тарау. Жеке еңбек шарты
9-бап. Жеке еңбек шартының мазмұны
1. Жеке еңбек шартында: 1) тараптардың реквизиттерi: жұмыс берушi - заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жерi, жұмыс берушi - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен уақыты; жұмыс берушiнiң (оның өкiлiнiң) тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе) және қызметi, ал жұмыс берушi - жеке тұлға болған жағдайда оның тұрақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi; қызметкердiң тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi; әлеуметтiк жеке кодының нөмiрi (ӘЖК), салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрi
2) еңбек мiндетi (белгiлi бiр қызмет, мамандық, кәсiп бойынша жұмыс); 3) жеке еңбек шартының мерзiмi; 4) еңбек мiндеттерiн жүзеге асыру басталатын күн; 5) еңбек жағдайларының сипаттамалары, қызметкерлерге ауыр дене еңбегi немесе зиянды (өте зиянды) немесе қауiптi (өте қауiптi) еңбек жағдайларында жұмыс iстегенi үшiн берiлетiн кепiлдiктер мен өтемақылар;
6) жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимi; 7) еңбекке ақы төлеу және еңбектi қорғау жағдайлары; 8) жұмыс берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi; 9) қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi; 10) жеке еңбек шартын өзгерту, бұзу және ұзарту тәртiбi; 11) өтемақылар төлеу мен кепiлдiктер беру тәртiбi; 12) тараптардың жауапкершiлiгi көрсетiлуге тиiс. 1-1. Жеке еңбек шартын белгiленген мерзiмге жасасқанда тараптардың осы шартты мерзiмiнен бұрын бұзғаны үшiн өзара жауапкершiлiгi белгiленуi мүмкiн. 2. Тараптардың келiсiмi бойынша жеке еңбек шартына өзге де жағдайлардың енгiзiлуi мүмкiн. 3. Жұмыс берушi қызметкерден осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда жеке еңбек шартында келiсiлмеген жұмысты атқаруды талап етуге құқылы емес. (Z030387 (16-бап 2-тармақ, 4) тармақша; Z050029 (29-бап қараңыз) Ескерту. 9-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
10-бап. Жеке еңбек шартының мерзiмi
1. Жеке еңбек шарты: 1) белгiсiз мерзiмге; 2) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделгендегiден басқа жағдайларда, бiр жылдан кем емес белгiлi бiр мерзiмге жасалуы мүмкiн. Қызметкермен жеке еңбек шарты қайталап жасалған жағдайда ол белгiленбеген мерзiмге жасалған деп есептеледi. Егер тараптардың ешқайсысы еңбек шарты мерзiмiнiң аяқталуына байланысты бiр жылдан кем емес белгiлi бiр мерзiмге жасалған жеке еңбек шартын тоқтатуды талап етпесе және еңбек қатынастары iс жүзiнде жалғасатын болса, онда жеке еңбек шарты белгiленбеген мерзiмге жасалған деп есептеледi. Жеке еңбек шарты белгiленбеген мерзiмге жасалатын қызметкерлер үшiн көзделген кепiлдiктер мен өтемақылар беруден жалтару мақсатында жеке еңбек шартын белгiлi бiр мерзiмге жасасуға тыйым салынады; 3) алда тұрған жұмыс сипатының қысқа мерзiмдiлiгiне немесе оны орындау шартына байланысты, сондай-ақ уақытша жұмыста жоқ қызметкердi ауыстыру уақытына бiр жылдан кем белгiлi бiр мерзiмге жасалуы мүмкiн. 2. Егер жеке еңбек шартында оның қолданылу мерзiмi айтылмаса, шарт белгiсiз мерзiмге жасалған деп есептеледi. 3. Қызметкерге өтемақылар мен кепiлдiктердi беруден жалтару мақсатында жеке еңбек шартының белгiлi бiр мерзiмге жасалған фактiсi анықталған жағдайда, жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады. Ескерту. 10-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
11-бап. Жұмысқа қабылдауға жол берiлетiн жас
1. Жеке еңбек шартын он алты жасқа толған адамдармен жасасуға жол берiледi. 2. Орта бiлiм алған не жалпы бiлiм беретiн оқу орнын тастап кеткен жағдайда он бес жасқа толған адамдар ата-анасының немесе қорғаншысының, қамқоршысының келiсiмiмен жеке еңбек шартын жасаса алады. 3. Ата-анасының бiрiнiң (қорғаншысының, қамқоршысының) келiсiмiмен жеке еңбек шарты оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтiрмейтiн және оқу процесiн бұзбайтын жұмысты орындау үшiн он төрт жасқа толған оқушымен жасалуы мүмкiн. 4. Ата-ананың (қорғаншының, қамқоршының) келiсiмi жазбаша нысанда (өтiнiш) берiледi, бұл орайда, ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) кәмелетке толмаған адаммен бiрге жеке еңбек шартына қол қояды. 5. Он сегiз жасқа толмаған адамдарды ауыр дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды (өте зиянды) және (немесе) қауiптi (өте қауiптi) жұмыстарға қабылдауға жол берiлмейдi.
