І. БҰлтартпау шарасыныҢ жалпы сипаттамасы 


Мы поможем в написании ваших работ!



ЗНАЕТЕ ЛИ ВЫ?

І. БҰлтартпау шарасыныҢ жалпы сипаттамасы

Поиск

І. БҰЛТАРТПАУ ШАРАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

1.1 Бұлтартпау шарасының ұғымы, белгілері, түрлері

Процессуалдық мәжбүрлеу шараларының бір түрі болып бұлтартпау шаралары табылады. Олар, басқа мәжбүрлеу шаралары сияқты, қылмыстық іс жүргізу міндеттерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында және заңмен белгіленген тәртіп бойынша қолданылады. (ҚР ҚПК 18 тарауының 136-154 баптары).

Бұлтартпау шаралары жалпы ереже бойынша айыпталушыға, сондай-ақ сотталушыға, ал күдіктіге ерекше жағдайларда қолданылады. Осыған сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде бұлтартпау шарасын қолдануды қылмыстық қудалау органы шешетін болса, ал соттағы өндіріс кезінде бұл мәселені сот, судья шешеді.

Бұлтартпау шараларының теорияда, құқықта және қылмыстық процесс практикасында зерттеліп шешілуі тиіс. Бұлтартпау шарасын қылмыстық-процессуалдық мәжбүрлеудің бір түрі ретінде қарағанда мынаны ескеру қажет, бұлтартпау шарасы туралы заң нормаларының жиынтығы қылмыстық-процессуалдық құқықтың бір саласын құрайды. Ол қылмыстың алдын алуға, оны болдырмауда ең керекті құрам болып табылады. Қылмыстық процесс теорияда бұлтартпау шарасын қылмыстық-процессуалдық мәжбүрлеу шараларының бір түрі ретінде қарастырады.

Ал, З.Ф.Коврива былай түсінік береді, бұлтартпау шарасы, айыпталушының немесе күдіктінің әрекет бостандығын, процессуалдық міндеткерліктерін орындау мүмкіндігін мәжбүр ету арқылы шектеу, - дейді [2, ].

М.А.Ковалев былай түсінік береді, бұлтартпау шарасы мәжбүрлі түрде және қылмыстық процестің кез келген сатысында анықтаушының, тергеушінің, прокурордың, соттың қолданатын процессуалдық әрекеті [].

Әдебиеттерде бұлтартпау шарасының түсінігіне бірнеше анықтама берген. Біздің көзқарасымыз бойынша ең толық анықтамасы келесідей тұжырымдалып берілген. М.С.Строговичтікі: «Бұлтартпау шарасы дегеніміз – заңмен белгіленген айыпкердің (күдіктінің) бостандығын шектейтін және оның мына мақсаттарын орындауға мүмкіндік бермеу шарасы» деген [].

Ал, ҚПК-не келетін болсақ, айыпталушы (сотталушы) бостандықта жүрсе, тергеуден, соттан бой тасалап қалады немесе қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі жасайды немесе қылмыс істеумен шұғылдана береді деп болжауға жеткілікті дәлелдер бар болса, сондай-ақ үкімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін, анықтаушының, тергеушінің, прокурордың, соттың айыпкер жөнінде мынадай бұлтартпау шараларының бір түрін қолдануға құқығы бар.

Бұлтартпау шарасын қолдану азаматтардың аса қажетті бостандықтарын шектеуімен байланысты, ал нақтысы, ол жеке бостандығына құқығын, жүріп-тұруына, тұрғылықты жерін ауыстыруға құқылы. Бұлтартпау шарасы заң негізіне сай дұрыс мақсатта, бұрмалаусыз, құқықтық процедураны сақтай отырып жүзеге асырады.

Бұлтартпау шараларының өзіндік арнайы мақсаты бар: бірінші, айыпкердің соттан, тергеуден, анықтаудан жалтарып кетуіне жол бермеу, екінші, айыпкердің істің мән-жайын анықтауға кедергі келтіруіне жол бермеу, үшінші, айыпкердің (күдіктінің) алдағы уақытта қылмыстық әрекет жасауын болғызбау, төртінші, жаза қолдануға мүмкіндік беру [].

