Заглавная страница Избранные статьи Случайная статья Познавательные статьи Новые добавления Обратная связь FAQ Написать работу КАТЕГОРИИ: ТОП 10 на сайте Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрацииТехника нижней прямой подачи мяча. Франко-прусская война (причины и последствия) Организация работы процедурного кабинета Смысловое и механическое запоминание, их место и роль в усвоении знаний Коммуникативные барьеры и пути их преодоления Обработка изделий медицинского назначения многократного применения Образцы текста публицистического стиля Четыре типа изменения баланса Задачи с ответами для Всероссийской олимпиады по праву
Мы поможем в написании ваших работ! ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?
Влияние общества на человека
Приготовление дезинфицирующих растворов различной концентрации Практические работы по географии для 6 класса Организация работы процедурного кабинета Изменения в неживой природе осенью Уборка процедурного кабинета Сольфеджио. Все правила по сольфеджио Балочные системы. Определение реакций опор и моментов защемления |
Мемлекеттік билік және азаматтық қоғамСодержание книги
Поиск на нашем сайте 6.1. Мемлекет ұғымы «Мемлекет» термині қазіргі саяси және тұрмыстық лексикада көбінесе ортақ территорияда өмір сүретін адамдардың әлеуметтік-экономикалық және саяси қауымдастығын белгілеу үшін пайдаланылады. Бұл тұрғыда «мемлекет» термині мағынасы жағынан «ел» терминіне жақын. Мемлекет ұғымын бұлай түсіну қарапайым санаға тән және оған негіз жеткілікті де. Расында да, мемлекетті адамдар заңды деп таныған және оларды әлеуметтік тұтастыққа біріктіретін билікке ие елдеп атауға да болады. Осы анықтаманың қысқалығы қанша күмән тудырса да, мемлекет ұғымымен белгіленетін құбылыстың мағынасын дәл беріп тұр. Бұл анықтамадан ел (яғни, территория мен тұрғын халық) мен биліктің мемлекеттің өзіне тән көрнекті және ажырамас элементтері, атрибуттары болып табылатындығын көруге болады. Ежелгі үнділердің «Артхашастра» (пайда туралы, практикалық өмір туралы ғылым) атты трактатында «билеуші және оның державасы – мемлекеттің ең басты элементтері» деп көрсетілген. Сондықтан да, қызмет ету тиімділігі қандай болмасын билігі жоқ елді мемлекет деп есептеуге болмайды . Әрине, жоғарыда аталған элементтер мемлекеттің құрылуында тең мағынада емес, себебі ел, яғни территория мен тұрғын халық оның қалыптасуындағы алғышарттар, оның базалық негізі болып табылса, мемлекеттік билік құрылғанда мемлекеттің өзі өзекті болып, шын мәнінде пайда болады. Тұтастай әлеуметтік-саяси құрылым ретіндегі мемлекеттің өзінде аталған элементтер жеткілікті түрде өзара органикалық байланыста болады, яғни өзара әрекеттесіп мемлекеттің мәнін құрайды. Мемлекет саяси қатынастар аясындағы өте тиімді әрекет етуші саяси институт бола отырып, әртүрлі көріністерді қамтиды: - ол өзін жеке мүдделерді ескеретін және ортақ игілік үшін оларды түйістіруді қамтамасыз ете отырып, ортақ істерді шешетін орган ретінде көрсетеді. Мемлекет пен мемлекеттік билікке қоғамдағы әлеуметтік және саяси күштер қалай қарағанымен және пісіп-жетілген әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани проблемаларды шешуде оларды қалай пайдаланғанымен, мемлекет пен мемлекеттік биліктің қолында әрқашанда қоғам тұтастығын сақтау мен ондағы тәртіп пен тұрақтылықты реттеу қызметі қала береді. Мемлекеттің осы ерекшелігін ескермеуге болмайды, себебі олар қандай формадағы болмасын мемлекет пен мемлекеттік биліктің болу қажеттілігін көрсетеді. Мемлекет пен мемлекеттік билік мемлекеттілік болмаған жағдайдағы тәртіпсіздікпен салыстырғанда тәртіптің, тұрақтылықтың өкілі ретінде көрінеді; - экономикалық үстем таптың үстемдік ету құралы ретінде пайдаланылады; экономикалық үстем әлеуметтік-таптық күштердің мүдделерінің үстемдігін сақтау мақсатында қоғамдық істерді басқаруды қамтамасыз етеді, сондықтан да мемлекеттік билік үшін күрес мүдделер үстемдігін қамтамасыз етудің шартына айналады; - адамдардың тіршілік әрекетінің