СаясаттанудыҢ негізгі парадигмалары 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

СаясаттанудыҢ негізгі парадигмалары

Поиск

Саясаттануда саяси шынайылықтың генетикалық негізі, қоғамдағы орны, құрылымы, пайда болу, даму және қызмет ету заңдылықтары анықталады. Яғни, саясаттанудың пәні саяси шынайылық екен. Саясаттануда субъект-субъектілік саяси қатынастар проблемасы да айтарлықтай орын алады.

Бұл қатынастардың өзегі билік болып табылады. Саясаттанулық мәселелер мемлекеттік биліктің қоғам өміріндегі орнын, оның жүзеге асу функциясы мен тетігін, оның қалыптасуына әлеуметтік күштердің қатысуы мен тигізер ықпалын, сондай-ақ мемлекеттік билік формасының өзгеруін анықтаумен байланысты. Мұндағы ескеретін нәрсе, биліктік қатынастар субъектінің белсенділігі мен еркін білдіре отырып субъект-субъектілік қатынастар табиғатынан шығады. Мемлекеттік билік, оны ұйымдастырудың нақты формасы мен функциялары биліктік қатынастардың табиғатымен де, қоғамның әлеуметтік қажеттіліктерімен байланысты да анықталынады.

Саясаттану пәнінің ерекшелігіне байланысты саяси білімдер жүйесінде саясаттану ерекше, біріктіруші функцияны орындайды деген қорытындыға келуге болады. Егер саясаттану саяси шынайылықты тұтастық ретінде қарастырып, оның пайда болу, даму және қызмет ету заңдылықтарын зерттесе, саяси білімдердің жеке элементтері бұл тұтастықтың жеке бөліктерін зерттейді. Саясаттанудың бұл элементтерге қатысты біріктіруші функциясы оларға жалпытеориялық және методологиялық негіз ретінде қызмет ете алады. Егер аналогия мүмкін болса, онда мұның орнына жалпыәлеуметтік теория мен нақты әлеуметтік пәндер арасындағы ара қатынасты қолдануға болады.

Ұзақ уақыттар бойы кеңестік қоғамдық ғылымда ғана емес, барлық жерде саясаттану проблемалары мемлекет ісін зерттеумен байланысты қарастырылып келді. Бұлай қарастыру өркениеттің даму деңгейімен де, мемлекет пен билік халықаралық, мемлекет ішіндегі экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелердің шешілуінде әлеуметтік күш ретінде жетекші рөл атқарып отырған қазіргі кездегі әлеуметтік-практикалық процестердің ерекшелігімен де байланысты.

Саяси білімдер жүйесінде мемлекет ісін зерттеудің мұндай дәстүрінің болуы негізсіз де емес. Оны Батыстық саяси ойлардың даму тарихымен қатар жүріп келеді деуге болады. Мұндай дәстүрді жақтаушылардың бірі Никколо Макиавелли (1469-1527) өз уақытындағы саяси ғылымның негізгі міндетін мемлекет пен билікті нығайтудың құралдары мен әдістерін рационалды түрде дәлелдеу деп қарастырды. Саяси идеология мен практика, дәстүр ретінде макиавеллизм адамзаттың саяси ойында теріс бағаға ие болса да, ол өміршең еді. Мемлекет ісін зерттеудің бұл дәстүрі 1949 ж. ЮНЕСКО аясында құрылған саяси ғылымдардың халықаралық ассоциациясында тіркелді және кеңестік саяси ғылымдар ассоциациясында (САПН-1979ж) қабылданды.

Алайда ол қазіргі саяси шынайылықтың кейбір фундаменталды ерекшеліктерін көрсете алмайды. Өйткені, өркениеттің даму өлшемі мен ондағы демократиялық формалардың, әлеуметтік-саяси іс-әрекеттердің белсенділігіне байланысты саяси өмір басқару мен биліктік, мемлекеттік құрылымдардың шеңберіне сыймайды, онда мейлінше толыққанды және әлеуметтік қажеттілік ретінде мемлекеттік емес құрылымдар, яғни азаматтардың саяси және қоғамдық ұйымдары немесе азаматтық қоғам да өз орнын алуда. Бұл жағдай бұрынғы мемлекеттік зерттеу дәстүрінің қазіргі саяси нақтылықпен жанаспайтынын анықтады.

