Жеке кәсіпкердің табысына салынатын салықты талдау 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

Жеке кәсіпкердің табысына салынатын салықты талдау

Поиск

     2.1 Арнаулы салық режимі бойынша жеке кәсіпкерліктің табысына салық салу механизмі

Арнаулы салық режимiн қолданатын жеке кәсiпкерлер арнаулы салық режимi қолданылатын қызметiнен түскен табыстарынан жеке табыс салығы бойынша декларация табыс етпейдi.

Арнаулы салық режимі шағын бизнес субъектілері үшін, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, әлеуметтік салықты және корпорациялық немесе жеке табыс салығын есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейді. Осы тармақта аталмаған салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есептеу, төлеу және салық есептілігін табыс ету жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерлерде алынған (алынуға жататын) табыстардың барлық түрлерінен тұратын салық кезеңі ішіндегі табыс патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін салық салу объектісі болып табылады.

Шағын бизнес субъектілері салықтарды есептеу мен төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есептілігін табыс етудің төменде санамаланған тәртіптерінің біреуін ғана дербес таңдауға құқылы:

– жалпыға бірдей белгіленген тәртіп;

– патент негізіндегі арнаулы салық режимі;

– оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.

– Жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауысқан кезде жалпыға бірдей белгіленген тәртіп күнтізбелік екі жыл қолданылғаннан кейін ғана арнаулы салық режиміне қайта ауысуға болады.

Арнаулы салық режимін:

– филиалдары, өкілдіктері бар заңды тұлғалардың;

– заңды тұлғалар филиалдарының, өкілдіктерінің;

– әртүрлі елді мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері және (немесе) салық салу объетілері бар салық төлеушілердің;

– басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 проценттен асатын заңды тұлғалардың;

– құрылтайшысы арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның бір мезгілде құрылтайшысы болып табылатын заңды тұлғалардың қолдануға құқығы жоқ.

– Арнаулы салық режимдері мынадай қызмет түрлеріне:

акцизделетін өнімді өндіруге;

– консультациялық, қаржылық, бухгалтерлік қызметтерге;

– мұнай өнімдерін өткізуге;

– шыны ыдыстарды жинауға және қабылдауға;

– жер қойнауын пайдалануға қолданылмайды.

 

Патент негізіндегі арнаулы салық режимін мынадай талаптарға сай келетін:

– қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын;

– жеке кәсіпкерлік нысанындағы қызметті жүзеге асыратын;

– салық кезеңіндегі табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 200 еселенген мөлшерінен аспайтын дара кәсіпкерлер қолданады.

Дара кәсіпкер патент негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін оны қолдана бастағанға дейін орналасқан жері бойынша салық органына салықтық өтінішті табыс етеді.

Қайтадан құрылған дара кәсіпкерлер аталған өтінішті дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей табыс етеді.

Дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күн аталған дара кәсіпкерлер үшін арнаулы салық режимін қолдану басталатын күн болып табылады.

Дара кәсіпкерлердің салықтық өтінішті осы тармақта аталған мерзімдерде табыс етпеуі, олардың жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыруға келісімі деп саналады. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға салықтық өтінішпен бір мезгілде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша патент алуға арналған есеп-қисап (осы тарауды қолдану мақсатында бұдан әрі – есеп-қисап) табыс етіледі.

Бюджетке төленген патент құнын, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды растайтын құжаттар есеп-қисапқа қоса беріледі.

Кезекті патентті алуға арналған есеп-қисап патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға салықтық өтінішті табыс етпестен осының алдындағы патенттің қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін табыс етіледі.

Салық органдары есеп-қисап пен есеп-қисапқа қоса берілетін құжаттар табыс етілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде патент беруді жүргізеді немесе уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша патент беруден бас тарту туралы шешім шығарады. Шешім екі данада ресімделеді, оның біреуін салық төлеушіге қол қойылып тапсырылады.

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі шағын бизнес субъектілері үшін оларда жалдамалы қызметшілердің болуы қарастырылғандықтан, мемлекетпен есеп айырысудың басты түрі болып табылады.

 

 

Егер мынандай шарттарға сай келсе:

– жеке кәсіпкерлер үшін – жұмыс берушінің өзін қоса алғанда, қызметкерлердің саны 25 адам болса, ал тоқсандық табысы 10 млн теңгеден аспаса;

– заңды тұлғалар үшін – тоқсан ішіндегі қызметкерлердің саны 50 адамнан аспай, тоқсандық табысы 25 млн теңгеден аспаған жағдайда, ШБС-нің осы режимді қолдануға құқы бар.