құқықтық негізін қалыптастырады, әртүрлі субъектілерге әлеуметтік-құқықтық нормаларды ұсынады және оларды орындауға міндеттейді; - қаржылық іс-әрекеттерді жүзеге асырады, салық жинау және басқа да акциялар есебінен мемлекеттік қазынаны қалыптастырады; - өз егемендігін қамтамасыз етеді, яғни территориясының тұтастығын сақтайды, азаматтарының мүдделерін қорғайды, халықаралық заңдар мен нормаларды мойындайтын және өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын дербес геосаяси және әлеуметтік-демографиялық құрылым ретінде әлемдік қауымдастыққа кіреді. Өркениет тарихында, саяси мәдениеттің қалыптасуы мен дамуында мемлекеттің осы қасиеттерінің барлығы орын алды және мемлекет ұғымы оларды өз мазмұнына қосып алған. Сонымен, көріп отырғанымыздай, мемлекет қарама-қайшы негізге ие екен. Бір жағынан, ол адамдардың бүкіл қауымдастығының мүдделерін білдіруші ретінде көрініп, қоғамдық организмдегі тұтастық пен тәртіпті қамтамасыз етуге ұмтылса, екінші жағынан үстемдік етуші әлеуметтік күштер оны өз мүдделерін қорғау үшін пайдаланады. Мемлекеттің пайда болуы мен қызмет етуінің шынайы қайшылықты негіздері осындай. Ұзақ уақыт бойы адамдар мемлекетке дейінгі жағдайда өмір сүрді. Олардың тіршілік әрекеттері үшін қажетті басқару мен билік шешімдерін осы іске қажетті бедел мен тиісті әрекеттерді жүзеге асыру мүмкіндіктеріне ие ру, тайпа көсемдері мен ақсақалдары қабылдады. Мемлекетке дейінгі кезең адамдар қауымдастығының сол кезеңдегі әлеуметтік-мәдени даму деңгейімен анықталынды. Әлеуметтік қатынастар бір тектен тараған туыс адамдар топтары (отбасы, ру, тайпа) арасында жүргендіктен ресми емес сипатта болды. Өмір орнықты, яғни тұрақты әрі өзгеріссіз қалыпта болды, онда бірізділік принципі айқын көрінді. Адамдардың мүдделері көп жағдайда қарапайым және тікелей болғандықтан, оларды іске асырудың қажеттілігі айқын көрініп тұрды. Адамдар арасында мүдделер қайшылығын, келіспеушілігін тудыратын әлеуметтік, мүліктік, құқықтық айырмашылықтар болмады. Пайда болған жеке қайшылықтар көбінесе субъектілер деңгейінде дәстүр немесе үстем күштер негізінде шешілетін. Уақыт өте келе, тауар - ақша қатынастарының дамуы, қоғам мүшелерінің мүліктік жіктелуі, патриархалды-отбасылық, туыстық-тайпалық байланыстардың бұзылып, ірі туыстық-тайпалық одақтардың, халықтардың пайда болуы мемлекеттік билікке, мемлекет құруға деген қажеттілікті тудырды. Экономикалық пайда табу адамды басқа этномәдени ортаға келуге мәжбүр етті, ал мұнда оны патриархалды, туыстық тайпалық байланыстар мен соған сай дәстүрлі моральдық және құқықтық нормалар қорғай алмайтын еді. Ол өмір сүріп отырған ортасында өзін бөтен сезінді. Алайда, ол дәулетті болғандықтан, оған көптеген адамдар экономикалық тұрғыда кіріптар еді. Осындай адамдардың мүдделерін қорғау үшін алғашқы мемлекеттік органдар дүниеге келе бастады. Алғашқы мемлекет немесе мемлекетсымақ (архия – гр.сөзі archi –билік,басқару) өзінің құрылымы мен атқаратын функциясы жағынан туыстық-тайпалық демократия институттарына жақын, оның қатардағы мүшелері өте белсенді болды, қызмет адамдарын сайлау сақталынды. Билік құрушы субъектілер өз билігін әскери жасақтарға сүйене отырып жүргізген ру, тайпа көсемдері болды. Бұл алғашқы мемлекетте бюрократиялық аппарат, дамыған құқықтық негіздер әлі қалыптаспаған еді, биліктік іс-әрекет элитаның қызметі ретінде танылмады. Ғылым адамдардың мемлекетке дейінгі өмірі мен қарапайым мемлекеттер жайлы дұрыс түсінікке ие болғанымен, ол хатқа түсірілмегендіктен, ал билік пен билік құрушы адамдардың есімдері анықталмағандықтан сол кезеңдегі өмір шындығы тарихтың терең қойнауларында ұмыт қалды. Адамзаттың мемлекетте өмір сүру тарихы басқалай еді. Ол нақты билік құрушы субъектілердің, мемлекеттік билік органдарының, жекелеген қатынастардың өмір сүруі мен қызметі ретінде көрінеді. Бұлардың барлығы көпқырлы саяси өмірді құрайды, ал оны бұл процесті формалар мен түрлерге бөлу, мейлінше мәнді, қайталанбалы, тұрақты қасиеттерін анықтау арқылы тануға болады.