Қазіргі уақытта ТМД елдерінде саясаттану ғылым ретінде даму үстінде, ал бұл саяси білімдер жүйесін сапалы түрде жаңарту, төл ғылыми-теориялық, методологиялық негіздерін жасау қажеттілігін көрсетіп отыр. Өткендегі қоғамтанудың методологиялық, дүниетанымдық және жалпытеориялық негізі тарихи материализм болғаны белгілі. Нақты әлеуметтік пәндер үшін ол жалпыәлеуметтік теория есебінде болса, саяси білімдер жүйесінде жалпысаяси теория қызметін, яғни белгілі дәрежеде саясаттанудың да қызметін атқарды.

Бұл жағдайдың қоғамтанудың қоғам туралы объективті ғылыми білімдер жүйесі ретінде дамуына кедергі келтіретін теріс жақтары да болды. Өйткені ғылым дүниетанымдық қағидаларды басшылыққа алып, тым идеологияландырылып жіберілген еді.

Саяси білім идеологиялық құндылықтарды, қағидаларды тәжірибелік әрекетке көшіргендіктен, оны тікелей жүзеге асыру жеңілдеді. Ал маркстік-лениндік теорияның классикалық түрде іске асуы ретінде қаралған КОКП-нің тарихи тәжірибесі еліктеу үлгісі еді. Саяси теорияның тек КОКП-нің тәжірибесін талдаумен шектелуі оның мазмұнын жұтаңдатып жіберді, себебі теорияның даму базасы болып әлемдік-тарихи саяси практика емес, тек тоталитарлық режимнің шектеусіз дәріптеген тәжірибесі - өзінің ситуативтік және субъективтік шеңберінен аса алмаған ұлттық тәжірибе ғана болды.

Саясаттанулық тәсілдің болмауынан бұрын қабылданған саяси шешімдер саяси мәдениеттің дамуына емес, қарапайым парасатқа, себеп-салдарлық байланыстардың тікелей қабылдануына, таптық, идеологиялық құндылықтарға, партиялық қағидаларға негізделінді. Бұның бәрі белгілі бір дәрежеде саяси білімдерді бұрмалап, оларды эмпиризмге, шексіз фактологияға, немесе абстрактылық-теориялық схоластика – догматизмге душар етті.

Сонымен, саясаттану саяси білімдер жүйесін сапалы түрде жаңарту, оның теориялық-методологиялық ареалын құру, рухани базасын кеңейту, оны догматизмның, КОКП-нің тарихи тәжірибесіндегі апологетиканың құрсауынан құтқару үшін қажет. Тарихи електен өткізіліп саяси мәдениетте жинақталған консерваторлардың да, реформистердің де, революционерлердің де әрекеттерін бар ерекшеліктерімен қоса қамтитын адамзаттың дүниежүзілік саяси тәжірибесі біздің рухани игілігімізге айналуы тиіс. Саясаттану ғылым ретінде осы мәдениеттің теориясы және методологиясы болып табылады.

Қазіргі жағдайда саясаттанудың дамуы қоғамның сапалы түрде жаңаруына көмектесетін саяси мәдениеттің қалыптасуы мен өркендеуі үшін қажет. Қоғамның сапалы түрде өзгеруі азаматтардың саяси белсенділігінің нәтижесінде мүмкін болады. Бұл белсенділік елде әрқилы саяси ағымдардың пайда болуына алып келеді. Бірақ азаматтардың белсенділігі бей-берекет стохастикалық сипатта емес, саяси және құқықтық мәдениет шегінен асып кетпеуі керек. КСРО халқы ұзақ уақыт бойы жеке басқа табыну мен тоталитарлық режим жағдайында өмір сүргендіктен, тарихи процестің субъектісі ретінде қазіргі саяси мәдениеттің құндылықтарынан мүлдем тыс қалды деуге болады.

Қазіргі барлық саяси іс-әрекеттерді сараптау мен бағалау тұрғындардың жаңа саяси мәдениетті игеру мәселесінің өткірлігін көрсетіп отыр. Саяси мәдениетті игермей тұрып әлеуметтік прогресс жолымен жүру, оның негізгі құндылықтарын сақтау мүмкін емес.

Бұқара халық санасында, кейде ғылыми әдебиет пен публицистикада «саясаттану» терминін саяси білімдердің барлық жүйесі үшін жинақтап атауды пайдалану әрекеттері кездесіп қалады. Саясаттануды бұлай түсіну оны өз орнынан айырып, оның қарастыратын төл мәселелерін саяси білімдердің ұшы-қиыры жоқ шексіз проблематикасымен араластырып жібереді.

