Зат есімдердің құрылымы 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Зат есімдердің құрылымы

 

     Құрылымы жағынан зат есімдерді А.Ысқақов жалаң және күрделі деп екі топқа бөліп, оларды өз ішінде тағы да тармақтайды

(65, 154).

Жалаң зат есімдерді бөлшектенбейтін бір ғана сөзден тұратын түбір зат есім (от, су, көл, өзен, дала т.б.) және түбір сөзден жұрнақ арқылы жасалатын туынды зат есімдер (қуырдақ, оймақ, малшы, биші, саудагер т.б.) деп екіге бөлген.

     Күрделі зат есімдерді өз ішінде біріккен, кіріккен атаулар (ағайын, жарғанат, сәресі, алтыбақан т.б.), тіркескен күрделі зат атаулар (ақ бата, бесік бау, шағын несие, іс қағазы т.б.), қосарланған күрделі атаулар (өкпе-бауыр, мектеп-лицей, ар-ұят т.б.), қысқарған атаулар (Ахмет- Ақа, Мұқтар- Мұқа, ЖАК- жоғарғы аттестациялық комитет т.б.) деп бөлінеді.

     Ал бұлардың жасалу жолдары, соған байланысты әрқайсысының іштей мағыналық топтарға бөліну жолдары сөзжасам курсында толық жан- жақты айтылатындықтан, бұл мәселелерге тоқталмаймыз.

 

Зат есімнің түрлену жүйесі

 

     Грамматикалық категориялардың ішінде көптік, тәуелдік, септік категорияларының білдіретін мәндері заттық мағынамен байланысты болғандықтан, олардың көрсеткіштері өзі жалғанатын сөздерге заттық мән үстейтіндіктен, зат есімнің түрлену жүйесіне көптік, тәуелдік, септік категориялары жатады. Сонымен бірге зат есімнің кейбір топтары предикаттық қызмет те атқаратындықтан, жіктік жалғау адамға байланысты есімдерге жалғанады. Демек, зат есім сөйлемде баяндауыш болғанда, жіктік жалғауын қабылдайды.

 

 

Зат есімнің көптік категориясы

 

     Көптік мағына заттың санымен байланысты, бірақ заттың санын дәл атамайды, тек қана заттың саны көп екенін білуге болады. Ал заттың санын дәл көрсету қажет жағдайларда сан есім қолданылады. Мысалы, елу кітап, отыз студент дегенде кітаптың да, студенттің де саны белгілі, ал кітаптар, студенттер дегенде тек қана заттың көптігін ұғуға болады, бірақ саны анық емес.

     Тілімізде заттың санын дәл атауды қажет етпейтін, бірақ көптік ұғым берілетін жағдайлар көп кездеседі. Мысалы, қымыз, көбелек, қоян, бидай т.б. Бұл сөздер ешбір қосымшасыз-ақ санауға келмейтін заттардың аты ретінде көптік ұғымды білдіреді. Немесе бірталай адам, қыруар мал дегенде зат есімнің алдында келіп, қосымшасыз анықтауыш болып тұрған бірталай, қыруар сөздері көптік ұғым жасап тұр. Ал жидектер, гүлдер дегенде –тер, -дер жалғаулары көптік мағынаны білдіреді.

     Ғылымда тілдің осы ерекшелігін көрсететін арнайы категория бар. Оған жекелік- көптік категориясы жатады, әрі бұл категория зат есімге қатысты, өйткені жекелік, көптік ұғымдар затқа ғана қатысты айтылады.

Зат есімнің жекелік- көптік мағынасы ғылымда танылған. Бірақ 1954 жылғы оқулықта көптік категориясы ғана сөз болды. Ал кейінгі грамматикаларда (1962, 1967) зат есімнің жекеше түрі мен көпше түрі жеке тақырып етіп берілген, алайда бұларда жекешелік мағынаға көңіл бөлінбеген, тек қана көптік мағына мен оның берілу жолдары көрсетілген. А.Ысқақовтың оқулығында да көптік мағына талданған.     Ғалымның пікірінше, “тілімізде көптік категориясы да, көптік жалғау категориясы да бар. Ал осы екеуі бір де емес және бірдей де категориялар емес. Көптік категориясы деген ұғым тым жалпы ұғым да, көптік жалғау категориясы- онан гөрі әлдеқайда жалқы ұғым. Мысалы, көптік категориясы тілімізде үш түрлі жолмен беріледі: лексикалық тәсіл арқылы да, морфологиялық, синтаксистік тәсіл арқылы да айтылады (63, 40)”. Одан әрі А.Ысқақов көптік категориясының жасалу жолдарын тілдік нақты мысалдармен дәлелдеген, бірақ “көптік жалғау категориясы” деген ұғымның сипаты ашылмаған. Осыны жіті аңғарған проф. С.Исаев “ол термин және ұғым (көптік жалғау категориясы) көптік жалғау дегенмен барабар болу керек. Мұнда, біріншіден, категория (әрине грамматикалық категория мәнінде) деген термин, белгілі бір тұрақты грамматикалық құбылыстың аты ретінде белгілі бір принциппен қолданылған. Екіншіден, “көптік жалғау категориясы” деген термин “грамматикалық формалар жүйесі арқылы берілетін тектес, ыңғайлас әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы болып келетін грамматикалық мағыналардың жиынтығы” деп анықталатын грамматикалық категория ұғымын тіпті жоққа шығарады (28, 64)”,- деп қарсылық білдіреді. Көптік ұғым бар жерде жекелік ұғым да болатындығы даусыз. Жекелік мағына зат есімнің лексикалық мағынасымен бірге түбір сөзде беріледі, бірақ оның қосымшасы жоқ. Осы бір- біріне қарама- қайшы екі ұғымның жиынтығы арқылы және жекеліктің арнайы тұлғасы болмай, көптік ұғым көптік жалғау арқылы берілуінен көптік категориясының сипаты ашылады. Осымен байланысты С.Исаев “Көптік мағына грамматикалық тұрғыдан жекелік мағынаға қарама- қайшы мағына ретінде заттың сандық ұғымының шеңберінде өмір сүреді. Сондықтан бұл категория көптеген тілдерде қазақ тіліндегідей көптік категориясы деп емес, сан категориясы (мысалы, орыс тілінде категория числа, қазіргі қырғыз тілінде сан категориясы) деп аталынады (28, 55)”,- дей келіп, көптік категориясын осы еңбегінде “Сан-мөлшер (көптік) категориясы” деп атаған.