Айыпкерге бұлтартпау шарасын қолданғанда оны жазалау мақсатын көздемейді, бірақ бұл жөнінде М.А.Чельцовтың айтқаны дұрыс. Кейбір бұлтартпау шаралары жазалау шаралары сияқты азаматтың жеке құқықтық игіліктерін сырт жақтан қарағанда шектейді.

Осыдан бұлтартпау шаралары дегеніміз – қылмыстық-процессуалдық мәжбүрлеудің бір түрі болғандықтан, оны қолдану заңға қайшы, қоғамға қауіпті іс-әрекетті айыпкердің оны жасамауына және оны тоқтатуға бағытталған болып саналады. Өзінің мазмұнына қарай бұлтартпау шаралары айыпталушыға психологиялық және физикалық әсер етеді және де оның мүліктік құқықтарына, жеке мүдделеріне шектеу салады.

Сонымен, бәрін жинастырып айтатын болсам, бұлтартпау шаралары деген – бұл заңмен белгіленген мемлекеттік (процессуалдық) мәжбүрлеу шарасы, айыпталушының (күдіктінің) жеке бостандығын, жеке кепілгерліктен, оны тиісті мекемелерде қадағалау арқылы айыпталушының анықтаушы, тергеуші, соттан қашып кетпеуі, тиісті рұқсатынсыз тұрғылықты жерден кетпеуін, іс бойынша шындықты анықтау үшін оны ескерту, қылмыс жасаудың алдын алу, оны жасауға кедергі келтіру үшін, тәртібін дұрыстауды қамтамасыз ету, уақытылы шақырту бойынша сот, прокурор, тергеушіге келуін қамтамасыз ету және де үкімнің орындалуы үшін қолданылатын шаралар.

Бұлтартпау шаралары – бұл мемлекеттің (процессуалдық) мәжбүрлеу шарасы дегенімізде, бұл жерде осы шараны қолдануға құқығы бар мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өздерінің қылмыстық-процессуалдық құзыретін жүзеге асыру барысындағы, яғни сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қолданылады.

Негізгі заңнамамызда көрсетілген негіздерге сүйене отырып, анықтаушы, тергеуші, прокурор, сот айыпталушыға (күдіктіге) оларға ең біріншіден, қылмыскерлер деп қарамай, өздері сияқты адам ретінде оларға мәжбүрлеу шарасын тек оған объективті түрде негіз болған кезде айыпталушыға (күдіктіге) оның жеке басына қарап, жасына, жынысына, айыпталып жатқан қылмыстың ауыр не жеңілдігіне қарай бұлтартпау шарасын қолдану керек. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын тұлғалар заңмен кепілдік берілген айыпкердің құқықтарын қорғау керек. Бұлтартпау шаралары тұлғаның құқықтарын кемсітеді, кейбіреулері мұны қылмыстық жазалау шараларымен бірдей деп те түсінінеді. Бірақ та бұлтартпау шарасын – бұл құқықтық жазалау шарасы деп те атауға болмайды. Өйткені олардың өздеріне ғана тән айырмашылықтары бар, бұлар:

Біріншіден, бұлтартпау шарасы мен қылмыстық жазалау шарасының мақсатына байланысты. Қылмыстық жазалау шарасының мақсаты – бұл жасаған қылмыс үшін сотталғанға жаза қолдану, оны түзеу мен қайта тәрбиелеу болып табылады. Ал, бұлтартпау шарасы қорғаушы сипатта болады, яғни айыпкердің (күдіктінің) сонымен, тергеу органдарынан қашып кетпеу үшін, шындыққа жетуде кедергі келтірмеу үшін қолданылады. Жазалау шарасы бұл мақсатты көздемейді, өйткені жазаны қолдану туралы шешім қылмыстық сот өндірісінің кезеңінде шешіледі, яғни сотталушының кінәлілігін сот шешкен кезде.

Екіншіден, қылмыстық жазалау шарасы тек сотталған адамдарға, яғни соттың заңды күшіне енген үкімімен қолданылады, ал бұлтартпау шарасы айыпкерге (күдіктіге), кей жағдайда сотталушыға да қолданылады.

