бап. Мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін кепiлдiктер
46-бап. Мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін кепiлдiктер
1. Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.
2. Жауаптылыққа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер жоғары тұрған басшылықтың алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның әрекеттерi мен шешiмдерiне қатысты шағым жасай алады.
47-бап. Мемлекеттік қызметшілердің нұқсан келтіргені үшін материалдық жауаптылығы
1. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және мөлшерлерде туындайды.
2. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органға келтірілген тікелей нақты нұқсанды өтеуге міндетті.
3. Егер нұқсан еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшіге берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамауы салдарынан орын алған болса, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы туындамайды.
48-бап. Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету
Мемлекеттік қызметші:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілуі мүмкін;
2) мемлекеттік қызметшіні қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан шығару құқығы бар лауазымды адам (орган) жауаптылық туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ жалақысы сақтала отырып, бір айдан аспайтын мерзімге лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету жөнінде лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамның (органның) немесе өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адамның (органның) актісі шығарылады.
|