Ескерту. 11-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
12-бап. Жеке еңбек шартын жасасу
1. Жеке еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, кемiнде екi дана етiлiп жасалады және оған тараптар қол қояды. Жеке еңбек шартының бiр данасы тараптар қол қойғаннан кейiн қызметкерге берiледi. 2. Жеке еңбек шартында көрсетiлген жұмыстың басталу күнi қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындауының басталуы деп есептеледi. Жеке еңбек шарты болмаған және (немесе) ол жұмыс берушiнiң тарапынан тиiстi түрде ресiмделмеген жағдайларда жеке еңбек шартының күшi жұмысқа нақты жiберiлген кезден басталады. 3. Жеке еңбек шарты жасалғаннан кейiн жұмыс берушi қызметкердi жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығаруға мiндеттi, ол қызметкерге қол қойғызылып хабардар етiледi. 4. Жеке еңбек шартын жасасу үшiн жұмыс берушi қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттарды, жеке басының куәлiгiн (төлқұжатын), әлеуметтiк жеке кодының берiлгенi туралы куәлiктi, он алты жасқа толмаған адамдар үшiн тууы туралы куәлiгiн, бiлiмi немесе кәсiби даярлығы туралы құжатты, және заңдарда көзделген өзге де құжаттарды талап етуге құқылы.
5. Қызметкердiң бiрнеше жұмыс берушiмен жұмыс уақыты ұзақтығының толық болмауы көзделетiн жеке еңбек шартын жасасуға құқығы бар. 6. Ұйымның басшысымен жеке еңбек шартын ұйымның меншiк иесi не меншiк иесi уәкiлдiк берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген мерзiмге жасасады. 7. Жеке еңбек шартына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу оны жасасу үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады. Ескерту. 12-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
13-бап. Қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар
Қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар: еңбек кiтапшасы (ол бар болған жағдайда), жеке еңбек шарты не жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардың үзiндiсi немесе ұйымның басшысы (жұмыс берушi) куәландырған (қол қойған) не нотариатта куәландырылған қызметтiк тiзiмi (қызметкердiң жұмыс, еңбек қызметi туралы мәлiметтер тiзбесi) болып табылады. Еңбек кiтапшаларының нысанын, оларды жүргiзу және сақтау тәртiбiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi. Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
14-бап. Жұмыс туралы және жалақы мөлшерi туралы құжаттар беру
Қызметкердiң, оның iшiнде бұрынғы қызметкердiң өтiнiшi бойынша жұмыс берушi оған бес күн мерзiмнен кешiктiрмей оның мамандығы, бiлiктiлiгi, қызметi, жұмыс уақыты мен жалақысының мөлшерi көрсетiлген анықтаманы, қызметкердiң бiлiктiлiгi мен оның жұмысқа көзқарасы туралы мәлiметтер жазылған мiнездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жұмыс туралы басқа да құжаттарды беруге мiндеттi.