Зерттеу барысында нақты саяси білімдердің элементтері саяси шынайылықты тұтастық ретінде бейнелейтін жалпы заңдылықтарға, категорияларға, түсініктерге, яғни саясаттанудың заңдары мен категорияларына сүйенуі тиіс. Саяси білімдер элементтерінің мазмұнында саясаттанулық мәселелердің болуы, оларды саясаттанудың құрамына кіреді дегенді білдірмейді. Мәселен, жаратылыстану ғылымдарында дүниетанымдық мәселелер бар болғанымен, ол философияның құрамдас бөлігі болып табылмайды, өйткені философия - өзінің жеке пәні мен категориялық аппараты бар дүниетанымдық мәдениет. Осы тұрғыдан алғанда саясаттану ғылым ретінде өзінің жеке пәнімен және түсініктер жүйесімен саяси мәдениетті құрайды.

Саяси шынайылықтың субъективтік детерминділігі саясаттанудың ғылым ретіндегі пәнінде саяси шынайылықтың субъективтілігі проблемасы сипаттамаларының қамтылуы керектігін көрсетеді. Сол себептен саяси қатынастар субъектісі туралы мәселе саясаттанудың басты мәселесі болып табылады.

Бұқара халықтың, таптардың, әлеуметтік және этникалық топтардың, тұрақты және уақытша ассоциациялардың, индивидиуумдардардың субъект-субъектілік қатынастардың әртүрлі деңгейдегі жүйелерінің субъектілері екендігі белгілі. Саяси ұйымдар, саяси іс-әрекет құралдары мен әдістері түрінде қоғамда жинақталған саяси мәдениетті субъект жеке шығармашылық әлеуеті ретінде игереді және оларды саяси іс-әрекет процесінде жүзеге асырады. Бұл реттегі субъектінің жүріс-тұрысы саяси мәдениетті игеру деңгейіне байланысты. Саясаттанудың ғылым ретіндегі маңызды міндеті саяси тұйықтық, оқшаулануды (мысалы, біздің қоғамның кеңес өкіметі тұсындағы саяси мәдениетінің дамуында болған ) терістеумен қатар, адамзаттың бүкіл саяси тәжірибесінің негізінде саяси мәдениет жүйесінің үздіксіз дамуына көмектесу.

Субъектінің саяси мәдениетті игеруі осы мәселенің екінші жағын құрайды. Саяси мәдениетті игеру процесі саяси қатынастар субъектісінің саяси әлеуметтенуі саяси білім алуы мен жеке саяси тәжірибесінің негізінде іске асуы мүмкін. Қоғамдық өмірдің жариялылығы мен демократиялығы осы процесс үшін қажетті шарттар болып табылады. Дегенмен, бұл шарттар саяси мәдениетті толықтай игеру үшін жеткіліксіз.

Саяси практикада саяси мақсаттар, әлеуметтік идеалдар ерекше мәнге ие. Олардың қалыптасуында, теориялық анықтамасында саясаттану дербес емес, өйткені олардың мазмұны қоғамдық қатынастар жүйесінің табиғатынан бой алады. Саясаттанудың рөлі оларды саяси қатынастарда, саяси шынайылықта белгілеу мен практикалық саясат тіліне аудару үшін қажетті теориялық және методологиялық негіздерді жете зерттеу болып табылады. Алайда, саяси шынайылық салыстырмалы түрде ғана дербес болғандықтан, мұнда саяси қатынас субъектілерінің түпкілікті мүдделеріне сай келмейтін, тиісті саяси жүріс-тұрысқа дағдыландыру мақсатында санасын манипуляциялау жолымен субъектіге таңылған жалған мақсаттарды қалыптастыру мүмкіндігі туындайды.

 

2.2 Саясаттанудың ғылым ретіндегі әдістері      

 

Саясаттану ғылым ретінде жалпығылыми әдістердің белгілі бір қорын пайдаланады. Саясаттану пәнін зерттеу барысындағы олардың қажеттілігі саясаттанудың ғылым ретіндегі пәні мен әдістерінің өзара тығыз байланыста екендігімен анықталынады. Ғылыми зерттеудің қандай да бір әдістері мен құралдарының басымдылығы саясаттанудың ғылым ретіндегі пәнінің өзіндік ерекшелігіне байланысты.