Үшіншіден, бұлтартпау шарасын тек сот қана емес, сонымен қатар басқа да органдар қолданады - прокурор, тергеуші, анықтаушы. Ал қылмыстық жазалау шарасын заңға сәйкес тек сот үкімімен қолданылады.

Төртіншіден, сотпен белгіленетін қылмыстық жазалау шарасы азаматты сотталған деп таниды, ал бұлтартпау шарасын қолданған кезде, мұндай заңи жағдайлар туындамайды. Бәрінен де ең басты айырмашылығы – бұлтартпау шарасының институты - қылмыстық іс жүргізушілік болса, ал қылмыстық жазалау шарасының институты – ол қылмыстық-құқықтық болып табылады.

Бұлтартпау шарасы – қылмыстың алдын алудың қолайлы құралы және қылмыстық сот өндірісіне басқа да сұрақтарды шешу үшін қолайлы болып табылады. З.Д.Еникеевтің көрсетуі бойынша, қылмыстық істердегі қолданылатын бұлтартпау шарасы 96,3 – 97,2%-ды құрайды [ ].

Жалпы бұлтартпау шарасының ұғымын ашып көрсеттік, енді оның жекелеген түрлеріне тоқтала кетейік. Бұлтартпау шараларының бірнеше түрлері бар. Олар ҚР ҚПК-нің 137-бабында атап көрсетілген. Олар:

- Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат;

- Жеке кепілгерлік;

- Әскери қызметшіні әскери бөлім қолбасшылығының байқауда ұстауына беру;

- Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру;

- Кепіл;

- Уйқамақ;

- Күзетпен ұстау ;

Бірінші топқа мыналар жатқызылады: ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат, жеке кепілгерлік, кепіл, уйқамақ, күзетпен ұстау. Бұл топқа жататын шараларды қолдану үшін айрықша талаптар қойылмайтын болғандықтан, оларды бұлтартпау шараларының жалпы түрлері деп атаймыз. Екінші топқа жататын бұлтартпау шараларының түрлері: әскери қызметшіні әскери бөлім қолбасшылығының байқауда ұстауына беру, кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру. Бұл шаралардың ерекшелігі олардың аталған субъектілер үшін көзделгендігі болып табылады. Дегенмен, бұл субъектілерге де қажет болған жағдайда бұлтартпау шараларының жалпы түрін қолдануға тыйым салынбайды.

Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізетін органның күдіктіден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушінің немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен (елді мекеннен) кетпеуі, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға кедергі келтірмеуі, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша белгіленген мерзімде келуі жөнінде жазбаша міндеттеме алуынан тұрады.

Ешқайда кетпеу туралы қолхат шарасын таңдаудың арнайы шарты – тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінің болуы. Қолхат, ереже бойынша, ауыр жазаға тартылмайтын айыпталушыға қатысты таңдалады. Ешқайда кетпеу туралы қолхатты қолдану кезінде қаулы шығарудан басқа қолхаттар айыпталушының жазбаша міндеттерінен құралады. Осыған орай оған жазбаша түрде өзін дұрыс ұстау туралы міндеттері мұқият түсінідіріледі, соның ішінде: өзінің келген жері туралы хабарлау, жергілікті жеріндегі не сол мекендегі тұрған жерінің өзгеруі туралы хабарлауға міндеттері; сотта істі қарау және тергеу кезінде кедергі келтірмеу, құқыққа қарсы әрекеттерін жалғастырмау міндеттері. Айыпталушы осы міндеттерді бұзған жағдайда оған одан да қатаң бұлтартпау шаралары қолданылатыны ескертіледі.

Жеке кепілгерлік күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын және олардың қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін сенімге лайық адамдардың өз жауапкершілігіне алатыны туралы жазбаша міндеттеме қабылдауынан тұрады. Кепілгерлердің саны екеуден кем болмайды. Жеке кепілгерліктің төменгі деңгейі ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қарағанда адамның әрекет ету бостандығын шектеумен белгіленеді. Айыпталушы сондай-ақ шақыру бойынша келуге, тұрғылықты жерін өзгертуі туралы хабарлауға міндетті, бірақ ол жерден тергеушінің рұқсатынсыз кетіп қалуға құқылы.

