Сын есімнің шырай категориясы 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Сын есімнің шырай категориясы

Жалаң сын есімдер

 

Морфемдік құрылымына қарай жалаң деп есептелетін сын есімдер өз ішінде негізгі және туынды болып бөлінеді.

  Негізгі сын есімдер бөлшектеуге келмейтін бір түбір морфе-мадан тұратын сөздер. Мысалы, үлкен, биік, тар, кең секілді сын есімдер- одан әрі морфемаларға бөлшектенбейтін түбір сөздер есебінде қабылданып, ежелден келе жатқан негізгі сын есімдер (63, 179). Алайда сын есімдерді осылайша жіктеудің шартты нәрсе екенін, олардың құрамында да тарихи—этимологиялық тұрғыдан туынды түбір болатын, негізгі түбірі қосымшаларымен арасы ажырамастай кіріп кеткендері де кездесетіндігі оқулықтарда айтылып жүр. Мысалы, тұнық, сұйық, жазық секілді сын есімдер бастапқы тұн, сұйы, жаз етістіктерінен жасалған.

  Жалаң сын есімдердің көпшілігі “түбірлер мен жұрнақтарға мүшеленетін туынды сөздер есебінде қабылданып, белгілі қосымшалар арқылы жасалған туынды сын есімдер (63, 179).” Мысалы, әдепті, байыпты, сөзшең, ұғымтал, жеңілтек, жинақы, сенгіш, ширақ т.б. секілді сын есімдер түбірге жұрнақтар(-ті,-ты,-шең,-тал,-тек,-қы,-гіш,-қ) жалғану арқылы жасалған.

 

Күрделі сын есімдер

            

Тіліміздегі заттың белгісін білдіретін сын есімдер үнемі не-гізгі, туынды түбір бола бермейді, кейде олар екі немесе одан да көп сөзден құралып, сындық белгіні білдіреді.Мысалы,шұнақ қызыл (аяз), бұлаң түлкі (мінез) ,қызыл ала (көйлек), кедір-бұдыр (жер) т.б. Осындай екі не одан да көп сөздерден құралып, бір сындық ұғымды, белгіні білдіретін сын есімдер күрделі сындар болатындығы ғылымда дәлелденген жағдай. “Күрделі сын есімдер”деген атау ғалымдар А.Ысқақов пен К.Ахановтың авторлығымен шыққан мектеп грамматикасынан (1952) бастап айналымға түсіп,содан бері оқулықтарда қолданылып келеді. Күрделі сындарға тән ерекшелік ол қаншама сыңарлардан құрылса да,бір белгіні білдіретін бір сөз, бір лексема болып саналады, бір сөздің қызметін атқарады, сөйлемде бір сұраққа жауап береді, сөйлемнің бір мүшесі болады. Мысалы, Байжандар келгенде қызыл көк ат ерттеулі тұр ед і(Ғ.Мүсірепов). Есболаттан жалғыз көзді, ұзын селдір қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүзді Оразбай отыр (М.Әуезов). Осы сөйлемдердегі қызыл көк, жалғыз көзді, ұзын селдір қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүзді деген күрделі сын есімдер ат, Оразбай деген зат есімдерді анықтап, сөйлемнің анықтауыш мүшесі болып тұр.

  Оның үстіне “күрделі сындар біртұтас сөз болғандықтан, олардың құрамындағы сыңарлардың орны тұрақты және олардың орнын ауыстыруға болмайды(41, 141),”яғни күрделі сындардың мағыналары сыңарларының белгілі бір тәртіпте тұруы арқылы жасалады. Мысалы, ұзын бойлы адам, қалың қамысты көл дегендегі күрделі сын есімдердің орнын ауыстырып, бойлы ұзын адам, қамысты қалың көл деуге болмайды. 

  А.Ысқақов “күрделі сын есімдер негізгі сындардан да, туынды сындардан да, олардың өзді-өзінің де, өзге сөздермен де тіркесуі, қайталануы, қосарлануы, әредік бірігуі арқылы жасалып, бір бүтін күрделі тұлға ретінде қызмет етеді(63, 190),”-дей келіп, күрделі сын-дардың тілдегі жасалуының бірнеше үлгісін (моделін берген)  

Солардың негізгілері мынадай:

- сапалық (негізгі) сын есімдер бірімен-бірі тіркеседі. Бұл топқа қара ала, сары ала, торы ала, шұбар ала, қызыл ала деген үлгі бойынша жасалатын, демек алғашқы компоненті ауысып, соңғы компоненті өзгермей тіркесетін сындар да, қара көк, қара кер деген үлгі бойынша, демек алғашқы компоненті ауыспай, соңғы компоненті ауысып жасалатын екі компонентті күрделі сындар да, ал қара көк, ал қара кертәрізді үш компонентті күрделі сын есімдер де жатады.

