Жазуға қойылатын замана талабы оны техника негізінде (жазу машинкасы, компьютер, телеграмма, телекс, телефакс, линотип, т. б.) пайдалануды қалайды. 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Жазуға қойылатын замана талабы оны техника негізінде (жазу машинкасы, компьютер, телеграмма, телекс, телефакс, линотип, т. б.) пайдалануды қалайды.

Әліпби айтысы ХХ ғасырдың басында жазудың қызметі кеңейе бастағаннан бастап ең өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түскен емес. 1926 жылғы 26 ақпаннан 6-наурызға дейін Баку қаласында Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезд  өткізіліп, онда күн тәртібінде түркі халықтарының жазу мәселесі, орфографияның негізгі принциптері және олардың әлеуметтік мәні, терминология мәселесі, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы, ана тілін оқыту методикасы т.б. көптеген көкейтесті мәселелер қойылды. Солардың ішінде ең үлкені түркі халықтарының барлығының тегіс латын графикасына көшу мәселесі болды. Бұл съезге Қазақстаннан А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Әзиз Байсейітов, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұловтар делегат болып қатысты. Сонымен қатар түрік нәсілді Бартольд, Олденбург, Крымский сияқты ғалымдармен қоса, неміс профессоры Менсель, Көкерлі-Зада, Құсайын-Зада сынды атақты зерттеушілер де қатысты. Құрылтайда баяндама жасаған Ә.Шәріпұлының «емле түзеу жүзінде қазақ жұртының латынға көшуінің қажеті жоқ деген пікірін А.Байтұрсынұлы да жақтап, «латын қарпіне көшуге жұмсаған қаржыны балаларды оқытатын мектеп салдырайық деген пікір қосады. Ал бұл пікірлерге қарсы баяндама жасаған Ә.Байдилдин латын графикасын жақтап, «қазақ төңкерісінен кейін дамыған еңбек адамдарының талап-тілегін араб әліпбиі толық қанағаттандыра алмайды, латын қарпіне көшу заман талабынан туындап отыр дейді. С.Садуақасов «латын графикасын алудың саяси қорқынышы бар. Молдалар қарсы болады. Араб таңбалары ислам дінінiң таянышы, әріптен қол үзсек, діннен де қол үземіз» деп өз көзқарасын білдіреді. Сондай-ақ Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Дулатовтардың «латын таңбасына көшсек, жаппай сауатсыздыққа ұрынамыз”- деп араб графикасын қолдайды.

Білімпаздар тобының  А.Байтұрсынұлының араб жазуын жақтауындағы мақсат - өңделген араб графикасы қазақтың мұқтаждығын толығымен өтеп отырғандығы, оқыту ісіне қолайлылығы. А.Байтұрсынұлы бұл съезде айтқан пікірін кейін 1927 жылы Қызылордадағы жазу мәселесіне арналған конференцияда да қайталап дәлелдейді. Ол түрік жұртының 90 пайызы араб таңбаларын пайдаланып келетіндігін айтып, әрқайсысының қалыптасып қалған, пайдаланып жүрген хат мәдениеті бар екендігін айта келе, бір әріпті тастап, екінші әріпті алудың қиындықтарын ғылыми негізде дәлелдеп баяндама жасайды. Латын графикасын жақтап Н.Төреқұлов сөз сөйлейді. Ол «біз латын әрпін қазаққа күшпен алдырғалы отырған жоқпыз. Латын әрпін үйрену, жазуға тым пайдалы жеңіл. Түрік әрпінің біреуі төрт түрлі, латындікі бір ғана түрлі» деп дәлелдейді. Қызу тартыс туралы Е.Алдоңғаров «Әліпби түзеу” тақырыпты қаулысының мақаласында «Ахметті жақтап талай шешендер түрлі дәлелдер келтіріп, мысалыға қаріп белгілерін, сан белгілерін, қаріпті жию, теру жеңілділігін айты. Латын әрпін қолдауға әлі ерте, орыс халқы алмағанда біз неге аламыз? Қаріпке қызығып біз мәдениетімізден айырыламыз» деп жазды [19]. Бұл мәселені ашық түрде талқылау үшін баспасөз беттерінде мақалалар жазып, сондай-ақ Астрахан Қарақалпақ қазақтарын қосып, толық съезд шақыру жөнінде қаулы шығарылады. Көпшіліктің пікірін білу қажет деп санап, оны қадағалауды Қазақстан Халық коисариатына тапсырады. 