Бұл шараны таңдаудың арнайы шарттары – айыпталушының өзін дұрыс ұстауын қамтамасыз етуді қалайтын және оны орындауға шынайы қабілетті және бірнеше адамның болуы. Бұлтартпау шарасы ретінде жеке кепілгерлікті таңдауға кепілгердің жазбаша өтінішхаты бойынша және өзіне қатысты кепілгерлік беріліп отырған адамның келісуімен ғана жол беріледі.

Жеке кепілгерлік шарасын таңдау туралы уәжделген қаулыдан басқасы, яғни жеке кепілгерлік туралы қолхатты жазбаша міндеттермен толтыру талап етіледі. Осыған орай кепіл берушіге айыптау мәні түсінідіріледі, оның құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Кепіл беруші оған өзіне қатысты өзі кепілгер болып отырған адамның айыбының мәні, кепілгердің оған күдікті, айыпталушы бұлтартпау үшін осы шара қолданған әрекетті жасаған жағдайда ақшалай айып салынатындығынан тұратын жауаптылығы түсіндірілетіндігін растайтын жеке кепілгерлік туралы қолхат береді. Бұл әрекеттердің орындалуы қолхат мәтінінде немесе жеке хаттамада көрсетілуі тиіс.

Әскери бөлім қолбасшылығының әскери қызметшілер немесе оқу жиынына шақырылған әскери міндеттілер болып табылатын күдіктілерді, айыпталушыларды байқауда ұстауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жарғыларында көзделген және осы адамның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін қамтамасыз ете алатын шараларды қолданудан тұрады.

Бұл шараны таңдаудағы арнайы шарт – әскери борышын өтеу қызметіндегі айыпталушының (күдіктінің) ерекше мәртебесі (шақыру немесе келісімшарт бойынша). Әдетте әскери бөлім қолбасшылығын бақылау солдат, сержент, старшин кейде офицерге қатысты таңдалып алынатын. Бұл бұлтартпау шарасы айыпталушы казарма жағдайында болған кезде әсерлі көрініс береді.

Бұндай бұлтартпау шарасын таңдау барысында ол туралы қаулы қабылданған кезде әскери бөлім қолбасшылығына жіберіледі, онда қылмыстық істің мәні және құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Түсіндіру фактілері хаттамада немесе қолхатта белгіленеді. Өздеріне жүктелген байқауда ұстау жөніндегі міндетті орындамаған жағдайда кінәлі адамдар тәртіптік жауаптылыққа тартылады. Осы бұлтартпау шарасы қолданылған кезеңде күдіктіні, айыпталушыны жауынгерлік кезекшілікке, жауынгерлік немесе қарауыл қызметін, гарнизон нарядының немесе бөлімнің тәуліктік нарядының құрамында қызмет атқаруға тартуға жол берілмейді.

Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенімге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкімшілігінің қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсібірінің өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша міндеттеме қабылдауынан тұрады. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының және басқа да тұлғалардың қарауда ұстауына беру олардың жазбаша өтінішхаты бойынша ғана мүмкін болады. Қарауда ұстауға қабылдау туралы қолхат алынған кезде ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функциияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкімшілігінің өкілдері кәмелетке толмаған адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздеріне қабылдаған міндеттерін бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етіледі. Қарауына кәмелетке толмаған адам берілген тұлғалар өздері қабылдаған міндетемелерді орындамаған жағдайда, оларға заңда көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.

Үйқамақ шарасының мәні - айыпталушыны, күдіктіні, пәтерінен, үйінен немесе басқа да тұрғылықты жерден кетпеуге, кейбір адамдармен ауызша, жазбаша және байланыс құралдары бойынша қатынас жасауға тыйым салу. Үйқамақ дене мәжбүрлеу түріндегі бұлтартпау шарасы болып табылады немесе бұл шара күдіктіні, айыпталушыны қоғамнан оқшаулатады. Бұл шара күдіктіге қолданылады немесе айыпталушы, күдіктінің келісімінсіз сот санкциясымен таңдалып алынады. Үйқамақ айыпталушының әрекеттеу бостандығы мен қарым қатынас жасау бостандығын шектеуді негіз етеді. Қажет болған кезде күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын қадағалау орнатылады.

