ртекті (гетерогенді) және біртекті (гомогенді) омонимдер 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

ртекті (гетерогенді) және біртекті (гомогенді) омонимдер

ҮI БЛОК

 

ОМОНИМ

Көп мағыналы сөздер мен омонимдердің формалары жағынан ұқсас болады. Олардың айырмашылықтары – біріншіден, көп мағыналы сөздердің бірнеше мағыналы болып келетіндігі болса, екіншіден, олар әр сөз табына мағыналары жақын әрі ұқсас болатындығы. Ал омонимдердің табиғаты өзгешелеу болады. Олар (омонимдер) біркелкі дыбысталып айтылады да, ал ұғымы басқа-басқа сөздер тобын білдіреді.

Омоним деген термин гректің «homos» біркелкі, бірдей және «onуm» яғни ат, атау деген сөздерінен алынып, «біркелкі, бірдей атау» дегенді білдіреді.

Омонимдерді қазақ тілінде қарастырған ғалымдардың ішінде К.Аханов «Дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары басқа-басқа сөздер омонимдер» десе [2,36,3,113], Т.Р. Қордабаев материалдық ұқсастықтары, бірліктері ғана болмаса, мағыналық жағынан бір-біріне ешқандай ұқсастықтары жоқ сөздерді омоним сөздерге жатқызып, «омонимдердің мағыналары бір сөздің әр түрлі мағыналары емес, оның әр мағынасы әр түрлі сөз болады»- дейді [37,67].

Жалпы тіл біліміндегі бұл құбылысқа көптеген анықтамалар беріліп келеді. О.С. Ахманова: «Омонимы как два и более слова, состоящие из фонемных рядов и различающиеся только семантически или грамматически одновременно» – десе [5,3], В.В.Виноградов: «Термин» омонимия следует применять к разным лексическим единицам, совпадающим по звуковой структуре во всех своих формах»- дейді [17,12].

Тіл біліміндегі омонимия құбылысы- өте күрделі категория. С.Г. Гендлер омонимияны тарихи категорияға жатқызады. Э.Эманның «Омонимия құбылысы тіл дамуының көрсеткіші, фактісі» деуі [80.117] В.Урбутистің «Тілдегі омонимдердің пайда болуы тіл дамуының нәтижесі деп қарастыру керек, тілде омоним сөздердің пайда болуына, туындауына себеп болатын негізгі факторлар ол – тіліміздегі лексикалық қорды байыту қажеттігі мен оны дамыту» деуі [74.15] омонимия құбылысын тарихи категорияға жатқызуы болып табылады.

 

 

Омонимия табиғатын қарастыратын еңбектерде көбінесе әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі- омонимдердің тілімізде пайда болу тәсілдері.

Зерттеушілердің арасында екі түрлі көзқарас бар: бірі– омоним сөздер деп тану үшін омонимдік қатарға енетін сөздер шығу тегі жағынан гетерогенді, яғни тұлғалық ұқсастығы мен сәйкестігі кездейсоқ болып, әр текті омонимдер болуы керек деген қағидатты ұстанса, енді бір топ ғалымдар тілде гомогенді (бір текті) омонимдердің болуы да заңды деп тұжырымдайды.

Гомогенді омонимдер туралы К.Аханов: «Көп мағыналы сөздердің әр мағынасы бір-бірінен алыстап, олардың арасындағы мағыналық байланыс үзіледі де, әр мағынасы әр басқа ұғымдардың атауы болып дараланып алшақтайды. Сөздердің осындай мағыналық жақтан дамуы нәтижесінде омонимдер жасалады десе» [3.37], акад. А.Қайдар қазақ тіліндегі бір буынды түбір- негіздерінен гомогенді омонимдердің туындауы жайында пікірлер айтады [26.99]. Гомогенді омонимдерді кейде «семантикалық омонимдер», «өзара алшақтап кеткен омонимдер», «тарихи омонимдер», «генетикалық негізі бір омонимдер», «негізгі бір түбірлес омоним сөздер» деп те атаушылық бар.

Гомогенді омонимдердің туындауына әсер берген мотивтер- заттар мен құбылыстардың жеке бөліктерінің ұқсастығы, заттар мен құбылыстардың орналасуындағы ерекшеліктер, заттардың, құбылыстардың дыбыстары, заттардың санына байланысты, заттар мен құбылыстардың қимыл ұқсастығы, қолданылған материалға байланысты тағы басқалар:

1. Заттар мен құбылыстардың сыртқы тұлғаларындағы ұқсастық тірек болған гемогенді омонимдерге тұмарды жатқызуға болады.