- бірыңғай я негізгі (сапалық), я туынды (қатыстық) сындар не қайталанады, не қосарланады. Мысалы, кішкене-кішкене, аппақ-аппақ, үлкенді- кішілі т.б.

- негізгі сын мен -лы(-лі) формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы, кең маңдайлы, қызыл шырайлы т.б.

- зат есім, сан есім, есімдік, есімше формалар мен -лы(-лі) формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы, алтын баулы, төрт бұрышты, түк пайдасыз іс, қажымас қажырлы т.б. (63, 190).

Н.Оралбай оқулығында да күрделі сындар 1) біріккен, 2) қосарланған, 3) тіркескен күрделі сындар деп бөлініп, біріккен күрделі сындардың онша көп емес екендігі, оларға көнетоз, көнтері, тілалғыш, есерсоқ, біртоға, алаңғасар, аласабыр, бұратана, кемтар, кертартпа, қонақжай, жарымжан, балажан, қарапайым, кеудемсоқ, ішқұста (ашу), етжеңді, кірпияз, можантопай, етекбасты (мінез) секілді сөздер жататындығы көрсетілген(41, 142).

  Сонымен бірге екі және үш құрамды күрделі сындардың жасалу үлгілері жүйелі түрде берілген. Екі құрамды күрделі сындардың жасалу үлгілері:

1.Сапа сыны+сапа сыны(қызыл ала, қара көк т.б.)

2.Қатыстық сын+сапа сыны (сыбызғыдай нәзік т.б.)

3.Зат есім+қатыстық сын (күміс қоңыраулы т.б.)

4.Қатыстық сын+ қатыстық сын (сәнді киімді т.б.)

5.Сан есім+қатыстық сын (сегіз қанатты т.б.)

6.Етістік+қатыстық сын (піскен алмадай т.б.) 

Үш құрамды күрделі сындардың жасалуы

1.дара сын+күрделі сын (сұлу жіңішке белді т.б.)

2.күрделі сын+дара сын (қызыл ала көйлекті т.б.)

     Осы үлгілерден тіркесті күрделі сындардың тілде өте жиі қолданылатындығын байқауға болады. Бірақ бұл сын есімдердің өзіне тән ерекшеліктері соңғы кезде ғана зерттеу нысаны ретінде жан- жақты қарастырылды. Г.Мамаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі тіркесті күрделі сын есім сөздер« деген диссертациялық еңбегінде тіркесті күрделі сындардың мағына тұтастығы мен оның күрделі ұғымды білдіретіндігі, олардың құрамы анықталып, сапалық сыны мен қатыстық сынның негізінде жасалған тіркесті күрделі сындардың ерекшеліктері жан- жақты сипатталған (38) . 

     Сондай- ақ Г. Сыздықова өз зерттеуінде қосарлану тәсілімен жасалған қатыстық сын есімдердің күрделі түрлерін жасалу жолына және семантикалық сипатына қарай былай топтастырған:

     Жасалу жолына қарай: 1. Бірыңғай аффикстер арқылы жасалған қатыстық сын есімдердің қайталануы; көлемді- көлемді, бармақтай- бармақтай т.с.с. 2. Бірыңғай аффикстер арқылы жасалған қатыстық сын есімдердің қосарлануы; ащылы- тұщылы, әлді- малды т.с.с. Әр түрлі аффикстер арқылы жасалған қатыстық сын есімдердің қосарлануы: сулы- сусыз, ғылыми- әдістемелік, т.с.с. 1. Семантикалық сипатына қарай: 1. Өзара мәндес қатыстық сын есімдер: даусыз- талассыз, күшті- қуатты, т.с.с. 2. Ұштас мәндес қатыстық сын есімдер: ерлі- зайыпты, аталы- бабалы, т.с.с. 3. Қарама- қарсы мәндес қатыстық сын есімдер: ашпалы- жаппалы, ұзынды- қысқалы, т.с.с. 4. Бір сыңары мағыналы, бір сыңары мағынасыз қатыстық сын есімдер: үйлі- баранды, қоралы- қопсылы, т.с.с. 5. Болымды- болымсыз мағыналы қатыстық сын есімдер: таулы- тассыз, сулы- сусыз, т.с.с. (49, 11).