     “Қазақ грамматикасында” (2002) “Зат есімдерді жекеше, көпше деп аталатын екі топқа айыра көрсетуге негіз болатын ең басты грамматикалық сыртқы белгі- оларға көптік жалғауының жалғануы. Көптік жалғауын жалғау сөзге көптік мағына берудің негізгі жолы болғанымен, бірден- бір ғана жолы емес. Ана тілімізде зат есімде көптік мағына пайда болуының бұдан басқа да амал- тәсілдері бар (32, 454)”,- деп көрсетіліп, тек қана көптік мағынаның арнаулы қосымшасы- көптік жалғауының ерекшеліктері сөз болған.

     Көптік ұғымның ғылымда танылып жүрген берілу жолдары мынадай:

     а) Көптік ұғымды сөздің тікелей өз лексикалық мағынасы арқылы білдіру лексикалық тәсіл деп аталады.

     Тілімізде лексикалық тәсілмен көптік ұғымды білдіретін сөздер тобы бірнешеу:

     - жеке-даралап санауға келмейтін заттардың аттары (су, сүт, ұн т.б.).

     - ру, халық, ұлт, ел аттары (қазақ, қырғыз, өзбек т.б.).

     - әр қилы жәндіктер, аң, хайуанат атаулары (көбелек, қоңыз, түлкі т.б.).

     - өсімдік аттары (арпа, сұлы, жусан т.б.).

     - адамның ішкі құбылыстарының, дүниедегі сын-сипаттардың, іс-әрекеттердің, күй-жайлардың аттары (ермек, қуаныш, ізгілік т.б.).

     ә) Көптік мағынаның сөз тіркесі арқылы берілу жолы синтаксистік тәсіл деп аталады. Мысалы, жиырма үй, сексен трактор, тау-тау астық, бірталай жыл т.б.

     А.Ысқақов сөздердің қосарлануы арқылы да (бала-шаға, кәрі-жас т.б.) көптік ұғым білдіріледі деп есептеп, оны лексика-синтаксистік тәсіл деп атаған (6, 41).

     С.Исаев “сан есімдер, сандық мәні бар сөздер, қайталама қос сөздер зат атауының алдынан келіп, оны анықтап тұрса, ол зат біреу емес, бірнешеу (көп) екенін түсінеміз (28, 66)”,- дей келіп, көптік мағынаның осылайша берілуін аналитикалық тәсіл деп атаған.

     б) Көптік мағынаның сөздерге тиісті қосымшалар қосылу арқылы берілу жолы морфологиялық тәсіл деп аталады.

     Сөзге жалғанғанда көптік ұғым беретін қосымшалардың ғалымдар көрсетіп жүрген үш-төрт түрі кездеседі:

-   тіліміздегі көне құбылыс ретінде саналатын, яғни орхон-енисей жазбаларында көптік жалғау ретінде жұмсалған –т қосымшасы бар. Бірақ бұл қосымша сол кездің өзінде “атақ-дәрежені, шенді білдіретін тарқан- тарқат, тігін- тігіт секілді азын- аулақ сөздердің құрамында кездескен. (10, 88)”.

-   сондай-ақ біз, сіз, көз, егіз деген сөздердің құрамында кездесетін –з, (-ыз, -із) формалары да көптік мағынаны білдіреді деп есептеледі. Бірақ бұл қосымшалар “әуелде көптік жалғау емес, жұп, егіз, екеу болып келетін заттардың (дене мүшелерінің) аттарына жалғанатын қосымша болған”.

-   1-жақ жіктік жалғау тұлғасы -қ, -к қосымшасы ерте кезде көптік мағынаны білдіретін морфологиялық формалардың бірі болған деп есептеледі (біз болдық, келдік т.б.) (63, 42).

-   қазіргі тілімізде көптік мағынаны білдіретін негізгі морфологиялық форма –лар (-лер, -дар, -дер, -тар, -тер). Сондықтан бұл форма заңды түрде көптік жалғау деп саналады.

     Бірақ көптік жалғау сөзге жалғанған кезде көптіктен басқа да стильдік мән үстейді. Мысалы, Үй маңындағы ағаштар ерекше бір шеберлікпен егіліпті. (Ғ.Мұстафин). Осы сөйлемдегі ағаштар нақты ағаштың санын емес, осы сөз арқылы аталатын заттардың тобын, жинағын, яғни үй айналасына отырғызылған ағаштарды жалпылап тұр.

     Немесе, Абай қаршыға салған үлкендердің қасына өткен жазда көп еріп еді (М.Әуезов). Мұндағы үлкен сын есімін –дер көптік жалғауы әрі заттандырып, әрі оған көптік мағына үстеп тұр.

     Осындай көптік жалғаудың семантикалық мағынасы да, стилистикалық рөлі де ғалымдар еңбектерінде кеңінен сипатталған. Мысалы, А.Ысқақов көптік жалғаудың 12 түрлі ерекшелігін (63,43- 46) көрсеткен.