Қазақ тілінің тағы бір жанашыры Е. Алдоңғаров «Өнер басы - әліпбиiң” деген мақаласында «заман талабы, өркениетке жетудің жолы – латын таңбасына көшу болып отыр” деп пікір беліреді. Осы газеттің 45 санында (1926ж.) М.Үмбетұлы деген оқырман «латын, араб қарпі деген әңгіме басталып жүр. Араб қаріпінен неге қаштық. Орыстың миссионерлері Ильминский шығарған қаріптен, А.Байтұрсынұлы шығарған араб қарпі қазақ еліне әлдеқайда қолайлы деген пікірін білдірген [19].

Міне осы сияқты пікірталастар он жылдай уақыт көлемінде баспасөз беттерінде жарияланып жүрді. Араб жазуына қарсы дегендер ол графикадағы әр әріптің төрт түрлі болып күрделі жазылатынын айта келіп, оның техника, теру жұмыстарына қиын болатындығын тілге тиек етеді. Ал араб графикасын қолдаушылар басқа әріпті алып, оны енгізіп жүргеннен араб әрпін алып, соның кемшілігін жояйық деген пікір айтады.

Сонымен латын графикасына көшуге байланысты айтыс-тартыс жеті-сегіз жылға созылады.

Орфографиялық ережелер дұрыс қабылданып, баянды нормаға айналуы үшін олар тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек. Қазақ жазуының әдепкі кездерінде әріптер дыбыстар негізінде таңбаланып, танымал болатындықтан, қазақ тілінің дыбыс ерекшеліктері алдымен көзге түсетіндіктен жазу ережелерін қабылдауда фонетикалық ерекшеліктерге көбірек көңіл бөлінді. 1929 жылы латын графикасы негізінде қабылданған алфавит тұсында емле ережелерінің принципі фонетикалық болды. 1938 жылы ресми органдардың қаулысы бойынша “Қазақ тілінің емле ережелері” жарияланды. Онда орфографиядағы бұрыңғы қате-кемшіліктерді жөндеу мақсаты көзделіп және олар жаңа ережелермен толықтырылды [9,48-52].

 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық кеңес комитеті ІҮ сессиясының қаулысы бойынша қазақ жазуы латын графикасына көшірілді. Жаңа алфавитте 29 әріп болды: 9-ы дауыстылар (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і) және 18-і дауыссыздар (б, г, ғ, д, ж, з, к, қ, л, м, н, п, р, с, т, һ, ш), ал екеуі (й мен у) жарты дауыстыны таңбалайды. Латын графикасына негізделген емленің негізгі принципі фонетикалық болды. Бас әріп пайдаланылмады. 1938 жылдың басында арнайы қаулы қабылдап, жазудағы басты принцип морфологиялық деп танылып, бас әріппен жазу заңдастырылды. Сонымен қатар и, у, х, ф, в әріптері енгізілді. Латын графикасы қазақтың байырғы сөздерін дұрыс жазуға мүмкіндік берді, сонымен қатар жаңадан көптеп еніп жатқан орыс тілді кірме сөздерді әрі қазақтың байырғыдан келе жатқан даму заңдылықтарын сақтай отырып, кірме сөздерді жаншып, өз тілінің қалпына түсіріп, өзінің заңымен өзгертіп барып енгізді. Латын графикасына көшуде, әрине, араб жазуындағы кемшіліктер де ескерілді. Соның бірі – қосар дыбыстардың таңбалануы. Профессор Қ.Жұбанов «Қосар ма, дара ма?ң атты мақаласында ұу, үу, ый, ій дыбыстарымен келетін сөздердің жазылуын жеңілдету үшін 4 дыбыстың орнына екеуін ғана (и, у) алуды ұсынады. Ғалымның бұл пікірі қазіргі кезге дейін басшылыққа алынып келеді. Тілге қабылданған емленің оң не теріс әсерін уақыт дәлелдеп береді. Қосар дыбыстарға байланысты осы пікірдің тілдің табиғатына кері әсерін кейбір тілшілер дәлелдеп те жүр [22].

