бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту
34-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту
1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау – қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.
2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ өңірлік қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі орталықтарда жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындайды.
Ескерту. 34-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
35-бап. Көтермелеу
1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:
1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) құрметті атақ беру;
6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге бір ғана көтермелеу қолданылуы мүмкін.
Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.
|