6.2. Мемлекеттер типологизациясы Мемлекеттер типологизациясы олардың мазмұнын бағалау және айырмашылықтары мен ортақ қасиеттерін айқындау негізінде мейлінше тиісті формаларын анықтаумен байланысты. Мемлекеттің саяси қатынастардың тоғысында тұратындығын жоғарыда біз айтып өттік, сол себепті оның мазмұнын бағалауда идеологиялық фактор басым болады. Мемлекеттерді типологизациялаудың кейбір жалпы принциптеріне тоқталып өтелік: 1. Мемлекетті таптық үстемдіктің, диктатураның құралы ретінде таптық қайшылық тұрғысынан бағалау. Мемлекетке қатысты осы көзқарас саяси идеология ретінде мемлекет пен мемлекеттік биліктің маркстік-лениндік теориясында толық көрініс тапты. Әрине, бұл теорияның дамуына дейін де биліктің элитарлық негізін көрсеткен (Конфуций, Платон, Н.Макиавелли), билікті байлардың кедейлерге қастандығы (Томас Мор) немесе қанау құралы (Сен-Симон) ретінде қарастырған ғалымдар болғанымен, марксизм мемлекетті таптық үстемдік құралы ретінде қарастыратын концепцияға ашық, рационалды түрде дәлелденген, теориялық-методологиялық негіз қалады. Мемлекет қоғамдық-экономикалық формацияның қондырмасының маңызды элементі ретінде оның базисімен анықталынады, қоғамдағы антагонистік таптардың болуы мен таптық үстемдіктің қажеттілігі дәл осы экономикалық базиске, оның құрылымдарына тәуелді. Экономикалық үстем тап өз мүдделерінің басымдығын қамтамасыз етуден туындайтын әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыру үшін билікті қолына алады. Мемлекет мемлекеттік билікті осылай қолға алудың нәтижесі ретінде, таптық диктатураның мемлекеті ретінде құрылып, қызмет етеді. Марксизм мемлекет мәнін таптық тұрғыдан бағалауды басшылыққа ала отырып, оның келесі түрлерін бөліп көрсетеді: құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік. Мұндағы идеологиялық мақсат – социалистік емес мемлекеттердің барлық түрлеріне таптық-араздық қатынастарды қалыптастыру, өйткені К.Маркстің пікірі бойынша, капитализмнен коммунизмге өтуді жүзеге асыратын шынайы әлеуметтік процесс билікті жұмысшы таптың қолына алуының нәтижесінде қанаушылардың мемлекеттік машинасын қиратып, пролетариат диктатурасын орнатқанда ғана мүмкін болады. Бұл арада ескере кетер жайт, шынайы мемлекеттік билікті пролетариат атынан өзін құқықтық нормалармен шектемей, сондай-ақ жалпыадамзаттық моральдық құндылықтарды «құрсаудан» босату есебінен қоғамды басқаратын жетекші партияға біріккен саяси элита жүзеге асырады. Әрине, өркениеттің саяси тарихында таптық антагонизм мен таптық күрес әрдайым болған, өйткені экономикалық үстем тап өз мүдделерін қорғау үшін мемлекеттік билік тәрізді тиімділігі жоғары тетікті пайдалануға ұмтылады. Бірақ экономикалық үстем таптың мемлекетті бұлай пайдалануы, көрініп тұрғанындай, мемлекеттің негізін терең ашып бере алмайды және оны шексіздендіру мемлекет мәнін түсінудің өте тар прагматикалық, утилитарлық, идеологияландырылған тәсілі болып табылады. Мемлекеттің шынайы негізі, мәні - өз тұтастығын сақтау, адамдардың тіршілік әрекетінің жалпы нормативтік негіздерін қамтамасыз ету сияқты қоғамның саяси қажеттіліктерімен анықталынады. 2. Мемлекеттерді либерализм мен демократия принциптерінің саяси өмірдегі дамуы негізінде типологизациялау. Осы көзқарас бойынша адамзаттың барлық саяси мәдениетінің даму тарихын жүйелеуге болады, және ол адамзаттың билік құруының авторитарлық ұйымдастыру формалары мен әдістерінен – саяси қатынастар субъектілерінің жеке белсенділігі мен іс-әрекетінің еркіндігін қамтамасыз ететін демократияға өтуінің процесі ретінде көрінеді. Осы позиция тұрғысынан мемлекеттерді авторитарлық, тоталитарлық, демократиялық деп бөлуге болады. Бұл ұғымдар саяси режимдерді талдауға арналған тарауда қарастырылып кеткендіктен, біз мұнда бұларға жеке-жеке тоқталып өтпейміз. Тек саяси режимнің мемлекеттің іргелі әлеуметтік-саяси мәнін бейнелейтіндігін және оны мемлекеттер типологизациясында пайдалану өте тиімді екенін атап өтеміз. Авторитаризмнің негізін қарастырғанда, ең алдымен адамның адамды қанауы адамзат өмірінде шынайы құбылыс болғандығына және ұзақ уақыт бойы – адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуы процесінде – оның құлдық, крепостниктік, жалдамалы еңбектің бастапқы сатылары сияқты өте қатал формада іске асқандығына назар аударуымыз қажет. Адамның адамды қанауы күш көрсету арқылы жүреді, себебі мәжбүрлеу еріксіз жұмыс істету үшін өте қажет. Дәл осы қажеттілік авторитаризмнің әлеуметтік-экономикалық негізі болды. Қоғамның «төменгілердің» «жоғарғыларға» мүлтіксіз бағынуын қадағалайтын иерархияландырылған әлеуметтік құрылымы қалыптасып, қызмет етті. Басқару мен билік қоғамның «жоғарғыларының», халықтың элитарлық бөлігінің функциясы болды және олар билікті жүзеге асыруда