Кірме сөздердің игерілуі турасында зерттеуші Х.Досмұханбетұлы: «Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы қалыбымен тілге сіңіреміз деген – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді деп өзінің көзқарасын білдіріп, тілдің қалыптасқан даму заңдылықтарын бұзатынын дөп басып айтқан [11,26]. Сол кездің өзінде-ақ аса көрегенділікпен айтылған осы пікірдің шыншылдығына бүгінгі ұрпақтың қолданып жүрген шұбарланған тілі дәлел бола алады. Латын графикасының қазақ халқының мәдени дамуына көп үлес қосқанымен, орыс тілінен енген кірме сөздерді дұрыс таңбалай алмайды деген сын тағылды. Сонымен латын графикасы да қазақ тілінің жазбаша формасын таңбалауға ұзақ қызмет ете алмады.

Тарихтан, отарлаушы елдің қашанда ең алдымен қарамағындағы халықтың жазуын жоюға күш салатыны белгілі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап үлкен талқыдан өтіп демократиялық жолмен қабылданған латын графикасы елге 11 жыл қызмет етті

1940 жылы орыс графикасына негізделген жазуға көшу туралы заң қабылданды. Осының нәтижесінде қазіргі жазуға ие болдық. Алғашында алфавитте 41 әріп болды. Алфавиттік қатар алдымен орыс тіліндегі бар әріптерден тұрды, содан кейін орыс графикасында жоқ, қазақ тіліне төл дыбыстарды таңбалайтын әріптер тұрды. Бұл тәртіп 1957 жылы өзгеріп, алфавиттік құрамға ә әрпі қосылып, 42 әріп болып қазіргідей күйге келді.

Жиырмасыншы ғасырдың басында елімізде қаріп ауыстыру мәселесі күн тәртібінде өте маңызды мәселе болып көтерілгендігі белгілі. Себебі графиканың әлеуметтік өмірде кең қолданыла бастағандықтан, ғасырдан ғасырға ауызша жеткізіліп келе жатқан қазақ тілін графикаға көшіру мәселесі кезек күттірмейтін мәселе болды. Сонымен қатар жаппай сауатсыздықты жою үкімет тарапынан қолдау тауып, қатаң бақылауға алынғандықтан, қазақтың сауатын қай жазу түрінде ашып, бай сөздік қорын жазбаша қалай жеткізу мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Сол уақытта көкейтесті болып табылған бұл мәселеге қазақ интеллегенциясы үлкен мән беріп, өздерінің көзқарастарын «Ақ жол», «Еңбекшіл қазақ” газеттерінің беттерінде білдіріп отырған. Қазақ интеллегенциясы қазақ тілінің ауызша формасын жазбаша формасы дәл қалпында беру жағында, яғни емленің дұрыс болу мәселесін ойлады. Қазақ тіліне жаны ашып, емлеге қатысты шыншыл пікірлер білдіріп отырған қазақ оқығандарының ішінде А.Байтұрсынұлының есімімен бірге Н.Төреқұлов, Қ.Кемеңгеров, Е.Байдилдин, Ә.Алдоңғаров сынды қазақ оқығандарын да атауға болады.