Саясаттанудың саяси білімдер жүйесінде біріктіруші мәртебесіне ие екендігін жоғарыда айтып өттік. Ол саяси білімдердің әртүрлі салаларын жалғастыратын көпір іспетті және ол олардың бәріне ортақ негіз - саяси шынайылықты тұтастық ретінде зерттейді. Осыған орай, саясаттану пәні саяси білімдердің барлық жүйесінің зерттеу нысанымен үйлесетіндіктен, оның қарастырып отырған заңдылықтары саяси білімдердің басқа салаларына қатынаста олардың жалпытеориялық негізі бола отырып, белгілі бір методологиялық рөл атқарады. Сонымен қатар, саясаттану қоғамның саяси сферасындағы институттарды, саяси қатынастар субъектілерінің саяси іс-әрекетін зерттеумен айналысуға, осы іс-әрекеттің ұйымдасуының, әдістерінің, құралдарының формаларын сараптауға, оның нәтижелерін бағалауға міндетті.

Саясаттанудың алдында тұрған осы міндеттер жүйесі саясат методологиясы мен теориясы, саяси институттар мен саяси қатынастар субъектілерінің саяси іс-әрекетін зерттеу тәрізді белгілі бір құрылымдық элементтерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Олар да өз кезегінде саясаттану әдістерінің әрқилылығын анықтайды.

1. Әлеуметтанулық әдіс. Саяси шынайылықты зерттеудің мейлінше іргелі әдістерінің бірі болғандықтан ол белгілі бір жалпыәлеуметтік теорияларға сүйенеді. Бұған саяси шынайылықтың (қондырма) қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылысына (базис) қатаң тәуелділігін анықтайтын қоғамдық дамудың маркстік концепциясы; саяси дамуды көпфакторлы процесс ретінде қарастыратын әртүрлі позитивистік мектептер; әртүрлі елдердегі саяси процестерді салыстырмалы тұйық жүйе ретінде қарастыратын қоғамдық дамудың тарихи-мәдени концепциялары жатады.

Әлеуметтанулық әдіс саяси өзгерістердің терең негіздерін іздеуімен және осы өзгерістердің бастауы болып табылатын адамдардың әлеуметтік жіктелуінен туындайтын мүдделердің әртүрлілігін қарастыруымен құнды. Бұл әдіс дербес білімдер жүйесі мен өзінің жеке пәні бар ғылымға айналу процесінде тұрған саясаттанудың бір саласы - саяси әлеуметтануда негізгі әдістер қатарында қолданылады.   

2. Тарихи әдіс.Қоғамдық құбылыстарды зерттеуде кең тараған жалпығылыми сипаттаушы әдіс. Бұл әдіс маңызды, тұрақты, қайталанбалы заңды байланыстарды анықтау мақсатында саяси өмірдің қандай да бір құбылыстарының пайда болуының, дамуының, қызмет етуінің шынайы бейнесін қайта жасау үшін тарихи ғылымдардың түсініктері мен ұғымдарының көмегіне жүгінеді.

Тарихи әдіс сипаттаушылығымен, фактілерді жүйелеуге ұмтылуымен және осының негізінде құбылыстардың дамуының ішкі қисынын (логикасын) табуымен құнды. Тарихи әдіс – саяси қатынас субъектілерінің барлық іс-әрекеттері өткен және саяси идеялары жүзеге асқан кеңістік пен уақыттағы өркениеттің саяси тарихын зерттеудің негізгі әдісі.

3. Салыстырмалы-талдау әдісі. Бұл әдіс идеалдық моделді, белгілі бір теориялық конструкцияны жасақтау үшін саяси институттарды, процестерді, оқиғаларды салыстыру, теңгеру, сараптау және жалпылау тәсілдерін қамтиды. Бұл әдіс түрлі тарихи кезеңдердің, аймақтардың саяси тәжірибесін салыстыра қарауға, олардың арасындағы байланысты, ұқсастықты табуға, оларды түрлерге бөлуге мүмкіндік береді.

4. Функционалдық әдіс. Саяси институттардың, саяси қатынастар субъектілерінің қызметін сараптау жолымен саяси процестерді зерттеу әдісі. Аталмыш әдіс саяси шынайылықтың элементтерінің мәнін толық ашуға мүмкіндік береді, өйткені функция арқылы олардың әлеуметтік мәні, қоғамдық-саяси процестегі орны мен рөлі лайықты түрде анықталынады.