     Көптік жалғаудың С.Исаев көрсеткен тағы бір ерекшелігі- оның сөз байланыстырушылық сипатының болмауы. Сондықтан ғалым көптік жалғауын осы сипатына қарап, “қосымшаның жалғау түрінен гөрі форма тудыратын жұрнақтар қатарына өте жақын (28, 69)”,- дейді. Мысалы, Қолдың саласындай тарамданған арықтардың біреуі бара- бара ұлғайып ... қарауытқан сай болды (Б.Майлин). Зеректік, ойшылдық, сезімталдық- ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер (І.Есенберлин). Осы сөйлемдердегі арықтардың, қасиеттер сөздеріндегі –тар, -тер көптік жалғауы сөздерді байланыстырып тұрған жоқ, өйткені бұл жалғауларды алып тастағаннан сөйлемдегі сөздердің байланысы бұзылмайды- Қолдың саласындай тарамданған арықтың біреуі бара-бара ұлғайып … қарауытқан сай болды. Зеректік, ойшылдық, сезімталдық- ана сүтімен бірге бітетін қасиет. Бұл сөйлемдердегі көптік жалғауы арықтың, қасиеттің көп екендігін көрсетіп, көптік ұғым қосып тұр.

     Бірақ, көптік жалғау 2-жақта жіктік жалғаумен келгенде ғана сөз байланыстыруға қатысады екен: сендер студентсіңдер, сіздер студентсіздер т.б.

                

Зат есімнің тәуелдік категориясы

 

         Зат есімнің тәуелдік категориясы –түркі тілдерінің ерекшелігін білдіретін категория, өйткені”грамматикалық категорияларда универсальды грамматиканың жалпы категориялары емес, туыстас тілдердің тобының немесе жеке тілдердің грамматикалық құрылысының басты ерекшеліктері көрінеді (1, 141)”.Сондықтан түркі тілдерінде соның ішінде қазақ тілінде дербес категория болып табылатын тәуелдік категориясы орыс тілінде жоқ. Бірақ орыс тілінде тәуелдік мағына бар,ол лексикалық тәсіл арқылы беріледі (мой,твой,т.б.).

         Түркі тілдерінің ерекшелігі болып табылатын тәуелдік категориясы –бір заттың екінші затқа меншіктілігін білдіретін категория.Нақтырақ айтқанда,тәуелденіп тұрған зат есімнен әрі біреудің иелігіне жататын сол заттың өзі, әрі оны иемденуші адам-мұның екеуі де қоса ұғынылады(31, 55)”немесе” иеленуші үш жақтың біріне белгілі бір заттың меншікті екенін білдіретін грамматикалық категория (63, 48)”.

         Тәуелдік категориясының мағынасы тәуелдік жалғаулары арқылы беріледі, яғни тәуелдік жалғауы грамматикалық мағынасы жағынан ең алдымен тәуелдік мағынаны, екіншіден, сол тәуелдік мағынаны белгілі жаққа байланысты жекеше, көпше түрде білдіреді:

   1-жақ : -ым, -ім, -м         -ымыз, -іміз,-мыз, -міз

   (кітаб-ым, іні-м)                   (кітаб-ымыз, іні-міз)

           

   2-жақ : анайы-ың, -ің,-ң   (-лар,-дар, -тар)-ың

   (кітаб-ың, іні-ң)                (-лер,-дер, -тер)-ің

   сыпайы-ыңыз, -іңіз,          (кітаптар-ың,інілер-ің)  

  -ңыз,-ңіз.                           (-лар,-дар,-тар)-ыңыз

                                                   (-лер,-дер,-тер)-іңіз

   (кітаб-ыңыз,іні-ңіз)           (кітаптар-ыңыз,інілер-іңіз)

           

   3-жақ : -ы,-і,-сы,-сі           (-лар,-дар, -тар)-ы

                                                    (-лер,-дер,-тер)-і

   (кітаб-ы, іні-сі)                  (кітаптар-ы, інілер-і)

            

        Сонымен бірге тілімізде тәуелдеудің оңаша және ортақ түрі қалыптасқан. Бұл-“тәуелденетін заттың (заттардың) бір я бірнеше затқа ,адамға тән екенін білдірумен байланысты (31, 71)”. Егер бір я бірнеше зат бір адамға (затқа) меншікті болса, тәуелдіктің бұл түрі оңаша тәуелдеу деп аталады.Мысалы, менің дәптерім, дәптерлерім.

 

    Жекеше                                    Көпше

менің жиен-ім, дәптер-ім          жиен-дер-ім, дәптер-лер-ім 

сенің жиен-ің, дәптер-ің             жиен-дер-ің, дәптер-лер-ің

сіздің жиен-іңіз,дәптер-іңіз         жиен-дер-іңіз, дәптер-лер-іңіз

оның жиен-і, дәптер-і               жиен-дер-і,дәптер-лер-і

 

         Егер бір я бірнеше зат біреу емес, бірнеше адамға (затқа) меншікті болса, тәуелдіктің бұл түрі ортақ тәуелдеу деп аталады. Мысалы: біздің дәптеріміз,дәптерлеріміз.

 

   Жекеше                                 Көпше

біздің жиен-іміз, дәптер-іміз         жиен-дер-іміз, дәптер-лер- 

                                                              іміз

сендердің жиен-дер-ің,                 жиен-дер-ің,дәптер-лер-ің

дәптер-лер-ің

сіздердің жиен-дер-іңіз,                жиен-дер-іңіз, дәптер-лер- 

                                                              іңіз   

дәптер-лер-іңіз.

олардың жиен-дер-і, дәптер-лер-і.  жиен-дер-і, дәптер-лер-і.

 

         Тәуелдік жалғаулы сөз сөйлемде үнемі ілік септіктегі сөзбен тіркесте қолданылады. Мысалы, ауылдың баласы, университеттің студенті,аттың тұяғы ,теңіздің балығы т.б. Осы тіркестердегі сөздер “жай ғана тіркесе салмаған,бір-біріне ілгешектене байланысқан(21, 53)”, яғни ауылдың, университеттің, аттың, теңіздің деген ілік септіктегі сөздер өздерінен кейінгі сөздердің тәуелдік жалғауында тұруын талап етсе, ал тәуелдік жалғаулы сөз өзінің алдындағы сөздің ілік септікте тұруын керек етеді.Сөздердің осылайша,яғни бірінші сыңары ілік септік жалғауда, екінші сыңары тәуелдік жалғауда келіп,байланысуы ғылымда матасу (21, 61) деп аталады.

