Тау-кен өнеркәсібіндегі кадрлар мен еңбек өнімділігі 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Тау-кен өнеркәсібіндегі кадрлар мен еңбек өнімділігі

Поиск

4.3. Тау-кен өнеркәсібіндегі кадрлар мен еңбек өнімділігі

4.3.1 Тау-кен кәсіпорнының қызметкерлер құрамы

 

Кәсіпорынның түрлі өндірістік-шаруашылық, басқарушылық, басқа да міндеттерін орындаушы қызметкерлерді – оның кадры деп атайды. Кадрлар, яғни кәсіпорынның тізімдік құрамындағы барлық жұмыскерлерін, оның персоналын (қызметкерлерін) немесе штатын құрайды.

Кәсіпорын қызметкері - жалдау шартымен реттелетін, кәсіпорынмен заңды тұлға ретінде қарым-қатынас жасаушы жеке тұлғалардың жиынтығы.

Тау-кен кәсіпорындарының барлық қызметкерлері қызмет түріне, олардың өндірістік процесіне қатынасуына байланысты өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлеріне немесе негізгі қызметтегі қызметкерлерге және өнеркәсіп орнының балансында тұрған өнеркәсіптік емес шаруашылықтар мен ұйымдардың қызметкерлеріне не болмаса, негізгі қызметке жатпайтын қызметтегі қызметкерлерге бөлінеді.

Тау-кен кәсіпорындарында өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлерге – пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты, тазартым және дайындау забойларында, кеніш көлігінде, шахта көтергіде және әр түрлі көмекші және қосалқы цехтар мен учаскелерде жұмыс істейтіндер жатады.

Карьерлерде өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлерге – алу-тиеу, аршу, бұрғы-жарылыс, кен-даярлау, карьер көлігі, басқа негізгі, көмекші және қосалқы цехтар мен учаскелер жұмыстарына қатысатын қызметкерлер жатады. Тау-кен кәсіпорнында жұмыс істейтін өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлер 85-90 % құрайды.

Өнеркәсіптік емес ұйымдардың қызметкерлеріне – шахталар мен карьерлерде негізгі өндіріске қызмет көрсететін, кәсіпорын балансында тұрған өнеркәсіптік емес шаруашылықтар мен ұйымдардың қызметкерлері жатады. Олар үйлер мен ғимараттар салумен, күрделі жөндеумен айналысатын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта, балалар мекемелері мен медициналық, мәдени-ағарту т.б. мекемелерде істейтін қызметкерлер, олардың үлесі 10-15%. Орындайтын міндеттеріне қарай қызметкерлер санаттарға бөлінеді, еңбек шарттары жасалған мерзіміне қарай: тұрақты, уақытша және маусымдық қызметкерлерге бөлінеді.

Пайдалы қазбаларды өндіруге қатысатын өнеркәсіптік-өндірістік персонал атқаратын міндеттеріне сәйкес мына санаттарға бөлінеді: жұмысшылар, басқарушылар (басшылар), мамандар, қызметшілер, кіші қызметтегі жұмыскерлер.

Жұмысшылар - кәсіпорынның тікелей материалдық құндылықтарын жасаумен немесе өндірістік қызметтер көрсетумен, жүктерді тасымалдаумен айналысатын адамдар. Өндірістік процеске қатысу сипатына қарай: негізгі және көмекші жұмысшылар болып бөлінеді. Олардың арақатысы – кәсіпорын жұмысының талдамалы көрсеткіші.

Негізгі жұмысшылар санының коэффициенті (Кн) мына формула бойынша анықталады:

 

К н = 1 – Ж к / Ж,                    (4.1)

 

мұндағы Жк – кәсіпорындағы, цехтағы, учаскедегі көмекші жұмысшылардың орта тізімдегі саны;

    Ж – кәсіпорындағы, цехтағы, учаскедегі барлық жұмысшылардың орта тізімдегі саны.

Тау-кен кәсіпорнында негізгі жұмысшыларға тазартым забойдың жұмысшылары, олар жұмысшылардың барлық санының 30-35 %-ын құрайды, дайындау забойлардың жұмысшылары –13-15 %, басқа жер астында істейтін жұмысшылар – 25-30 % және шахта үстіндегі жұмысшылар – 22-25 % жатады.

Ашық тәсілмен кенбайлықты өндіргенде негізгі жұмысшыларға: бұрғылау, жару, тиеу, тасымалдау, даярлау жұмыстарын орындайтын жұмыскерлер жатады.

Басшыларға – басқару объектісіне ықпал жасаушы және дара басшылық жағдайында оның қызметі үшін заң, жоғары тұрған орган, мемлекет немесе меншік иесі алдында жауап беретін тұлғалар жатады. Басшылар – кәсіпорынның инженерлік-техникалық қызметкерлері (директор, бас инженер, учаске бастығы, кен шебері, бас мамандар).

Мамандар – жоғары немесе арнаулы орта білімді лауазымды тұлғалар, олар кәсіпорынның инженерлік-техникалық, экономикалық, т.б. жұмыстармен айналысатын қызметкерлер санаты (инженерлер, диспетчерлер, механиктер, нормалаушылар, бухгалтерлер, экономистер).

Қызметшілер – кәсіпорынның әкімшілік, шаруашылық, қаржы, есеп-шот бухгалтерлік, заңи, кеңсе, т.б. қызметтерін жүзеге асырушы қызметкерлер (агенттер, кассирлер, іс жүргізушілер, статистер).

Шахтада немесе карьерде өнім өндіру көлеміне байланысты қызметкерлер құрамы екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа: шартты –тұрақты қызметкерлер құрамы, олардың саны өнім өндіру көлемімен аз байланысты, олар электрслесарьлары, көтергі машиналар мен шығыр машинистері, сутөкпе, желдеткіш және компрессор қондырғыларының машинистері.

Екінші топқа: барлық жағдай бірдей саналғандағы қызметкерлердің өзгермелі құрамы жатады, олардың саны өнім өндіру көлеміне пропорционалды өзгереді. Өзгермелі құрамдағы қызметкерлерге – кесімді ақы төленетін тазартым забойда істейтін жұмысшылар, үңгілеушілер, экскаватор, бұрғылау станоктарының машинистері, автоөзітүсіргішті жүргізушілер жатады.

Пайдалы қазбаларды ашық тәсілмен өндіргенде карьердің барлық жұмыс істейтін құрамы 100% десек, оның ішінде бұрғыжарылыс жұмысшыларының үлесі 8-10 % құрайды, алу-тиеу, экскаваторлық жұмыспен айналысатын жұмысшылар – 12-15, карьер көлігінде істейтіндердің үлесі – 25-30, үйінді салушылар – 5-8, механикалық және шеберханадағы жұмысшылар саны 12-15, инженерлік және техникалық қызметкерлер саны - 5 және кіші қызмет атқаратын жұмыскерлер саны – 2 % құрайды.

         



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 41; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.217.21 (0.007 с.)