28 дыбыстан тұратын қазақ тілінің дыбыстық жүйесі кирилл графикасының негізінде құралған 42 әріптік әліпбиді қолданып келеді. Бұдан 42 әріптік әліпби ең алдымен орыс сөзінің дұрыс жасылуы талабынан туындаған, сондықтан 33+9 принципімен құрылған. Мұндағы 33 әріп орыс әліпбиіне сәйкес келсе, қалған тоғыз әріп қазақ тіліне тән дыбыстарға сай келеді. Бұл әдіс Кеңес үкіметінің кезіндегі саясат бойынша жүздеген ұлттардың әліпбиі 33+N принципімен жасалған болатын. Бұл саясат бойынша ортақ әліпби, ортақ тіл қолданылғандықтан, уақыт өте ортақ тілдің рөлі артып, ұлттық тілдер көлеңкеге ығыстырылып қалып қояды. Қолданыстағы 42 әріптік жүйе көптеген техникалық қолайсыздықтарды туғызумен қатар қазақ сөзін дәлме-дәл бере алмайды. Мұны қазақ тілінің орфограялық сөздігінен көруге болады. «Жазба әдебиеті жоқтық біздің тіліміздің тазалығын сақтады”- деп ХХ ғасырдың басында-ақ дөп басып айтылған Х.Досмұханбетұлының пікірінің шындығына бүгінде көз жеткізіп отырмыз. Жазу әдебиеті қалыптасқан кезден бастап қаймағы бұзыла бастаған тіліміз орыс графикасына көшкелі атадан балаға аманат болып келген, өзінің ерекше ұлы заңдылығымен толысып, дамып келген тіліміздегі сөздер дұрыс айтылмады. Қазақ тілінің айтылуы мен жазылуынаның арасындағы алшақтықтың туындауы ана тіліміздің дамуының қазіргі кезден кейінгі кезеңіне зор нұқсан келтірері сөзсіз.

Қазақ әдеби тілінің өзіне тән айтылуы мен жазылуы бар. Күнделікті өмірде сөздің жазылуынан гөрі айтылуы көп қызмет атқаратынына кез келген адамның көзі анық жетеді. Бірақ әдеби тілдің қалыптасып, дамуына бүгінгі таңда жазбаша тіл үлкен әсер ететіп отырғандығын да білеміз. Кеңес үкіметінің қазақ даласына алғаш орнағандағы алғашқы қолға алған істері - қазақ даласын сауатсыздықтан арылту саясатын іске асырғаны. Қазақ елінің мәдениетін көтеру ма, болмаса, ұлттың ұлттығынан айырудың бастысы ана тілінен айырып, орыстандыру саясатынан келіп туындаған жағдай ма, оның ақ-қарасын тарих анықтай жатар, тілшілерге керекті басты нәрсе қазақ әдеби тілінің жазбаша формасын дамытуда орыс графикасын қолдану мәдени жағынан ілгерлеумен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа мөлдір судай таза, жарға соққан толқындай екпінді, наркескендей өткір бабалар тіліне қиянат жасағанына да көзіміз жетіп отыр. Бүгінгі тарихи кезеңде өмір сүріп отырған кеудесінде қазақы жаны бар, қазақтың қаны бар әрбір азамат қазақ тіліне деген жауапкершілік жүгі мойнында түрғанын, алдымыздағы ұрпақ алдында есеп беретін кездің де болатынын естен бір сәт те шығармауы керек. 

Адамдар айтайын деген ойын бір-біріне ауызша да, жазба түрінде де жеткізе алады, орфография, немесе емле, дұрыс жазу қағидаларын белгілейді. Ал дұрыс жазу нормаларының көздейтін негізгі мақсаты айтылмақ ойды жазба түрде дәл айқын жеткізіп беру. Әдетте, жазу жалпыға ортақ болғандықтан, оның ережелері де көпшілікке бірдей болып, қалың жұртшылықтың пайдалануына айналада. Сондықтан емле ережелері әрі ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс. Осы орайда графиканы таңдау туралы мәселе егемендігімізді жарияланған 1991 жылы алғаш көтеріліп, содан бері әр түрлі беттерінде әр түрлі ұсыныстар мен жобалар жарияланып келеді.