Оңайлатылған декларация негізіндегі ар­наулы салық режимінің қолайлылығы – са­лықтық міндеттер тоқсан аяқталғаннан кейін нақты алынған табысы бойынша есеп­теледі. Оның үстіне, салық бірыңғай ставка бойынша есептеледі, шығынға есеп жүргізудің қажеті жоқ. Табыс мөлшеріне қарамастан, жеке кәсіпкерлер де, заңды тұлғалар да салықты 3 пайыздық ставка бойынша төлейді.

Салық сомасын азайту мүмкіндіктері нақты сақталады. Егер жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаның жалдамалы қыз­мет­кер­лерінің жалақысы ең төмен жалақының 2 еселенген және 2,5 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда, түзетулер қол­да­ны­лады. Ондай жағдайда салық сомасы әр қызметкердің салық сомасынан 1,5 пайыз мөлшерінде азайтылады. Сондықтан қыз­меткерлер саны және жалақысы қанша көп болса, салық төлеуші аз салық тө­лейді.

Оңайлатылған декларацияға ауысу үшін салық төлеуші қызметін жүзеге асыру орны бойынша салық органына тоқсан бас­талғанға дейін белгіленген нысандағы өтінішті тапсырады. Бұл ретте салықтық өті­ніш табыс етілген күннен кейінгі салық­тық кезеңінің бірінші күні арнаулы салық ре­жимін қолдануды бастау күні болып табы­ла­ды.

Жаңадан құрылған жеке кәсіпкерлер оңай­латылған декларация негізінде ар­наулы салық режимін қолдануға арналған са­лықтық өтінішті салық органына жеке кә­сіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді. Заңды тұлғалар – әділет органында заң­ды тұлға ретінде мемлекеттік тіркел­ген­нен кейін 20 жұмыс күнінен кешік­тірмей табыс етеді.

Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұл­ға­ның мемлекеттік тіркелген күні арнаулы са­лық режимін қолдануды бастау күні болып табылады.

Салық төлеуші салықтық өтініш берген күн­нен бастап үш жұмыс күні ішінде арнаулы салық режимін қолдану немесе қол­дануды қабылдамау туралы шешім шығарылады. Салық төлеушінің Салық кодексінің 428 және 433-баптарында көр­сетілген талаптарға сай келмеуі арнаулы салық режимін қол­да­ну­дан бас тарту үшін негіз болып табылады. Оңай­латылған дек­ларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануды тоқтату камералды ба­қылау нә­ти­желері бойынша анықталған бұзу­шылық­тар айқындалған жағдайларда са­лық ор­га­нының шешімі бойынша не салық­тық өтініш негізінде жүргізіледі.

Егер салық төлеуші оңайлатылған дек­ла­рация негізінде арнаулы салық режимін қолдануды өз еркімен тоқтатуға шешім қабылдаса, аталған режимді тоқтату тиісті өті­нішті тапсырған айдан кейінгі айдан бастап жүргізіледі.

Оңайлатылған декларация бойынша жұмыстың артықшылығы салықтық есеп айырысудың, салық есептілігін тапсырудың қарапайымдылығы болып табылады. Сондай-ақ тағы да бір ұтымды жағы – «оңай­латуды» қолданушы барлық субъек­ті­лер үшін салық кезеңінде жалпы табысқа бірыңғай салық ставкасы қолданылады.

Оңайлатылған декларация бойынша жұмыс жасаудың оңды жағына салықты төлеу мерзімінің ыңғайлылығы мен кәсіп­керлер үшін мерзімнің ұзартылуын жат­қы­зуға болады. Оңайлатылған декларация са­лық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей табыс етіледі, ал салықтарды бюджетке тө­леу есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі, яғ­ни мамыр, тамыз, қараша, ақпан ай­лары.

Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеу­меттік аударымдардың есептелген со­ма­лары көрсетіледі. Олар да тоқсан сайын, есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-іне дейін төленеді.

Салық салу объектiлерi бар жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеушiлер (бөлiм бойынша бұдан әрi салық төлеушiлер) болып табылады.

Жеке табыс салығы салынатын объектiлер мыналар:

1) төлем көзiнен салық салынатын табыстар;

2) төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар.

Салық төлеушінің табыстарына 10 проценттік ставка бойынша салық салынуға тиіс.

Сыйақылар (жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сыйақыларды қоспағанда), ұтыстар түріндегі табыстарға 10 проценттік ставка бойынша салық салынады.

Дивидендтер түріндегі табыстарға 5 проценттік ставка бойынша салық салынады.

Салық төлеушінің төлем көзінен салық салынатын табыстарына:

1) қызметкердің табысы;

2) бiржолғы төлемдерден алынған табыс;

3) жинақтаушы зейнетақы қорларынан берiлетiн зейнетақы төлемдерi;

4) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрiндегi табыс;

5) стипендиялар;

6) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысы жатады.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 38; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.146 (0.007 с.)