         Сонымен бірге, мұндай тіркестердегі яғни, матаса байланысқан сөздердің кейде біреуінің қосымшасы түсіп қалып қолданылуы да тілімізде кездеседі.Мысалы, ат жүйрігі, пеш оты, кітап мұқабасы, ауыл маңы т.б. Бұл тіркестерде ілік септік жалғаулары түсіп қалған ,бірақ оны тілдегі заңдылық бойынша -тәуелдік жалғауы тұрған жерде ілік септігі жалғауы болатындығы арқылы дәлелдеуге болады. Ал кейде керісінше , сөзде тәуелдік жалғауы түсіп қалады. Мысалы, біздің көше, сіздің ауыл, өзіміздің шәкірттер т.б. Осы тіркестер толық айтылғанда біздің көшеміз, сіздің аулыңыз, өзіміздің шәкірттеріміз болуы тиіс еді. Бұл мысалдарда біз,сіз, өз есімдіктері ілік септік жалғауында келген де, тәуелдік жалғауда айтылуға тиісті сөздер қосымшасыз тұлғада тұр. Мұндай құбылыстың тілдік қолданыста кездесетіндігін М.Балақаевтың мына пікірінен көруге болады: “… біз , сіз, деген екі есімдік ілік жалғауында айтылғанда, олармен байланысты тәуелдік жалғауында айтылуға тиісті сөздер жалғаусыз да жұмсалады, мысалы: біздің еліміз-біздің ел, сіздің балаңыз-сіздің бала (21, 13)”.

      Ғылыми еңбектерде көрсетіліп жүргендей, “тәуелдік жалғаудың 3-жағында түсіп қалуы тек ауыз әдебиеті нұсқаларында, жырларда, жыраулар шығармаларында кездесіп қалады: Базарбайдың Төлеген (Төлегені емес) Қобыландының Тайбурыл (Тайбурыл-ы емес), 3-жақ тәуелдік жалғау тұлғасының түсіп қалып қолданылуы орта ғасырлық жазба нұсқалар тілінде де (М. Қашғаридың сөздігінде, Ю.Баласағұнның “Құтадғу білік” дастанында) кимниң иш, кимниң тавар түрінде кездесіп отырады (21, 66)”.

      Ілік пен тәуелдік жалғаулы сөздер тіркесіндегі екінші компоненттің, яғни 3-жақтағы тәуелдіктің көрсеткішінің түсіріліп қолданылуы көне құбылыс екендігін акад. Р.Сыздықованың мына пікірінен де көруге болады. «Бұл, сірә, о баста тек өлең синтаксисіне ғана байланысты қалыптасқан конструкция болар деген пікір бар және ХІ ғасыр ескерткіштерінен (М.Қашқари материалдарынан) бастап,қырғыз эпосы Манаста кездесетіндігіне қарағанда, жалпы түркі тілдеріне тән көне құбылыс екендігі байқалады (50, 65)ң.

      Тәуелдік жалғауларының қолданыста түсіп қалуы тілдегі ықшамдау тәсілінің бір түрі болып табылады. Мұны соңғы кездегі зерттеулер де дәлелдейді. Мысалы, Г. Қондыбаеваның зерттеуінде тілдегі грамматикалық категориялардың көрсеткіштері саналатын жалғаулардың қолданыста ықшамдалу заңдылығының әсеріне, ықпалына ұшырауы қарастырылған. Автор өз еңбегінде қазақ тіліндегі жалғаулардың ықшамдалып қолданылатындығын және әр жалғаудың түсіріліп қолданылуының өзіндік орны мен қызметін сипаттай келіп, тәуелдік жалғауының түсіріліп қолданылуының мынадай ерекшеліктерін түйіндеген:

-тәуелдік жалғауының стильдік мақсатта түсіріліп қолданылуы-тілдегі дағдылы құбылыстардың бірі. Әсіресе,сіздің, біздің сияқты ілік жалғаулы есімдіктермен тіркескен сөздердегі тәуелдік жалғауының көрсеткіштері түсірілуге бейім саналады;

-тәуелдік жалғауының бірыңғай мүшелердің тек соңғысына жалғануы да стильдік мақсаттағы тілдік нормалардың қатарына жатады(37, 113)”.

     Олай болса, матаса байланысқан тіркестердегі тәуелдік жалғауының түсіріліп қолданылуы ерте кезден күні бүгінге дейін кездесетін, әрі белгілі бір мақсатта қолданылатын тілдік құбылыс екендігі анық.

     Тәуелдік жалғауы тек қана меншіліктілікті білдіріп қоймайды.Мысалы, ананың құшағы, ауылдың ақсақалы, малдың ізі секілді тіркестерде нақты меншіктілік мағына жоқ, өйткені бұл тіркестер жалпы ананың құшағы, жалпы ауылдың ақсақалы, жалпы малдың ізі деген ұғымды беріп тұр. Сондықтан бұл тіркестерден нақты қай ананың құшағы, қай ауылдың ақсақалы, қай малдың ізі екендігін білу қиын. Осымен байланысты ғалымдар “тәуелдік жалғау меншікті білдіреді” деген ұғым- аса кең грамматикалық ұғым, ақиқат меншіктілік жайындағы ұғым сол кең грамматикалық ұғымның тек әредікте ғана кездесетін бір көрінісі ғана (63, 55)”, - деген пікір айтады. Шынында да, ақылдың белгісі, ән сазы, көңілдің қуанышы, ауыл маңы секілді тіркестерден белгілі бір жаққа тән нақтылы меншік те, тәуелділік те байқалмайды, тек қана грамматикалық қатынас аңғарылады. А.Ысқақовтың сөзімен айтқанда, “әуелде меншікті, белгілі бір жаққа тән тәуелділікті білдіретін жақ жалғауы бірте-бірте жақтық көрсеткіш болу қабілетінен көшіп, жаққа байланысы жоқ тым жалпы қатынасты білдіру сипатына ие болған(65, 55)”.