   Қазақ жазуын өзгертуге байланысты көзқарастарды үш топқа топтауға болады. Соның біріншісі – латын графикасына көшуді жақтайтындар, екіншісі, үйреншікті болған орыс графикасында қалуды жақтайтындар. Ал үшінші топқа әр түрлі көзқарастағы және өзінің әліпбиін ұсынып отырған зерттеушілердің пікірлерін жатқызуға болады. Ә.Қайдаров жазуға байланысты пікірлердің екі мәселеге келіп тірелетіндігін көрсетеді. Олар: «1. Жазуды таңдап алу принципіне, оның тұтас және туыстас этонстар үшін атқаратын қызметіне, қолданыс аясы мен таралу шегіне, сондай-ақ бүгінгі қажеттілік пен болашағына қойылар талапқа байланысты мәселелер. 2. әліпбидің тікелей өзіне қатысты (тіл табиғатына үйлесімділігі, бір-бірінен артықшылығы, дыбыстық, графикалық ерекшеліктері т.б.)» [18]. Осыған байланысты қойылатын талаптар мен алғышарттарды академик былайша саралайды: «1. Жазу бір тілдің ғана емес, тегі бір туыстас бірнеше тілдердің мүддесіне сай қызмет етуі абзал. 2. Жазу бір халықтың әр жерде жасайтын өкілдеріне ортақ болуы. Өйткені ол ұлттық тұтастықты сақтап қалудың бірден-бір кепілің [9]. Ал жазуға қойылатын мынандай алғышарттарды атап көрсетеді: «Тілдің дыбыстық (фонетикалық) және мағыналық (фонематикалық) табиғаты мен таңбалау (графикалық), сандық ерекшеліктерінің үйлесімді де сәйкес болуынң басты мәселе етіп көтереді.

Жұмысымызда айтылғандай, дәстүрлі жазуды ауыстырған сайын қаржылай шығынды былай қойғанда, ұлттық дәстүр мен мәдени жалғастықтықтың уақытша болса да желісі үзіліп, сауаттылық дәрежесі төмендейтіні белгілі. Сондықтан жазуды алмастыруға бет бұрған халыққа 50 жылдай қызмет еткен славян жазуы қалай қызмет етті, оны ауыстырудың объективті себептері қандай деген сұраққа жауапты Ә.Қайдаровтың еңбегінен табамыз:

«А) бұл жазу, сөзсіз, бүгінгі Кеңестер Одағы халықтарының, әсіресе бұрын жазу – сызуы болмаған ұлыстардың мәдениетін көтеруде игі ықпалын жасады; бірақ ол сол жұрттардың өз еркімен қалап алған жазуы емес, үстем саясаттың жоғарыдан міндеттеген, күшпен таңған жазуы болатын;

ә) сондықтан да болар, ол әрбір тілдің өз ерекшеліктерін толықтай таңбалай алмады, туыс тілдерді басын қосып, жақындастырудың орнына олардың арасын ашып, алшақтата түсті;

б) алфавит таңбалары ұлт тілдерінің емес, орыс тілінің мүддесіне сай алынды, сол себептен де оның ішінде басы артық, керексіз әріптер көп болды;

в) алфавиттің өзі де, оның негізіндегі қағида, ережелер де ұлттық тілдер табиғатына, дамуына нұқсан келтірді, (мысалы, қазақ тілінің түбір жүйесін, үндестік заңын, дыбыстар тіркесін табиғи қалпынан айырып, басқаша қалыптасуына себепкер болды), ең бастысы жас ұрпақтың туған тілін терең түсуіне кедергі жасады, т.б;».

