Тарау. Мемлекеттік Қызметке кіру
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ
14-бап. Мемлекеттік саяси қызметке кіру
1. Азаматтардың мемлекеттік саяси қызметке кiруi тағайындалу не сайлану негiзiнде, сондай-ақ басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өткен және арнайы тексерудің оң нәтижелері алынған жағдайда жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік саяси қызметке кіру үшін қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындауы мүмкін.
4. Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды қоса атқаруына жол берілмейді.
15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
3. Өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, қызметтегі судьялар, өз өкілеттіктерін тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, сондай-ақ мемлекеттiк саяси қызметшiлер, халықаралық қызметшілер, судьялар "А" және "Б" корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес, кадр резервіне іріктеу және конкурс өткізілместен, уәкілетті комиссияның шешімі бойынша орналаса алады.
Қазақстан Республикасының Президенті осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарды кадр резервіне іріктеу жүргізбестен және уәкілетті комиссияның шешімінсіз, оларға тағайындау өзімен жүзеге асырылатын "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындауға құқылы.
Белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
4. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ əкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сəйкес "Б" корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Ескертпе.
Осы бапта халықаралық қызметшілер деп қызметін халықаралық ұйымдарда жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қызметшілер болып мойындалатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын азаматтары танылады.
Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.12.2016 № 33-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2018 № 163-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
|