өздерінің әлеуметтік жағдайының ықпалдылығына, «беделділігіне» сүйенді. Өзінің билік құру органдарымен, бағындыру мен мәжбүрлеудің төл құралдарымен, әдістерімен саяси мәдениет, осы мәдениетпен үндес саяси идеология және авторитаризмге бағытталған саяси діл қалыптасып дамыды. Алайда, өркениет дамуына теңсіздік, үстемдік пен бағыну тәрізді принциптермен қатар теңдік пен әріптестік принциптерінің болуы мен қызмет етуі тән. Соңғы принциптер адамдар әлеуметтік теңдікте болған, иерархиялық төмен, әлеуметтілік, мәртебелік қалыптаспаған қауымдастықта басым болды. Сондықтан азаматтардың саяси белсенділігін қамтамасыз ететін мемлекет түрі, ұйымдастыру формасы ретіндегі, барлық адамдардың мүдделерін ескере отырып келісу мен шешімдер қабылдаудың әдістері мен құралдары ретіндегі демократия өркениетіміз сияқты ежелден бар. Бірақ, әлеуметтік-мәдени орта түпкілікті өзгеріске ұшыраған қазіргі кезде демократия адамзаттың саяси өмірінің анықтаушысы болуда. Осыдан кейінгі әлеуметтік дамуды қамтамасыз ету үшін демократия шексіз, баламасыз құндылық болып табылады. Тоталитарлық режимдердің және соған сәйкес мемлекет түрлерінің пайда болуына адамзаттың ХХ ғ. даму ерекшеліктері негіз болса да, тоталитарлық идеялар бастапқы түрінде мифологиялық, теократиялық түсініктерде, сондай-ақ Платонның (б.з.д.427-347жж.), Жан Жак Руссоның (1712-1778) көзқарастарында көрініс тапты. Ежелгі Қытайда тұрақтылығы жоғары тоталитарлық идеялар болған. Бұлар ежелгіқытай ойшылдары Мо-цзының (б.з.д.479-400 жж.), Шан-янның (б.з.д.390-338 жж.) көзқарастары еді. Олардың идеялары император Цинь Шихуанның (б.з.д. 259-210 жж.) кезіндегі қытай қоғамының саяси өміріне ендірілді. ХХ ғ. тарих сахнасына қоғам өмірінде түбірлі өзгерістерді жүзеге асыру үшін пайдалануға болатын адамдардың ауқымды, саяси белсенді бұқарасы көтерілді. Бұл бұқараның көзі ашық, сауатты болғандықтан ұйымдастыру жеңіл болды. Бұқара санасының жанды жерлерін (мысалы, әлеуметтік және ұлттық кемсітумен байланысты) пайдалана отырып, олардың әлеуметтік белсенділігін түпкілікті әлеуметтік экспериментерді (мысалы, национал-социализм немесе коммунизм) жүзеге асыру мақсатына пайдалану үшін белгілі бір арнаға ұйымдастыруға және бағыттауға болады. Тоталитарлық мемлекеттерде күш көрсету факторы маңызды орын алады, бірақ күш көрсету үрей тудырып бұқараны әлсіретуі немесе қарсылығын тудыруы мүмкін, сондықтан бұқараны кең, әрекетшіл идеялық өңдеу қажеттілігі пайда болады. Тиісінше, тоталитарлық мемлекеттер адамдардың идеялық кемелділігі мен бірлігі өте күшті жасампаз фактор ретінде қарастырылатын идеократиялық жүйелер. Осы мақсатта бұқараны кең көлемдегі идеологиялық сүзгіден өткізу жүргізіледі және «бұқараны игерген идея материалдық күшке айналады» (К.Маркс) принципі жүзеге асады. 3. Мемлекеттердің қызметінде, функцияларын атқаруында құқықтық, нормативтік негіздердің қандай орын алатынына байланысты оларды бағалау мен типологизациялау. Осы позиция тұрғысынан мемлекеттерді саяси мәдениетінің деңгейі бойынша бөлуге болады. Әрине, барлық мемлекеттер өз қызметін азаматтар үшін міндеттеу сипатына ие нормалар негізінде іске асырады. Бұл нормалар мемлекет тарапынан заңдастырылады және оның нормативтік еркіне айналады. Алайда, шынайы адамдар қауымдастығында ортақ мүдделерді көздейтін ортақ ерікпен қатар саяси қатынастардың жеке субъектілерінің (ұлттар, таптар, әлеуметтік, этникалық топтар, жеке адамдар) мүдделері де болады. Сондықтан да, ортақ ерік жеке интерпретацияға ұшырауы және құқық мемлекеттік билікті басып алған үстем таптың еркін бейнелейтін заңға айналып кету қаупінің мүмкіндігі әрдайым төніп тұрады. Бұл қауіптің ақиқат екендігін тарих та, мәдениет те бізге дәлелдеп берді. Демек, тіршілік етудің құқықтық режиміне ену үшін, саяси шынайылықтың элементі ретіндегі құқықтық мемлекетті орнату үшін адамзат өркениеттік дамудың ұзақ жолын басынан кешірді. Құқықтық мемлекетте, ең алдымен, адамның өмірі мен ар-намысы, оның еркі, жеке құқықтары секілді негізгі құндылықтары заңды тұрғыда қорғалуы тиіс, сондай-ақ оның тіршілік әрекетінің барлық аспектілеріне, яғни еңбектенуіне, танымына, ұрпақ жалғастыруына, материалдық және рухани мәдениетті игеруіне, өзінің жеке шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына және т.