5. Бихевиористік әдіс.Бұл әдіс саяси шынайылықты жеке индивидтердің саяси мінез-құлықтары негізінде зерттейді. Бихевиоризм жеке адамды саяси өмірдің ажырамас бөлшегі ретінде қарастырады. Оның қылықтары, әртүрлі саяси реакциялары өзінің түсінуі немесе түсінбеуіне қарамастан түрткілікті тұлғалық психологиялық негізге ие.

Батыстық (әсіресе, американдық) саясаттанушылардың көзқарасы бойынша, саяси оқиғаларды мінез-құлық арқылы зерттеу тәсілі арқылы саяси өмірдің кез-келген күрделі құбылысының бастамасы болып табылатын индивидтердің мінез-құлықтық реакциясын жалпылауға, жіктеуге, санмен өлшеуге, олардың қарқындылық, шиеленісу дәрежесін анықтауға болады. Бихевиористік әдісті саяси болжамдарда, қоғамдық көзқарастарды байқап білуде кең пайдалануға болады.

Әрине, саясаттанудың әдістері жоғарыда аталғандармен шектеліп қалмайды. Ғылыми саясаттанулық зерттеулерде басымдықты кез-келген әдістерге, сондай-ақ олардың әртүрлі комбинацияларына да беруге болады.

Саяси шынайылықты бағалаудың әртүрлі тәсілдерінің ішіндегі негізгілерін қарастыралық:

1. Радикалдық, рационалды-сыни тәсіл. Бұл тәсіл революциялық қайта құру мен қоғамдық өмірді түбегейлі өзгерту идеологиясымен байланысты.

Радикализм барлық кезде қоғамның саяси өмірінде елеулі орында болды. Радикализм айтарлықтай дәрежеде таптық өшпенділік пен ұлттық қайшылықпен байланысты қоғамдық өмірді таптық, нәсілдік, этникалық араздық идеяларымен улап, азаматтық соғыс пен жаппай геноцидке дейін апаратын нағыз табанды, шешуші әрекеттерді талап етеді. Өмір сүріп отырған қоғамдық және саяси құрылысты ірге тасына дейін қиратуға ұмтылу, қоғамдық организмді тұтастай талқандауға идеологиялық және саяси мақсаттау радикализмның саяси идеясының өзегін құрайды. Саяси ғылымдар бұл жағдайда таптық, партиялық идеологияға қатаң түрде бағынуға, революциялық мақсаттылық, мессия (таптар, ұлттар, тұлғалар және т.б.) диктатурасының орнауы мен нығаюының қажеттілігі принциптерін жетекшілікке алуға міндеттенеді. Радикализм саяси мәдениетті қоса алғандағы барлық рухани мәдениетті қайта бағалауға, қайта түсінуге алып келеді.

Қарастырылып отырған тәсіл әлеуметтанулық әдісті кең пайдаланады, саяси процестердің негіздерін біржақты ашуға, олардың шығу көздерін қоғамның әлеуметтік-таптық, нәсілдік, этникалық жіктелуінен, саяси қатынастар субъектілерінің мүдделерінің қарама-қайшылығы мен күресінен табуға ұмтылады.

2. Либералдық-сыни, эволюциялық тәсіл. Бұл тәсіл адамзаттың дамуын сатылы эволюциялық процесс ретінде түсінумен байланысты. Эволюциялық процесс қоғамдағы өзгерістерді, ірі әлеуметтік реформаларды қамтиды, бірақ олар қоғамдық келісім, консенсус аясында іске асуы керек. Саяси қатынастар субъектілерінің мүдделері әртүрлі болғанымен, олар үшін ең басты нәрсе қоғам тұтастығы мен мәдениеттің, өркениеттің сақталуы болып табылады. Бұл тәсілді қолдаушылар әлеуметтік мәселелерді адамзатқа қарсы күрес, араздық, өшпенділік жолымен емес, мүдделерді өзара түйістіру арқылы шешуге болады деп есептейді.

Бұл тәсілге әрдайым саяси ізденіс, әлеуметтік қайшылықтар мен толғағы жеткен проблемаларды шешудің тиімді жолдарын табуға ұмтылыс тән.