Адам қоғамында жазу көп, бірақ кемелденген жазу жоқ. Әрбір жазудың жетістіктермен қатар кемшіліктері де болады. Демек, жазудың қадір – қымбаты жеке (не бір топ) тіл тарапынан қойылатын талғам-талаптарға қай дәрежеде жауап беруіне байланысты анықталуы тиіс. Жазудың қасиет – белгілері өзара салыстырып қарағанда ғана айқындала түсетіні туралы Ә.Қайдаровтың пікіріне біз де қосыламыз. Академик қазақ жазуына қызмет еткін үш жазуды былайша өзара салыстырады (түсінікті болу үшін пікірін толық беріп отырмыз):

 «1) Алфавиттегі әріп таңбаларының саны ана       тіліміздегі фонемалардың санымен бірдей болуы керек;мәселен Ахмет Байтұрсынұлы реттеген араб әліппесі алғаш 28 дыбыс таңбасынан (оның 8-і дауысты, 20-сы дауыссыз дыбыстар) құрылып, кейін оған қосымша орыс – интернационалдық терминдерді дәл беру үшін тағы 5 әріп (в, ф, х, ч, h) қосылған болатын. 1929-1940 жылдары пайдаланған латын алфавитінде 30 әріп (оның 9-ы дауысты, 221-і дауыссыз дыбыс таңбалары) алынса, Шыңжаң қазақтарының 1960-1980 жылдардағы қолданған латын жазуында 37 әріп (9-ы дауысты, 28-і дауыссыз) те, төртеуі ханзу тілінің ыңғайына қарай алынған қос дыбысты (іh, сh, sh, ng) таңбалары еді. Ал орыс графикасы негізінде қабылданған қазақ алфавитінде 42 таңба (ондағы дауысты дыбыс таңбалары – 15, дауыссыздары – 27, оның ішінде қос дыбыстылары – 9, жіңішке, қатаң белгілері – 2) бар. Осының өзі – ақ тіл табиғатына тән дыбыстар мен оны таңбалушы әріптер арасындағы сәйкестіктің бұзылуын көрсетіп тұр. Бір тілдің табиғатында үш – төрт түрлі көріністің (бірде 28, бірде 37, бірде 42 таңба) болуы әрине, заңды құбылыс емес. Демек, бұл жазудың біреуінде болмаса да біреінде кінарат бар. Кейде төл дыбыстардың санынан алынған таңбалардың көп болуы сол тілдің қолданыс шеңберін, яғни басқа тілмен қарым – қатынасын (жетпейтін әріптерді алу) саналы түрде ескеруге де байланысты. Бірақ онда да ол тек кейбір жалқы және қос дауыссыз дыбысты таңбалар (мысалы, ц, ч, щ, ю, я) есебінен ғана көбеюі мүмкін.

   Айта кету керек: тілдегі байырғы дыбыстарды нақтылы таңбалауда Анатолия түріктері қолданатын Латын алфавиті өзінің қайырымдылығы мен назар аударады. Онда бар болғаны 29 әріп алынып, оның 8-і дауысты, 21-і дауыссыз дыбысты таңбалайды. Біз таңдап отырған алфавиттің қайсысы болса да осы үлгіге мән бергені жөн.

   1) Графемалар тілдегі фонемаларды (мағыналы дыбыстарды) әрі дәл, әрі нақты таңбалауы қажет.

   2)Бір таңбаға (графемаға) мүмкін болса, бір- ақ дербес фонема телінуі керек.

   3) Ана тіліне жат қос дыбысты, тіпті үш дыбысты әріптерді қабылдаудан бас тарту.

   4) Жазудың таңбалауға қолайлы, оқуға оңтайлы, үйренуге жеңіл болғаны абзал.

   6)Аталмыш үш алфавиттің кемшілктері мен жақсы қасиеттерін срапқа салып, оларды тәптіштей зерттеп жүрген мамандар неше түрлі деректерді ортаға салып, әдетте байқала бермейтін фактілерден қорытынды жасап, әр алуан пікір түйеді.

   7) Ең соңғы айтарымыз: жазулардың түр – түрін білудің еш артықшылығы жоқ, Бүгінгі жас ұрпаққа оның бірнешеуін білуге турада келеді» [18].



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 39; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.196 (0.013 с.)