Бап. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау
13-бап. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау
1. Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемiнде бiр рет тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн, оның iшiнде осы органдардың қызметкерлерiн жеке қабылдауды жүргiзуге мiндеттi. 2. Қабылдау белгiленген әрi жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткiзiлген күн мен сағатта жұмыс орны бойынша өткiзiлуге тиiс. 3. Егер өтiнiштi лауазымды тұлға қабылдау кезiнде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша өтiнiш ретiнде жұмыс жүргiзiледi.
14-бап. Жеке және заңды тұл ғалардың өтiнiштердi қарау кезiндегi құқықтары
Өтiнiш берген жеке не заңды тұлғаның: 1) өз өтiнiшiн растау үшiн қосымша құжаттар мен материалдар беруге не оларды талап ету туралы сұрауға; 2) өтiнiштi қарайтын адамға дәлелдерiн түсiндiруге; 3) өзiнiң өтiнiшiн қарауға байланысты материалдармен танысуға, егер бұл басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбайтын болса, өтiнiштi қарауға қатысуға; 4) қабылданған шешiм туралы жазбаша немесе ауызша нысанда дәлелдi жауап алуға; 5) егер залал өтiнiштердi қараудың белгiленген тәртiбiн бұзудың салдарынан болса, оны өтеудi талап етуге; 6) лауазымды тұлғалардың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) не өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге шағым жасауға; 7) Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өтiнiштi қарауды тоқтату туралы өтiнiшхат беруге құқығы бар. Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.21 № 467-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
15-бап. Субъектiлердiң және лауазымды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Субъектiлердiң, лауазымды тұлғалардың: 1) өтiнiштердi белгiленген тәртiппен қарау үшiн қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға; 2) көрiнеу жалған мәлiметтерден тұратын өтiнiштердi тексеруге байланысты тартқан шығындарды өндiрiп алу туралы сотқа жүгiнуге құқығы бар. 2. Субъектiлер мен лауазымды тұлғалар: 1) осы Заңда белгiленген тәртiппен әрi мерзiмде жеке және заңды тұлғалардан өтiнiштер қабылдауға және оларды қарауға; 2) заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға; 3) қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге; 4) жеке және заңды тұлғаларға қабылданған шешiмдер туралы жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында хабарлауға; 5) жеке тұлғаларды, соның iшiнде заңды тұлғалардың мүддесiн танытушы тұлғаларды, олардың отбасы мүшелерiн субъектiлерге және лауазымды тұлғаларға олардың қызметiн сынап не құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мақсатында өтiнiш беруiне байланысты қудалаудың жолын кесуге; 6) шағымдарды iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалып отырған лауазымды тұлғалардың қарауына жiбермеуге; 7) оларға қатысты мәселенi объективтi шешуге мүдделiлiк бiлдiрмейдi деп пайымдауға негiз болған адамдарға тексеру жүргiзудi жүктеу жағдайларын болғызбауға; 8) өтiнiш берген немесе оның мүддесi үшiн өтiнiш берiлген адамға жеке және заңды тұлғалардың зиян келтiретiн өтiнiшiне жол бермеуге; 9) жеке тұлғалардың, соның iшiнде заңды тұлғаның мүддесiн танытушы тұлғалардың келiсiмiнсiз олардың жеке өмiрi туралы мәлiметтердi немесе мемлекеттiк не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге; жеке тұлғаның жеке басы туралы өтiнiшке қатысы жоқ деректердiң анықталуына жол бермеуге; 10) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн, олардағы сын ескертпелердi талдауға және қорытуға, жұмысты жетiлдiру әрi жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын туғызатын себептердi жою мақсатында қоғамдық пiкiрдi зерделеуге; 11) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау жөнiндегi жұмыстың жай-күйiн жүйелi түрде тексеруге; 12) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыретi шегiнде статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген мерзiм мен көлемде келiп түскен, қаралған өтiнiштердiң саны мен оларды қараудың нәтижелерi туралы мемлекеттiк құқықтық статистикалық ақпаратты беруге мiндеттi. Осы тармақшаның талабы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды. Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
|