  Бұдан тәуелдік жалғаудың қолданыста басқа да мағына беретіндігі байқалады.

  Сонымен бірге тәуелдік жалғау ”қосымша эмоциялық-экспрессивтік райды я мәнді білдірерліктей де міндет атқарады. Мысалы, айым, күнім, әкем, көкем, құлдығым, қарағым…секілді формалар тыңдаушы адамның сезіміне әр алуан эмоциялық ықпал жасап, әр қилы экспрессивтік әсер ететіні аян (65, 57)”.Мысалы,-Қалқам Шоқан, менікі адал ниет. Айтып тұрғаның, рас па, жаным?

(С.Бақбергенов.) Құлыным-ау, босқа шөлдейсің ғой,-деді әжесі.

  Осы сөйлемдердегі қалқам, жаным, құлыным сөздерінің құрамындағы -м,-ым тұлғалары бұрын тәуелдік жалғауы болған деп есептеледі.

  Тәуелдік мағына жұрнақ арқылы да беріледі. Тәуелдік мағынаны білдіретін -нікі,-дікі,-тікі жұрнақтары заттың иесінің атына, яғни затты иеленушіге жалғанады да, меншікті зат ешбір қосымшасыз қолданылады: домбыра Әсеттікі,үй Мұраттікі, мылтық аңшынікі т.б. Осы тіркестерде меншікті заттар атаулары қосышасыз формада тұр және меншікті заттың иесін білдіретін сөздердің алдында келген, ал тәуелдік мағынаны білдіретін жұрнақ затты иеленушіні білдіретін сөзге жалғанған.

Бұл жұрнақтың тағы бір ерекшелігі-ол үндестік заңына бағынбайды, яғни жуан буынды сөзге де, жіңішке буынды сөзге де осы тұлғада жалғанады (суретшінікі, ғалымдікі, баланікі, ауылдікі,інімдікі т.б.),яғни бұл қосымшаның жуан дауысты нұсқалары жоқ. 

             

                            Зат есімнің септік категориясы

  Зат есімнің септік категориясы – сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен қарым-қатынасын, байланысын қамтамасыз ететін категория. Септік категориясының мағынасы септік жалғаулар арқылы беріледі. Ал сөйлемдегі сөздердің қарым-қатынасы, байланысы- түрліше болып келетін күрделі құбылыс. Бұл категорияның күрделі екендігіне зат есімнің басқа категорияларымен салыстыру арқылы да көз жеткізуге болады.Зат есімнің көптік категориясы екі-ақ мағынаны жекелік-көптікті білдіруі оның ортақ категориялық мағынасы болса, тәуелдік категориясы үш жақтағы жекеше – көпше, оңаша- ортақ мәндерді көрсетуі- олардың ортақ категориялық мағынасы болып есептеледі. Септік категориясының мағыналары бұларға қарағанда күрделірек, өйткені қазақ тілінде жеті септік бар,әр септіктің әрқайсысының өзіндік мағыналары бар, сондықтан бұларда ортақ категориялық мағына болмайды. Септіктерді бір-біріне жақындастыратын – олардың сөйлемдегі сөздерді байланыстыру қызметі және зат есімге жалғану қабілеті, ал басқа сөз таптарына жалғанса, оларды заттандырып тұратын ерекшелігі.Осымен байланысты септік категориясына мынадай анықтамалар беріліп жүр. Мысалы, “Қазақ тілі грамматикасында” (1967) “септелу деп сөздердің сөйлем ішінде өзге сөздермен дәнекерлесу үшін септік жалғауын қабылдап, грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсуін айтады(31, 56)”. 2002 жылғы грамматикада да осы анықтама берілген. “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында, сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен жалғастырып, селбестіріп тұратын” тұлға және сөздердің септелуі деп атаған (32, 58). “Тіл білімінің негіздері” атты оқулықта сонымен “септік дегеніміз жалғау мен грамматикалық мағыналардың бірлігінен тұратын және бір есім сөздің екінші есімге немесе етістікке қатысын білдіретін грамматикалық категория (2, 435)”,-деп жазылған.

  С.Исаев осы анықтамаларға зер сала қарап, “сөздерді грамматикалық тұрғыдан түрлендіріп, өзгеріске түсіретін” ерекшелік тәуелдік, жіктік жалғауларына да тән екендігін айта келіп,“сөздерді грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсіріп, түрлендіретін” деген пікірді қолдамай, септік жалғауларына (категориясына ) мынадай анықтама берген: “Септік жалғаулары (категориясы) зат пен оның іс әрекеті (қимылы), я зат пен заттың (сынның) арасындағы субъектілік, объектілік, меншіктілік-қатыстық, мекендік-мезгілдік, көлемдік, амалдық-құралдық, себеп-мақсаттық сияқты қатынастарды білдіріп, заттық мән үстеп тұратын түрлену тұлғасы (21, 75)”.Бірақ ғалымның септік категориясына арналған тақырыптың бас жағында “Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің парадигмалық түрлену жүйесінің бірі-септік жүйесі (21, 74),-деген пікірі тағы бар.

  Бұл айтылғандардан байқалатыны – септік жалғаулары (категориясы) сөздерге жалғанғанда үстеме мағына қосады, сөздердің арасындағы түрлі қатынастарды білдіреді, сөз бен сөзді байланыстырады. Сондықтан “Қазақ тіліндегі зат есім категориясы” деген еңбегіндегі Ә.Төлеуовтің “… белгілі бір сөзге жалғанып, оған грамматикалық мән беретін және олардың басқа сөздерге әр алуан қатынасын білдіріп, сөзді бір-бірімен байланыстыратын қосымшаны септік жалғауы(51, 31)” деп келтірген анықтамасы септік категориясының мәнін анық көрсетеді.