б. заңдық негіз ендірілуі керек. Құқықтық мемлекет – тек заң негізінде қызмет ететін мемлекет қана емес, адамзаттың өмір сүруінің негізгі құндылықтары құқық тарапынан қорғалатын мемлекет. Ол қазіргі демократиялық мемлекеттердің даму тенденциясы ретінде, олардың идеялық-құқықтық мәні ретінде қалыптасады. Міне, сондықтан да демократиялық мемлекеттер өздерінің арасында құқықтық мәдениетінің дамуымен салыстырылуы және бағалануы мүмкін. Мемлекеттерді құрылысы және орталық билік пен аймақтар арасындағы қатынастардың сипаты бойынша унитарлық, федеративтік, конфедеративтік деп бөлуге болады. Унитарлық мемлекеттердің территориясы өзінің дербес биліктік органдары бар жекелеген мемлекеттік құрылымдарға бөлінбейді және жергілікті билік органдары орталыққа қатаң бағынады. Негізгі басқару импульстері бір орталықтан келеді және жергілікті жерлерде жалпыға бірдей нормативтік негізде жүзеге асады. Мұндай мемлекеттерде билік бір орталықтан жүргізіледі, оның бөлшектенуі төменгі деңгейде болады. Жалпы алғанда, мемлекеттің унитарлығы антидемократиялық тенденцияға жатпайды. Белгілі жағдайларда ол әлеуметтік өмірдің негізгі аспектілеріне биліктік ықпалдың күшеюінің саяси факторы ретінде, сондай-ақ орталықтың басқаруынан шыққысы келетін тенденциялардың дамуына тосқауыл ретінде мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз ету үшін қажетті. 1995 ж. Конституцияның 2-ші бабы бойынша Қазақстан Республикасы басқарудың президенттік формасындағы унитарлық мемлекет ретінде анықталады. Біздің мемлекетіміздің унитарлық болып жариялануы геосаяси мәнге ие. Ол, ең алдымен, оның территориялық тұтастығын сақтау үшін қажетті. Қазақстан Республикасының қазіргі шекараларымен белгіленген территориясы қазақтар мен олардың ата-бабаларының ежелден тіршілік етіп келген мекендері. Оған күшпен жаулап алынған бөтен жерлер қосылмаған. Бірақ тарихта, этникалық көші-қон процесінде қазақтардың таралу аймағы едәуір өзгеріске ұшырағандықтан, Қазақстан мемлекетімен көршілес елдердің бірқатарында қазақ ұлтының өкілдері бар. Федеративты мемлекеттік құрылыс үшін өздерінің биліктік органдары бар жергілікті территориялық құрылымдардың дербестігінің белгілі бір деңгейі тән. Территориялық құрылулардың барлығына қатысты биліктік өкілеттіктерге ие, тиімділігі жеткілікті орталық билік болады. Мемлекеттік құрылыстың бұл түрінде орталықтан келетін биліктік импульстер танылғанымен, жергілікті мүдделерге сәйкес өзгерістерге ұшырайды. Мемлекеттің федеративті құрылысы этнотерриториялық, экономикалық-саяси аспектілермен байланысты болуы мүмкін. Көпұлтты мемлекеттердегі этникалық топтар өздерінің атамекен жерлерінде мемлекеттік тағдырын өздері шешу үшін этнотерриториялық автономия алуы мүмкін. Конфедеративты мемлекеттерде жергілікті территориялық құрылымдар мен олардың билік органдарының еркіндіктері жоғары деңгейде болады. Жоғары орталық органдардың билік шешімдері жергілікті органдардың келісімімен қабылданады, жергілікті заңдар мен үкімет шешімдері басым болып танылады. Ескеретін нәрсе, жоғарыда аталған мемлекеттік құрылыстар өміршең. Олардың мақсаты бірлесіп өмір сүрумен, қоғам тұтастығын сақтаумен, билік пен халық арасындағы тиімді өзара әрекетті қалыптастырумен анықталынады. Мемлекетті типологизациялау үшін билік өкілеттілігін кім жүзеге асыратындығын және билік жүргізуші субъект қалай қалыптасатынын ескере отырып басқару формасының ерекшеліктерін де пайдалануға болады. Бұл жеке адамдардың (деспот, тиран, монарх, көсем), адамдар тобының (элитарлық басқарудың әртүрлі формалары: аристократия, бизнес-элита, әскерилер, партократия, бюрократия), барлық халықтың (республика – халық тікелей немесе өздерінің сайланған өкілдері арқылы жанама түрде билік функцияларын жүзеге асырады) билік жүргізуінің әртүрлі формалары. Мұнда жіктелу қанша күрделі болса да, бұлай бөлуге негіз бар. Өйткен, билік функциясын атқару – ерекше элитарлық қызмет, сондықтан басқарудың барлық формаларында шынайы билікті халықтың элитарлық тобы жүргізеді. Олар не өздерінің ортасынан тиранды, монархты, көсемді бөліп шығарып, билік органдарын тікелей ұйымдастыра отырып басқарады, не билік функциясын халық арасынан сайланған өкілдер ретінде оған сүйене отырып жүзеге асырады.
6.3. Мемлекет функциялары Мемлекет функцияларын анықтауда, біз ең алдымен мемлекеттің қоғам өміріндегі жалпы рөлін басшылыққа алуымыз керек. Бұл жерде бірінші орынға мемлекеттің адамдарды қауымдастыққа біріктіретін, олардың мүдделерін түйістіретін, жалпы нормаларды сақтауға мәжбүрлейтін және геосаяси тұтастықты қалыптастыратын біріктіруші рөлі қойылады. Бұдан мемлекеттің ең бірінші функциясы мәжбүрлеу функциясы екендігін көруге болады. Мәжбүрлеу функциясы әртүрлі әдістер мен құралдар арқылы іске асуы мүмкін. Бұл не тікелей күш көрсету болуы мүмкін, не жанама мәжбүрлеу болуы мүмкін. Барлық мемлекеттерде билік құрушы субъект мәжбүрлеуді пайдаланады, бірақ оны әр жағдайда әрқалай қолданатындықтан мазмұны мен сипаты, әдістері мен құралдары әрқилы болуы мүмкін. Осы функцияны жүзеге асыру үшін мемлекеттік биліктің құрылымында мәжбүрлеу күштері қалыптасады, яғни олар: әрекеттерді нормативті тұрғыда бағалайтын және кінәлі немесе кінәлі еместігінің