  Сөйтіп күрделі сындар ең кемі екі сөзден құралып, ішкі құрамы түрліше үлгіде жасалады.

 

      

Сын есімнің ғылымда танылған бір- ақ категориясы бар. Ол-сын есімнің шырай категориясы. Шырай категориясы бір түрлі сындық белгінің ақиқат өмірде түрлі дәрежеде болуын білдіреді. Мысалы, биігірек, биіктеу, өте биік, біп-биік дегенде биік деген негізгі мағына сақталады, тек қана реңк қосылып, біркелкі сынның әртүрлі дәрежеде көрінуі байқалады. Сондықтан “заттың белгісі я сипаты (түрі, түсі, сапасы, көлемі, аумағы, салмағы, сыры т.б.) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының я белгінің бір затта артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары (63, 192)“ деп аталады.

  Олай болса, бір түрлі белгінің өзінде әр алуан рең болуы шырай категориясының мағыналық құрамының түрлілігін көрсетеді. Бұл түрлі реңдік белгі көрсеткіштер арқылы көрініс табады.

  Бірақ сын есімнің барлығы бірдей шырай тұлғасымен түрленбейді, яғни кез-келген сын есімге шырай тұлғалары жалған-байды. Оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, сын есімнің шырай тұлғалары сапалық сын есімдерге жалғанады. Тіптен сапалық сын есімдерге де шырай жұрнақтарының бәрі бірдей жалғана бермейді. Мысалы, “көк” деген сын есімге “шіл” жұрнағын қосып, “көкшіл” деп, шырай мағынасы жасалса, “жасыл”деген сөзге “шыл” жұрнағын қосып, “жасылшыл”деуге болмайды. Немесе сарғыш дегендегі ғыш жұрнағы қызыл, көк, жасыл сын есімдеріне қосылмайды. Олай болса, шырай жұрнақтары “өздерінің еншісіне тиген, белгілі сөздерге жалғана алады. Бұл- қазақ тіліндегі сын есім шырайының ерекшелігі(39, 27). ” болып табылады.

  Сонымен сын есімнің шырайы деп аталатын категорияның мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі біркелкі белгі-лерін емес) бір түрлі я біркелкі белгілерінің өз ара айырмашылық-тарын, демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірімен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады (63, 196). Мысалы, жасылырақ пен жап-жасылдың, үлкенірек пен өте үлкеннің, ұзындау мен ұп-ұзын-ның мәні де, жасалу жолы да бірдей емес. Осымен байланысты қазақ тілінде шырайлардың бірнеше түрі бар. Бірақ шырай түрлерін топтастыру, жіктеу туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі.

  А.Байтұрсынов оқулығында сын есімнің үш түрі көрсетілген: 1)Жай шырай артық-кем демей, нәрсенің сиқын жай көрсетеді (жуас ат, қызыл шүберек т.б.) 2)Талғаулы шырай нәрсе сиқының бірінен-бірі артық-кемдігін көрсетеді, оны көрсету үшін жай сындағы сөзге “-рақ”, -рек” деген талғау қосымшалары тіркеледі (жақсы-рақ, зерегі-рек т.б.) 3)Таңдаулы шырай нәрсе сиқы өте артық екендігін көрсетеді. Оны көрсету үшін жай шырайдағы сөздің алдына ең, нақ, тап, тым, бек, қас деген сөздер қосылып айтылады (ең жақсы, тым қорқақ т.б.) (7,218).

  Ал Қ.Жұбановтың 1936 жылғы қазақ тілі бағдарламасында сын есімнің шырайлары жеке тақырып етіп беріліп, шырайлардың жай шырай, кесімді араластырмалы шырай (бірі тура күйде, бірі шығыс жалғаулы күйде болады), салыстырмалы шағын шырай  (-рақ,-рек,-лау), жалаң шағын шырай (қызғылт, қаралтым, көтеріңкі, созылыңқы), таңдаулы шырай, дәйек қосылыңқы (өте қысқа), қосақты (қып-қысқа), үстеулі (ұзын-ақ), орта шырай (бір қос, бірсыпыра, бір жөн, едәуір сөздері қосылады) түрлері берілген (16, 346). Бірақ жоғарыда аталған еңбектерде шырай түрлерінен орын алған жай шырайға қатысты кейінгі еңбектерде басқаша пікірлер де кездеседі.