  Қазақ тілінде жеті септік бар.Бұлардың іщінде атау септіктің ғана қосымшасы жоқ, бірақ “атау септік тұлғасы- түбір тұлғамен бір емес-және оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, басқа септік тұлғаларына негіз болатын да тұлға емес, өз алдына жеке нөлдік тұлға (21, 78)”,ал қалған септіктердің арнайы қосымшалары бар. Әр септіктің әрқайсысының сұрақтары болады. Тіліміздегі сөздер тәуелденіп те, тәуелденбей де септік жалғауларын қабылдайды. Соған байланысты қазақ тілінде сөздер септелуінің екі түрі бар: 1) жай септелу; 2) тәуелді септелу.   

Жай септелуде септік жалғаулары тікелей зат есімдерге және басқа есім қызметін атқаратын сөздерге тікелей жалғанады:

 

Атау

Кітап

Үлкен

Естіген

Бірінші

Ілік

Кітап-тың

Үлкен-нің

Естіген-нің

Бірінші-нің

Барыс

Кітап-қа

Үлкен-ге

Естіген-ге

Бірінші-ге

Табыс

Кітап-ты

Үлкен-ді

Естіген-ді

Бірінші-ні

Жатыс

Кітап-та

Үлкен-де

Естіген-де

Бірінші-де

Шығыс

Кітап-тан

Үлкен-нен

Естіген-нен

Бірінші-ден

Көмектес

Кітап-пен

Үлкен-мен

Естіген-мен

Бірінші-мен

 

Бұл кестедегі үлкен, естіген, бірінші сөздері сөз табы жағынан – сын есім, есімше,сан есім.Бірақ олар заттанған кезде зат есім секілді септеледі.   

Тәуелді септелуде септік жалғаулары зат есімдерге және басқа есім қызметін атқаратын сөздердің тәуелдеулі түріне жалғанады:

 

 

1-жақ

2-жақ

3-жақ

Атау

үй-ім

үй-ің

үй-і

Ілік

үй-ім-нің

үй-ің-нің

үй-і-нің

Барыс

үй-ім-е

үй-ің-е

үй-і-не

Табыс

үй-ім-ді

үй-ің-ді

үй-і-н

Жатыс

үй-ім-де

үй-ің-де

үй-і-нде

Шығыс

үй-ім-нен

үй-ің-нен

үй-і-нен

Көмектес

үй-ім-мен

үй-ің-мен

үй-і-мен

 

Септік жалғауларының мағыналары мен қызметі

 

  Қазақ тіліндегі әр септіктің өзіне тән қосымшалары яғни грамматикалық тұлғалары бар.Сол тұлғалар сөздерге жалғанғанда грамматикалық мағына үстейді, әрі септік жалғаулары сөз бен сөзді байланыстырып, синтаксистік қызмет атқарады. Енді әр септіктің әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.

 

Атау септік

 

  Атау септіктің өзіне тән арнаулы қосымшасы жоқ, яғни нөлдік тұлғада қолданылады,бірақ білдіретін мағынасы бар.Атау септік қимылдың иесін (субъектіні) білдіреді. Алайда түркологияда, қазақ тіл білімінде де атау септіктің осы мағынасы толық ескерілмей келді. Сондықтан атау септік жайында түрліше көзқарастар болды.

Ең алдымен септік жүйесіндегі қосымшасыз форма бір ғана септікке қатысты ма,әлде бірнеше септікке қатысты ма деген мәселеде ғалымдарда ортақ пікір болмады. Кейбір ғалымдар нөлдік форманы бір ғана септіктің (негізгі септіктің) формасы деп санады (60), ал негізгі септікті танушылардың бәрі оның семантикалық құрамында атау септіктің субъект мағынасын және қосымшасыз басқа септіктердің мағынасын қосқан. Сондықтан оны атау септік деп атамай, негізгі септік деп атаған. Сонда негізгі септік іс жүзінде барлық септіктердің мағынасын білдіретін болып шыққан. Ал бұл қайшылық форма қуалаушылықтан туған жағдай еді.

Қазақ тіл білімінде атау септік және басқа септіктердің қосымшасыз формалары танылады(63). Алайда,атау септіктің табиғатын анықтауды керек ететін жағдайлар жоқ емес.

  Қазақ тіл білімінде атау септік формасы басқа септік формалары мен мағыналарын ажырату үшін қабылданған негізгі форма деп түсіндіру бар(31, 57).Атау септікке бұлайша қарау оның табиғатын толық ашпайды.Септік жүйесіндегі әр форманың қалыптасқан мағынасы мен атқаратын қызметі бар екені анық. Сондықтан атау септіктің де өзіне ғана қатысты мағынасы мен қызметі бар. Септік жүйесіндегі бұл форма логикалық жағынан қимылдың субъектісін білдіріп, синтаксистік қызметі жағынан сөйлемнің бастауыш мүшесі қызметін атқарады.Сөйлемде баяндауышпен тіркесіп, оның белгілі жақта тұруын керек етеді. Атау септіктің мағынасы мен қызметін басқа ешбір септік атқара алмайды. Яғни атау септік басқа септіктерден мағынасы, қызметі жағынан әбден нақтыланған.Сондықтан оны орыс тіліндегі атау септіктен басқаша деп түсіндіру бұл септіктің құрамына басқа септіктердің нөлдік формасын қосумен байланысты шыққан. Атау септіктің мағынасы мен қызметін айқындау үшін, атау септікке қатысты пікірлерге жеке-жеке тоқталған жөн.

  Анықтауыш қызметіндегі зат есімдерді атау септік деп қарау түркологияда,оның ішінде қазақ тіл білімінде жиі кездеседі. Осымен байланысты төмендегі үзіндіні келтірейік. “Екі зат есім атау күйінде қатар айтылып, алдыңғысы соңғысына анықтауыш болады: қол сағат,темір күрек, мал қора (10,122) ”.Зат есім анықтауыш қызметінде жұмсалғанда, сын есімнің орнына қолданылады. Ал сын есім өз мағынасы мен қызметінде тұрғанда септелмейді.Ол-түркі тілдеріндегі сын есімнің орыс тіліндегі сын есімнен негізгі айырмашылығының бірі. Анықтауыш қызметіндегі септелмейтін сын есімнің орнына қолданылған зат есімді де септік формасында, яғни атау септік деп қараудың ешбір негізі жоқ. Сондықтан атау септік пен анықтауыш қызметіндегі сын есім тек сыртқы тұлғасы жағынан ғана ұқсас, ал олардың мағынасы мен қызметі басқа-басқа. Сын есімдер зат есімнің алдынан келіп, анықтауыш болғанда, атау септік формасында деп танылмайтындықтан, оның орнына қолданылған зат есім де атау тұлғада деп саналмау керек, зат есімнің түбір тұлғада қолданылуы деп қаралуы керек.