Тұмар І. Жас баланы, нәрестені көз тиюден, ауру-сырқаудан сақтайды деген ұғыммен ішіне Құран сөзі жазылған, үш бұрышты мата не былғарымен тысталған киелі зат.

Тұмар ІІ. Тұмардың сырт бейнесіне ұқсастырылып жасалған ою-өрнек.

2. Заттар мен құбылыстардың орналасуындағы ерекшеліктеріне байланысты болған гомогенді омонимдерге Алқа сөзінен байқалады:

Алқа І Дөңгелене отырған топ, жиын, мәжіліс;

Алқа ІІҚыз-келіншектердің мойнына, омырауына әсемдік үшін тағатын моншақты әшекей.

Алқа ІІІ көпшіліктің, ел-жұрттың алдында, төрде. Мыс: «Қазылар алқасы». Бұлардың барлығы да адамдардың назарына бірден түсетін, яғни орналасуындағы ерекшеліктердің негізінде жасалған омонимдер болып тұр.

3. Заттардың, құбылыстардың түр-түсіне негізделген гомогенді омонимдерге «ақ» сөзін алуға болады.

Ақтық І Қардың, сүттің түсіндей аппақ болушылық.

Ақтық ІІ Ақ мата, әйелдердің бастарына тағатын ақ орамал

Ақтық ІІІ Ескі наным бойынша киелі қасиетті жерлерге байлап кететін жоралғы зат. т.б.

Көк І түс (ашық аспан тәрізді)

Көк ІІ Әлем

Көк ІІІ Көк шөп, көкөніс, жеміс-жидек

4. Заттар мен құбылыстардың дыбыстары негізінде пайда болған гомогенді омонимдер.

Ысқырық І. Ысқырғанда шыққан дыбыс

Ысқырық ІІ Ысқыратын құрал

5. Қолданылған материалға байланысты пайда болған омонимдер.

Ішек І Адамның, мал және жануарлардың ас қорыту мүшелерінің бірі.

Ішек ІІ Домбыраның тартып ойнайтын ішегі

6. Мерзім не уақыттың әсері тиген гомогенді омонимдер:

Күздік І Жаз жайлаудан қайтқан елдің күзде қалатын орны.

Күздік ІІ Қысқы соғымға дейін ауыл адамдарының күзде сойылған малы.

Күздік ІІІ Күзде егілетін күздік дақыл

Міне, әрбір гомоомонимнің астарында олардың пайда болуына әсер берген осындай әр түрлі мотивтер бар екені тілдік фактілер дәлелдей түседі.

Жоғарыда талданған тілдік бірліктерге, ғалымдардың пікірлеріне сүйенсек, мынадай ғылыми тұжырымдарға келуге болады: Яғни, көп мағыналық омонимдену процесінің алдыңғы сатысы, оның шарықтау шегі омонимияға апаратын меже. Сонымен қатар омонимия процесі тілді қолданып отырған халықтың өмірімен тікелей байланысты, оның салт-дәстүр, наным- түсінік секілді ұлттық менталитетке қатысты құбылыс.

Жаңа омоним сөздің пайда болуына тірек болған жоғарыдағы белгілер шығу тегі бір омонимдердің туындауына әсер берген мотив болып табылады. Бұндай омоним сөзге тірек болған белгіні Р.А. Будагов пен Г.В. Колшанский «Внутренняя форма» десе, С.Д. Концельсон оны этимон деп көрсетеді. Сонымен, бір-бірімен сабақтасып байланысып жатқан екі құбылыс тіліміздегі гомогенді омонимдерден көрініс тапқан.

Омонимия құбылысы туралы жалпы тіл біліміндегі пікірдің өзін бірнеше топтарға қарастыруға болады:

1. Омонимия тіл-тілдердің бәріне тән, ұқсас әрі ортақ құбылыс.

2. Омонимдер тек әртекті (гетрогенді) сөздерден және күтпеген жерден (спонтанно) пайда болатын құбылыс.

3. Омонимдер сонымен қатар, бір текті (гомогенді) сөздерден де пайда болатын тосын құбылыс.

4. Омонимдер екі түрлі жолмен: -гетрогенді (әртекті) сөздерден және гомогенді (біртекті) сөздердің іштей жіктеліп алшақтай түсуі арқылы пайда болатын құбылыс.

