағыналы болып келуі де мүмкін, сондай-ақ бір антоним сөздің бірнеше синонимі болуы тілде жиі кездеседі. Бірнеше антоним сөз бір ғана ұғымды білдіруі де мүмкін.

4. Антонимдер – семантикалық құбылыс, яғни мағыналық қарама-қарсылыққа негізделеді. Сонымен қатар антонимдер лексиканың полисемия, синонимия, омонимия сияқты топтарымен араласып, астасып жатқан аса мол сала. Мысалы, Бұлардың, кейбірінің мінездері, Еш нәрсе көрмегенсіп бұлтақтаған. Кейбірі жайдары ашық боламын деп, Орынсыз адамдармен жартақтаған (Абай). Бұрын да өзі аз сөйлеп өзгені көп тыңдайтын Иванов айрықша бүгін сөзге сараң, сырға тұйық еді. (Ә.Нұрпейісов)

Осы мысалдардағы жайдары – тұйық деген антонимдік жұптың сыңарларының синонимі – ашық. Осы бірінші сөз «тұйыққа» қарсы мағынада қолданылып антоним болады.

Сонда жайдары – тұйық, ашық – тұйық деген екі антонимдік жұп шығады.

Мұның алғашқысы адамға қатысты айтылады, ал екіншісі жұп адамға да, жансыз нәрселерге қатысты да қолданысқа түсе алады (ашық буын, тұйық буын, ашық адам, тұйық адам).

5. Антонимдер – лексикалық, грамматикалық стильдік жағынан аса икемді сөздер тобына жатады. Себебі оларға әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы жаңа сөздер туып, өрбіп жатады. Мұның өзі антонимдердің өріс аумағының кең екендігін көрсетеді. Мысалы: Сендерде бірлік болмаса, Алалылықтан өлеміз. Қорлық көріп дұшпаннан, қан сорғалап кеудеден жара болып өлеміз. («Манас»).

6. Бір-біріне қарсы мағыналас жұрнақтары (-лы, -лі, (-ды, -ді, -ты, -ті) мен –сыз, -сіз) арқылы жасалған сөздердегі мағына қарама-қарсылығы антонимдік қарама-қарсылықтан басқаша, яғни антонимдік мағына туғыза алмайды. Өйткені –лы, -лі екендігін көрсетсе, -сыз, -сіз жұрнағы белгілі бір затта не құбылыста сол сапаның жоқ екендігін білдіреді. Бұлар затқа, құбылысқа, жаңа баға бермейді. –сыз, -сіз болымсыздық категориясын туғызатын қосымша болып танылады.

 

 Лексикалық және стильдік антонимдер

Тілімізде лексикалық антонимдермен қатар стильдік (немесе контекстік) антонимдер де кездеседі. Олар жарыса, қатар қолданылып антоним ретінде қалыптаспаса да, белгілі бір контексте ғана қолданысқа түседі.

Мысалы: Үй отырып салбырап, Түзге шықса албырап, Кісіні көрсе қылжыңдап, Қалжыңшылсып ыржыңдап (Абай).

Кейбір антоним сөздер көбінесе бір сөйлем ішінде қатар қолданылып, жалпылық мәнде жұмсалады. Мысалы: Ұяламыз дегені көңіл үшін, Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін. Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ, Жігері жоқ маңызы жеңіл үшін (Абай).

Осы мысалдағы антоним сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшесі қызметін атқарып, ыңғайлас жалғаулықтар арқылы байланысады. Сол сияқты қарсылықты жалғаулықтар немесе болымсыздық мәндегі сөздер арқылы байланысқан кейбір антонимдер тікелей қарама-қарсылық мәнде жұмсалады.

Мысалы: Ауру да емес, сау да емес, Құрыды әл қуатым (Абай). – Онда қалжың емес, шынның өзі болғаны. Неткен бәле? – деп Абайдың кейпі бұзылды (М.Әуезов).

Антонимдік контекстер альтернативтік мәнде жұмсалып, талғаулықты немесе ыңғайлас жалғаулықтар арқылы байланысады. Мысалы: Маржаны еді көңілдің сүйеуі бір, Соңғы кезде өзгеріп о да құрғыр, жұрт өсегі бекер ме яки шын ба, Білуге де анығын болмай-ақ жүр. (Б.Майлин).

 

 Сөз таптарынан болған антонимдер

Антонимдерге ең бай сөз табы- сын есімдер. Ал етістіктерден, зат есімдерден, үстеулерден азды-көпті кездессе, ал қалған сөз таптарынан өте сирек ұшырасады. Мысалы: Ашу түбі- тұңғиық, батасың да кетесің, Ақыл түбі –желқайық, Мінесің де кетесің (мақал). Кең далалы, кең пейілді қазақпыз, Құл емеспіз еркін жанбыз, азатпыз (Қ.Аманжолов). Осы мысалдардағы антонимдер зат есімдердің түбір тұлғасында келіп белгілі бір мағыналық қарама-қарсылыққа негізделген: ашу-ақыл, құл-азат.