15-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақ
1. Жеке еңбек шартын жасасу кезiнде қызметкердiң оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестiгiн тексеру мақсатында тараптардың келiсiмiмен сынақ өткiзiлуi мүмкiн. 2. Сынақ туралы талап жеке еңбек шартында көрсетiлуге тиiс. Бұл талап болмаған жағдайда қызметкер жұмысқа сынақсыз қабылданды деп есептеледi. 3. Сынақ кезеңiнде қызметкерлерге осы Заңның нормалары, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары қолданылады. 4. Сынақ мерзiмiн үш айдан асыруға болмайды. Қызметкер дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
16-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақтың нәтижесi
1. Тараптардың бiреуi сынақ мерзiмi бiткенге дейiн жеке еңбек шартын жазбаша түрде бұзуға құқылы, бұл орайда жеке еңбек шарты хабарландырылған кезден бастап бұзылды деп есептеледi. 2. Жұмыс берушi қызметкердi сынақ мерзiмi бiтпей тұрып жоғары қызметке тағайындаған жағдайда қызметкер жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақтан өткен болып есептеледi. 3. Егер сынақтың мерзiмi бiтiп, тараптардың ешқайсысы екiншi тарапқа жеке еңбек шартын бұзу туралы хабарламаса, шарт одан әрi қолданылады және оны жалпы негiздерде ғана тоқтатуға жол берiледi. Ескерту. 16-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
17-бап. Басқа жұмысқа ауыстыру
Бiр ұйымда басқа жұмысқа, не ұйыммен бiрге басқа жерге ауыстыруға, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке еңбек шартына тиiстi өзгерiстер енгiзiле отырып, қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
18-бап. Қызметкердi басқа жұмыс орнына ауыстыру
Қызметкердi сол ұйымдағы басқа жұмыс орнына, сол жердегi басқа құрылымдық бөлiмшеге ауыстырған ретте, жеке еңбек шартында келiсiлген мамандық, бiлiктiлiк немесе қызмет шегiнде басқа механизмдегi немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға, егер бұл жеке еңбек шартының талаптарын өзгертуге әкеп соқпаса, қызметкердiң келiсiмi талап етiлмейдi. Жұмыс берушi қызметкердi оның денсаулық жағдайы жарамайтын басқа жұмысқа ауыстыруға құқылы емес. Ескерту. 18-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
19-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруi
1. Ұйымдарда өндiрiстiң өзгеруiне және жұмыс берушiдегi жұмыс көлемiнiң қысқаруына байланысты сол кәсiп (мамандық), бiлiктiлiк, қызмет бойынша жұмысты жалғастыру кезiнде еңбек жағдайларын өзгертуге жол берiледi. Еңбек жағдайларының өзгеруi туралы қызметкер бiр ай бұрын жазбаша хабардар етiлуге тиiс. 2. Еңбек жағдайлары өзгертiлген жағдайда жеке еңбек және ұжымдық шарттарына тиiсiнше толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiледi. Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысты жалғастыруға келiспесе, онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады. Ескерту. 19-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
20-бап. Өндiрiстiк қажеттiлiк болған жағдайда басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Өндiрiстiк қажеттiлiк болған, соның iшiнде жұмыста болмаған қызметкердi уақытша ауыстыру керек болған жағдайда жұмыс берушiнiң қызметкердi оның келiсiмiнсiз бiр айға дейiнгi мерзiмге еңбегiне атқаратын жұмысы бойынша, бiрақ бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысынан кем емес ақы төлей отырып, жеке еңбек шартында келiсiлмеген және оның денсаулық жағдайына зақым келтiрмейтiн сол жердегi, сол ұйымдағы басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар. Мұндай ауыстыруға дүлей апаттың өндiрiстiк аварияның алдын алу немесе оларды жою немесе олардың зардаптарын дереу жою үшiн, жазатайым жағдайларды, мүлiктiң жойылуын немесе бүлiнуiн болғызбау үшiн жол берiледi. Ескерту. 20-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
21-бап. Iркiлiске байланысты уақытша басқа жұмысқа ауыстыру
Жұмыс берушiнiң iркiлiс жағдайында қызметкердi мамандығын, бiлiктiлiгiн ескере отырып, оның денсаулық жағдайына зақым келтiрмейтiн басқа жұмысқа өзiнiң келiсiмiнсiз күнтiзбелiк жыл iшiнде бiр айдан аспайтын мерзiмге ауыстыруға құқығы бар. Iркiлiске байланысты уақытша басқа жұмысқа ауысқан жағдайда еңбекке ақы төлеу талаптары жеке еңбек немесе ұжымдық шарттарында белгiленедi, бұл ретте ол қызметкердiң бұрынғы жұмыс орнындағы орташа айлық жалақысының үштен екi бөлiгiнен кем болмауға тиiс. Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысты жалғастыруға келiспесе, онда онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады. Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
22-бап. Бiлiктiлiктi керек етпейтiн жұмысқа уақытша ауыстыруды шектеу
Iркiлiс кезiнде және жұмыста болмаған қызметкердi алмастырған жағдайда бiлiктi қызметкердi бiлiктiлiктi керек етпейтiн жұмысқа қызметкердiң жазбаша келiсiмiнсiз ауыстыруға жол берiлмейдi.
