Бесеудің хаты» мен Т. Рысқұловтың қазақ халқының басына түскен нәубет туралы И. Сталинге хабарлауы
Бесеудің хаты — қазақ зиялыларының БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге жолдаған хаты (1932 ж. 4 шілде). Бастапқыда И.В. Сталинге арналып жазылған. Бесеудің хаты республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы баяндалды. Елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылды. Хаттың авторлары — жазушы Ғабит Мүсірепов,Мансұр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков пен Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев қуғынға ұшыратылды. Хаттың жазылуына Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған. Бесеудің хаты қазақ зиялыларының тоталитарлық тәртіпке наразылығының бір көрінісі болып табылады.
Осы бесеудің бәрі де Орынбор рабфагында оқыған азаматтар
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқының азаттық жолында күрескен зиялы азаматтардың бірі - Тұрар Рысқұлов.
20-шы жылдардың аяқ шенінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанын бастап, зорлық күштеумен қазақ халқын отырықшыландыруға кірісті. Зорлап отырықшыландыру барысында бұрмалаушылық, асыра сілтеушілік орын алып, өрескел қателіктер жіберілді. Ұжымдастыру нәтижесінде Қазақстандағы 40 млн мал саны 4,1 млн-ға дейін кемиді. Елді аштық жайлап, жұқпалы аурулар тарады.
Елдегі қалыптасқан жағдайды, үкімет тарпынан жіберіліп жатқан өрескел қателіктерді айтып Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге, қазақ өлкелік комитеттерінің бірінші хатшысы Л.Мирзоянға бірнеше хат жолдайды.
Қазақтар 1931 жылдың аяқ кезінен бастап қонысынан ауып, бір ауданнан екінші ауданға және Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп, көктемге қарай бұл көшу күшейе түскен еді-де, 1932 жылдың жазында қонысынан ауғандардың бір бөлігі мекендеріне қайтып оралған болатын, осы қонысынан ауа көшу қазір қайтадан белең алып барады. Аштық пен індеттің салдарынан бірқатар қазақ аудандарында және қонысынан ауғандар арасында адамдардың қырылып жатқаны сонша, бұл мәселе орталық органдардың шұғыл араласуын қажет етіп отыр. Қазақстанда қазақ халқының белгілі бір бөлігі душар болған мұндай мүшкіл жағдай өзге өлкелердің не өзге республикалардың ешқайсысында жоқ.
Қонысынан ауған қазақтардың саны және олардың жағдайы туралы деректер
Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен.Қонысынан ауғандар Қалмақстанға, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды.
...Қазақтардың арасында 1932 жылдан бастап белең алған аштық пен індет - осы қоныстан ауудың және қазақ шаруашылықтарының шаңырағы шайқалуының ең кесапатты зардаптары, жаз айларында бірақ саябырсыған аштық пен індет қазір қайтадан сұрапыл өршіп тұрды.
|