Тыныс белгілерінің түрлері мен қызметтері 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Тыныс белгілерінің түрлері мен қызметтері

ІІ БЛОК

Бөгде сөз, оның түрлері

 

Қазақ тілі грамматикасының синтаксис бөлімінде сөздердің сөйлем ішіндегі тіркесу заңдылығын, сөйлем, оның түрлері, сөйлем мүшелері туралы түсінік беріледі. Сонымен бірге төл сөз бен төлеу сөз туралы да түсінік береді.

Бөгде сөз, оның түрлері жалпы аз зерттелген. Тек ғалым Ә.Әбілқаев бөгде сөзді арнайы зерттеу нысаны етіп алып, тереңірек қарастырды. Сол еңбегінің нәтижесі – бүгін көпшіліктің қолында жүрген, кейін 1956 жылы қайтара жарық көрген «Қазақ тіліндегі төл сөз бен төлеу сөз» кітабы. Автор бұл еңбегінде: «Төл сөз құрылысы - белгілі бір дәуірдің ғана жемісі емес, талай замандар бойында қалыптасқан тарихи категория. Төл сөз құрылысы түрік тілдерінің бәріне ортақ ертедегі жазу мұрасы - Орхон-Енисей нұсқаларында, сондай-ақ одан бергі дәуірдегі жазба шығармаларда және халықтың ауыз әдебиетінде кездесіп отырады» (9,4), - деп төл сөздердің қалыптасып, дамуының тарихы сонау ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда жатқанын аңғартады.

Орыс тіл білімінде де бөгде сөз барлық дерлік тілшілер еңбегінде сөз болды десе болады. А.Г. Руднев төл сөздің анықтамасын бере отырып, төл сөздер құрамының одағайға, қаратпа сөздер мен модаль сөздерге бай келетінін айтады және олардың төл сөзге экспрессивті-эмоциональды реңк беруде үлесі зор екендігін көрсетеді (46 ,309).

Сондай-ақ Н.С.Валгина, В.В.Бабайцева, С.Г.Бархадуров т.б. ғалымдар өз еңбектерінде арнайы сөз қозғайды.

Енді бөгде сөздің үш түрі тілімізде белгілі. Олар:

1. Төл сөз;

2. Автор сөзі;

3. Төлеу сөз.

Төл сөз.Қазақ тіл білімінде қалыптасқан дәстүр бойынша төл сөз деп жазушының не болмаса сөйлеушінің сөзін ешқандай өзгеріссіз, бұлжытпай алып, өз сөзі ішінде қолданған біреудің сөзін айтады. Төл сөздің ортақ төл сөз деп аталатын түрі бар. «Ортақ төл сөз дейтін себебіміз: төл сөздің бұл түрі персонажға да, автордың өзіне де ортақ болып келеді. ...Мұнда , негізінен, персонаж сөзінің ерекшелігі басымырақ болады, сонымен қатар авторға тән кейбір сөздер қатысады» ( 9,69).

   Қолдану орнына және қолдану мақсатына қарай төл сөз цитат, диалог түрінде келеді.

   Цитат, әдетте, саяси әдебиеттерде, ғылыми, публицистикалық еңбектерде қолданылады. Осы цитат ретінде келтірген төл сөздің айналасында оны пайдаланып отырған жазушының немесе сөйлеушінің өз ойы қоса қолданылады. Ол автор сөзі деп аталады.

   Автор сөзі. Автор сөзі диалог түрінде келетін, яғни екі адамның сөйлесуі кезінде қолданылатын төл сөздерде де кездеседі. Бірақ диалог түріндегі төл сөз қолданылу орны жағынан да, қызметі жағынан да цитат түріндегі төл сөзден басқаша. Қолданылу орнына қарай диалог төл сөз көркем әдебиет жанрларында, әсіресе, драматургия саласында кеңінен қолданылады.

- Бұл кім?

- Базарбай ғой!

- Бұл қайдан келеді?

- Хабар беремін деп Тәкең ауылына кеткен, содан келе жатқан шығар.

- Шақыр, мұнда келсін! /М.Әуезов/.

Ал цитат қолданушы автордың пікірін дәлелдеу үшін қолданылады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,- деп Абай атамыз айтқандай, еңбек ете біліңдер, сонда ғана алға қойған мақсаттарың орындалмақ / «Қаз.әдеб.» газ./.

     Төл сөз бен автор сөзі арасындағы байланысты қамтамасыз ететін дәнекер –«де» көмекші етістігі. Төл сөз «де» етістігінің арқасында өзінің ішкі дербестігін сақтаса, «де» етістігімен қоса автор сөзі түріндегі сөйлемнің бір мүшесінің қызметін атқарады. Төл сөзді автор сөзімен байланыстыру функциясында қолданылғанда де етістігі деді, деген, дейді, депті, деп, десе  және септік жалғаулы есімше түрінде айтылады.

     «Өнер алды – қызыл тіл»,-дейді  халық мақалы, дәл, ұтқыр сөз.