объективті ақиқатын белгілейтін, мәжбүрлеу шаралары туралы мәселелерді шешетін заң органдары; тергеу органдары; полиция; пенитенциарлық мекемелер және басқалары. Өркениетті мемлекеттерде мәжбүрлеу құқығына тек мемлекеттік билік органдары ғана ие. Мәжбүрлеу функциясы, мемлекеттің басқа да функциялары сияқты, органдар мен билік субъектілерінің биліктік өкілеттіктерінде белгіленеді. Бірақ құқықтық мемлекетте мемлекеттік билік органдары мәжбүрлеу шараларын құқықтық нормалар шеңберінде ғана қолдана алуы мүмкін. Сондықтан мәжбүрлеу әрекеттері заңды деп танылатындықтан азаматтар оларды қабылдауға және бағынуға міндетті. Алайда, билік құру өз мазмұны бойынша агрессивті әрекет болғандықтан билік жүргізуші субъект тікелей тиімділік пен нәтижелілікке қол жеткізу үшін мәжбүрлеу әдістері мен құралдарын қолдануда заңмен белгіленген шектен шығып кетуі де мүмкін. Бұл әрекеттердің заңсыз екендігі анық, ал олардың қажеттілігі және іс жүзінде өзін ақтағанына сілтеме жасау жеткілікті негіз болып табылмайды. Мәжбүрлеу функциясының болуы мемлекетті билік құрушы күштердің қолындағы сойылға, диктатураның, террордың құралына айналдырып жіберуі мүмкін. Мемлекеттің келесі функциясы – келісімдік функциясы. Мемлекеттің саяси қатынастардың әртүрлі субъектілерінің арасын келістіруші орган екендігі сөзсіз, ол айтыс-тартыстарда төреші ретінде қатысады, позициялардың жақындасуына жәрдемдеседі. Мәселен, мемлекеттік органдардың еңбек пен капитал арасындағы келісімдік рөлі белгілі. Сондықтан өркениетті мемлекет үшін саяси қатынастардың барлық субъектілерінің түпкілікті мүдделері туралы қамқорлық басты болып саналады, және бұл қамқорлық тек қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін мемлекеттік органдар барлық азаматтардың мүдделерін қамтып, білдіре алатындай және азаматтық қоғам ұйымдарымен кең қарым-қатынасқа түсе алатындай саяси қатынастардың барлық субъектілерінің түпкілікті мүдделерін белсенді қорғай алатын дамыған құқықтық базаға ие бола отырып құрылымдануы тиіс. Келісімдік функция – мемлекеттің маңызды функциясы, оның іргетасы. Бұл функция қоғамның саяси мәдениетінің қалыптасу мен даму деңгейіне, оның өркениеттенуінің артуына орай жан-жақты және маңызды бола түседі. Келісімдік функция адамгершілік, қайырымдылық, ізгілік, төзімділік секілді ұғымдар басты болатын ділдің дамуымен де байланысты. Мемлекеттің келісімдік функциясының жүзеге асуында азаматтық қоғам институттары маңызды мәнге ие. Мемлекеттің үшінші функциясы – ұйымдастырушылық. Мемлекет адамдардың әлеуметтік өмірінің негізгі аспектілерінің ұйымдасуына қатысады. Бұл үшін мемлекеттік меншіктің; мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерінің; мемлекеттік органдар қызметінің жалпылық, міндеттілік және басқарушылық сипаттарының; құқықтық базаның; мемлекет шараларының заңдылығының болуы шарт. Мемлекет өзінің табиғи, функционалдық ерекшеліктеріне орай экономикалық дамудың күшті факторы бола алады. Этатизм (мемлекеттің экономикаға ықпалы) айқын формада барлық мемлекеттерде болады, ал кейбір мемлекеттердің қызметінде басты болып барлығын қамтиды. Этатизм қауымдастықтың тіршілік әрекеті үшін қажетті бағдарламалық мәселелерді, мақсаттарды шешуге қажетті күштерді жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мәселен, экономика саласында – бұл мемлекеттің экономикалық қуаты мен экономикалық дербестігінің артуы, ішкі рынокты қорғауы, әлемдік қауымдастықта экономикалық белсенділігін қамтамасыз етуі және т.б. Алайда, қазіргі саяси тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттің экономикалық салмағының шектен тыс күшеюі мемлекеттік биліктің ықпалының қалыптан тыс ұлғаюына, азаматтық қоғам институттарының шектелуі мен шеттетілуіне, қоғамның саяси тоқырауына алып келетін демократияға жат тенденциялардың пайда болуына әкеліп соғады. Мемлекет әлеуметтік өмірдің негізгі аспектілерін реттеуге де қатысады. Ол қоғамдағы әлеуметтік жағдайды қадағалауға, қоғамдық көзқарасты бақылауға, қоғамның кеселді тұстарымен, қайшылықтарын анықтап, алдын алуға міндетті. Мемлекет белгілі бір деңгейде қоғамның рухани өмірінің ұйымдастырушысы да болып табылады. Ол адамдардың тіршілік әрекетінде қызмет ететін әлеуметтік қағидаларға, адамгершілік принциптерге, өскелең ұрпақтың болашағына, оның азаматтық кемеліне жетуіне, рухани мәдениетті игеруіне, әлеуметтік өмірге дайындық деңгейіне және басқаларына бей-жай қарай алмайды. Мемлекеттің рухани өмірді ұйымдастыру мүдделілігі саяси экстремизмнің шектен тыс формасында көрінуі мүмкін, мысалы, қоғамның рухани өмірінің барлық тұстарының мемлекеттің саяси бақылауында болуы және осыған байланысты мемлекеттің идеократтық саяси жүйеге айналуы тоталитарлық режимдерге тән құбылыстар. Бұл