Жалпы есім мен жалқы есімдер 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Жалпы есім мен жалқы есімдер

 

     Қазақ тіл білімінде зат есімдерді жалпы есім және жалқы есім деп екі топқа бөлу А.Байтұрсынов оқулығынан басталады. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «зат есім екі түрлі болады: біреулері-нәрсенің дербес өз басына ғана қойылған: жалқы есім. Екіншілері-нәрсенің біріне емес, барлық табына қойылған: жалпы есім»,-дей келіп, жалқы есімдерге- Ахмет, Ашымтай, Ағытай, Қызылжар, Семей, Қырым, Қытай, жалпы есімдерге: кісі, еркек, қала, дала, ел, жұрт, ұлт, өлке секілді мысалдар келтірген (7, 200).

     Зат есімдерді семантикалық және грамматикалық жағынан осылайша жалпы және жалқы есімдер деп бөлу кейінгі оқулықтар мен зерттеулерде жалғасып келеді. Мысалы, проф. А.Ысқақов жеке я дара заттарға берілген зат есімдерді жалқы есім деп, тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдерді жалпы есімдер деп атаса, Ә.Төлеуов “Кейбір зат есімдер тобы жеке нәрсенің өзіне арнай қойылған атын көрсетсе, кейбіреуі жинақты, жалпылама нәрсенің атын көрсетеді. Мәселен, тау, ағаш, жусан, сексеуіл деген сөздер бірыңғай көптеген заттардың жалпылама аттарын көрсетсе, Асан, Алатау деген сөздер- көптеген заттардың ішінен бөліп алынған жеке нәрсенің арнаулы аты. Осындай мағыналық ерекшеліктеріне қарай зат есімдер жалқы есім, жалпы есім болып екіге бөлінеді (51,6),, -деп сипаттаған. Осы пікірмен үндестікті 2002 жылы шыққан академиялық грамматикадан да кездестіреміз. "Жеке адамдарға, дүниедегі жеке заттар мен құбылыстарға атауыш болып келетін сөздер жалқы есімдер, ал бір-біріне ұқсас нәрселер мен құбылыстардың, жан-жануарлардың жалпылама атауышы, ортақ атауы ретінде жұмсалатын сөздерді жалқы есім (32, 443)" деп аталған.

     Бұдан шығатын қорытынды-зат есімдерді жалпы және жалқы деп бөлуде заттың саны ескерілуі керек. Жалпы есім саны жағынан шексіз. Мысалы: қала-жалпы атау, өйткені қала өте көп. Ал Алматы- жалқы атау, өйткені бір қаланың атауы. Олай болса, “жалқы есімдер жалпы есімдерден ажырату үшін қойылатын арнаулы атаулар (63,146)„. 

  Жалқы есімдер өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға бөлінеді. Олардың ішіндегі ең үлкені-кісі аттары мен географиялық атаулар. Осымен байланысты тіл ғылымының екі саласы жалқы есімдердің екі түрін зерттеу нысаны етеді, яғни кісі атауларын зерттейтін сала ономастика деп, географиялық атауларды зерттейтін сала топонимика деп аталады

     Сонымен қатар тілімізде саны жағынан сай келмейтін, бірақ жалқы есімдерге жататын басқа да сөздер бар. Бұған газет-журнал, кітап атауларын жатқызуға болады. Мысалы, “Парасат„ журналы, оның таралымы 6000 болса да, мазмұны-біреу, бірақ басқа газет- журналдардан ажырату үшін жалқы есімге жатады.

     “Қазақ грамматикасында„ жалқы есімдердің тағы да мынадай топтары көрсетілген:

- аспан, ғарыш әлеміндегі денелердің жеке атаулары (астрономиялық атаулар): Ай, Күн, Үркер, Жетіқарақшы, Ақбозат;

- тарихи оқиғалардың аты: Ақтабан шұбырынды (1723 жылғы оқиға), Прием (1916 жылғы оқиға), Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жылдардағы оқиға);

- сәйгүлікке, аңға түсетін құсқа, құмайтазыға қойылған аттар: Тайбурыл, Құлагер, Көкжендет, Бөрібасар (32, 444).

Жалпы есім мен жалқы есімдерге тән тағы бір ерекшелік- олардың бір-біріне ауысып отыруы. Мысалы: Арман, Жомарт, Болат, Қызғалдақ, Ләззат т.б. адам есімдері бұрын жалпы есім сөздері болғаны, ал алматылық, ақтаулық, таразылық сияқты жалпы есімдер бастапқы жалқы есімдерден жасалғаны белгілі. Бірақ А.Ысқақовтың көрсетуінше, жалқы есімдердің жалпы есімдерге ауысуларынан гөрі жалпы есімдерден жалқы есімдердің жасалуы көбірек кездеседі екен (63,146).

     С.Омарбекұлы жалқы есім қатарына жататын сөздер мен жалпы есім қатарына жататын сөздердің өзара бір-біріне ауысып отыру факторын тілдегі омонимдер пайда болуының бір жолы деп қараған (32, 445). Шындығында да тілімізде мұндай сөздер жиі кездеседі: жібек-(матаның бір түрі)–Жібек (қыздың аты), жұлдыз- (астрономиялық атау)–Жұлдыз (қыздың аты), қарлығаш-(құстың бір түрі)-Қарлығаш (қыздың аты, әннің аты), раушан-(гүлдің аты)– Раушан (қыздың аты) т.б.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 43; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.196 (0.008 с.)