   Төлеу сөз. Адам, яғни айтушы немесе жазушы біреудің сөзін пайдаланғанда үнемі өзгеріссіз, сол қалпында жеткізе бермейді. Кейде біраз өзгерістер, өз тарапынан қосымша сөздер қосып жеткізуі мүмкін. Тіпті біреудің сөзінің кей жерін алып тастап, грамматикалық кейбір формаларын өзгертіп қолданады.

   Төл сөз бен төлеу сөз бірдей емес. Бұл екеуі - сөйлеуші /айтушы/ немесе жазушының өз сөзі ішінде бөгде біреудің сөзін, пікірін келтірудің екі түрлі тәсілі. Сондықтан екеуінің арасында біраз айырмашылықтар бар:

1. Төл сөзде сөйлеуші не жазушы бөгде біреудің сөзін ешқандай өзгеріссіз, бұлжытпай жеткізсе, төлеу сөзде ол өзгеріске түсе отырып жеткізіледі. Яғни автор оның бірер сөзін ауыстырады не болмаса бірер сөзінің бастапқы морфологиялық формасын, соған сәйкес синтаксистік қызметін өзгертеді. Кейде өз тарапынан сөздер де қосады.

2. Төл сөзбен ілесіп үнемі автор сөзі жүреді. Ол екеуінің жігі айқын білініп, бір-бірінен бөлек, жеке орналасады. Төл сөзді автор сөзімен байланыстыру үшін оған тұлғалық өзгерістер енгізудің қажеті болмайды. Ал төлеу сөзде автор сөзі бірге араласып, кейде форма жағынан ауысып кетеді және бөлек тұрмай, бірге, бір сөйлем құрамында келеді.         

3. Төл сөзді сөйлем айтылу интонациясына, сазына қарай әр түрлі мағынада болып келеді. Олар хабарлы да, сұраулы да, сондай-ақ лепті сөйлем де бола алады.

Ал төлеу сөзде мұндай қасиет сақталмайды.

Тілімізде төл сөзді төлеу сөзге айналдырудың бірнеше жолы қалыптасқан.

а) Егер төл сөздің баяндауышы ашық райлы етістік болып келетін болса, төлеу сөз де түрлі грамматикалық формалар әсерінен толықтауышқа айналады. «Мен оған жаңадан тағы бір іс бердім»,-деді Мейрам - төл сөз. Мейрам оған жаңадан бір іс бергендігін айтты – төлеу сөз.

 ә) Төл сөздің бастауышы болған сөз төлеу сөзде ілік септігінің жалғауын жалғап анықтауыштың қызметін атқарады.

«Қарауыл әдетінен жаңылмаса, енді қайтып сол «бірер» сағатқа дейін мазаламас»,-деп ойлады Рысқұл /Ш.Мұртаза/-төл сөз.

Рысқұл қарауылдың  әдетінен жаңылмай, біраз мазаламайтындығын ойлады- төлеу сөз.

 

 

ІІІ БЛОК

 

Пунктуация

      Тыныс белгілерін дұрыс қоя білу – сауаттылықты арттырады әрі синтаксисті жете меңгеруге көмектеседі. Қазақ тілі пунктуациясы – қазақ тыныс белгілері жөніндегі ережелердің жиынтығы. Ол – тыныс белгілерінің түрлерін және олардың әрқайсысының қызметін қарастырады.

Қазақ тілі пунктуациясы да орыс халқының пунктуациясы сияқты грамматикаға, мағынаға және интонацияға негізделеді, екінші сөзбен айтқанда, сөйлемнің грамматикалық құрылысына, мағынасына, интонациясына қарап қойылады. Сондықтан да С.Жиенбаев: «Тыныс белгілері – синтаксистік категория. Сөйлем мүшелерінің өзара байланысу қағидаларын білмей тұрып, ол байланысты тыныс белгісі арқылы белгілеуге де болады»,- деп (30,3) дұрыс айтады.

Тыныс белгісін қоюда басшылыққа алынатын принциптер:

1. Грамматикалық принцип. Грамматикалық принцип дегеніміз тыныс белгілерін грамматикалық ережелер негізінде қою.    

2. Мағыналық принцип. Мағыналық принцип дегеніміз сөйлемнің тыныс белгісін синтаксистік категориялар мен синтаксистік тұлғалардың мағынасына негіздей қою.     

     3. Интонациялық принцип. Интонациялық принцип дегеніміз                    сөйлемнің тыныс белгісін синтаксистік категориялармен синтаксистік тұлғалардың сазына, нақышына келтіріп айтылуына және естілуіне қарай қою.            

Қазақ тілінің пунктуациясы кенжелеп туып, кеш дамыды. Қазан революциясына дейін белгілі бір жүйеге келтірілген, көпшілікке танылған пунктуациялық заң-ережелер болған жоқ. Ол уақыт үшін пунктуациялық ережелердің болмауының өзі де табиғи нәрсе еді. Өйткені тыныс белгісі баспасөз үшін керек. Республикамызда баспасөздің дамуы, оның бүкіл халық игілігіне айналып, оқушылар санының артуы, жазу мәдениетінің, сауаттылықтың шешуші бір саласы болып табылатын пунктуация мәселесін ғылыми негізде қалыптастырып реттеу міндетін қойды. Тіліміздің пунктуациялық белгілерін қалыптастырып, олардың мағыналары мен функцияларын айқындауда орыс тілі графикасының табыстары басшылыққа алынды.