23-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа уақытша ауыстыру 1. Белгiлi бiр жұмыс берушiде еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты еңбекте мүгедек болуына, кәсiптiк ауруына немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты, қызметкердi жұмыс берушi еңбек қабiлеттiлiгiн қалпына келтiргенше немесе мүгедектiгi айқындалғанша бұрынғы жалақысы мен жаңа жұмыстағы жалақысының айырмасын қосымша төлей отырып, неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстыруға мiндеттi.
2. Қызметкер неғұрлым жеңiл басқа жұмысқа ауыстырудан бас тартқан жағдайда онымен еңбек шарты бас тартқан кезден бастап бұзылады. 3. Жүктi әйелдер медициналық қорытындыға сәйкес ауыр және қолайсыз өндiрiстiк факторлардың әсерi болмайтын басқа жұмысқа бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысы сақтала отырып ауыстырылады.
24-бап. Мүлiктiң меншiк иесi ауысқан немесе жұмыс берушi қайта ұйымдастырылған кездегi еңбек қатынастары
1. Жұмыс берушiнiң атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны (мәртебесi) не ведомстволық тиесiлiгi өзгерген жағдайларда еңбек қатынастарының қолданылуы тоқтатылмайды. 2. Мүлiктiң меншiк иесi ауысқан немесе жұмыс берушi - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде еңбек қатынастары өзгерiстерсiз жалғастырылады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
25-бап. Жеке еңбек шартын тоқтату мен бұзу негiздерi
1. Жеке еңбек шарты: 1) мерзiмiнiң бiтуi бойынша; 2) тараптардың еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтатылуы мүмкiн. 2. Жеке еңбек шарты: 1) тараптардың келiсiмi бойынша; 2) тараптардың бiрiнiң бастамасы бойынша; 3) заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша бұзылуы мүмкiн. 3. Тараптар жасасқан жеке еңбек шарты тараптардың келiсiмi бойынша бұзылуы мүмкiн. Қызметкер мен жұмыс берушiнiң жазбаша келiсуi жеке еңбек шартын тараптардың келiсiмi бойынша бұзудың негiзi болып табылады. 4. Жеке еңбек шарты тараптардың бiрiнiң бастамасымен, егер бұл тарап екiншi тарапқа жеке еңбек шартында келiсiлген мерзiмде жазбаша ескертсе, бұзылуы мүмкiн. Бiр тараптың екiншi тарапқа ескерту мерзiмi жеке еңбек шарты бұзылған кезге дейiн бiр айдан кем болмауы керек. 4-1. Жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 8), 9), 10), 11), 12), 14), 15) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша бұзылған кезде қызметкердi алда шарттың бұзылатыны туралы ескерту талап етiлмейдi. 5. Жеке еңбек шартын бұзу және тоқтату жұмыс берушiнiң бұйрығымен ресiмделедi. Ескерту. 25-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
26-бап. Жеке еңбек шартын жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзудың негiздерi
Жеке еңбек шарты: 1) ұйым (заңды тұлға) таратылған, жұмыс берушiнiң (жеке адамның) қызметi тоқтаған; 2) қызметкерлердiң саны немесе штаты қысқартылған; 3) жеке еңбек шартының қолданылу мерзiмi немесе сынау мерзiмi iшiнде қызметкердiң жеткiлiктi бiлiктiлiгiнiң болмауы не белгiлi бiр жұмысты жалғастыруға кедергi келтiретiн денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметiне немесе орындайтын жұмысына сәйкессiздiгi аңғарылған; 4) жүктiлiгi және бала тууы бойынша демалыста болу уақытын есептемегенде, еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында сол ауру бойынша еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзiмi белгiленбесе, жұмысқа қатарынан екi айдан астам уақыт бойы келмеген жағдайда бұзылуы мүмкiн. Аурулар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Еңбек қабiлетiн еңбекте мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға байланысты жоғалтқан қызметкердiң жұмыс орны (қызметi) еңбек қабiлетi қалпына келгенге немесе мүгедектiк анықталғанға