Қазақ тіліндегі сын есім шырайларын арнайы зерттеген Ғ.Мұсабаев “жай шырай” деп аталатын сын есімдерде шырай мағынасы жоқ, сондықтан жай шырай деп атауымыздың өзі қате (39, 34),-деп есептеп, сын есім шырайын салыстырмалы, бәсең, шағын, күшейтпелі, үдетпелі деп бөлген. Ғалымның жіктеуінше,

1.Салыстырмалы шырай -рақ,-рек.

2.Бәсең шырай –дау,-деу,-тау,-теу,-лау,-леу.

3.Шағын шырай –шыл,-шіл,-ғыл,-ғіл,-ғылт,-ғыш,-ілдір тұлғалары арқылы.

4.Күшейтпелі шырай –күшейту буыны арқылы.

5.Үдетпелі шырай-күшейткіш үстеулер арқылы жасалады.                                     Осылайша ғалым шырайларды жасалатын тұлғаларына қарай бес түрге бөлген.

1967 жылғы «Грамматикада« бәсең, шағын шырайларды біріктіріп, сын есімнің мынадай 4 түрі берілген:

1.Салыстырмалы

2.Бәсең, я шағын

3.Күшейтпелі

4.Асырмалы.

  Кейін ғылымда грамматикалық категорияларды топтауда олардың түрленбей тұрған түрін есепке алатын дәстүр қалыптасты. Бұл дәстүр бойынша етістік негізі өзге туынды тұлғалардың бәріне негіз болады, атау септік те “басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма (63, 62)” деп танылды, яғни олар етістіктің басқа формаларында қандай өзгеріс болғанын немесе қалған септіктердің тұлғаларында қандай ерекшелік бар екенін салыстырып көрсету үшін алынған. Сондай-ақ басқа шырайлардың тұлғаларында қандай өзгеріс болғанын көрсету үшін кейінгі еңбектерде шырайдың жай шырай деген түрі алынған. Шын мәнінде жай шырайдың мағынасында салыстыру жоқ. Жай шырайдың осы ерекшелігін ескере отырып, шырайлардың басқа түрлерін мағына жағынан да, форма жағынан да салыстыратын негізгі форма деп санаған проф. А.Ысқақов оқулығында шырайлар -жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай деген төрт түрге бөлініп, әрқайсысының мағынасы және олардың жасалу жолдары сөз болған.

    Салыстырмалы шырайға оқулықтарда “бір заттың сынын екінші заттың сынына салыстырып, сол салыстырылған белгілердің бір-бірінен я кем, я артық екенін білдіреді”деген анықтама беріліп жүр. Шындығында салыстыру мағынасы шырайдың басқа түрлеріне де қатысты. Сондықтан жай шырайдың атауы дәстүр бойынша сақталған.

  Салыстырмалы шырай –рақ,-рек,-ырақ,-лау,-леу,-дау,-деу,-тау,-теу жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, үлкенірек, үлкендеу т.б. Сонымен бірге -қыл,-ғыл,-қылт,-ғылт,-тым,-шыл,-шіл,-қай,-аң секілді өнімсіз жұрнақтар да салыстырмалы шырай көрсеткіштері болып саналады. Мысалы, дымқыл, сұрғылт, қоңырқай, қысаң т.б.

  Күшейтпелі шырай заттың бастапқы сындық қасиетін күшейте түседі. Бұл шырай күшейткіш буын арқылы жасалады, яғни сын есімнің алғашқы буыны алынады да, оған -п қосылады. Мысалы, қып-қызыл, жап-жақсы, біп-биік т.б.

  Заттың сындық қасиетін я тіпті асыра көтеріп, я тым асыра төмендетіп білдіретін шырай түрі асырмалы шырай деп аталады. Бұл терминді проф. А.Ысқақов қолданған. Асырмалы шырай сын есімнің алдында аса, өте, тым(дым), тым-ақ (дым-ақ), тіпті, тіптен, шымқай, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет секілді күшейткіш үстеулер сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, тым үлкен, аса қиын, өте ақылды т.б.

  Соңғы шыққан “Қазақ грамматикасында” жай шырайды шырай категориясына жатқызбайды, ал салыстырмалы мен күшейтпеліні бір шырай деп есептеп, шырайдың екі-ақ түрін- салыстырмалы мен күшейтпелі шырайды көрсеткен.          



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 51; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.198 (0.007 с.)