Ф.Мұсабекова да өз еңбегінде қазақ пунктуациясының қалыптасып, дамуы туралы айта келіп: «Қазақ тілі пунктуациясын қалыптастырып, бір ізге түсіру және оның ережелерін саралап, жақсарту мәселесінде мектеп оқушыларына арналып жазылған қазақ тілі грамматикаларының да маңызы зор болды»(48,16). Кезінде бұл мәселеге М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, Х.Басымов, Ә.Хасенов, А.Нұғымановтар өз үлестерін қосты.

 

 

Тіліміздегі тыныс белгілері сан жағынан онша көп болмағандарымен (он шақты ғана), мағыналары, қолданылатын орындары жағынан алуан түрлі болып келеді

1. Сөйлемнің соңында келетін тыныс белгілері

Біршама аяқталған ойды білдіретін жай немесе құрмалас сөйлемдерден кейін олардың мағыналарына, айтылу сазына қарай нүкте, сұрау, леп белгілерінің бірі қойылады. Сондықтан тыныс белгілерінің бұл үш түрі сөйлем соңында келетін белгілер деп аталады. 

2.Сөйлем ішінде келетін тыныс белгілері

Сөйлем ішінде қолданылатын тыныс белгілерінің атқаратын негізгі қызметі - оқушыларға сөйлемнің құрамын, оның қандай бөлшектерден құралғандығын, ол бөлшектердің бір-бірімен мағыналық және синтаксистік қатынастарын байқату.Олар: үтір, нүктелі үтір, қос нүкте, көп нүкте, сызықша, тырнақша, жақша.

         

СООЖ тақырыптары:

1. Сөйлем соңында келетін белгілердің негізгі функциялары.

2. Оқшау сөз, оған қойылатын тыныс белгілері.           

3. Бастауыш пен баяндауыш арасына қойылатын сызықша.            

             

СӨЖ тақырыбы:

1. Қазақ пунктуациясының зерттелуі, қалыптасып, дамуы.

 

1-тапсырма. Көп компонентті құрмаластардың (көп құрамды салалас, көп бағыныңқы сабақтас, аралас сөйлем) түрлеріне қарай ажыратыңыздар:

Түркістанның президенті ондай рәсімді білмей ме, білсе де сараң ба, әйтеуір ырым жасамады /Ш.Мұрт./. Оның сүмбіледей сұп-сұр денесі жай теңселген шолақ көк толқындармен бірде тұтас көміліп, бірде тұтас көрініп, суға қара қоңыр сәуле түсіреді /І.Есенб./. Құшағында аппақ жас баласы бар, сол қолына жеңіл қара чемодан ұстаған, сұңғақ бойлы, талдырмаш денелі көркем жас әйел келіп тұр /”Қаз. әдеб.” газ./. Бірақ ілгері жүріп, Тобықтыға қарай басқан сайын, осы жетек жүзге тарта болды /М.Әуез./. Қыз-келіншектер ауылда қалып, Абай өз жолдастарымен он-он бес кісі боп бөлек аттанып, әрлі-берлі жүрген қалың топтан оқшауырақ шығысты /М.Әуезов/.

2-тапсырма. Берілген мысалдардан төл сөздерді бір бөлек, төлеу сөздерді бір бөлек ажыратып, көрсетіңіздер.

Қызылбалақ сорғалай жөнелгенде, Бекбол атын іркіп:”Қалай түсер екен, теуіп, қайта шығар маекен, жоқ, бір-ақ айқасар ма екен?”-деп тұр еді /М.Әуез./. “Енді не болса да болды “ деп, ақырын аяңдап отырып, қорым тастан асып түсті /М.Әуез./. Балтабек үйге кірген Асқарға жоғары шығуын өтінді де, Ботагөзге ағасының қолына су құюын ескертті /С.Мұқ./. Гүлнар Қалтайға оның жетіншіні қалай бітіргендігі жөнінде кенет сұрау берді /Н.Ғабд./. “Шуу, шуу”,-деп, қос торына қосарынан божылап, айдай жөнелді /Д.Әб./.

 

3-тапсырма. Берілген жаттығуды тиісті тыныс белгісін қойып, көшіріңіздер, тыныс белгісінің неліктен қойылғандығын түсіндіріңіздер:

     -Әттеген-ай, көре алмай қалдым-ау /С.М./. Бір қарыздан құтылғанына “уһ” дегендей боп, Күңкені ертіп Байқошқарға қайтты /М.Ә./. Бір қора қойды жалғыз қойшы “айт” десе, жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып, “шөк” десең, аңырап барып қана, бұрылады /М.Ә./.

     -Айт, айт, Шөжіке Уа, төресін өзің айт /М.Ә./.

         

             



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-07-06; просмотров: 39; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.196 (0.008 с.)