Либералдық-сыни тәсіл саяси зерттеулерде әртүрлі әдістерді пайдаланады, өйткені мұнда компромистік саяси шешімдерді қабылдау өте маңызды мәселе. Саяси қатынастардың ситуативтілігі, субъективтілігі, әлеуметтік-саяси шынайлықтың аспаптық сипаты ескеріледі, өйткені мұндағы басты құндылық қоғамдық өмірдегі түпкілікті, революциялық өзгерістер емес, керісінше оның прогресс жолындағы үздіксіз эволюциясы болып табылады. Сондықтан, саясаттанудың міндеті - осы прогреске қажетті саяси мәдениеттің қалыптасуына көмектесу.

3. Консервативтік тәсіл өмір сүріп жатқан саяси жүйенің белгілі бір дәрежеде өзгермеген күйінде сақталуына бағытталған. Сондықтан да саяси ғылымға ерекше шарттар қойылады. Ол апологеттендірілген, идеологияландырылған, онда өзгермейтін догматтық нұсқау басым. Өмір сүріп отырған саяси жүйенің құндылықтарын дәстүрлік және функционалдық тұрғыдан ақтау үшін консервативтік тәсіл негізінен тарихи және функционалдық әдістерді пайдаланады.

Әрине, саясаттанудың мазмұны мен әдістеріне ықпалын тигізетін ұсынылып отырған тәсілдердің классификациясының салыстырмалы сипатта екендігін ескерген жөн. Сондай-ақ, бұл тәсілдер өз ішінде құрылымдық жіктелінуі де мүмкін. Бұл тәсілдердің қайсысының болса да өз ұстанушыларымен қатар, оларға идеологиялық және саяси жағынан жақын зерттеушілер мен саясаткерлер де бар. Мұның бәрі саяси ағымдардың кең спектрін тудырып, саяси өмірге алуантүрлілік береді. Яғни, мұнда әрқилы принципті және принципсіз комбинацияларға мүмкіндіктер туады, ал олар саяси білімдерді байыта отырып, оларға елеулі түрде ықпалын тигізеді.

 

2.3.Саясаттанудың ғылым ретіндегі функциялары                                                                                                                                                   Саясаттанудың ғылым ретіндегі функциялары саяси шынайылықтың қоғам өміріндегі алатын орнымен және маңызымен, саяси білімдер жүйесінің рационалды табиғатымен және қоғамның практикалық қажеттіліктерімен анықталынады.

Осыдан шыға отырып, саясаттанудың келесі функцияларын бөліп көрсетуге болады:

1. Саяси білімдер жүйесіндегі теориялық-методологиялық функция.Егер де саясаттанудың ғылым ретіндегі ерекшелігін, оның пәнінің (саяси шынайылықты тұтастық ретінде) саяси білімдердің барлық жүйесінің зерттеу объектісімен үйлесетіндігін ескерсек аталмыш функцияның бар екендігін анық көруге болады. Сондықтан да, саяси шынайылықтың пайда болу, даму және қызмет ету заңдылықтары саяси білімдер жүйесінің жалпытеориялық, методологиялық негізі ретінде көрінеді.

2. Танымдық функция.Рационалды түрде дәлелденген білімдердің барлық жүйесі тәрізді саясаттану да танымдық функция атқарады, яғни саяси ақиқатты шынайы саяси процестер мен құбылыстар арқылы ұғынуға ұмтылады. Бірақ, саяси оқиғалар ситуативті және субъективті болғандықтан саяси шынайылықты тану - өте күрделі әрі қарама-қайшылықты процесс. Ситуативтілік саяси ақиқат үшін нақтылықтың жоғары дәрежесінің тән болуынан және саяси проблемалардың шешімінің алдын-ала берілмейтіндігінен көрінеді. Сондықтан да, жалаң пікірлерді басшылыққа алуға болмайды, керісінше дәл осы зерттелініп отырған жағдайды, оның мазмұнын бар байлығымен ашу қажет. Субъективтілік саяси оқиғалардың саяси қатынастар субъектісінің шығармашылық әлеуетіне, оның саяси мәдениетті игеруіне, оның еркіне, мақсатқа ұмтылысына, саяси интуициясына, шынайылықты сезінуіне тәуелділігін бейнелейді.