  Осылай қарағанда, анықтауыш қызметіндегі зат есімдер атау септіктің мағынасына кірмейді, олардың септік парадигмасына қатысы жоқ.Егер түркі тілдерінде сын есім анықтауыш қызметінде орыс тіліндегідей септелсе , онда оның орнына қолданылған зат есімдерді септік парадигмасында қарауға болар еді, бірақ мұндай құбылыс түркі тілдерінің грамматикалық құрылысында жоқ. Сондықтан оның зат есімнен болған анықтауышқа қатысы болуы мүмкін емес.

  Атау септіктің құрамында қаралып келген тағы бір форма-есім сөзден болған баяндауыштар. Баяндауыш болған сөз септік категориясына емес, жіктік категориясына қатысты. Баяндауыш жіктік жүйесіндегі формалардың бірінде тұрады. Тек есім сөзден болған баяндауышты атау септік деп қарап, оның қызметін атау септікке қосу шындыққа жатпайды, өйткені, ол-жіктеу парадигмасында қолданылған сөз, сондықтан ол әрі жіктік, әрі септік категориясының формасы бола алмайды. Сондықтан, бұл арада сыртқы тұлға ұқсастығы оларды бір форма деп тануға себеп болған. Егер тіліміздің жіктелу жүйесінде есім сөзге де 3-жақта жіктік жалғауы жалғанатын болса, оларды ешкім атау септіктегі сөз деп санамаған болар еді. Бұл айтылғандар баяндауыш қызметіндегі есім сөздің септік парадигмасына қатысы жоғын, олардың атау септікке жатпайтынын дәлелдейді. Олай болса, баяндауыш қызметіндегі есім сөз атау септіктің қызметіне мүлдем жатпайды. Сөйлемде қолданылған зат есімнің бәрі белгілі септік формасында тұрады деу дұрыс емес. Сөйтіп, анықтауыш, баяндауыш қызметінде зат есім түбір қалпында тұрады.

Атау септікті белгісіз септік (неопределенный п.), негізгі септік (основной п.) деп атау, ілік, табыс кейде басқа да септіктердің нөлдік формасын осы септіктің құрамына қосумен байланысты. Бірнеше септіктің мағынасын бір септікке жинағандықтан, ол әрине, атау септікпен бірдей болып шықпайтыны түсінікті. Түрлі мағынадағы, түрлі қызметтегі сөздердің сыртқы тұлғасындағы ұқсастығы олардың бір септік аталуына себеп болған. Бірақ форма ұқсастығы мағына ескерілмеген жерде күшті дәлел бола алмайды. Мағыналары, қызметі басқа септіктердің қосымшаларының ұқсастығына қарамастан, түрлі септіктер саналып жүргеніне дәлелді көптеп келтіруге болады. Мысалға, қазіргі құмық, қарачай-балкар тілдеріндегі ілік септік пен табыс септіктің формалары ұқсас, яғни бұл екі септіктің формасының екеуі де бір формада қолданылады,олардың көрсеткіші бір (-ны,-ні). Бірақ осы екі септіктің сыртқы формасының бірлігіне қарамастан, олардың мағынасы мен қызметі мүлдем басқа болғандықтан, ғылымда олар екі түрлі септік болып танылады.

  Мұндай құбылыс септіктен басқа категорияларда да кездеседі. Оған мысалдар өте көп. Айталық,түркі тілдерінде өздік етіс пен өзгелік етістің мағыналары бірінен-бірі жақсы ажыратылған, бірақ олардың формасындағы ұқсастық сақталған (-ын,-ін,-ыл,-іл).Олардың форма ұқсастығына қарамастан, бір етіс деп танылмайды, екі түрлі етіс деп танылады. Сол сияқты етістіктен есім жасаушы бір топ жұрнақтар етістік жұрнақтарымен формалық ұқсастығын сақтап қалған, бірақ қосымшалары омоним болса да, олар зат есімнің және етістіктің жұрнағына жатады.

  Бір септіктің қосымшалы да, қосымшасыз да формасының болуы түркі тілдерінде өзіндік ерекшелік болғанымен, ондай құбылыс басқа тілдерде мүлдем кездеспейді деуге болмайды. Мысалы, орыс тілінде бірінші септелудің көпше түрінде ілік септіктің қосымшасы жоқ (улиц, корзин, черт, овец).Жекеше түрде ілік септікте бұлардың бәрі қосымшалы формада қолданылады (улицы, корзины,черты, овцы). Сөйтіп, мұнда ілік септіктің әрі қосымшалы, әрі қосымшасыз формасы қолданылады. Орыс тіліндегі ілік және табыс септіктер жанды заттардың аты көпше түрде септелгенде, тұлғасы жағынан ешбір айырмасы жоқ. Олардың екеуі де қосымшасыз формада тұрады: (род.п.мух; вин. п. мух).Орыс тілінде олардың сыртқы форма ұқсастығына қарап, қосымшасыз формаларды жиып бір септікте санамайды. Бұлар орыс тілінде екі түрлі септік деп танылады. Өйткені, олар мағынасы мен қызметі жағынан бірінен бірі әбден ажыратылған. Сондықтан да олардың сыртқы тұлға ұқсастығы есепке алынбайды.