Қамақтағы адамның тұрғын-жайдан шығуына белгіленген шектеулерді сақтауын қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен артық және түңгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның қамақтағы адамның тұрғын-жайында болуына осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және ол отыз минуттан аспауы тиіс.

Арнайы шарт ретіндегі заң мынаны қарастырады: үйқамақ шарасы айыпталушы немесе күдікті кәрі жаста болуы, ауыр науқасты болуы, жүкті болуы, отбасылық жағдайлары, басқа да жағдайлар болуы сияқты қамауға алу қорытындысы үшін негіздемелер мен шарттар болған кезде ғана қолданылады.

Соттың үйқамақ туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетіледі.

Күзетпен ұстау қылмыстық процестегі жаңа бұлтартпау шараларының бірі. Күзетпен ұстау шарасының мәні – тек судьяның санкциясымен және заңмен кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Ерекше жағдайларды бұл бұлтартпау шарасы, азаматтың Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса, жеке басы анықталмаса, бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса, қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе, бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса және де оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Осы бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы, сот алдында оны қолдануды санкциялау туралы өтінішхат оған қоса берілген барлық материалдармен бірге ұстап алу мерзімі біткенге дейін он сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға ұсынылуға тиіс.

Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қолдаған жағдайда, прокурор қылмыстық қудалау органының қаулысына келісім білдіреді. Бас тартқан жағдайда прокурор уәжді қаулы шығарады. Прокурор тергеу судьясына өзге бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберуге құқылы. Күдіктіні күзетпен ұстау санкциялау туралы өтінішхатты қолдаудан бас тарту және күзетпен ұстаудан босату туралы қаулы мүдделі тұлғаларға жіберіледі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның күзетпен ұстауды санкциялау туралы прокурормен келісілген қаулысы, сондай-ақ оның негізділігін растайтын материалдар ұстап алу мерзімі аяқталардан он екі сағат бұрын тергеу судьясына ұсынылуға тиіс, ол туралы мүдделі тұлғалар хабардар етіледі.

Бұлтартпау шарасын алып тастау немесе өзгерту туралы шешімдер анықтаушының, тергеушінің, прокурордың өтініші бойынша судьяның уәжделген қаулысымен рәсімделеді. Бұлтартпау шарасын таңдау туралы шешімге қарсы шағымдану азаматтың құқығын сақтаудың маңызды кепілі болып табылады. Шағым беру құқығына бұлтартпау шараларын таңдауда кімнің мүддесі бұзылса, сол ие болады. Бұған қоса, шағымды бұлтартпау шарасы таңдалған, бірақ әлі орындалмаған адам бере алады.

Тергеушінің, анықтаушының қаулысы туралы прокурорға шағымдануға болады, ал прокурор қаулысы туралы жоғары тұрған прокурорға шағымдануға болады. Іске мүдделі тұлғалар тікелей сотқа шағымдануына құқылы. Шағымдану бұлтартпау шарасын қолдануды тоқтата алмайды.

Осылайша, бұлтартпау шарасының ұғымын біз қорытындылаймыз, яғни бұлтартпау шарасы дегеніміз – қылмыстың алдын алудың қолайлы құралы және қылмыстық сот өндірісіне басқа да сұрақтарды шешу үшін қолайлы болып табылады. Бұлтартпау шараларын айыпталушының (күдіктінің) жеке бостандығын шектейтін іс жүргізу құралы ретінде тануға болады. Сонымен қатар, бұлтартпау шарасының түрлерін де қысқаша атап өтейік, Олар (ҚР ҚПК-нің 137-бабы):1) Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат;            2) Жеке кепілгерлік; 3) Әскери қызметшіні әскери бөлім қолбасшылығының байқауда ұстауына беру; 4) Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру; 5) Кепіл; 6) Уйқамақ; 7) Күзетпен ұстау.

 



Поделиться:


Последнее изменение этой страницы: 2024-06-17; просмотров: 69; Нарушение авторского права страницы; Мы поможем в написании вашей работы!

infopedia.su Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав. Обратная связь - 216.73.216.146 (0.009 с.)