Сонымен, қазақ тіліндегі гомогенді омонимдердің пайда болуы о бастағы бір сөздің мағына жағынан іштей жіктеліп, екі түрлі мағыналық бірлікке айналуы, яғни омонимдік дәрежеге көтерілу өте күрделі лексика-семантикалық процесс те, бұл процеске негіз болып саналатын экстралингвистикалық факторлардың табиғаты одан да күрделі екендігі көрінеді [44.96].

 

 Омонимдердің түрлері

 

Қазақ тіліндегі омонимдерді өз ішінен үшке бөліп қарастырамыз: лексикалық омонимдер, лексика-грамматикалық омонимдер және аралас омонимдер.

1. Лексикалық омонимдер. Бұл топқа енген сөздер бір ғана сөз табына қатысты болып келеді. Мысалы: Қол І зат. анат. Адамның бір нәрсені ұстайтын, жұмыс істейтін дене мүшесі. Қолды ыстық сумен жуғанды дұрыс дейді (Мұхтар Әуезов). Қол ІІ зат. көне. әскер, жасақ, жауынгер. Тегіс сойыл, найза, айбалта, шоқпар ұстаған шабуыл мен соғысқа әзірлеген қол (М.Әуезов). Қол ІІІ зат. көне. Жөн, ыңғай, лайық. Темір-терсек қыз баланың қолы ма еді. (Ә.Қал.)

2. Лексика-грамматикалық омонимдерге енетін сөздер әр сөз табына қатысты болып, түбір тұлғасында ғана омоним болады да, қалған уақытта әр сөз өзіне тән тұлғаларда түрленеді. Мысалы: Қорған І зат. бір нәрсені айнала соққан қоршау, дуал, биік қабырға. Әр үйдің ұзын-ұзын, иір-иір қорғаны бар (С.Бақбергенов). Қорған ІІ ет. өздік етіс. Қорған. Бұл- біздің сыртқы жауларымыздан қорғанатын жалғыз ғана құралымыз (Ә.Ш).

3. Аралас омонимдерге жататын сөздер көп сыңарлы бола отырып, жоғарыдағы екі түрін (лексикалық және лексика-грамматикалық) қоса қамтиды. Мысалы: Қу І зат. иілген ұзын мойынды су құсы, аққу. Жыршы құстар әуеде өлең айтып, қиқу салар көлдегі қаз бен қулар (Абай). Қу ІІсын құрғап кеткен, қураған, құрғақ. Қу шөптен басқа нәр жоқ далада бір. (Қ.Бекхожин). Қу ІІІ сын. Айлакер. Амал тапқыш, епшіл. Айсұлу да бір қу болып шықты, келісімен-ақ Қасымбекті баурап алды (З.А.). Қу ІV ет. Қашқан нәрсеге жету үшін соңына түсу, жүгіру. Аттан! Ұста, алып кетті! Қу! Жет! (Ж.Р.)

Тілімізде омонимдердің түрлерінен өзгешелеу келетін омофондар мен омографтар да кездеседі. Кейбір тілші ғалымдар оларды айтылымдас сөздер (омофондар) және жазылымдас сөздер (омографтар) деп атап жүр.

Тілімізде біршама сөздер орфографиялық норманы сақтай отырып біркелкі айтылады, бірақ орфографиялық норма бойынша түрліше жазылатын сөздер аз емес. Мысалы асшы (ас даярлайтын адам) мен ащы (тұщы сөзінің антонимі) сөздері; қара ала (сын есім) мен қарала (етістік) сөздері жұп тұрғысынан бірдей айтылады, алайда жазылу барысында түрліше таңбаланады. Ендеше, омографтар (гр. homos – бірдей, phone-дыбыс, дауыс) дегеніміз айтылуы бірдей, бірақ жазылуы әр түрлі сөздер.

Омонимдерге ұқсас тағы бір құбылыстың түрі- омографтар (гр. homos- бірдей, grapho- жазу). Тіліміздегі біршама сөздер біркелкі жазылғанымен, екпіннің алмасып түсуіне байланысты түрліше айтылатын, өз алдына дербес мағыналы сөздер де ұшырасып отырады. Мысалы: көрме (болымсыз етістік) көрме (выстовка); алма (етістік) алма (қызыл алма) сөздер осы омографтарға жатады.

Омонимдер мен омографтардан кейде сөзойнатым (каламбур) жасалып, сықақ, әзіл ретінде қолданып отырады. Сөзойнатым (каламбур) деген сөз дыбысталуы ұқсас, мағынасы әр түрлі сөздердің негізінде туған сөз әзілі (игра слов) дегенді білдіреді.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 41; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.198 (0.008 с.)