  Қазақ тіліндегі ілік, табыс септіктердің қосымшасыз формасы мен атау септіктің ұқсастығы да дәл осындай. Оларда мағына және қызметі жағынан ешқандай ұқсастық жоқ,ұқсастық тек қана сыртқы формада. Сондықтан септік жүйесіндегі қосымшасыз формалар қазақ тіл білімінде атау септікке жатқызылмайды, ілік,табыс септіктердің қосымшасыз формасы деп танылады. Атаудан басқа септіктердің нөлдік формаларының атау септікке қатысы жоғын дәлелдеу үшін, осы септіктегі сөздерді сөз тіркесінде алып қарау керек. Мысалы: мектеп үйі,сағат бауы, құрылысшы қалағы, кітап оқу, үй жинау, тамақ пісіру,т.б.

  Алғашқы үш тіркестегі мектеп, сағат, құрылысшы деген нөлдік формада тұрған сөздердің ілік септікте тұрғанына онымен тіркескен тәуелдік жалғаулы сөздер (үйі, бауы, қалағы) дәлел бола алады. Өйткені, тәуелдік жалғаулы сөз әрқашан ілік жалғаулы сөзбен изафеттік тіркес құрайтыны ғылымда белгілі жайт. Олай болса, мектеп, сағат, құрылысшы деген сөздер атау септікке жатпайды, сондықтан олар бастауыш емес.

  Сол сияқты келесі тіркестердегі кітап, үй, тамақ деген нөлдік формадағы сөздер табыс септікте қолданылған. Өйткені, оқылу қимылы кітапқа, жинау қимылы үйге, пісіру қимылы тамаққа тараған, кітап, үй, тамақ сөздері- сол қимылдың объектілері. Ал ғылымда атау септіктегі сөз қимылдың субъектісін білдіретіндігі белгілі, қимылға объект болып тұрған сөздердің форма жағынан ұқсастығына ғана сүйеніп, оларды да атау септіктегі сөздер деп айту шындыққа үйлеспейді.

  Төмендегі мысалдарда барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің қосымшасыз формалары қолданылған. Мысалы: Осыған көніп, Семей баратын болса, тек маған лезде хабар етсін (М.Әуезов). Ыбырай осы жаз қып-қызыл от ішіне барарын әбден сезеді(Ж.Молдағалиев). Шаяннан соң Қаратау асып, Созаққа ауыстық.Бұрын бұл үңгірге келмеген Дәрмен Әлмағанбет және Кәкітаймен ақырын сөйлесті(М.Әуезов).

  Сөйлем құрылысына ешбір өзгеріс енгізбей, бірінші сөйлемдегі Семей деген сөзді Семейге, екінші сөйлемдегі жаз деген сөзді жазда, үшінші сөйлемдегі Қаратау деген сөзді Қаратаудан, төртінші сөйлемдегі Әлмағанбет деген сөзді Әлмағанбетпен түрінде айтуға толық болады. Олар бір септіктің қосымшалы, қосымшасыз формалары болғандықтан, олардың тіркесетін сөздері, сөйлемдегі орны, мағынасы бірдей. Сондықтан сөйлем құрылысын сақтай отырып, олар бірінің орнына екіншісі қолданылуға келіп тұр. Жоғарыда келтірілген сөйлемдердегі қосымшасыз формалы сөздерді септіктің қосымшалы формасына ауыстыруға келгені олардың барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің қосымшасыз формасында қолданылғанын дәлелдейді. Сөйтіп, сөйлемде қосымшасыз формада қолданылған зат есімнің бәрі септік жүйесіне қатысты деп қарау дұрыс емес. Оған анықтауыш, баяндауыш қызметінде түбір қалпында қолданылған сөздер дәлел. Олай болса,сөйлемде нөлдік формада тұрған зат есімдердің бір тобы түбірге қатысты болса,екінші тобы септік жүйесіне қатысты.Олардың ішінен тек бастауыш қызметіндегі сөздер ғана атау септікке жатады, өйткені А.М.Щербак айтқандай,атау септік-бастауыштың септігі (60, 5).

Қалған жағдайдағы нөлдік форма басқа септіктерге қатысты. Нөлдік форма қосымшалы формамен жүйелі түрде қатарласа қолданылатын септіктер-ілік пен табыс. Орыс тіліндегі ілік пен табыс септіктерде нөлдік, қосымшалы формалар септелудің түріне қарай, жанды, жансыз заттардың атауларына ,жекеше, көпше түрге қарай қолданылатын болып қалыптасқан.Басқаша айтқанда, осы септіктердің нөлдік , қосымшалы формаларының қолданылуы әбден ажыратылған. Қазақ тілінде де ілік,табыс септіктердің нөлдік, қосымшалы формалары мағынасы, қолданылатын сөздері, стильдік қызметі жағынан ажыратылған.

  Басқа септіктерде нөлдік форма ондай орын алмайды, негізінен, бірыңғай мүшеде ғана кездеседі.

  Бұл айтылғандардан сөйлемде қолданылған нөлдік формадағы зат есімдердің мағыналары, атқаратын синтаксистік қызметі, тіркесетін сөздері, олар арқылы жасалатын сөз тіркестері мүлдем басқа-басқа екені анықталады.Олардың тек сыртқы тұлғасы ғана ұқсас. Тек осы бір белгіге ғана сүйеніп, оларды негізгі септік атау-теориялық тұрғыда дұрыс емес. Сондықтан да проф. Н Оралбаева айтқандай, “септіктердің нөлдік формалары өз септіктерінде қосымшалы формамен қатарласа қолданылатын форма ретінде қаралғаны дұрыс. Түрлі септіктердің нөлдік формасының мағыналары атау септіктің мағыналық құрамынан шығарылуы қажет (33, 115)”.  

Атау септіктегі сөз сөйлемде бастауыш болады.Мысалы, Диқаншы жерін мақтайды, Балықшы көлін мақтайды. Қара қошқыл таулар ай астында көкшіл мұнарға оранып жым-жырт қалғып тұр (М.Әуезов). Елдің ән-сауығын сағынған Асқар бар ынтасымен сүйсініп тыңдайды (З.Шашкин).



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 45; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.198 (0.011 с.)