дейiн сақталады; 5) қызметкер ұйыммен бiрге басқа жерге ауысудан бас тартқан; 6) осы Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстырудан қызметкер бас тартқан; 7) еңбек жағдайларындағы өзгерiске байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан; 8) егер қызметкер тәртiптiк жаза алған болса, ол еңбек мiндеттерiн дәлелдi себептерсiз қайталап орындамаған; 9) қызметкер еңбек мiндеттерiн бiр рет өрескел бұзған жағдайда бұзылуы мүмкiн. Қызметкердiң еңбек мiндеттерiн бiр рет өрескел бұзуына: бiр жұмыс күнi iшiнде дәлелсiз себеппен қатарынан үш сағат және одан да көп уақыт бойы жұмыста болмауы; жұмысқа алкогольден, есiрткiден, уыттанудан масаң күйде келуi; жұмыс күнi iшiнде алкогольден, есiрткiден, уыттанудан (соларға ұқсас заттардан) масаң жағдайды туғызатын заттарды пайдалануы; қызметкердiң еңбектi қорғау немесе өрт қауiпсiздiгi не көлiкте жүру қауiпсiздiгi ережелерiн, жарақат алу мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн болатындай бұзуы; жұмыс орнында заңды күшiне енген сот үкiмiмен немесе қаулысымен анықталған мүлiктi ұрлауы (соның iшiнде ұсақ заттарды) жатады; (Z970206 (7-бап 33)-34) тармақшаларды қараңыз) 10) егер iс-әрекетi оған жұмыс берушi тарапынан сенiмiнiң жоғалуына негiз болса, ақшалай немесе тауарлық құндылықтармен тiкелей қызмет ететiн қызметкер кiнәлi iс-әрекет жасаған; 11) тәрбиешiлiк мiндеттi атқарушы қызметкер аталған жұмысты жалғастырумен сыйыспайтын жат қылық жасаған; 12) қызметкерге еңбек мiндеттерiн атқаруымен байланысты белгiлi болған мемлекеттiк, қызметтiк, коммерциялық мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария еткен; 13) осы Заңның 21-бабына және осы баптың 5) тармақшасына сәйкес басқа жұмысқа уақытша ауыстырған жағдайда қызметкер жұмыстан бас тартқан; 14) Бұрын осы жұмысты орындап келген қызметкер сот шешiмiмен жұмысына қайта алынған; 15) қызметкерге мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру тоқтатылған жағдайда жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзылуы мүмкiн. Ескерту. 26-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2001.12.06. N 260 Заңымен, 2004.12.23. N 20 Заңымен.
27-бап. Жұмыс берушiнiң бастамасымен жеке еңбек шартын бұзу мүмкiндiгiн шектеу
1. 26-баптың 1), 2), 5) және 7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жұмыс берушi жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге жеке еңбек шартының алдағы уақытта бұзылатыны туралы оның бұзылуынан кемiнде бiр ай бұрын жазбаша түрде ескертуге мiндеттi. Жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жеке еңбек шартын: 1) осы Заңның 26-бабының 1), 5), 8), 9), 10), 11), 12), 14) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктi әйелдермен, бiр жарым жасқа дейiнгi баласы бар әйелдермен (растайтын құжаты болған жағдайда); 2) осы Заңның 26-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз және жыл сайынғы еңбек демалысында болған кезде бұзуға жол берiлмейдi. Қызметкердiң орындалатын жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша сәйкес келмеуi салдарынан оның еңбек мiндеттерiн тиiсiнше орындауға кедергi жасайтын еңбек қабiлеттiлiгi ұдайы төмендеген кезiнде, не егер еңбек мiндеттерiн орындау қызметкердiң өзiне терiс әсер ететiн немесе айналасындағылар үшiн қауiптi болса, еңбек шарты бұзылуы мүмкiн. Қызметкердiң денсаулық жағдайы бойынша еңбек мiндеттерiн орындауды жалғастыруға мүмкiндiгi болмауы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысымен расталуға тиiс. 2. Осы Заңның 26-бабының 1) және 2) тармақшаларында және 30-бабының 1) тармақшасында көзделген негiздер бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс берушi қызметкерге орташа айлық жалақысы мөлшерiнде өтемақы төлейдi.
3. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда өтемақылық төлемдердiң басқа да жағдайлары мен мөлшерi белгiленуi мүмкiн. 4. Осы Заңның 26-бабының 3) тармақшасына сәйкес қызметкердi жұмыстан шығаруға негiз болатын аттестаттау жүргiзген кезде аттестаттау комиссиясының құрамына мiндеттi түрде сол ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерiнен комиссия мүшесi енгiзiледi. 5. Кәсiподақ мүшесi болып табылатын қызметкермен еңбек шартын осы Заңның 26-бабының 2), 3), 8) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша бұзу, сол ұйымның кәсiптiк одақ органының дәлелдi пiкiрi ескерiле отырып жүргiзiледi. (Z931400 қараңыз) Ескерту. 27-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
28-бап. Жеке еңбек шартының қызметкердiң бастамасы бойынша бұзылуы
1. Қызметкер жеке еңбек шартын бұзатындығы туралы кемiнде бiр ай бұрын жұмыс берушiге жазбаша түрде ескерте отырып, оны бұзуға құқылы. Ескерту мерзiмi бiткен соң қызметкер жұмысын тоқтатуға құқылы. Жұмыс берушi жұмыстың соңғы күнi қызметкердiң талап етуi бойынша еңбек кiтапшасын және оның басқа да құжаттарын беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы мен ұжымдық шартқа сәйкес оған тиесiлi барлық сомалар төлемiн жүргiзуге мiндеттi.
2. Тараптардың келiсiмi бойынша жеке еңбек шарты ескерту мерзiмi бiткенге дейiн бұзылуы мүмкiн. Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
29-бап. Жұмысқа қайта алу
Жеке еңбек шарты заңсыз негiзде бұзылған не басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған жағдайда еңбек дауын қарайтын орган қызметкердi бұрынғы жұмысына қайта алғызуға тиiс.
Жеке еңбек шартының заңсыз бұзылуына байланысты бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыздан жұмыссыз жүрген барлық уақыты бiрақ алты айдан аспайтын уақыт үшiн орташа табысы төленедi.
Ескерту. 29-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
30-бап. Жеке еңбек шартын тараптардың еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтату
Жеке еңбек шарты тараптардың еркiне байланысты емес мынадай мән-жайлар бойынша: 1) қызметкердi әскери қызметке шақырған кезде құжатын көрсеткенде үш күн мерзiмде; 2) қызметкер жазаға тартылған сот үкiмi заңды күшiне енген жағдайда бұрынғы жұмысты жалғастыру мүмкiндiгi болмағанда; 3) қызметкер қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкердi қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жағдайда; 4) сот қызметкердi әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi, соның салдарынан қызметкердiң бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкiндiгi жоқ деп таныған жағдайда тоқтатылуға тиiс. Соттың үкiмi, шешiмi заңды күшiне енген күн немесе қайтыс болған күн осы баптың 2)-4) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылған күнi болып табылады.
31-бап. Жұмыстан шеттету
1. Нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген жағдайларда уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың талап етуi бойынша жұмыс берушi қызметкердi өз құзыретi шегiнде сол органдар жасаған қаулылар мен шешiмдер негiзiнде жұмыстан шеттетуге мiндеттi. 2. Жұмыс берушi заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда: 1) жұмысқа алкогольден, есiрткiден, уыттанудан масаң күйде келген немесе жұмыс күнi iшiнде осындай масаң жағдайды туғызатын затты пайдаланған; 2) еңбек қорғау ережелерi бойынша емтихандар тапсырмаған;
3) жеке басын қорғаудың жұмыс берушi берген керектi құралдарын пайдаланбаған; 4) егер ол заңдарға сәйкес мiндеттi болса, медициналық тексеруден өтпеген;
5) авариялық жағдайға ұшыратуға, еңбектi қорғау, өрт қауiпсiздiгiнiң не көлiктегi қозғалыс қауiпсiздiгiнiң ережелерiн бұзуға әкеп соқтыруы мүмкiн ic-әрекеттер жасаған қызметкердi жұмыстан шеттетуге мiндеттi. 3. Жұмыстан шеттету кезеңiне жалақы сақталмайды. 4. Қызметкердi жұмыстан шеттету оған негiз болған себептер анықталғанға және (немесе) жойылғанға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылуы мүмкiн. Ескерту. 31-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
|