тенденцияны ашық емес либералдық формада авторитаризмнен де байқауға болады, себебі авторитаризм де халықты біріктіретін идеологияға сүйенеді. Мемлекеттің төртінші функциясы – қорғау функциясы. Мемлекет қоғам тұрақтылығы мен оның дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып қорғайды. Ол адамдар қауымдастығын сыртқы теріс әсерлерден және ішкі деструктивті, қиратушы күштерден қорғауы қажет. «Милитаристік мемлекеттер», «полициялық мемлекеттер» деп аталатын мемлекеттерде қарастырып отырылған функция шектен тыс артып, үстемдік етеді. Қарастырылып өткен функциялардың барлығы қандай дәрежеде болмасын барлық мемлекеттерге тән, себебі олар мемлекет мәнінің көрінісі болып табылады, және оның табиғатын мен негізінен туындайды. Бірақ мемлекет түрлерін анықтауда бұл функциялардың арақатынастары әртүрлі екендігі байқалады. Олардың мемлекеттің тіршілік әрекетіндегі орнын басқару формалары мен саяси режим ерекшеліктеріне сай құрылған мемлекеттік органдардың құрылымдық өзіндік ерекшелігі анықтайды. Авторитарлық типтегі мемлекеттерге мәжбүрлеу функциясының келісімдік функциядан басымдылығы, саяси қатынас субъектілерінің дербестігінің жетімсіздігі, оппозицияның әлсіздігі мен ұйымдаспағандығы тән. Осыған байланысты авторитарлық мемлекеттер жүзеге асырып отырған акцияларының салыстырмалы заңдылығымен, айқын тұрақтылығымен сипатталынады. Осының салдарынан қоғамдық организмде дер кезінде мемлекеттік органдар шешімін табуға мүмкіндік бермеген әлеуметтік проблемалар жинақталынуы және шоғырлануы мүмкін. Билік өте беделді және қажетті кәсібилікке ие болғандықтан пайда болған барлық проблемаларды шешуге қабілетті деген саяси иллюзияның негізінде қызмет етеді. Демократиялық мемлекеттерде мәжбүрлеу функциясымен қатар келісімдік функция да басым болады. Саяси қатынастар субъектілері дербес, қоғамда дамыған саяси мәдениетімен ұйымдасқан оппозиция қызмет етеді, ал бұл саяси мәдениет оған шиеленіс түйінін өз уақытында тарқатуға мүмкіндік беретін, жағдайдың тұрақтануы мен қоғамның әлеуметтік даму жолымен алға басуына жәрдемдесетін конструктивті саяси, экономикалық, әлеуметтік идеялар мен акцияларды ұсынуға және олардың жүзеге асуына қатысуға жағдай жасайды. Оппозицияның міндеті – қоғамдық өмірде ең басты мәселелердің қойылуы мен шешілуіне ашық қатысу жолымен электораттың сеніміне ие болу. Қажетті демократиялық құрылымдардың болуы мемлекеттік саяси акциялардың да, сондай-ақ саяси қатынастардың әртүрлі субъектілерінің де заңдылығын толықтай қамтамасыз етеді. Тоталитарлық мемлекеттерде мәжбүрлеу мен қорғау функциялары дамыған, ұйымдастыру функциясы барлығын қамтиды және келісімдік функциясын жоққа тән деуге болады. Сондықтан тоталитарлық мемлекеттер қоғамдық өмірдің барлық салаларында толықтай ұйымдасқан бақылау жүргізетін мемлекеттік нормалар мен қағидалардың үстемдігімен, яғни қоғам өмірінің толықтай мемлекеттенуімен сипатталатын өте күшті милитарландырылған полициялық мемлекет болып саналады. Мемлекет типтері мен ондағы қандай да бір функцияның басымдығы арасында органикалық байланыс бар. Мемлекет функциялары өз кезегінде мемлекеттік қызметтің таралу аймағын, мемлекеттік органдардың құрылымы мен биліктік өкілеттіктерін анықтайды.
Адамдар өмірінде барлығы бірдей мемлекетке бағынышты бола бермейді. Адамзат өркениетін мемлекет жасаған жоқ, өркениет өзінің даму сатысында қоғамдық өмір тұрлаулығын қамтамасыз ететін саяси ұйым ретінде мемлекетті тудырды. Мемлекеттік билікпен қатар адамдар қауымдастығында «азаматтық қоғам» деп аталатын ұйымдасқан құрылым өмір сүреді. «Азаматтық қоғам» - азаматтардың өзін-өзі ұйымдастыруы мен өз еркімен әрекет етуінің формасы. Ол өзінің белгілі бір дербестігін сақтай отырып мемлекеттік билікпен өзара әрекетте болады, өйткені азаматтық қоғамның өмір сүруі мен қызмет етуінің әлеуметтік негізі мемлекетік билікке қарағанда әлдеқайда кең. Адамдар қауымдастығы өркениеттік даму процесінде жеке басы ерікті, экономикалық тұрғыдан дербес, рухани кемелденген, әлеуметтік жауапкершілікті көтеретін, барлығының және әрқайсысының мүдделерін ескере отырып өзара келісім негізінде өз өмірлерінде пайда болған проблемаларды шешуге қабілетті азаматтар қауымдастығына айналады. Азаматтық қоғам адамзаттың өз дамуында ұмтылатын қандай-да бір қол жетпес арман, мұрат емес. Ол шынайы түрде мемлекеттің ішінде қызмет етеді, адамзаттың тіршілік әрекетінің принциптері, ұйымдасқан құрылымдары, адамдар өміріндегі проблемаларды шешуге қолданылатын әдістер мен құралдары арқылы іске асады. Оның шынайылығының өлшемі қоғамның өркениеттілігінің дәрежесімен, оның жалпы мәдени, құқықтық, саяси, экономикалық даму деңгейімен, азаматтардың әлеуметтік проблемаларды мемлекеттің мәжбүрлеу күштерін пайдаланбай