Ситуативті және субъективті сәттердің мазмұны өткінші, өзгермелі болғандықтан, оларды саяси ақиқатта көрсету өте қиын. Бұдан өзге, саяси оқиғалардың - өткеннің, бүгінгінің және болашақтың бір-бірімен өзара тығыз байланысып жатқан процесс екендігін ескерген абзал. Өткен уақыт жоғалып кетпейді, ол өңін өзгерткен формада бүгіннің негізі, алғышарты, шарты ретінде, ал болашақ қазіргі уақыттағы дамудың объективті ағымы ретінде қатысады.

Сонымен, методологиялық тұрғыда саяси ақиқат бүгіннің негізін, алғышарттарын қайта зерделеуге, түсінуге, яғни өткен тәжірибені сыни көзқараспен игеруге ұмтылады. Ол дамудың объективті ағымдарын анықтауға мақсатталады, өйткені оларда белгілі бір дәрежеде бүгінгі күні болып жатқанның мағынасы мен әлеуметтік мәні бар. Болашаққа деген осы мақсаттылық саяси ақиқатты саяси болжам үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен, саяси шынайылықтың субъективтілігі мен ситуативтілігіне орай саяси болжамдар өте дүдәмалды, сондықтан саяси болжамдар болашақты шынайы, проблемалық мәнінің барлық көлемімен бейнелей алмайды, ол тек негізінен дамудың объективті ағымын, нақты мүмкіндіктерді ғана анықтай алады.

3. Практикалық функция.Саясаттану -өте практикалық ғылым. Осыған орай ол өте үлкен эмпирикалық мазмұнға ие, өйткені оның шын мәніндегі зерттеу объектісі - саяси қатынастардың кең шоғырланған формасында көрінетін көпмиллиардты адамзат қауымдастығының тіршілік әрекеті.

Саясаттану саяси бағдарламаларды жасау, мақсаттарды жасақтау мен оларды үздіксіз реттеп отыруға қолданылатын ғылыми құрал. Ол нақты саяси процестерді, саяси қатынастар субъектілерінің саяси іс-әрекеттерін сараптап жалпылайды, саяси институттарды, ұйымдарды, сондай-ақ олардың құрылуы мен қызмет етуінің негізі болатын принциптер мен нормаларды зерттейді.

Жеке тұлғаның саяси әлеуметтену мәселелерін шешудегі, индивидті саяси қатынастардың белсенді субъектісіне, саяси тіршілік иесіне айналуындағы рөлі саясаттанудың практикалық функциясының маңызды екендігін көрсетеді.

Біздің мемлекетіміздің қазіргі кездегі дамуындағы саясаттанудың практикалық функциясы саяси іс-әрекетте қоғамдық құрылыстың демократиялық принциптерінің толық үстемдік құруына, біздің өміріміздің барлық салаларына саяси мәдениет ретіндегі демократияның енуіне, оның біздің дүниетанымымызға, барлық әлеуметтік құрылымдардың ұйымдасу формасына, саяси қатынастар субъектілерінің тіршілік әрекеттерінің нормасына айналуына септігін тигізеді.

4. Конвенционалдық функция. Ол практикалық функциямен тығыз байланысты. Сонымен қатар, ол дербес, ерекше саяси мәселелердің шешімін табуға қатыса алады және саяси мәдениеттің кейбір шешуші принциптеріне ықпал етеді. Сондықтан да оны дербес функция ретінде қарастырғанымыз жөн.

Субъектілер арасындағы саяси қатынастар әртүрлі формада (антагонизмнен, әлеуметтік өшпенділіктен үндестік пен ынтымақтастыққа дейін аралықта) болуы мүмкін. Адамзаттың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, антагонизм мен өшпенділік (әсіресе, таптық және ұлттық қатынастардағы) өркениет тарихында көрнекті орын алды және адамзаттың саяси тәжірибесі көрсетіп отырғандай олардың адамдарға, саяси мәдениетке ықпалы өте күшті болды. Өшпенділік пен антагонизм белгілі бір әлеуметтік жүйелердің табиғатында бар болуын әлеуметтік субъектілердің мүдделерінің түйісуін және консенсусқа жету жолымен проблемалардың шешімін табуды қамтамасыз ететін саяси мәдениеттің дамуының жеткіліксіздігінен көруге болады.

Саясаттанудың ғылым ретіндегі маңызды функциясы - адамдар өмірінде өшпенділіктен ынтымақтастыққа өтуді қамтамасыз ету болып табылады.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 59; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.10 (0.046 с.)