Толеранттылық – өзара сыйластық 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Толеранттылық – өзара сыйластық

Поиск

“Толерантный” (“толеранттылы”), “толерантность” (“толеранттылық”) сөзі латын тілінен француз тіліне, кейін еуропа тілдеріне енген. Оны “төзімділік” деп аударып жүрміз.

Шындығында, оның мәні қазақ тілінде терең: төзімділік, шыдамдылық, ымыраластық, байсалдылық, кісілік, ізгілік, кемелін таңдау, келісімін табу деп жалғастыра беруге болар.

Толеранттылық рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар менің ұстанымдарыма жат болса да, қабылдаймын дегенді білдіреді. ХVІІІ ғасырдағы француз жазушысы және философ Вольтер: “сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ сізге оны жақтау үшін мен өмірімді құрбан етуге дайынмын”, деген. Ол – толеранттылықтың басты қағидаты. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді. Сондықтан, толеранттылық екі жақты сана: мемлекеттер, діндер, этностар, жеке адамдардың бір-біріне шапағат жасай білуі.

Толеранттылыққа қарсы “интолерантность” деген ұғым да бар. Оны төзімсіздік, ымырасыздық, шыдамсыздық, тағатсыздық, кейістілік, менмендік, бірбеткейлік, оспадарлық, парықсыздық деп адам, әлеуметтік топтар, мемлекеттерге байланысты айтуға болады.

Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан “біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, “досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз”, “...берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара сыйластыққа шақырады.

Қазақ билері “Төремін деп тепсінбе. Төре мен құл майданда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адам көр мен қаза жауабында теңеледі”, – деп, адамдардың намыс, ақыл-парасатпен теңесетінін айтқан.

Қарама-қарсы беталыс, бағыт, пікір, идеялар қай мемлекет пен қоғамда да бар. Халықтың даналығы, ел басқарудың өнері осы үрдістерді белгілі мәмілеге келтіріп, асауға тұсау салып, үйлесім, жарасым таптыруда. Толеранттылық, келісім тарихтың мәңгілік сыйы емес, себебі күнделікті дамудан туып отыратын қайшылықтар біржола шешілмейді: күніге, ай сайын, жылдар бойы, үздіксіз, ешкімге бұра тартпай, шынайы жанашырлықпен, халықпен ақылдаса отырып, олардың шешімін табуды талап етеді. Сондықтан “толеранттылы”, “тұрақты қоғам” деген ұғымдар шартты түрде ғана қолданылып, жайбарақатты­лыққа жол берілмеуге тиіс.

Өзара төзімділік, бөтенді шеттетпеу, толерант­тық мінез таныту мәселесі ХVІ ғасырда Еуропада діни қозғалыстар мен діни жіктерге байланысты туған. Лютеран, протестант пен католиктерді бір-бірін жатсынбауға арналған декреттер, заңдар қабылданып, бөтен діндерді қудалауға, үстемдік жүргізуге тыйым салынған. Бірте-бірте діни конфессиялардың біржақты төзімділігі өзара діни төзімділікке, діни салт-жораларды еркін атқаруға, діни сенім еркіндігіне негізделе бастаған. Бөтен дінге рұқсат беруден оны сыйлауға, адамның діни сенім құқының маңызды тірегі ретінде мойындалған. Өзара сыйластық, толеранттық сананы әкімшілік, авторитарлық жолмен енгізуге болмайтындығына көз жеткізілген. Сөйтіп, дінді уағыздаушылардың билігіне шек қойыла бастады.

Француз философы Клод Адриан Гельвеций дінаралық қақтығыстарды ешқандай ақыл-парасатпен ақтауға болмайтындығын айта келе, мына өсиет әңгімені тілге тиек етеді. Көрнекті суретші түсінде жұмақтың қақпасына көтерілсе, оны қасқа бас, сақалы беліне түскен, қолында кілттері бар бір қария таңғалдырады. Зер салып қараса, ол әулие Петр екен. Апостол жұмақ қақпасының алдында отыр. Бір топ адам оған қарай бет алады. Бірінші болып католик келеді: “Мен өмір бойы осы дінді ұстандым, ізгілікті, рақымшыл адаммын”, – дейді. “Олай болса, – дейді әулие, – католиктер отыратын орынға өт”. Одан кейін протестант көрінеді, ол да өзін кісілік қасиетім мол, ыждағатты жанмын деп таныстырады да, сондай жауап алады. Одан кейін Бағдат пен Басрадан келген мұсылмандар өздерін мейірбан, кеңпейілді адамдармыз дейді. Әулие Петр мұсылмандарға да құрметті орын ұсынады. Ең соңында тағы бір адам жақындайды. “Сен қай дінге сенесің?” деген Апостол сұрағына: “Мен, қасиеттім, ешбір дінді ұстанбаймын, бірақ мен де мейірбан адаммын”, – дейді ол. Әулие ойланып-ойланып: “Олай болса, сенің де жұмаққа өтуіңе болады, бірақ сені қайда орналастырамын?” – деп қиналады. Ақырында “Өт, орныңды өзің тап, қалаған жеріңді таңда”, – депті. Философ бұл өсиет әңгіме арқылы күні бүгінге дейін даулы әңгімеге арқау болып келе жатқан мәселені көтереді: тек діншіл адам ғана емес, дінді ұстанбайтындар да ізгілікті, иманды, берекелі адамдар болуы мүмкін.

Адамдардың на­ным-сеніміне бұйрық, зорлық жүрмейді. Гельвецкий та­ғынан кеткен ко­рольдің: “үйімде 30-дан астам сағат бар, бірақ со­лар­дың ішінде бір сәтте, дәлме-дәл бір уақыт­ты көрсе­те­тін екі сағат жоқ. Қа­лайша мен дін мәсе­лесінде барлық адам­дар бірдей ойла­сын деп мәжбүрле­генмін? Қандай ақы­мақтық, қандай ас­там­­шылық!” деп өзін өзі сөгіп, кеш болса да менменшіл пат­шаның өкінгенін ай­тады.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-27; просмотров: 47; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.236 (0.008 с.)