шеше білу қабілеттілігімен анықталынады. Құқықтық теңдікке, салыстырмалы экономикалық дербестікке, әлеуметтік жауапкершілікке ие, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелерін шешуге қатысуға қабілетті азамат, әлеуметтік субъект, азаматтық қоғамның қалыптасуының әлеуметтік-саяси өзегі болып табылады. Азаматтық қоғам, әлеуметтік проблемаларды мемлекеттік биліктің араласуынсыз шеше алатын адамдардың қабілеттілігі туралы алғашқы түсініктер Ежелгі Грекия мен Римнің демократиялық құрылымдарында пайда болған. Кейіннен, әрқилы елдердің әлеуметтік-мәдени дамуы мен азаматтықтың күшею өлшеміне байланысты олардың өмірінде азаматтық қоғам қалыптасып, дами бастады. Сонымен, «азаматтық қоғам» түсінігі адамзат қауымдастығының дамуының ерекше деңгейін білдіреді, онда мемлекеттік билікпен қатар биліктің орталықсыздануы (децентрализация) мен өзін-өзі басқару тенденциясының дамуына мүмкіндік туғызатын мемлекеттік емес құрылымдар қызмет етеді. Алайда, демократиялық мемлекет жеке азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына кепілдік берсе де, өзінің биліктік қызметінде ресми құқықтық нормаларға сүйенетіндіктен, пайда болған әлеуметтік проблемалар шынайы бейнесін, өзіндік ерекшелігін, адамгершілік, адами өлшемдерін жоғалтып алады. Сондықтан да, адамзат өркениетінің даму процесінің саяси мәдениетінің маңызды элементі ретінде азаматтық қоғам құрылымдарын тудырып, дамытып отыр. Ең алдымен, азаматтық қоғамның рухани негізінің субъект-субъектілік қатынастарда көрініс табатын негізгі жалпыадамзаттық адамгершілік нормалар (гуманизм, адалдық, моральдық ізгілік) екендігін ескере кетелік. Бұл пайда болған әлеуметтік проблемаларды барлығының және әрқайсысының мүделерін ескере отырып шешуге мүмкіндік береді. Азаматтық қоғамда саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, мүдделері мен көзқарастары жақын әрі бірмақсатты болатын азаматтар топтары қызмет ететін қоғамдық өмірдің ашық саласы ұйымдасқан түрде қалыптасып, дамиды. Мемлекеттік биліктің азаматтық қоғам құрылымдарымен өзара байланысы, өзара іс-әрекеті қоғамның ең басты саяси проблемасы. 1. Азаматтық қоғам мемлекеттен тыс ерекше құрылым емес. Ол осы мемлекетті сапалы түрде сипаттайды, оның өркениеттілік деңгейін бейнелейді және қоғамдық өмірдің шынайы демократизмінде, яғни: а) қоғамның саяси және идеологиялық плюрализмінде; ә) саяси өмірдегі заңды оппозицияның, бәсекелестіктің болуында; б) тұлғаның шынайы құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін дамыған саяси мәдениетте; в) өз құқықтары мен міндеттерін түсінетін, оларды жүзеге асыру үшін қажетті мүмкіндіктер мен қабілетке ие ерікті, дербес, әлеуметтік белсенді, азаматтық жауапкершілігі бар тұлғада көрініс табады. 2. Шынайы әлеуметтік-саяси жағдай мемлекеттік билік құрылымдарының азаматтық қоғаммен өзара әрекетінің негізінде пайда болады. Жоғары дамыған азаматтық қоғамның қызмет етуі мемлекеттік билік органдарымен қатар жүрмейді, ол олардың қалыптасуына, олардың жүзеге асырып отырған биліктік өкілеттіктерінің әдістерін, құралдарын таңдауға, саяси акциялардың сипатына және т.б. тікелей ықпалын тигізеді. Сондықтан да, әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде азаматтық қоғамы дамымаған елдерге антидемократиялық қайта құрылу қаупі төніп тұрады. Азаматтық қоғамның дамымауы халықтың ерекше ділін қалыптастырады. Мәселен, самодержавиелік Ресейдегі азаматтық қоғамның әлсіздігі, 1917 ж. төңкерістен кейін елде ешқандай қарсылықсыз жеке басқа табыну режимінің орнығуына алып келді. 3. Тек демократиялық мемлекет қана азаматтардың саяси белсенділігін көтереді әрі қамтамасыз етеді және азаматтық қоғамның дамуына мүмкіндік береді. Қоғамдық өмірдің демократиялығы, азаматтық, саяси құқықтар мен бостандықтардың кепілдігі, тұлғаның экономикалық және әлеуметтік құқықтарының шынайылығы азаматтық қоғамның іргелі сипаттары болып табылады. Тоталитарлық мемлекеттер үшін Азаматтық дербестік, еркін әлеуметтік-саяси қызмет жоққа шығарылатын саяси режим тән. Авторитарлық мемлекеттерде де осы құралдарға өте күшті мемлекеттік бақылау қойылады. Биліктің легитимділігі мәселесі азаматтық қоғам үшін де ерекше саяси проблемалардың бірі. Егер де авторитарлық және тоталитарлық мемлекеттерде билікке келу халықтың еркінсіз мүмкін болса, дамыған азаматтық қоғамда бұған жол берілмейді. Тек азаматтардың еркімен ғана билік құрушы субъект билік өкілеттіктеріне ие болады және жүзеге асыра алады. Сол себептен, азаматтық қоғамды дамыту биліктің халықтан шеттетілуін жою үшін қажет.
|
||
|
Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 52; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы! infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.128 (0.018 с.) |