Зат есімдерге тән антонимдер түбір және туынды түрінде қолданылады. Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік те, жаман өткіздік те, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік (Абай).

Зат есімдерге байланысты туынды антонимдік көбінесе –лық, -лік,- дық, -дік, -тық, -тік, -ыс, -іс, -с,-ық, -ік, -к, -ыш, -іш, -ш сияқты жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы, Кеңшілікте жараспаған, Таршылықта бастырмайды маңайын. Сараң байдан сұрасаңыз ат майын, Бермес үшін айта берер жоқ жайын («Шешендік сөздер»). Өкініш өкпе қысты, Өртенді өзек, ызаға жан жәбірі шыдай алмай (З.Қалауова). Жүзі нұрланып, кеудесін қуаныш кернеп толықсыған Гүлжан қардай жауған сұрақтарға жауап беруден шаршамады (З.Шашкин).

Сын есімдерден болған антонимдер түбір және туынды күйінде де жасала береді. Мысалы: Жуан жіңішкергенше, жіңішке үзілер (мақал). Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік (Абай). Алтын артқан бір есек Соларменен келеді. Ол жай жүрсе, жұрт та жай, Ол желсе, жұрт та желеді. (Абай). Кім де болса, қатты келе жатыр. Байқаңдаршы кім болды екен? Не хабармен жүрген жан екен. (С.Мұқанов).

Осы мысалдардағы жуан-жіңішке; жақсы –жаман; жай-қатты антонимдер түбір сын есімдер, яғни олардың қолданыс аясы өте кең. Ал туынды сын есімдер көбінесе –лы, -лі, -ды,-ді, -ты, -ті жұрнақтары арқылы жағымды сыңарларын жасаса, енді бірде –сыз, -сіз жұрнақтары арқылы жағымсыз мағынада жұмсалынады. Мысалы, Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны (Абай). Ондайда адам сабырлы салқын келер, Айтқан сөзі салмақты алтын келер (А.Тоқмағамбетов). Жандыда балық үлкен, жансызда қамыс үлкен (мақал).

Сол сияқты сын есімнің –ғы, -гі, -қы, -кі жұрнақтары арқылы туынды сын есімдер жасалады.

Мен білетін жолдардың ізі ішіне қарай батыңқы болушы еді, мынау жол үстіне қарай шығыңқы (С.Мұқанов).

Етістіктерден түбір және туынды түрінде антонимдер жасалады; Жиналған жұрт ішінде әрең сиған үйге ас та даярланған соң, іші ысып кетті де, жанып тұрған керасин шам сөніп қалды (С.Мұқанов). Оксана Артемьевна қастерлеп ілген жауынгер суреті тапжылмай сол орында әлі тұр (С.Омаров). Атамның характерін қорлама, бай, аш емен, болмасам да сендей малды (Абай).

Есімдіктер мен үстеуге қатысты антонимдер тілімізде көп кездесе бермейді. Есімдікке қатысты анау-мынау, әне-міне, осы-сол тәрізді сөздер ғана антонимдік жұп құрайды.

Антонимияға логикалы- танымдық ерекшелік тән. Логикалық қарама-қарсылық бір-біріне ешқандай байланысы жоқ ұғымдардың қарым-қатынастарын сипаттайды.

Бұл қатарға контрарлық және контрадикторлық қарама-қарсылық енеді, яғни ол қарама-қарсылық пен қарама-қайшылық негізінде жасалады.

Антонимияны білдіретін лексикалық бірлікке жалпы инварианттылық тән, яғни, антонимдердің мағыналарында бір-бірін жоққа шығаратын қасиеттің болуы тән.

Антонимия бірліктері жалпы семалар арқылы ортақтасады: жақсы –жаман-сапа (сема); ұзару-қысқару қашықтық (сема).

Сонымер қатар антонимдер өзіміздің төл сөздерімізге кірме сөздер арқылы да жасалады. Мысалы: бай (қаз) –кедей (араб); кірме сөздер арасында да антонимдік жұп құралады: пайда (араб)- зиян (парсы) т.б.

Тілімізде біршама сөздер жеке тұрғанда антонимдік жұп бола алмағанмен, белгілі бір контексте қарама-қарсы мағынада жұмсала алады. Оларды әдетте стильдік немесе контекстік антонимдер деп атаймыз.

Мысалы: Түйе ұрлаған да ұры, түйме ұрлаған да ұры (мақал). Осы мақалдағы түйе-түйме – контекстуалды антонимдер, яғни олар жеке тұрғанда антоним бола алмағанмен, мағына қарама-қарсылығы көбінесе контекске телулі болады.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 47; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.196 (0.016 с.)